LALAGÜL: Ayau-дың сезімге толы альбомы

Араға үш жыл салып, әнші Ayau «LALAGÜL» атты екінші альбомын жарыққа шығарды. Жаңа жинақтың музыкалық стилі әртістің алғашқы альбомынан айтарлықтай өзгеше. Ayau екінші альбомында да сезімдерін ашық айтудан жасқанбаған. Бұрынғы сенімсіздік, романтикалық аңғалдық жоқ, саналы көзқарас басым. ’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен жаңа альбомды тыңдап, әндердің сөзіне үңілді.

Ayau-дың эволюциясы

Ayau (Aяулым Құсайын) — бір күнде жұлдыз бола салған әртіс емес. Оның өнердегі алғашқы қадамы «Айгөлектен» басталды. Әнші Чайковский атындағы музыка колледжінде кәсіби білім алған. 18 жасында «Qazaqstan дауысы» жобасында бағын сынап, көпшілікке таныла түсті. 

Ayau-дың ерекшелігі — оның ән айту мәнерінде. 2022 жылы дебют алған сәтінен бастап нәзік те тәтті дауысымен тыңдарман жүрегін баурап алды. Ayau-дың ерекше дауысы мен әсерлі әндері оны поп-сахнадағы өзге әншілерден даралап, өзіндік қолтаңбасы бар әртіс ретінде қалыптастырды. 

2023 жылы Ayau он әннен тұратын «AYAULYM» атты алғашқы альбомын шығарған еді. Қазақстанда «Жыл альбомы» атанған жинақтың ішіндегі әндер шетелдік тыңдарман арасында да танылған

«AYAULYM» — әншінің түрлі стильді байқап көрген кезеңі. Альбом бірсарынды емес, эмоцияға толы. Онда қуаныш та, реніш те бар еді. Ал «LALAGÜL» — әншінің музыка тұрғысынан әрі тұлға ретінде қалай есейгенін көрсеткен жинақ болды. Ayau-дың сөзінше, жаңа альбом — іште жиналып, сыртқа шықпай қалған сезімдер, уақытында айтылмай қалған сөздер туралы жырлайды. Альбомда ретро ырғақтар мен заманауи поп-музыканың үні әсем үндескен. Ayau — орындаушы ғана емес, альбомдағы он әннің де мәтінін жазған автор.

«AYAULYM» «LALAGÜL»

Альбомға шолу

Ayau «LALAGÜL» альбомымен R&B жанрындағы орнын айқындай түсті. Альбомды ашатын «COME ON (Intro)» әнінің энергиясы сондай күшті, бірден іліп әкетеді. Әнші өзін сенімді әрі батыл таныстырған. «Білгің келсе кім екенімді, тыңда әндерімді» дейді.

Екінші трек — «SÜI», екі адам арасындағы құмарлық пен тартылыс туралы ән. Әннің ырғағы мен динамикасы оттай ыстық. Мұнда әнші қызғаныш пен құмарлық секілді эмоцияларын ашық айтқан. «Бірде суық, бірде ыстық» деген жолдармен Ayau қарым-қатынастағы тұрақсыздықты сипаттайды. Бұл ән — әншіні айналсоқтап жүрген жігітке арналған үндеу. «Неткен соқыр, сенімсіз серісің» дейді. Оны нақты қадам жасауға шақырады. Әннің қайырмасы жиі қайталанады, әуені билетіп жібереді. 

Фото: Danil Yaroshuk

«QYZĞANAMYN» әнінде де Ayau сезімін тіке айтады. Бұл тректен өз қалауын нақты білетін және оған жету үшін әрекет ететін қызды көреміз. Ayau мұнда жігітті ұяла-қызара ұнатып жүрген жоқ, «ол менікі болады» деп алдын ала шешіп қойған. «Кездесулер кездейсоқ дейсің бе? Оның бәрін мен алдын ала білгем». Музыкалық тұрғыдан аспаптардың үйлесімі әдемі шыққан, әуен құлаққа жағымды естіледі.

Бұл жинақта Ayau мен A.Boo-дан (ALPHA тобының вокалисі) кезекті фит бар! 2024 жылы екеуінің «tartady» дуэті көпшілікке ұнаған еді. Араға уақыт салып, олар жаңа альбомдағы «SAĞYNU» әнімен қайта оралды. Екі әртістің тандемі бұл жолы да керемет шыққан. 

Бұл ән — айырылысқан жұптың сезімін екі жағынан да ашып көрсететін шынайы драма. Ayau өкпесі мен сағынышын айтса, A.Boo кінәсін мойындап, кешірім сұрайды. Бұған дейінгі тректердегі жалындап тұрған қыздың орнын жаралы кейіпкер басқан. «Сүймейсің, бұл — жай бауыр басу» деген жол — әннің ең ауыр тұсы. Олар махаббаттың сөнгенін мойындап, «келмейді мен де қоштасқым, бірақ мәжбүрміз» деп бәрі біткенін білсе де, сүйгенін қимай жүрген жандардың күйін жеткізген. Ayau-дың тірі мәтіні сүйіп көрген адамға өте таныс сезімдерді дөп басады.

Фото: ayaumusic / Instagram

«JALĞYZ SEN» әнінде Ayau сүйген адамның орнын басқа ешкім баса алмайтынын мойындайды. «Өзге келіп орныңды басар болса, жүрек оған көнбес». Аяудың әндерінде иіс арқылы еске алу жиі кездеседі. Мысалы, алғашқы альбомындағы «tağy da» әнінде «сенің иісің балдай тәтті» деп еске алса, жаңа әнінде «сенікіндей иіс сезіп қалсам, іздеп жалтақтаймын» дейді.

