Альбомның өзегі
iONE!-ның бас продюсері Баян Алагөзова топ дебют жасамай тұрып «біз халықаралық деңгейге шығып, стадиондарды толтыратын жоба жасаймыз» деп айтқан еді. Екінші продюсері Ерболат Беделханның тәжірибесі тыңдарманның үмітін маздата түскен.
Бірақ, өкінішке қарай, алғашқы бір жылда топтың амбициясы онша байқалмады, жоспарлары сөз жүзінде қалып қойғандай әсер қалдырды. Қыздар реалити-шоуда айтқан ескі әндерді қайта шығара беріп, тыңдарманды жалықтырып алғандай көрінді. Топ үлкен аудиторияға тарай алмай, жанкүйерлер арасында «продюсерлер қыздарға жеткілікті көңіл бөлмей жатыр» деген сын айтыла бастады.
Топ жұмысында тоқырау болып жатқандай сезім күшейгенде, iONE! тамыздың басында аяқ астынан жаңа шағын альбомын жарыққа шығарып, аудиториясын сілкіп оятты.

Фото: ione.muziq | Instagram
Жинақтағы төрт тректің әрқайсына концепт фотолар, перформанс видеолар мен хореографиясын көрсететін контент дайындаған. Одан бөлек, 21 тамызда Almaty Arena-да K-pop пен Q-pop жұлдыздарының басын қосып, «IONE FEST 2026» деген концерт өткізді. iONE! осылайша тоқырау туралы әңгімелерге нүкте қойғандай болды.
«KOpbOliKTeR» атауы қазақтың «көп бөліктер» тіркесінен шыққан, әдейі «көбелектер» сөзімен үндестірілген. Адам болмысы махаббат, жоғалту, қарсылық, түйсіну мен жаңару сияқты сансыз бөлшектен тұрады. Осы ой альбомның өзегіне айналған. Қыздар альбомды жарты жыл жазған.
Әндерге шолу
Альбомдағы бірінші ән — «KobelekteR». Әннің басы баяу басталғанымен, қайырмасынан бастап ырғағы күшейіп, билейтін әнге айналады. Dark pop пен electropop жанрындағы туындыда қыздар рэпке басымдық берген. Қызығы, бұл трек бастапқыда топтың репертуарына арналмаған. Топ мүшесі QARU-дың айтуынша, бас синглды алғашында рэп сабағына арнап жазған, сондықтан мұнда созып айтатын вокал жоқ. Оның сөзінше, «KobelekteR» — өзіңе биік белес қойып, соған жеткенге дейін өмірің тоқтап қалғандай күй кешу туралы ән.
Тректің қайырмадағы қайталанатын жолдары мен соңын ағылшынша жазған. NARIN-нің партиясы аз болса да, қайырманың алдында «көбелектер» деп қайталайтын шағын фразасы — әннің ең есте қалатын тұсы.
Әдетте «іштегі көбелектер» қуаныш пен толқуды білдірсе, мұнда керісінше. «Көбелектер кілең буып барады, тіреліп кеңірдегіме дейін, не шара?» деген жолдар арқылы қыздар мазасыз сезімдердің адамды тұншықтыратынын дәл жеткізген. «I can’t fly, бірақ дайын денем, асықтырып тұрғанда сен, қалай келмеймін?» деген жолдар арманға жету жолының оңай емесін көрсетеді.

