Кейінгі жылдары Қытай билігі Шыңжаңды мәдениет пен туризм арқылы танытуға басымдық беріп келеді. Қашқарда түсірілген «Bloom Life» сериалы — осы үрдістің тағы бір көрінісі. Экранда көне қала, дәстүрлі ұйғыр мәдениеті мен жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірі көркем бейнеленген. Бұл сериал кезекті қытай драмасы ма, әлде туынды астарында ауқымды саяси стратегия тұр ма?
Қазір көп адам қарбаластан бір уақ үзіліс алып, жанына тыныштық іздейтіндей. Күнделікті күйбең тіршілік жүргенде, есейгеніңді ұққан, жауапкершілік салмағының артқанын сезген кім-кімді де қажытады. Мұндайда адамға армандарын еске салатын туған жері, баяу өмір мен көңілге тыныштық сыйлайтын адами қарым-қатынас керек-ақ.
Биыл мамырда жарық көрген қытайлық «Bloom Life» (түпнұсқа атауы — «Қашқар туралы махаббат әні») мини-сериалы дәл осы көңіл-күйді экранға шығарады. Сегіз бөлімнен тұратын туынды романтика мен отбасылық драманы ұштастырған. Оқиға Қашқарда туып-өскен үш қыздың өмірі төңірегінде өрбиді.
Бірақ бұл жобаны ерекше етіп тұрған нәрсе тек сюжет желісі емес. Ең қызығы — оның Қашқарда түсірілгені. Бұл — Қытайдың батысындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан көне қала. Ол жер бүгінге дейін ұйғыр мәдениетінің ірі орталығы саналады. Қала халқының басым бөлігі — ұйғыр ұлтының өкілдері. Одан бөлек хан-қытайлар, қазақтар, қырғыздар, тәжіктер мен басқа да этностар тұрады.
Ғасырлар бойы мәдениеті мен музыкасын, тілі мен бірегей болмысын сақтап қалған көне ұйғыр қаласы бұл сериалда жай фон емес, оқиғаның (және біздің мақаланың) негізгі кейіпкеріне айналады.
Драма не туралы?
Сериал Қашқарда өскен үш бойжеткеннің мансап, махаббат, жалғыздық пен беймәлім болашақ туралы уайымы астасқан өмірін көрсетеді. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі болғанымен, бәріне ортақ нәрсе — олар капиталистік қоғамда өз орнын тапқан, табысты да бақытты адам болуға тырысады.
Ши Зи (Ли Ланьди) сәулетшінің оқуын аяқтап, әкесі қайтыс болған соң амалсыздан Шанхайдағы өмірін тастап, отбасына тиесілі қонақүйді басқару үшін туған қаласы Қашқарға оралады. Екінші кейіпкер — Ләйлі (Цю Тянь) — дәстүрлі саз балшықтан қыш бұйымдар жасау өнерін сақтап қалу жолында күш салып жүрген еңбекқор шебер. Ал би студиясының дарынды бишісі Минауәр (Мүкрәм Қайсар) отбасы көп жауапкершілік артқан қыз, солардың қыспағының кесірінен арманы мен үй ішінің үміті арасында таңдау жасауға мәжбүр.
Осы тұрғыдан алғанда сериал Қытайдағы кейінгі жылдары танымал болған healing drama (жаншипа фильм не сериал) үрдісіне жақын: мұнда үлкен саяси не әлеуметтік конфликт жоқ, керісінше, қарапайым отбасылық қарым-қатынас, туған жерге оралу, өзіңді тану мен табу көрсетілетін баяу драма.

Жоба артында Қытай үкіметі тұр
Сегіз эпизодтық бұл мини-сериал кезекті бір топтың жеке жобасы емес. Ол CCTV қытай ұлттық телеарнасы мен iQIYI интернет-платформаларының қатысуымен, сонымен бірге Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің қолдауымен түсірілген. Бұл — Шыңжаң үкіметі жобаны тек мақұлдап қана қоймай, оған қаржылық әрі ұйымдастырушылық тұрғыдан тікелей қолдау көрсеткен деген сөз.
Қаржыландыру 2023 жылғы «Шыңжаң әдебиет пен өнерді қолдау қоры» аясында және Шыңжаңның насихат бөлімінің негізгі кино-телевизиялық жобаларының бірі ретінде рәсімделген. Мұның артында «Туризм арқылы Шыңжаңды жандандыру», «Шыңжаңды мәдени байыту» және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы сияқты кең ауқымды саяси стратегиялар жатыр.
Қашқарды Қытай мен Орталық Азия арасындағы маңызды мәдени және экономикалық көпір ретінде көрсету — жобаның символдық мәнін арттыра түседі. Қытайдың ресми деректерінде Шыңжаң «Бір белдеу, бір жол» аясындағы мәдени алмасу мен туризмді ілгерілететін аймақ ретінде жиі сипатталады. China Daily 2022–2024 жылдары Шыңжаңда халықаралық мәдени алмасу және туризмді таныстыруға арналған 80 іс-шара өткенін жазды. 2024 жылғы «Менің Алтайым» сериалының коммерциялық табысынан кейін, бұл жоба Шыңжаң туралы жаңа буындағы драмалардың сәтті жалғасы ретінде қарастырылады.