Жаңа альбомға былтыр қазанда жарыққа шыққан «QOO» әні енген. Ayau бұл әнде жылы сөздер айтып, манипуляция жасап, қызды өзіне ғашық еткісі келетін нарцисс жігіт туралы айтқан. Алайда ару жігіттің ниетін бірден аңғарып, ойынды оған қарсы бұрады. «Күлкің жалған, сөзің жаттанды» деп, жігіттің бетпердесін шешіп, «көлеңкемде қалып қойдың» деген сөздермен оған жете алмағанын айтады. «Мен жалынмын, мен өртеймін», «еркін самал желдеймін» деген жолдар қыздың ешкімге бағынбайтын, өзіне сенімді тұлға екенін көрсетеді.

«ÄDEMI» — альбомдағы екінші фит. Ayau бұл туындыны Ninety One тобының рэпері ZAQ-пен бірге жазған. Әннің атауы иронияға толы, бұл тректе адамның бет-жүзі әдемі болғанымен, оның ішкі жан дүниесі сұмпайы екені айтылады. 

Ayau сенім артып, қолдау көрсеткен адамы шын мәнінде «жалмауыз» екенін түсініп, өкінеді. ZAQ-тың партиясы өткір әрі философияға толы. Ол «нашар анестезиолог» метафорасы арқылы өзін алдамақ болған адамның өтірігін бетіне басады. «Сен мені “ұйықтатып”, алдауға тырыстың, бірақ менің көзім ашыла берді». ZAQ «қателік — тұжырым, дәл солай есейеміз» деп тәжірибе туралы айтса, «өзің отырғызған дәннен кейін аласың жеміс» деп жауапкершілік мәселесін еске салады.

«SEN EMES» әні продюсер М’Dee мен Ayau-дың қысқа әрі сүйкімді диалогынан басталады. Бұл тректе әнші токсик қарым-қатынастан қалай арылғанын баяндайды. Әннің басында Ayau сүйіктісінің үнемі мін іздеп, ашуланатынын, қызғанатынын айтып, қарым-қатынастағы психологиялық қысымды көрсетеді. Әнші «үндемедім, көнем дедім» деп, қатынасты сақтап қалуға тырысқанын айтқан. Алайда «қолымнан келмеді» деп, манипулятор адаммен араны үзеді. Бұл — өзіңді қадірлеудің маңызы жайлы ән.

Фото: Danil Yaroshuk

«KET» — тыңдарманға таныс туындылардың бірі, былтыр тамызда жарық көрген. Ayau бұл қарым-қатынасты тор ретінде сипаттайды, өз-өзін алдап, бәрі жақсы болып кететініне сенгісі келгенін айтқан. «Саған сенім артқан сезімімді таптадың» деп, әнші жігітке ешқандай сенім қалмағанын меңзейді. Әнді тыңдап отырып, альбомның да соңына келіп қалғаныңды сезесің.

Әнші өткенге нүкте қойғандай болса да, «LALAGÜL» әнінде бұрынғы қарым-қатынасын еске алып, серіктесінің лалагүл ұстап тізерлеп кешірім сұраған сәттері туралы айтқан.

Түйін

Лалагүл — әншінің ең сүйікті гүлдерінің бірі. Ayau-дың айтуынша, бұл гүл қиындықтарға қарамастан, қайта құлпырып шыға алатын мықтылығымен ерекшеленеді. Әнші альбом арқылы күрделі де баянсыз махаббат хикаясына нүкте қойғандай. Жинақтың үлкен бір месседжі — «токсик қарым-қатынасқа төзу — махаббат емес, өзіңді жоғалту».

Басынан өткерген махаббатының әр кезеңін жасырмай айтқан Ayau-дың бұл жинағы мейлінше шынайы шыққан. Тыңдарман онымен бірге сүйеді, бірге мұңаяды, сағыныштан қиналғанымен, батыл түрде қош айтысады. Бұл жинақ сүйгеніңді ұмытудың азабы туралы емес, бастан өткен сезімдерді қабылдау жайында деп ұқтым. 

Ayau сыр шерте отырып, бізге ауыр қарым-қатынасқа ақыры нүкте қоюға, махаббат жолында өзіңді құрбан етпеуге және өзіңді бағалауға күш береді.

Мұқабадағы фото авторы: Danil Yaroshuk 

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Widow’s Bay — уютный хоррор от режиссёра «Атланты»
Культура
#кино
Widow’s Bay — уютный хоррор от режиссёра «Атланты»
Қоңыр Әуен выпустила новый сингл «QLQTM»
Культура
#музыка
Қоңыр Әуен выпустила новый сингл «QLQTM»
Дастан Сатпаев прощается с Алматы, что ждёт первого казахстанца в «Челси»?
Ликбез
#истории
Дастан Сатпаев прощается с Алматы, что ждёт первого казахстанца в «Челси»?
Megadeth едут в Алмату. Это последний шанс увидеть их вживую
Культура
#музыка
Megadeth едут в Алмату. Это последний шанс увидеть их вживую
Влюбляемся, плачем и злимся под новый альбом Оливии Родриго
Культура
#музыка
Влюбляемся, плачем и злимся под новый альбом Оливии Родриго