Кіріспе
Біз өмір сүріп жатқан 21 ғасыр — абсолютті шындықтарға мейлінше күмәнмен қарайтын заман. Дәл осы шындығы бұрмаланған заманда кино деп аталатын өнердің мәні не, мақсаты қандай? Көрерменді автор деңгейіне көтеру ме, әлде көрермен назарын ұстап тұру үшін әртүрлі монтаждық айла мен манипуляциялық әдістерден құралған көркем интерпретация ма?
Әйгілі француз кинотанушысы және Cahiers du Cinéma журналының негізін қалаушы Андре Базен монтаждық манипуляцияны кинематографтың шынайы табиғатына қайшы келеді деп пайымдайды. Кулешов эффектісі мен Эйзенштейннің «идеялық монтажы» кадрлардың орын тәртібін құбылту арқылы уақыт пен кеңістікті қолдан құрастырып, шындықта жоқ жаңа мағына мен эмоционалды қысым тудырады. Бөлек түсірілген екі нысанды «бір жерде, бір уақытта» тұрғандай көрсететін мұндай иллюзияны Базеннен бөлек Зигфрид Кракауэр, Бертольд Брехт секілді өнер теоретиктері көрермен санасын психологиялық тұрғыдан үстемдік орнатуға негіздеген алдамшы дүние деп бағалайды.
Бұл әдістің тамыры әсілінде Аристотельдің антикалық «Поэтика» еңбегіне негізделген классикалық драмалық модельде жатыр. Аристотель танымындағы театр бүгінгі дәстүрлі Холливуд фильмдері секілді көрерменге қорқыныш пен аяныш сезімдерін ұялату арқылы, психологиялық арылуды немесе катарсисті мұрат етеді.
Яғни Шәкәрім әндері, Алаш идеясы немесе ұлттық код сияқты терең ұғымдар кейіпкердің ішкі философиясына айналып, көрерменнен бір уақытта аяныш пен мақтаныш сезімін тудыратын иллюзияға айналып шыға келеді. Бұл тәсіл қайшылыққа толы басты кейіпкердің орнына плакаттық «әулиені» алға шығарып, нарық пен саясат секілді күрделі қоғамдық институттарды зұлым мен жақсының, ақ пен қараның жеке күресіне дейін қарабайырландырады.
Кіршіксіз кейіпкер жасап шығару
Жақында жарық көрген Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмін үлкен экраннан тамашалап қайттым. Фильм қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Медғат Құлжановтың өмірін арқау еткен. Ол шетелден инвестор тауып, алғаш болып Қазақстанда жекеменшік мұнай компаниясын қалыптастыруға ұмтылады. Фильмде Қасым есімді бас кейіпкер әрі оның бала кезінде Шәкәрім әндерін жасырын орындайтын әкесінің тарихын осы шақпен параллель жүргізу арқылы тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңдерін бейнелеуге тырысады.
Дегенмен шынайы өмірде кәсіпкер Медғат Құлжанов денсаулық сақтау вице-министрінің туысқаны бола тұра әрі үлкен құрылыс компаниясының иесі ретінде фильмде мұнайдың лицензиясын алу үшін өзге бір шендінің есігінің алдын аңдып жүруі Қазақстан шындығында өзіме сәл қисынсыздау көрінді.
Әрине, мен осы тұста кәсіпкердің өмір жолының қалай мінсіз әрі кемел адам бейнесінде қалыптасқанына байланысты терең зерттеуді қажет етпеймін. Әрі туынды деректі фильм жанрында болмағандықтан, бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Сондықтан фильмнің көркемдік шешімдері мен режиссердің өзіндік қолтаңбасына айналдыруға тырысқан Холливудтық монтаж манипуляциясына көбірек назар аударғым келеді.
Бұл мақалада мен Aристотельдің «Поэтикасындағы» «катарсис» ұғымымен, Базен, Кракауэр, Брехт секілді өнер теоретиктерінің тұжырымдарын негізге алып, талдауды мақсат етемін. Себебі аталған теоретиктер көрерменді экрандағы сиқырлы бейнеге елітіп кетпей, сол бейненің артында тұрған мүддеге, автордың логикасы мен манипуляциясына әрдайым сын көзбен қарауға шақырады. Яғни бұл жағдайда аристотельдік драма көрерменге үнемі сыни көзқарас қалыптастыруға толық мүмкіндік бере бермейді.
