Альбомның идеясы
Ерекше дауыс тембрімен, сезімге толы әндерімен тыңдарманның жүрегін жаулап жүрген Садраддин ұзақ уақыт бойы альбом шығармай, тек синглмен шектеліп келген еді. Қазір музыка индустриясында бірден он әннен тұратын альбом жазу — үлкен тәуекел. Өнердегі жолдастары да оған бұлай шығару тиімсіз деп айтқанымен, әнші бала күнгі арманын бірінші орынға қойған.
«17-18 жаста тезірек есейгіміз келіп, ересек болып көрінуге тырысамыз. Бірақ нағыз есею адамға 23 жасында келеді екен» дейді Садраддин. Әртіс үшін бұл уақыт — өзіне қателесуге, ізденуге және көптеген нәрсеге рұқсат бере алатын кезең. «ZEIIN» альбомының негізгі концепциясы да — Садраддиннің балалық шақтан үлкен өмірге қадам басқан өтпелі кезеңі, есеюі туралы. Әндерінің мағынасы жеңіл-желпі емес, салмақты шыққан, іштей үлкен бір ойға батасың.

Фото: Яндекс Музыка
Садраддин өмірден түйген ойларын шынайы жеткізіп, өзін жаңа қырынан танытты. Оның күрделі тақырыптардан қашпай, ішкі күйін, бастан кешкен қиындықтары мен қателіктерін жасқанбай бөлісе алуы есейгенін аңғартады. Әншінің дәл осы батыл қадамы мені тәнті етті.
Альбомның түсі — қызғылт, оны да бекер таңдамаған. Садраддиннің пайымдауынша, қызғылт — өз ойыңды ашық, бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік беретін еркіндіктің белгісі.
Альбомға шолу
«Intro-да» бірде-бір сөз жоқ, дегенмен инструментал әуен бірден баурап, қызықтырады. Intro арқылы Садраддин альбомның негізгі көңіл-күйін жеткізе алғандай: алда терең әрі ойлы альбом күтіп тұрғанын сездім. Бұған қоса, көз алдыма оның осы уақытқа дейін жүріп өткен жолы келді.

Фото: @sadraddinn / Instagram
Алғашқы ән — «Suraq». Садраддин жеке басының уайымы арқылы көптің көкейіндегі мәселені дөп басады. Сан түрлі сұрақтан басы қатып жүрген жандарды қараңғыдан жарыққа қарай жетелейтін ән деп қабылдадым.
«Отбасы қамын ойлап түнімен, тоқтамай әрекет етемін күнімен» деп күйбең тіршілікті тілге тиек етіп, ересек адамның уайымы мен жауапкершілігін көрсете білген. Трек түн ортасында сыртқы әлемнен оқшауланып, өзіңе сұрақ қоюға шақырады, ол тығырықтан шығар жол әрдайым табыларына сендіреді. Әннің соңындағы бит тыныштықта анық естілетін жүрек соғысы сыңайлы.
Жаңа туындының сарыны Садраддиннің бұған дейінгі «Tun», «ANT», «Sura» сияқты әндеріне келеді, әртістің шығармашылығындағы Жаратқанға сыйыну тақырыбын жалғастырып тұр.
«Aldi» — қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаған туынды. Зұлымдық пен қатыгездіктен шаршаған Садраддиннің жан айқайын жеткізгендей болды. Мұнда адам өмірі мен оның тыныштығынан қымбат ештеңе жоқ деген идея жатыр. Адамдардың бір-біріне деген агрессиясын сынап, өмірдің тым қысқа екенін ескертіп, адамгершілікке үндейді, бейбітшілікті дәріптейді.
Бір үзім нанмен адамдардың екі түрлі болмысын көрсетіп, тыңдарманға сұрақ қойып, диалогқа тартады. «Ауыр сөз де оқтай саналады қылмысқа» деген жолы арқылы әрбір айтқан сөзімізге абай болуымыз керек екенін тұспалдаған. «Әлди, әлди, әлди-ау» деген жолдары бұл әнді заманауи бесік жырына айналдырып тұр.

Фото: @sadraddinn / Instagram
Әлеуметтік салмағы бар әндерден кейін тұрған «Afro» — сондай жеңіл, Садраддиннің стиліндегі трек. Бұл әнді жай тыңдап отыру мүмкін емес, еріксіз билеп кетесің. Әнші мұнда «сұлу едің сен неткен, Еңлік пен Жібектен айнымайтын бойжеткен» деген клише теңеу қолданған, дегенмен ол әнге қазақы вайб беріп тұр.
Ең қызығы, бұл ән ресми түрде жарық көрмей жатып TikTok-та трендке айналды, оған жиырма мыңнан астам видео түсірілген. Драфт нұсқасындағы «мен берген гүл солды ма?» деген жолдар желіде танымал болып үлгерсе де, Садраддин оны альбомда «қай анадан туылдың?» деп өзгертіпті.
«Seni oilai» — «Afro-ға» қарама-қайшы, пианиноның сүйемелдеуімен орындалған баяу, жүректі елжірететін ән. Бұл тректе өткен шаққа деген сағыныш, өкініш жатыр. «Бір күн өтті бір ғасырдай, сенен басқа жанға ашылмаймын» деген жолдар көп адамның сөзбен айтып жеткізе алмай, ішке тығып тастаған мұң мен сезімін сыртқа шығарған сияқты. Осы әнді тыңдап, өзін көріп жатқандар бар.
«Bolme» — екі адамның қарым-қатынасы туралы ән. Вайбы мүлде басқаша, жаңа бағыттағы ізденіс байқалады, шумақтары өте ойнақы. Меніңше, бұл — оның шығармашылығындағы тым жеке тақырыптағы туынды. Есейген Садраддиннің әні деп жатқандар да бар. Себебі әнші сүйіктісіне деген құштарлығын ашық айтады.
Садраддиннің өзі айтқандай, «Menin adamym» — тойдағы love story видеоларға сұранып тұрған ән. Әрбір шумағы ақжарма сезімге толы, шынайы шыққан, сол себепті де тыңдарманның жүрегіне бірден жеткен секілді. Бұл әннің TikTok-та тараған баяу, гитарамен орындаған нұсқасы сондай әдемі болған. Альбомдағысы тойдың әні сияқты, Садраддиннің Melodrama (Çiki Çiki) трегіне ұқсайды.
«Altynym» — Садраддиннің өзіне тән қолтаңбасы бар, романтикалық туынды. Өте жылы, позитив энергияға толы, әдемі әсерге бөлейді. Жұрт арасында тез тарап, бірден есте қалатын ән.

