Қарсы алыңыздар, UMAY

Қазақ сахнасына UMAY қыздар тобы қадам басты. Кезінде Rin’Go, Ayumi, Renzo сияқты танымал топтарға жетекшілік еткен продюсер Алуа Қонарова ұзақ үзілістен кейін музыка индустриясына жаңа жобамен қайта оралып жатыр. UMAY-дан драйв пен еркіндік сезіледі. Топтың музыкалық бағыты — R&B мен хип-хоп. Қыздардың стилінен продюсердің бұрынғы жобаларына тән қолтаңба байқалады. 

UMAY-дың қыздары тыңдарманды арманға жетер жолда батыл әрі шынайы болуға үндейміз дейді. 4 маусымда топ алғаш рет көптің алдына шығып, тұңғыш клиптерін көрсетті. Қонарова мыңнан аса қыздың арасынан таңдап алған бес бойжеткен «шоу көрсетуге дайын». ’98mag авторы Ақдидар Әбдімәулен UMAY тобымен дебюттен бірер сағат бұрын сөйлесіп үлгерді.

Неге асықты?

Ақдидар: Былтыр қарашада топқа кастинг басталды, наурызда құрам белгілі болып, міне, маусымда алғашқы клиптеріңіз шығайын деп жатыр. Осындай қысқа мерзім ішінде сапалы дүние дайындап, тұтас бір команда болып қалыптасқан қиын болмады ма?

Сабина: Бес қыздың мінезі де, болмысы да әртүрлі, оның бәрін бір жерге жинаған оңай емес. Өйткені бес түрлі ой болады. Кастингіден кейін бізге топта өнер көрсетіп, бір-бірімізге ашылып, сыйластық танытып, ары қарай жұмыс істеген аса қиын болмады. Өйткені біз бір-бірімізді жақсы толықтырып тұрдық. Алуа ханым әрқашан бізге бағдар беріп отырады. Қандай да бір қиындық болса, бесеуіміз соны еңсеріп, алға қарай жылжуға күш саламыз. 

Ақнұр: Топ болғаннан кейін бәріміз бір ағза болып жұмыс істеуіміз керек. Кастинг кезінде бізді тек музыка байланыстырған болса, қазір ортақ армандарымыз біріктіреді.

Сабина Жеңісқанова — 21 жаста, Өскеменнен. Топта вокалист. Фото: umay.officialpage / Instagram

Ақдидар: Осы уақыт ішінде көпке шықпас бұрын топ ретінде қандай жұмыс атқарылды? 

Бибімариям: Бізде аптасына үш рет би сабағы, одан кейін вокал сабағы болады. Топта Еркежаннан басқасы кәсіби түрде музыкамен айналыспаған, ол он жылдан аса қобызда ойнайды. Қалған қыздар мектеп кезінен ән айтқанымен, вокал жағынан біраз өстік. Сабина мен Ақнұр би бойынша тез-ақ прогресс көрсетті, қазір екеуі кәсіби бишілерден еш кем түспейді.

Сабина: Кастинг кезінде өзімді вокал жағынан ұсынғанмын, бірақ қазіргі таңда рэп бағытын меңгеріп, оны жетілдіріп жатырмын. Әндерімізде вокал ғана емес, рэп партиялар да бар, сондықтан мұның өзі үлкен тәжірибе болды.

Ақнұр Сатыбалды — 19 жаста, Ақтаудан. Вокалист. Фото: umay.officialpage / Instagram

Ақдидар: Сонда да аз уақыт ішінде дебют жасаған қорқынышты емес пе? Бұл уақытты үнемдегендеріңіз бе, әлде нарыққа шығуға асыққандарыңыз ба? 

Ақнұр: Дебют алдында бәрі толқиды ғой. Уақыт тығыз болғанымен, кәсібилігіміз артты. Бұған қоса, бізде біреуді озып кету немесе асығыстық жоқ. Алуа ханым айтқандай, қолайлы уақыт осы сәтке түсіп тұр, сондықтан біз де бұл шешімді қолдаймыз және оған өте қуаныштымыз.