Брехт осы орайда театрдағы көрерменді апиынға уланған адам есебінде теңестіреді. Көрермен экран алдында кейіпкерге аяныш сезімі оянып, эмоцияға беріле жылап, катарсис алып қайтқанымен, реалды өмірдегі әлеуметтік-саяси жүйені шынайы қалпында сергек пайымдауды ұмыт қалдырады. Нәтижесінде, көрермен фильмдегі «Мұнай лицензиясын алу процесі қаншалықты шындыққа жақын болды?» деп ойланудың орнына, кейіпкердің табандылығы мен қайсар мінезіне тамсанып отыра береді. Сол себепті Брехт, Базен секілді сыншылардың не себепті аталған шекараны барынша бұзуға ұмтылғанын түсіне аламыз.

Монтаж манипуляциясы
Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмін тамашалай отырып режиссердің америкалық кино академиясының голивудтық ұстанымдарын бойына мықтап сіңіргенін айқын аңдауға болады. Көптеген авторлық кино майталмандары секілді голивудтық фильмнің бәріне топырақ шашқым келмейді. Тіпті тәуелсіз кино режиссер Джон Кассаветис секілді холливудтық жүйеге ренжіп, жылап қалудан да аулақпын. Бір жағынан Джон Кассаветистің байып кетуді басты мақсат еткен холливудтық жүйеге қарсы күресін де түсінемін.
Холливудтық тәсілге деген қарсылықтың басты себебі — киноны адам жанын, иірімдерін зерттейтін терең өнерден, тек физиологиялық әрі эмоционалды реакция тудыратын арзан коммерциялық аттракционға айналдыруында жатыр. Холливуд монополиясы көрерменнің қабылдау талғамын біркелкі стандартқа түсіріп, оны баяу кадрлар мен медитативті ағысқа шыдай алмайтын «динамикалық тәуелділікке» ұшыратады. Осындай шектеудің салдарынан slow cinema, азиялық медитативті кино немесе дербес авторлық туындылар «іш пыстыратын» дүние деген секілді желеумен көбіне шетке ысырылып қалып жатады.
Мұндағы негізгі мәселе — режиссер Мұрат Есжанның «Қара алтын» фильмінде өте көп қолданатын монтаж манипуляциясы және оның көрермен санасына жасайтын әсері. Егер кинематограф осындай «монтаждық алдау» арқылы аудиторияны иландыруды әдетке айналдырса, бұл ертеңгі күні кез келген өтірікті шындық ретінде өткізуге жол ашып, әсіресе, авторитарлық жүйеде көрерменнің қабылдау санасына жасалған пропагандаға айналу қаупі өте жоғары.
Мол табысқа кенелуді ғана басты мақсаты етіп алған кинематографтың басым бөлігінде кейіпкердің ішкі арпалысы, тәуекел мен эмоционалды шынайылығы көбіне ақсап жатады. Барлығы алдын ала есептелген алгоритмге бағынып, көрерменге тек дайын эмоцияны таңуға бет бұрады. Яғни, эмоционалды акценті бар музыка, жедел монтаж, ірі пландар мен күшейтілген дыбыстық әсерлер арқылы режиссер көрерменге «Қазір қорық!», «Қазір жыла!», «Қазір күл!» сынды ашық бұйрық беріп отырады. Бұл режиссердің көрерменді автоматты түрде өзіндік ойын тұншықтыруға итермелейді. Киноны тәуелсіз шығармашылық алаң деп есептейтін режиссерлер мен сыншылар үшін бұл әрекет көрермен қауымның санасын енжар әрі пассивті етіп, оның эстетикалық таңдау құқығы мен интеллектуалды деңгейін көзге ілмеудің айқын көрінісі ретінде қаралады.
Мәселен, «Қара алтын» фильмінде көрсетілетін сот кабинетіндегі белтемірге асылып тұрған адам аяғының кадры немесе қашып бара жатқан кейіпкердің иллюзиясы сияқты визуалды фокустар көбіне драматургиялық сенімсіздікті жасыру үшін қолданылады. Сюжетте терең мағына, күрделі психологиялық конфликт немесе кейіпкердің жан дүниесі анық ашылмағанда, режиссер көрерменді жалықтырып алмау үшін арзан эффектілерге жүгінеді. Бұл көрермен назарын ұстап тұрудың холливудтық ең тамаша тәсілі дер едім. Фильмде осы секілді монтаждық айлалар бірнеше рет кездеседі. Бірақ бұл фильм ішіндегі көпшілік назарын ұстап тұратын тәсілден бөлек, фильмнің екінші қабатындағы жеке тұлғаны мінсіз етуге бағытталған, тіпті режиссердің өзі де елеусіз қалдырған жасырын бір қабатқа айналғаны секілді әсер қалдырады.
Десек те, бұл холливудтық кеңістіктегі монтаждық манипуляцияны пайдаланатын фильмдердің бәрі сапасыз деген сөз емес. Тек автордың кейде мұндай иллюзияны онтологиялық түрде шебер пайдалануына да байланысты.