Фото: @sadraddinn / Instagram
Жүрекке жылу ұялататын тағы бір ән — «Jastyq shaq». Мектеп жылдары туралы ретро-романтикалық туынды. Сыныптастар кездесуінде жиі шырқалайын деп тұр. Жазғы көңіл-күй сыйлайтын, бірден биге шақыратын ән. Бұл тректің сөзін жазуға танымал актер, композитор, ақын Рамазан Амантай қатысқан, оның стилі, сөз саптауы бірден байқалады.
«Sagynysh» — альбомдағы жалғыз фит, Қырғызстанның танымал орындаушысы Bakr-мен жазған. Бұл трек — айырылысып кеткен, бірақ іштей сағынып, өткен күндерге өкініп жүрген жандардың шынайы бейнесі. Астарында «барыңды уақытында бағала» деген үндеу жатыр. Әртістердің орындау мәнері екі бөлек болғанымен, бірін-бірі жақсы толықтырып тұр. Қазақ және қырғыз тілінің үйлесімі әнге ерекше реңк берген.

Фото: @sadraddinn / Instagram
Альбомдағы соңғы ән — «Kimdi kinalaisyn?» Ең ауыр, саналы, эмоциялық трек болды. Өмірдің қиын сәттерінде сынып қалмай, өз-өзіңді қайрау мақсатында жазылған. Дәл қазір жаны құлазып, қолдау күтіп жүрген жанға ем болатын ән сияқты. «Сен кімді кінәлайсың, ол сенің тағдырың» деген жолдар іштей өз-өзіңді жеуді тоқтатып, алға қадам басуға шақырады. «Бәрі жақсы болады» деген үміт сыйлайды.
Бұл әннің қорытынды трек болғаны тегін емес. Альбом бойы айтылған ойлардың, сезімдердің бәрін әдемі түйіндеген. Соңындағы ұзақ outro мен ондағы күлкі қиын жол артта қалды дегендей әсер қалдырды. Өзім кино көріп шыққандай күй кештім.
«ZEIIN» деген атаудың сыры
Әртістің айтуынша, мұның екі себебі бар. Біріншісі, бұл жинаққа енген он әннің әрқайсысын зейін қойып жазған. Сондықтан туындыларды тыңдарманы да зейін қойып тыңдаса екен деген ниеті бар. Екіншіден, болашақта ұлының есімін Зейін деп қойғысы келген. Сол себепті алғашқы альбомын осылай атаймын деп шешкен.
Садраддин биыл 23 жасқа келеді, соған байланысты альбом 23 мамыр күні жарыққа шықты.

Фото: @sadraddinn / Instagram
Бұл альбомның тыңдарманға жол тарту процесі де ерекше форматта өтті. Садраддин алдымен тікелей эфирлер өткізіп, оған әншілер мен достарын шақырып, әндерді алдын ала тыңдатып, олардың пікірін сұрады.
Әртістердің көбі жаңа альбомын жабық форматта (listening party) таныстырады. Садраддин бұл шеңберден шығып, Алматы аренада фанаттарының басын қосты. Тыңдарманымен жүзбе-жүз кездесіп, ауқымды шараны тегін ұйымдастырды. Биылғы Коачелладағы Джастин Бибер сияқты MacBook-тан әндерін қосып, альбомын өзгеше таныстырды. Осы кеш үшін басқа қалалардан арнайы келген жандар да болды.
Бұл — жай ғана тұсаукесер емес, үлкен дайындықтың, еңбектің нәтижесі. Мұндай қадамға бару кез келген әртістің қолынан келе бермейді. Бұл кеш Садраддиннің шынымен де халықтың сүйіктісі екенін көрсетті, оның қазақ поп-музыкасындағы орны бөлек өнерпаз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фото: Batr Kanatkali
Садраддин мен оның командасының альбом үшін барын салып, аянбай жұмыс істегені көрініп тұр. Әнші әрбір әнін мінсіз етіп шығаруды мақсат еткен. Альбом тыңдарманның көңілінен шығып жатқандай. Жинақтағы жаңа әндер Яндекс Музыка платформасындағы топ-чартқа шығып үлгерді. Осылайша, әртістің тағы бір үлкен бала арманы орындалып жатыр.
Садраддин эфирдегі қонақтарына, listening party-ге келген тыңдарманына альбомнан ұнаған TOP-3 әнді таңдауды ұсынған. Маған ұнаған үш ән — «Aldi», «Seni oilai», «Sagynysh».