2023 жылы Қазақстан індеттен енді ес жиып келе жатқанда, жұрт тағы бір ауыр қайғыға ұшырады. 8 маусымда Абай облысында орманда өрт басталды. Ресми нұсқа бойынша, бір ағашқа найзағай түсіп, от тұтанып кеткен. Алғашында өрт аумағы небәрі 0,3 гектар деп бағаланғанымен, жалын лезде тарап, 60 мың гектардан астам аумақ жанып кетті. Бұл — Алматының ауданымен шамалас жер.
Өртті сөндіру кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. 12 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдарды еске алу үшін Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.
Арада үш жыл өткенде осы трагедияның желісі бойынша түсірілген «38. Соңғы нүкте» фильмі жарыққа шықты. Картина Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Ескерту: мәтінде спойлер бар.
Оқиға ортасында — № 38 орман-учаскесінде жұмыс істейтін екі орманшы әріптес. Тәжірибелі Марат (Асан Мәжит) — қатерлі ісікке шалдыққан қызын аман алып қалуға тырысып жүрген жалғызбасты әке. Ал жас Ғани (Арман Уахитов) құмар ойынға тәуелді, қарызға белшесінен батқан. Соның кесірінен әйелі (Алтыншаш Шаяхмет) онымен ажырасқалы жүр.

Бұл детальдардың ешқайсысының қайғылы оқиғаға қатысы жоқ. Мұны онсыз да үстірт ашылған (не мүлде ашылмаған) кейіпкерлерге барынша таптаурын мотивация бергенді ұнататын отандық кино авторларының сүйікті тәсілдерінің бірі деп білемін. Қатерлі ісіктің емі табылып кетуінен фармацевтикалық корпорациялармен қатар қазақстандық сценаристер де қатты қорқатын сияқты.
Тағы бір жас әріптесі бақылау мұнарасынан айналаны шолып отырғанда, біздің қос орманшымыз екі мың гектарға жуық орманды екеуі ғана күзетеді. Жұмыстары, әрине, жеңіл емес. Сондықтан дәл көз алдарында Мақсат Сәбитов сомдаған Еркін бастаған заңсыз ағаш отаушылар тобы емін-еркін әрекет етіп жүргеніне таңғалмайсың. Олар кескен ағаштарын алып жүк көліктеріне артып тасиды, бөренені өзенге ағызып жібереді… Әйтеуір білгенін істеп жүр.
Марат Ғанидың қылмыскерлерге көмектесіп жүргенін біліп полицейге барады. Бірақ ол да ағаш отап жүргендермен ауыз жаласқан болып шығады.

Енді өрт туралы айтайық. Осы уақытқа дейін оған әлгі қылмыскерлер себеп бола ма деп күтесің. Болмаса, фильм кейіпкерлері әр екінші кадр сайын тұтататын сансыз темекінің бірінен өрт шығар ма екен деп ойлайсың. Бірақ сценаристер шынайы оқиғаның ресми нұсқасынан ауытқымауды жөн көріпті: бір қарағайға найзағай түсіп, орман өртене бастайды. Онымен бірге тәуір шыққан экшн-сикуенске толы финалдық акт те басталады.

Марат полиция бөлімшесінің камерасында отырғанда орман өртеніп жатады. Көрші бөлмедегі рациядан ол от құрсауында қалған әріптестерінің дауыстарын естиді, бірақ оларға еш көмектесе алмайды. Осы уақытта басшылық бірінен соң бірі қате шешім қабылдап, протоколдарды елемей, адамдарды құтқарғаннан гөрі өз беделін сақтап қалуға барын салады. Ал дәрменсіз Марат трагедияның куәгері ғана болуға мәжбүр.
Дәл осы тұста авторлардың үйреншікті қаһармандық аркадан ауытқығаны фильмнің пайдасына жұмыс істейді. Мараттың шарасыздығы 2023 жылдың жазында болған оқиғаны сырттай бақылаудан басқа амалы қалмаған қазақстандықтарға жақсы таныс: жүздеген мың адам жаңалықтар мен әлеуметтік желілерден көз алмай, күн сайын өрт шарпыған аумақ ұлғайып келе жатқанын көріп отырды, шарасыз күйге түсіп, бір хабар күтумен болды. Сөйтіп бас кейіпкердің қауқарсыздығы сол кездегі бүкіл елдің күйін бейнелеп берді.

Картинаның сәтті шыққан тұстарының бірі — орманның да, өрттің де ауқымын жеткізе білгені. Режиссер Төребек Бейсебаевтың бұған дейін «Ұшқын» сериалында «отпен жұмыс істеп» көргені бар ғой. «38-де» жалын шынайы қауіп болып сезіледі, ал өртеніп жатқан алып орманның жанында адам расымен қауқарсыз көрінеді.
Алайда фильм өрттің өзін әсерлі көрсеткенімен, оның жалмап жатқан орманы, табиғаты мен адам өмірінің құны туралы ойлануға аса көп мүмкіндік бермейді. Оның орнына фильм 79 минуттық хронометражының басым бөлігін өтірік контрабандашылар мен жемқор полицейге қарсы шынайылықтан алшақ күреске жұмсайды.

Тірі қалған Марат, сатқын Ғани мен үйленгелі жүрген жас мұнара бақылаушысынан басқа кейіпкерлердің ешқайсысын жете тани алған жоқпыз. Оның үстіне, шын трагедия құрбандарын еске салатын орманшылардың бірін қылмыскерлердің сыбайласы етіп көрсеткені қаншалықты қисынды шешім болды деген сұрақ туды.
Негізгі конфликтінің өртке ешқандай қатысы жоқ. Кейіпкерлер шешуге тырысқан мәселелердің бір бөлігі жалын басталған сәтте-ақ өздігінен мәнін жоғалтады, қалғаны одан сайын ушыға түседі. Сөйтіп басы мен аяғы екі бөлек фильм көргендей боласың.
Ааторлар көрерменге не айтқысы келгенін нақты шеше алмағандай. Маңызды дүниелерге жақындай бергенде, қайтадан таныс әрі таптаурын сюжеттерге бұрылып кетеді. Соның кесірінен ешбір тақырыпқа тереңдей алмайды.
Сөйтіп «38. Соңғы нүкте» — өте көп нәрсені айтуға тырысып, бірақ ешқайсысы туралы толыққанды маңызды ештеңе айта алмаған фильм болып шыққан. Небәрі үш жыл бұрын болған трагедияны арқау еткен фильмнен тек әсерлі экшн мен театрдағыдай жылап жүрген адамдарды ғана көрген аздық етеді.