Аталған монтаждық тәсілдерді орынды әрі шебер қолданатын Жаңа Холливуд режиссерлердің қатарында — Мартин Скорсезе, Брайан Де Пальма, Фрэнсис Форд Копполаны атауға болады. Скорсезе визуал тіл арқылы көрерменді кейіпкердің ішкі дүниесіне шебер енгізе алады. Мысалы, «Сайыпқыран жігіттер» (Goodfellas) немесе «Уолл-стрит көкжалы» (The Wolf of Wall Street) туындыларында кейіпкер кокаин немесе алкоголь әсеріне бой алдырғанда монтаж ырғағы да бірден агрессивті, жедел әрі ретсіз сипатқа көшеді.
Экрандағы кадрлар жұлмаланған оқиға емес, кейіпкердің бұрмаланған санасының тікелей көрінісіне айналады. Скорсезенің шеберлігі — фильмнің басында кейіпкерлерін тартымды, жылтыр, холливудтық динамикалық монтажбен өте сәнді етіп көрсетеді. Көрерменге олардың өмірі мінсіз болып көрінгенімен, туындының екінші жартысында дәл сондай қарқынды монтаждың көмегімен олардың трагедиясы мен күйреуін таспалайды.
Бұл холливудтық трюктерді өз қаруына айналдыру арқылы холливудтың өзі жасаған мифтің тас-талқанын шығаратын кинематографиялық тәсілі екенін бірден түсінуге болады.

Актерлік ойын
Фильмнің ерекше көзге түскен тұстарын елеусіз қалдырғым келмейді. Актерлік ойынға режиссердің тыңғылықты дайындалғаны және мақсатын сәтті орындап шыққаны айқын білінеді.
Орыс тіліндегі көптеген фильм қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарды ауылдан келген, сана-сезімі төмен, жауыз, қатыгез етіп көрсетсе, бұл фильм мұндай стереотиптерді қиратады.
Дегенмен фильмнің финалындағы Шәкәрімнің әнін Лондонда әуелету — отар болған елдердің көпшілігінде кездесетін «ақ адамдардың» легитимизациясына ие болу комплексі секілді. Десе де, техникалық әлеуеттері де, түсірілімді сәбеттік дәстүрде тәрелке сындырудан бастамайтын қазақы болмысы да, киноның табиғатынан бірден білінеді. Көрермен де соған қатты еліккен болар.
«Қара алтында» бейотар контекст тұрғысынан қарайтын болсақ, қандас рөлін сомдаған Ұларбек бірден баурап алады. Фильм авторлары қытай қазақтарының сөйленісі мен болмысын өте шебер алып шыққан.

Түйін
Мен авторлық немесе коммерциялық киноның бір жақты жақтаушысы емеспін. Авторлық фильм де коммерциялық, комерциялық фильм де авторлық бола алады. Олар ешқашан бір-біріне антоним болмауға тиіс. Заманауи қоғамда әсіресе кино өнері экономикалық байланыстардан ешқашан тәуелсіз бола алмайды. Бірін — өнер, ал екіншісін — іске алғысыз дүние деп отарлық иерархия жаратудан бойымды аулақ ұстауға тырысамын.
Монтаж арқылы адамды эмоционал отарлаған оңай. Бірақ нағыз суреткер көрерменге еркіндік беріп қана қоймай, оның шындықты өздігінен іздеуіне жол ашуға тиіс. Андре Базеннің «Біз не үшін соғысамыз?» атты фильм туралы мақаласында режиссер Фрэнк Капраның фашизмге қарсы ниеті түзу екеніне шүбә келтірмейді, алайда автор «монтаждық арбау» таза ниетті ақтамайды деген позиция ұстанады. Егер біз «монтаждық арбау» арқылы адамдарды сендіре бастасақ, ертең кез келген өтірікті шындыққа айналдыруға жол ашамыз. Бұл — халықтың санасына жасалған үлкен қиянат.
«Қара алтын» фильмі имидждік фильм екені айқын. Мұрат Есжанның кейінгі туындылары Алаш идеясын негіз етіп, қазіргі капиталистік дәуірде алып гипноз машинасына айналып, коммерциялық мақсатта көпшілікті монтаж айласы арқылы экран тұтқынына айналдырмаса екен деген үмітім бар.
Себебі бұл өнер туындысының көрерменді ойландыру емес, қаржылық қолдау жасаған тапсырыс берушінің амбициясы мен «эгосын» қанағаттандыру үшін түсірілетін бизнеске айналып кету қаупі бар. Фильмнің соңғы сахналарында қашып құтылу, байып кету, халық қаһарманы болу сынды актілерге негізделген оқиғалар реалды өмірдің шындығын бүркемелеп, тұтынушылық қоғамды насихаттаудың нақты құралына айналып кетпесе екен деймін.