Cахнада көрінбей кеткен танымал әнші Ерке Есмахан осы шілденің аяғында өнер жолындағы алғашқы альбомымен жарқ ете қалды. Алты ай бойы тоғыз ән жазып, оның бәріне түгелдей клип түсірген екен. Әр әннің астары мен айтары бар. Мәдениеттанушы Аружан Ербосын жинақты тыңдап шықты.
Ерке Есмахан қазақ эстрадасында тек хит штамптайтын не жеке өмірімен ел аузында жүретін әнші емес, өзін нағыз өнер адамы екенін қайта паш етті. Тоғыз әнге бірден тоғыз бейнебаян түсіру идеясы алыстан келмегені анық. Бұған дейін отандық эстрадада RaiM «4 dongelek«, кейін «Jet» альбомының визуалын осылай көлемді дүние етіп шығарған.
Көпшіліктің санасында Ерке Есмахан «Қайда?», «Алло», «KZ жігіт» сияқты жеңіл, ойнақы, коммерциялық поп-хиттердің орындаушысы ретінде қалған. Ал бұл жоба бұрынғыдан өзгерек. Атының өзі айтып тұрғандай, «Дауыс» — Еркенің бойжеткен, ана, әйел, әнші болмысын, әр кезеңдегі сезімдерін, құлақ құрышын қандыратын, Баян Мақсатқызы айтпақшы, бал дауысын басқа қырынан көрсетуге деген ұмтылысы.
Әр бейнебаянның идеясы бөлек болғанымен, оларды ортақ эстетикасы, түстер палитрасы, кадрлық ерекшеліктері байланыстырады. Тыңдарманды көзбен де, құлақпен де баурайтын өте әдемі дүние шыққан.
Ән тыңдаймыз, клип көреміз
Альбомдағы ең бірінші ән — аңыз әнші Мәдина Ералиева апамыздың орындауында бәріміз білетін «Наз» әні. Ән авторы, белгілі кинорежиссер, сценарист, композитор Оралбек Сарбасов Еркенің осы әнді шырқауына рұқсатын берген екен. Әншінің өзі осы ән арқылы қазақ өнерінің тарихында өшпес із қалдырған аңыз тұлғаларға тағзым етеді.
Бұл әннің бейнебаяны бүкіл альбомның ішінде визуал тұрғыда көш бастап тұрғаны дер едім. ХІХ ғасырдағы Еуропа сарайларындағы балдың атмосферасын тамаша берген. Соңындағы Мәдина Ералиева апамыздың бейнесі мен дауысы еріксіз көзіңе жас ұялатады.
Келесі «Бұрымы аппақ анашым», «Әлди-әлди», «Гүлдер-ай», «Тарам-тарам», «Бақытты қыз», «Сен» әндері композитор Айгерім Сырлыбаева мен ақын Қайнар Алагөзовтің тандемінен шыққан.
«Бұрымы аппақ анашым» әні Еркенің анасының «осы тіркесті ән қып шығарып, оны менің қызым орындауы керек» деген бұйымтайы екен. Бейнебаянда Мақпал әжеміз үлкен дөңгелек оюлы матаның ортасында отыр. Төбеден алған кадрда үлкен жайылған етек боп көрінеді, ал онда туған жиендері ойнап жүр. Шетінде Ерке өзінің қызы екенін білдіріп қанық қызыл көйлек пен тақия киіп етектің оюын тігіп отыр. Жапырағы жайылған отбасының көрінісін әдемі жеткізген. Әннің бірінші шумағындағы:
Сағынып өскен даласын,
Жан-жарын, әке-анасын.
Бағынып өмір заңына,
Жанының емдеп жарасын»
деген жолдар қанша үлкен адам болса да, бір кезде оның да жас қыз болғанын еске салып, құйқаны шымырлатады.
Альбомдағы үшінші ән бөпесі бар үйде үнемі қосылып тұратынына күмәнім жоқ. Басқа әлдилер сияқты сөзі де, әуені де ұйқыға елітіп әкетеді. Бейнебаяны жасанды зиятпен сапалы жасалған. «Тыныш елдің ұлысың, Алаңдамай жат балам» деген сөздері қазіргі кезде өзекті боп тұр.