Бұл жерде туризм факторы да маңызды. 2025 жылы Қытайдың ресми ақпарат кеңсесі Шыңжаңға шетелдік туристер ағымы артқанын, 2025 жылдың алғашқы он айында өңірге 2,1 миллионнан астам шетелдік турист барғанын хабарлаған. Ал Қашқардың өзі кейінгі жылдары Қытай ішіндегі ең көп жарнамаланатын «Жібек жолы» бағыттарының біріне айналып келеді.
Режиссерлік топ қаланың қайнап жатқан тіршілігін тірі декорация ретінде пайдаланған. Кадрларда актерлер ғана емес, расымен базарда істейтін сатушылар, қолөнер шеберлері мен жергілікті тұрғындар да бар. Бірі нан илеп жатады, бірі шай сатып тұр, енді бірі қыш шеберханасында саз илеп отыр.
Дегенмен кей тұстарда аздап әспеттелген көріністер байқалады. Құрбан айт мерекесінің көріністері, ұйғыр мәшрәп биінің сахналық орындалуы мен ас үй мәдениетінің эстетикасы көрерменге мейлінше әдемі етіп ұсынылады. Мұндай сәтте сериалды кәдімгі тревел-влог па деп қаласың.

Шыңжаңның жаңа бейнесін қалыптастыру миссиясы
Шығармашылық топтың құрамына қатысты да сұрақтар бар. Бас продюсер Лян Жэньхун сценарийді дайындауға үш жарым жыл кеткенін, жүзден астам жергілікті тұрғынмен сұхбаттасқанын айтса да, сценарий авторлары (Цинь Хайян, Яо Чаннин, Чжэн Иннин) — хан-қытай ұлтының өкілдері. Жобаның партиялық және мемлекеттік құрылымдардың мақұлдауынан өткені Қашқар туралы қандай оқиғалар экранға шығатынын, ал қай тақырыптар назардан тыс қалатынын белгілі бір дәрежеде айқындаған болуы мүмкін.
Бұл әсіресе Шыңжаң туралы халықаралық пікірталас тұсында аса маңызды. Қытай билігі өңірдегі адам құқығына қайшы саясатын тұрақтылық пен даму жолындағы терроризммен күрес деп түсіндіреді. Ал Батыс елдері, құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар зерттеуші Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да мұсылман азшылықтарға қатысты жаппай бақылау, мәжбүрлі еңбек, діни және мәдени шектеулер туралы мәселе көтеріп келеді. Reuters 2025 жылы Си Цзиньпиннің Шыңжаңға сапары кезінде «әлеуметтік тұрақтылықты сақтау» және «этникалық бірлікті нығайту» мәселесіне басымдық бергенін жазды.
Сондықтан «Bloom Life» секілді жобаларға жай ғана драма деп қараған қиын. Бір жағынан, ол Қашқардың мәдени сұлулығын, жергілікті адамдардың еңбегін, тіл мен дәстүрдің жылтыр әрі үстірт көрінісін ғана паш етеді. Екінші жағынан, дәл осы көркемдік шешімдер күрделі саяси-әлеуметтік өмірді жұмсартып, өңірді қауіпсіз әрі үйлесімді, туристік кеңістік деп ұсынатын мемлекеттік нарративпен қабысып кетеді.
Шыңжаң бойынша мұндай тәсілді Қытай билігі бұрыннан-ақ қолданып келеді. Аустралиялық зерттеушілер Мелисса Шани Браун мен Дэвид О’Брайен Шыңжаңдағы туризм саяси құралға айналғанын жазып, ұйғыр мәдениеті туристерге арналған «экзотикалық Шыңжаң» бейнесін қалыптастыруға қолданылатынын айтқан. Олардың пікірінше, мұндай жобалар өңірді «қауіпсіз», «әдемі» әрі «этностар үйлесімді өмір сүретін кеңістік» ретінде көрсететін мемлекеттік нарративті күшейтеді.
«Қашқар туралы махаббат әніндегі» көне қалаға арналған «махаббат әні» қаншалықты сәтті шыққанын, әрине, көрермен өзі шешеді. Алайда оның артындағы өндірістік тарих, айлар бойы жазылған сценарий, Шыңжаңның ыстық жазында өткен түсірілім, шынайылық пен эфирге бейімделу арасындағы тепе-теңдік — қазіргі Қытайда мәдениеттің қалай жасалатынын көрсететін өз алдына бөлек, айқын құжат іспетті. Бұл сериалды қарапайым романтикалық драма деп те және тұтастай насихат құралы деп те кесіп айтқан оңай емес.
Қызығы да сол — сериал маған қарапайым адамдардың өмірі жайлы жаншипа хикая да, Қашқарды туристік брендке айналдыратын жылтырақ картина да, сонымен қатар Шыңжаң туралы Қытайға ұнамсыз диалогтегі Пекиннің жұмсақ әрі мәдени формадағы бір жауабы болып та көрінді.