Фото: ione.muziq | Instagram
Келесі ән — «olaiolaiolai». Алғашқы тректегі ауыр драма мен ішкі арпалысқа қарағанда, жазғы көңіл-күйге арналған жеңіл, динамикасы басым туынды. Музыкалық ырғағы да, визуалы да қыздардың бұрынғы «DOUBLE BUBBLE TEA» әніне ұқсайды. Жаңа тректе қыздар өз орныңды білу, біреуге байланбай, өзіңе деген сенімділікті қайтару туралы айтқан. Мұнда өзге адамның манипуляциясына нүкте қою, сезімге ермей, есею, біреудің назарына мұқтаж болмау туралы батыл ой жатыр. Қыздар «енді маған сенің керегің жоқ, өз жолыммен кеттім» дейді. Қайырмадағы биі TikTok-та тез тарап, трендке айналуға сұранып-ақ тұр.
Synth-pop стиліндегі «ZE’N» әні бір тыңдағаннан-ақ ұнады. Әр мембердің партиясы өзіне сондай жарасып тұр, әрқайсы тембрі ерекше естілетін тұсты айтқан. Бұл трек — SYRENE, NARIN мен QARU-дың бөлек жазған үш демо-жазбасының сәтті қосындысы. «Үшеуіміз де іштегі күйзелістеріміз туралы жазыппыз. Кейін оларды қосып көргенде, үйлескеніне өзіміз де таң қалдық. Бұл біздің топ ретінде бір толқында келе жатқанымызды көрсеткендей болды» дейді QARU.
Қыздар хейттің астында қалғанда, «сome to me, please, I need your power» деп қолдаушыларынан келетін әрбір жылы пікірден күш алған. Бұл ән арқылы қыздар қиын сәтте өзіне демеу болған тыңдарманына алғыс білдірген сияқты. Айтпақшы, топ жақында ғана фанаттарына «2uS» деген ресми атау берген.
Басында әннің «кейде түсінбеймін» деген қайырмасы ағылшынша «give it to me» деп естілді. Бұл әдейі жасалған ба, әлде кездейсоқ сәйкестік пе — белгісіз. Бірақ онысы ұнады. Хореографиясы да сәтті шыққан. Performance Video-сы — бірнеше қайтара көргенге тұрарлық еңбек.
Альбомды аяқтайтын «DiesEL» деген hip-hop стиліндегі трек топтың өзіне деген сенімділігін көрсетеді. Мұнда қыздар «I’ma machine, I’m a diesel» деп өзін дизель қозғалтқышқа теңеп, хейтке бой бермейтінін жеткізген. «Түрім қатты эгоңа тиді», «мұндайларды шайнап жұтамын асқа» деген жолдарымен сыншыларға жауап беріпті. Қыздар «I’m the best», «біз — GOAT of the Gen Z» дейді. Мақтану сияқты көрінгенімен, олардың батылдығын көрсеткен сияқты.
«Сөздері дөрекі болғанымен, осындай мәтін арқылы іштегі күшті жеткізгіміз келді. Біз айуанбыз (iONE!) ғой, демек жыртқышпыз, бізге «фас» десең, ары қарай алып кетеміз. Ішімізде қуат пен энергия тасып тұр. Тіпті сәл манифест сияқты ән» дейді QARU.
Артық-кем тұсы
Қазіргі Q-pop сахнасында мұндай альбом шығарып, ауқымды жұмыс істейтіндер аз. Осы тұрғыдан алғанда, iONE! — стандартқа сыймайтын, бағыты мен ізденісі жағынан өзіндік орны бар топ. Олардың халықаралық деңгейге шығып, кең таралуына әлеуеті жетеді. Қыздар талантты, екі тілде ән жазады, бірақ әр камбэк сайын олардың даралығы толық ашылмай, әртістер клип концепциясының көлеңкесінде қалып қойып жатқан сияқты.
Визуал концепт дайындау, хореография қою мен видео түсіру — өте ауқымды процесс. Десе де, сахнада әнді жанды дауыспен орындаған кезде топ қайта-қайта хейтке ұшырап жатыр. Бұған өлең сөздері анық естілмейтіні тікелей әсер етіп отыр.
Бұл жерде мәселе жай ғана талғамда емес. Q-pop-ты үнемі тыңдайтын аудиторияның өзі де қыздардың сөзін түсіне алмай жатады. Жаңа альбомда да әндердің сөзі анық естілмейді, мәтінін оқып қана не туралы айтқанын ұқтым. Меніңше, сөздердің анық әрі сапалы естілуі әннің аудиторияға таралуына да, тыңдарманды бірден баурап алуына да тікелей әсер етеді. Одан бөлек, кейбір тректе автотюн көп болған соң «қыздар бұл әнді сахнада жанды дауыспен дәл осылай алып шыға ала ма?» деген сұрақ пайда болды.

Фото: ione.muziq | Instagram
Әлеуметтік желілердегі пікірлерден iONE!-ның шетелдік фанаттары көбейіп келе жатқанын байқадым. Алайда топты таныту жағы әлі де ақсап тұр. Камбэктен кейін аудиторияны ұстап тұратын контент аз болып жатыр.
Топ бұл жұмыстан соң тағы да ұзақ уақыт тыншып қалмай, өзінің «айуан» екенін тыңдарманға дәлелдеуге күш сала береді деген зор үмітім бар. Бұл тілегіне олар әзірше жеткен жоқ.