Фото: aluakonarova / Instagram

«Бүгінгі қазақстандық музыка индустриясы өте ерекше деңгейге көтерілді. Айналамызда талантты орындаушылар, мықты продакшн мен батыл тәжірибе жасап жатқандар көп. Біздің музыка ел шекарасынан асып, жаһандық деңгейде үн қата бастады. Алайда осы үлкен ағымның ішінде қыздар бағытындағы топтар нарығы әлі де толық ашылмағандай көрінеді. Жеке әнші қыздарымыз көп болғанымен, өзіндік идеялық әлемі, айқын концепциясы мен жүйелі жолы бар қыздар тобы жоқтың қасы. Сондықтан жаңа жобаны бастаудың сәті туды деп санадық. Біз бұл ортаға жаңа тыныс, ашықтық пен бүгінгі әйел затының шынайы болмысын қосқымыз келеді. Өз болмысымызды жоғалтпау — басты қағидамыз. Қазіргі тыңдарман қолдан жасалған бейнелерден шаршады, оларға бүгін шынайылық, еркіндік пен ішкі мәні бар әртістер керек. UMAY-дың индустрияға әкелер басты жаңалығы да — осы айнымас шынайылық болмақ». 

Алуа Қонарова
топ продюсері

Әнді кім жазады?

Ақдидар: Ән жазу процесіне келсек. Араларыңызда әннің сөзін не әуенін жаза алатындар бар ма?

Бибімариям: Өткен жолы бізге әннің сөзін жазу керек деген тапсырма берген, бесеуіміз бес түрлі мәтін жазып көрдік. Менің мамандығым — ағылшын тілі филологы, маған мәтінді ағылшынша жазған оңайырақ болды, солай байқап көрдім. Әркім өзінің іштегі сезімін шығарды. Түбінде Сабинаның мәтінін таңдадық. Өте әдеби, ұтымды, әдемі шықты, бәрімізге ұнады. Алғашқы әнімізді жаздық, бірақ ол әлі жарыққа шықпады.

Адель: Ал мен жақында флоу жаза алатынымды білдім.

Бибімариям Серік — 20 жаста, Қызылордадан. Вокалист. Фото: umay.officialpage / Instagram

Ақдидар: Музыкаларыңыз несімен ерекшеленбек? 

Ақнұр: Музыка құлаққа жағымды естіліп қана қоймай, тыңдарманға ерекше эмоция сыйлай алуы керек. Әрбір туындымызға үлкен махаббатпен әрі жоғары кәсібилікпен қараймыз. Әннің мәтіні арқылы тыңдарманға белгілі бір мағынаны жеткізуді көздейміз.

Ақдидар: Топтың дебют әні «QUEEN» деп аталады. Алғашқы трекке мұндай атауды таңдауға не түрткі болды?

Еркежан: Әні мен сөзін танымал композитор Сержан Бақытжан жазды. Сондай ырғақты, тұла бойыңды шымырлататындай, батылдық пен сенімділік туралы ән. Мұнда біз «патшайымбыз» деген мақтану емес, әрбір қыздың өзін бағалауы туралы айтылған.

Еркежан Рахимова — 21 жаста, Алматы қаласынан. Рэпер, вокалист. Фото: umay.officialpage / Instagram

Ақдидар: Музыкалық аспаптарда еркін ойнай алатын өнерлеріңіз бар екен. Алдағы уақытта әндеріңізге қобыздың үнін қосып, ерекше бір синтез жасау жоспарда бар ма?

Сабина: Бізде Бибімариям да шаңқобызда ойнай алады. Рухани құндылығымызды, жәдігерімізді қайта жаңғыртып, шығармашылығымызда сол дүниелерді жаңа үлгіде көрсетеміз деген ойдамыз. 

Еркежан: Музыкалық аспаптарда еркін ойнай алатынымыз — бізге зор артықшылық болмақ. Бірақ арамызда «біреуі кем, біреуі артық» деген ұғым жоқ. Керісінше, жан-жақты болғанымыз бізге мотивация береді, ортақ ізденістерімізді арттырып, ойымызды бір арнаға тоғыстырады. Бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы көп нәрсені үйреніп жатырмыз. 

