qasqz жобасы бұрын қазақ тілінде жарияланбаған әлемдік жетекші басылымдардың лоңридтері мен мәдени эсселерін аударады. Платформа материалдарды жариялауға заңды түрде рұқсат алады.
Әр материалдың аудионұсқасы бар. Мақаланы оқып қана қоймай, подкаст сияқты тыңдай аласыз.
12 қыркүйекте іске қосылған платформа бір ай ішінде бес материал жариялады. Онда роботтар мен Марсқа ұшу дайындығы, апат кезінде музейлердің құнды заттарды қалай құтқаратыны туралы мақалалар бар.
Камиля, жобаның негізін қалаушы:
Жобаның пайда болу идеясы өте қарапайым: өзіме қызық болып көрінген көлемді журналистік мақалаларды бөлісу. Бұны бір кітабы да жоқ, жиындар да өтпейтін, менің пікірім де айтылмайтын кітап оқу клубы деп елестетші. Ешқандай алгоритмнің соңынан ермейміз. Әр сенбі сайын бір мақала жарияланады (ара-тұра сейсенбіде де шығып отырады). Таңғы сағат 06:00-да. Түрлі халықаралық басылымдардан алынған дүниелер. Жаңасы, соншалық жаңа емесі де, тіпті мұрағаттан алынған мақалалар да.»
Қазақша сөйлейтін аудитория осы деңгейдегі сараптамалық лоңридтер мен зерттеу журналистикасын орыс және ағылшын тілдерінде оқып келді. qasqz-ның бұл жайтты өзгертпек ниеті бар. Мұндағы әр мәтінмен қазақ тілінің қадірін білетін һәм түпнұсқаның жоғары деңгейдегі сапасын сақтай алатын тәжірибелі аудармашылар, редакторлар мен дикторлар командасы жұмыс істейді.
Қазір qasqz weekend edition форматында жұмыс істейді: жаңа мақалалар әр сенбінің таңында жарияланып отырады. Оқырманға жаһанның маңызды лоңридтері, мұрағаттан алынғандары мен «винтаж» түрлерінен де құралған топтама ұсынылады.