Эстетикасы қатты ұнаған бейнебаяндардың бірі «Гүлдер-ай» әнінікі болды. Онда ерке гүл сатушы қыз ретінде түрлі танымал әнші, блогер, актер, режиссерге гүл сатады. Түрлі жас диапазонындағы ерлер әйелдерін қуантады. Бүкіл бейнебаян бойы Еркенің ұлы Муслим қолына азғантай гүл шоғын ұстап, сол жұптардың бәріне қарап өтеді де, соңында анасына келеді. Қанша гүлдің ортасында отырса да, ұлының гүліне қатты қуанған анасы екеуі гүл дүкенді жауып кетеді. Осының бәрі сондай әдемі кадрмен беріледі.
Гүл туралы әнде Райм неге шықпады екен деп ойлап үлгергенше келесі «Тарам-тарам» деген әннің бейнебаянында екеуі атып шыға келді. Мұнда режиссер Еркенің табиғи бұйра шашын көрсеткен маңызды болғанын айтты. Кадрлары ескі фильмдерді еске түсіреді. Қатты ұнағаны — екеуінің образдары болды. Әуенінде ностальгия үні бар. Ән, әуен, сөз, кадрлар, киімдер бір-бірімен сәтті үйлескен.
«Бақытты қыздың» бейнебаянын әр ұзатылған қыз көзіне жас алып көрген шығар деп ойлаймын. Мұнда Ерке қызды ұзатып келе жатқанда қыздың кішкентай кезінің көріністерін параллель көрсетеді. Ерке мен ұзатылып жатқан қыз киіп тұрған киімдерді Маңғыстаудан арнайы алдыртқан екен.
Ән мәтінінде қызға арнаған тілекті әдемі жеткізген, бірақ «екі ел арасын жақын қыл, қыз» дегені қыз-келіншекке айтылатын патриархал тілек-талаптармен үндесіп кетіпті.
«Сен» әнінде Еркенің шығармашылық жолындағы кезеңдерінің суреттерінен әнші боп қалай қалыптасқанын көреміз. «Өзіңе сен. Менің қолымнан келді. Сенікінен де міндетті түрде келеді» деп мотивация беріп тұрғандай. Бейнебаян басындағы киімі — шығармашылығының алғашқы кездерінде киген көйлегі екен. Статуэткалар арқылы жетістіктерін, кадр сыртындағы адамдар арқылы оған жеткен оңай болмағанын меңзейді.
RaiM-мен feat. болып шыққан «Алматы» әнінің әуенін, сөзін Раймның өзі шығарған. Әуені Раймның алғашқы әндеріндегі вайбты береді. Бейнебаянында да түрлі графикалық эффектілермен, көліктермен, образдармен, кадрлардың ауысуымен сол динамиканы бере алған. Бірақ бұл ән альбомға үйлеспей тұр. Райм өз территориясында қала беруі керек еді.
Альбомды аяқтайтын мантра іспеттес «Өзіңді сүй» әні де — Раймның қолынан шыққан туынды. Жасанды зият жасаған әуенге ұқсағанымен, бейнебаяны ондай емес, ерекше шыққан. Соңына қарай бәрі қалай түсірілгені, адамдардың еңбегі, бэк видеолар көрсетілген.
Негізі альбомда 10 ән болады деп жоспарлаған, бірақ «Баиландо» деген ән кірмей қалған. Ерке өз парақшасында оны кейінірек бөлек ән қып шығаратынын жазды. Альбом шыққан күннен бастап әнші әлеуметтік желі арқылы үлкен жұмыстың барысын, басы-қасында жүрген адамдардың еңбегін көрсетіп, оларған жеке-жеке алғыс жаудырып жатты. Әншінің шығармашылықты қатты сағынғаны, өнерге деген шынайы махаббаты мен адамдарға деген құрметі айқын сезіліп тұрды.
Кейінгі кезде mood video түсіріп, әнін желіге жариялай салатын әншілерді көп көріп кеткеннен кейін бейнебаяндардың дәуірі өтіп кеткендей сезілген, бірақ жұрттың әлі де визуалды бағалайтынын осы альбомнан көруге болады. Қазірдің өзінде альбом жарты миллионға жуық қаралым жинаған. Желіде жұрт альбомдағы әндерді көптеп қолданып жатыр. Иә, тыңдарманға Еркенің «Дауысы» жеткен сияқты.