Фото: aluakonarova / Instagram

«Біздің музыкалық талғамымыз 2000 жылдардың басы мен 2010 жылдардың R&B және hip-hop толқынымен үндес. Ол кезеңдегі поп-музыка әуезділігімен де, өзіндік стилімен де, өр мінезімен де ерекшеленетін. Біз сол дәуірден шабыт аламыз, өйткені онда шынайы сезім, еркін ырғақ пен бірегейлік бар еді. UMAY шығармашылығынан R&B, hip-hop пен поп музыканың сарыны естіледі, бірақ мақсатымыз — өткеннің көшірмесін жасау емес. Біз бұл жанрларға заман талабына сай жаңа тыныс беріп, өзіндік қолтаңбамыз бен бүгінгі күннің дыбыс өңдеу ерекшеліктерін үйлестіреміз. Біздің музыка жылы гармонияға, айқын вокалға, астарлы бэк-вокалға, билетіп жіберетін басс пен сезімге бөлейтін синтезатор дыбыстарына толы. Біз бүгінгі күннің ырғағына сай, бірақ ескірмейтін музыка шығарсақ дейміз». 

Алуа Қонарова
топ продюсері

Топ атауының мәні қандай?

Ақдидар: Сіздер нарықта үлкен аты мен беделі бар компаниядан шығып жатырсыздар. Алуа Қонарованың бұған дейінгі жобаларында жүрген әртістер қазір сіздермен жұмыс істейді екен. 

Ақнұр: Ayanat тобында болған Аружан Медиева — біздің хореограф. Саунд продюсеріміз — Ayumi тобындағы Ақназ Нұрланқызы. Ол кісі біздің дауыс ырғағымыз бен артикуляциямызға дейін жұмыс істеді. Rin’Go тобынан Батыр Байназаров та бар. Осындай үлкен команда болғанына өте қуаныштымыз.

Адель Амангелді — 19 жаста, Шымкент қаласынан. Рэпер. Фото: umay.officialpage / Instagram

Ақдидар: Продюсер сіздердің пікірлеріңізбен санаса ма, әлде сіздерге тек берілген тапсырманы орындау міндеттелген бе?

Бибімариям: Алуа ханым үнемі «менің жас буыннан да үйренетінім көп» деп айтып отырады. Біз ешнәрседен қысылмаймыз, бәрін ақылдасып, бірге істейміз.

Ақнұр: UMAY тобының басты ерекшеліктерінің бірі — әр қыз бұл жобаға өз үлесін қосуы керек.

Ақдидар: Образдарыңыз ерекше көрінеді. Топтың айдентикасы қалай құрастырылды? 

Сабина: Стиль жағынан біздің миымызда ешқандай да шектеу жоқ, себебі біз барлық жанрды, барлық стильді қамтып, өнер жолында үлкен із қалдырғымыз келеді. Арнайы стилистеріміз де бар. Біздің образ Y2K, яғни 2000 жылдардағы стильге жатады. Біз шетелдік бағыттарды да қарастырдық, бірақ осы орайда қазақи болмысымызды да ұмытпай, оны насихаттап, қазақ қыздарының нәзіктігі мен батылдығын ұштастырдық. 

Адель: Біз өз образымызбен қыздардың қуаты мен еркіндігін, woman power деген вайбты көрсеткіміз келеді.

Бибімариям: Біздің мақсат — жаңаша стильді ұстана отырып, түпкі тамырымыздан ажырамау. Өз мәдениетіміз бен өнерімізді заманауи үлгіде насихаттап, жастарға тарату. Сонымен қатар бойымыздағы еркіндікті тыңдарманға мотивациялық мәтіндер арқылы жеткізуді көздейміз.

Еркежан: Әндеріміз тыңдарманға өзіне сенімді болуға көмектессе, шабыт алып жатса, қуанамыз.

Фото: Adil Asqar

Ақдидар: Топтың атауын естігенде алғашқы реакцияларыңыз қандай болды?

Сабина: UMAY деген атаудың артында ағылшын тіліндегі «you may trust», «you may believe» деген де мағына жатыр. Яғни, сен өзіңе сене аласың, шынайы бола аласың, бар болмысыңды әлемге көрсете аласың. Мұны алғаш естігенде дене бойымыз тітіркеніп, ерекше әсер алдық. Өйткені бұл атау бір жағынан, біздің Ұмай ананың ұрпағы екенімізді насихаттаса, екінші жағынан, мотивация береді. Топтың атауы оның ішкі концепциясымен сай келгеніне қатты риза болдық.

