Клиптің концепциясы
ALPHA тобының «JIBER» атты әніне шығарған бейнебаяны жігіттердің шығармашылық әлеуетін жаңа қырынан көрсетті. Олар қос ғашықтың махаббатын кино тілімен баяндап, бір клипке актерлік шеберліктерін, өзіндік философияны, визуал концепция мен хореографияны үйлесімді етіп сыйдырған. Туынды қысқаметражды фильм көргендей әсер қалдырады.
Топтың рэпері QOZZY әннің демо нұсқасын істегеннен кейін оның концепциясын құрастырған. Екі ғашықтың шынайы махаббатқа қарамастан, әртүрлі себепке байланысты қосыла алмайтыны туралы идеяны нақтылап алған соң, клиптің креатив продюсері I мен режиссер Әділ бейнебаянның визуалын ойластырған.

«Басында түрлі нұсқа болды. Түптеп келгенде, ғашықтардың қосылуына кедергі болатын ең ауыр жайт — адамның қолындағы емес, тағдырдың жазғаны, әлемдегі жағдайлар екенін түсіндік. Бұл жерде нақты бір апатты көрсетеміз деген мақсат болған жоқ, бұл — тек метафора. Оның астарында не жатқанын ашып айтқым келмейді, түсінетін жандар біздің нені меңзеп тұрғанымызды сезеді» дейді I.
Клиптегі бас рөлдерді топтың вокалисі A.Boo мен актриса Аида Құрманғалиева сомдаған. Олардың кейіпкерлері ешқандай кедергіге қарамастан, бір-бірін көру үшін бәріне дайын.
«Ғашықтардың бірге бақытты өмір сүруіне мүмкіндігі болмаса да, тағдыр оларға өмірлерінің соңғы секундтарын бірге өткізуге мүмкіндік берді» дейді клиптің режиссері Әділ.

Клиптің режиссері Әділ Казкенов пен креатив продюсері — топтың мүшесі — I (Ақжол Серікжанұлы)
I-дың сөзінше, бейнебаянның визуалын құрастыруға америкалық «A24» студиясы түсірген «Past Lives» фильмі негізгі референс болған. Ақжол фильмдегі «inyeon» (인연) деген концепцияны клипке қосқымыз келді дейді. Бұл сөздің артында бұл өмірде кез келген адамды жайдан-жай жолықтырмайсың, олармен өткен өмірлеріңде бір байланыс болған деген ұғым жатыр.
Клиптің түсірілімі қалай өтті?
ALPHA бұл жолғы бейнебаянында хореографияға да көңіл бөлген. Топтың биі бар клип шығармағанына он айға жуықтап қалған еді. Жаңа әннің ырғағы мен би үйлесімді шыққан.
«Біз бастан аяқ билегіміз келді, перформанс болғанын қаладық. Себебі біз әртіс ретінде өсіп, жаңа деңгейлерді көрсеткіміз келеді. Сол үшін өзімізге осындай сынақ қойдық, оңай болмады. Болашақта мұндай хореография көп болады деп ойлаймын» дейді I.

Шығармашылық топ бейнебаянды бір күнде Алматыдағы оннан астам локацияда түсіріп шыққан. Режиссердің сөзінше, түсірілім барысында A.Boo-дың теледидарлар тұрған сөренің алдынан жүгіріп өтетін сәті қиын әрі оңай, оған қоса, мүлде жоспардағыдай болмаған.
«Күн, басқа да жағдайлар ойлағандай болмады. Жолда көліктер кептеліп, кадрға кедергі келтіргеніне қарамастан, жолдың арғы бетінен түсірдік. Нәтижесі сәтті шықты, бұрын-соңды болмаған әсер алдық» дейді Әділ.
Бейнебаянның басында ғимараттар қирап, жан-жақта өрт болып жатады. Оқиға желісін жарылыс сахнасы аяқтайды. Клиптің салқын реңктегі түсі әннің мұңлы сипатын одан әрі күшейтіп тұр. Бейнебаянды жасауға жасанды интеллект құралы қолданылды делінген.
«Басты идеяны автордың өзі ойлап тауып, жасанды интеллект сол идеяны шындыққа айналдыратын құрал ретінде қолданса, оның еш әбестігі жоқ» дейді I.

Тыңдарман клиптің мазмұны мен көркемдік сапасын жоғары бағалап жатыр. Нарықта көрерменді ойландыратын, шығармашылық ізденіс байқалатын туындылар баяу болса да қалыптасып, дамып келе жатыр.
«Музыкалық бейнебаяндардағы көркемдік шығармашылық эксперименттерге қашан да сұраныс бар деп сенемін. Өнер әртүрлі болғандықтан қызық, сондықтан біз сапалы туындылар істеуге бар күшімізді саламыз» дейді клиптің режиссері Әділ Казкенов.
Фотолардың авторы: Gulnara Sultanmuratova