«UMAY атауы — жай әдемі сөз емес, тобымыздың бүкіл философиясының негізі. Түркі мифологиясында Ұмай ана — даналықтың, қорғаушы күш пен өмір нәрінің символы деп сипатталады. Бірақ біз UMAY дегенде бүгінгі күннің сан қырлы әйел болмысын да көз алдымызға әкелеміз. Әйел затын бір қалыпқа салып қою мүмкін емес. Оның ішкі әлемі бай әрі әмбебап. Сондықтан да тобымыздың идеялық негізіне әйел табиғатының түрлі сипаты өзек болды». 

Алуа Қонарова
топ продюсері

Ақдидар: Нарықта өздеріңізге кімді бәсекелес деп санайсыздар? 

Ақнұр: Біз ешқашан әлдебір әртіс не топпен бәсекелес болғымыз келмейді, себебі әрбір топтың, әншінің өнер жолын, шығармашылығын сыйлаймыз. Ол әртістер де бізді қолдайды деп сенеміз. 

Ақдидар: Продюсерлеріңіз бір сұхбатында сіздермен келісімшарт өте қатал болады деді. Тіпті тұрмысқа шығуға болмайды деп кесіп айтты. Шынымен де алдағы бірнеше жыл махаббатты ысырып, тек жұмыс істеуге дайынсыздар ма?

Сабина: Кастингіге келер алдында бүкіл ақпаратпен таныстық, қай жерге келгенімізді білдік. Өнер жолында түрлі қиындық бар шығар. Алайда біз арманымыз бен мақсатымыз үшін тынбай еңбек етуге саналы түрде ойланып, дайын болып келдік. Жүрегіміз өнер деп соғып тұрған жандармыз.

Ақнұр: Бізде «тәртіпке бағынған құл болмайды» деп жатады ғой. Талаптар біздің кәсіби шеберлігімізді шыңдап, шығармашылық тұрғыдан дамуымызға көмектеседі деп нық айта аламыз. Тәртіп пен қаталдық шығармашылық еркіндігімізді шектемейді.

Фото: aluakonarova / Instagram

«Алғашқы жылдағы басты межеміз — еліміздің заманауи поп-мәдениетінде көш бастау. Мақсатымыз тек музыка шығару емес, жаңа буынға шабыт сыйлайтын, жұртшылық сүйіп оқитын мәдени құбылысқа айналу. Десе де, біздің мақсатымыз бастан-ақ бір елдің шекарасынан әлдеқайда кең. UMAY — халықаралық нарыққа бағытталған жаһандық жоба. Қазақстанның заманауи музыкасы әлем көрерменін қызықтыра алатынына, ал төл мәдениетіміз, визуал эстетикамыз бен төл қолтаңбамыз Орталық Азиядан жырақ елдерде де үн қата алатынына сеніміміз мол. Бірер жылдан соң UMAY есімі тек Қазақстанның ғана емес, біздің өңірден шыққан әлемдік деңгейдегі жаңа буын әртістерінің символына айналса дейміз». 

Алуа Қонарова
топ продюсері

Ақдидар: Дебюттен кейінгі алғашқы бір жылға қойған ең үлкен мақсаттарыңыз қандай?

Бибімариям: Осы жылдың аяғына дейін тағы да бірнеше ән шығарып, клип түсіру ойда бар. Нақты жоспарды Алуа ханым айта жатар. Жылдың аяғын жақсы дүниелермен жабамыз деп ойлаймын.

Адель: Халықты барынша қуантамыз деген үміттеміз.

UMAY тобы туралы көбірек білу үшін мына деректі фильмді көріп шықсаңыз болады. 

Мұқабадағы фото авторы: Adil Asqar

Оқи отырыныз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
MUSE выпустили музыкальный клип, снятый в Казахстане
Культура
#музыка
MUSE выпустили музыкальный клип, снятый в Казахстане
Forbes Kazakhstan представил рейтинг «30 до 30»
Ликбез
#общество
Forbes Kazakhstan представил рейтинг «30 до 30»
Ayau представила новый трек SÜI
Культура
#музыка
Ayau представила новый трек SÜI
В Ташкенте назвали дату открытия Центра современного искусства
Город
#события
В Ташкенте назвали дату открытия Центра современного искусства
В Алматы пройдёт форум о профессиях
Город
#события
В Алматы пройдёт форум о профессиях