2026 жылдың алғашқы күні прокатқа «Охота на розового зайца» («Қызғылт қоянды аулау») қылмыстық драмасы шықты. Фильм 2010 жылғы «Қызғылт қоян туралы ертегі» («Сказ о розовом зайце») картинасымен атауы үндес болғаны көрермен қызығушылығын оятты. Жаңа фильмде тың ой да, ескі фильмге жасалған сәтсіз емеурін де бар. ʼ98mag журналы киносыншы Ернар Бекеновтың рецензиясын ұсынады.
«Қазақфильм» киностудиясының культке айналған картинасын қалың көрермен әлі ұмытқан жоқ. Сондықтан жаңа фильмге қатысты бұл сиквел ме, приквел ме, әлде түпнұсқа картинаға жаңаша көзқарас ұсынатын ремейк пе деген сұрақтың туындағаны заңды.
Алайда көрсетілімнен кейін «Охота на розового зайца» фильмінің әлеміне қатысты сұраққа жауап таба алмадым. Жаңа фильмді «Қызғылт қоян туралы ертегінің» сиквелі не приквелі деуге келмейді. Кейіпкерлері де, сюжеті де бөлек туынды. Бірақ мүлдем басқа дүние деп те үзілді-кесілді айта алмаймыз. Эпизодтарда екі киноәлемді байланыстыратын кейіпкерлер ұшырасады.
Қарқын мен кадрлар
Сюжетте Мирас деген бас кейіпкер (Рауан Ахметов) әскердегі қызметінен босап, үзеңгілестерімен бірге еркін өмірге оралғанын тойлайды. Астананың түнгі клубтарының бірінде Диас деген сауықшыл жігітпен (Шыңғыс Рәш) танысады. Диас — ел аузында «алтын жастар» деп аталатын таптың өкілі, шендінің баласы. Мирас Диастың арқасында мажор жастардың ортасына тап болады. Кейіпкерлер арасындағы шиеленіс мінезі шәлкез, өзгелерден өзін биік ұстайтын Арсен деген жігіт (рэпер V $ X V PRiNCE — Асхат Рысбеков) пайда болғаннан кейін басталады.
Сюжеттің алғашқы фильммен ұқсастығын осы жерден байқайсыз. Бірінші фильмде де Ерлан деген студент (Әнуар Нұрпейісов) Локо деген байдың баласымен (Максим Акбаров) танысып, мажорлар әлеміне тап болған еді. Онда да сюжеттегі бетбұрысқа есерсоқ Жан (Санжар Мәди) себепкер болады.
Мұндай ұқсастықты авторлар әдейі таңдады ма, әлде сәйкестік пе — айту қиын. Бәлкім, сценарий авторлары бірінші жолы іске асып кеткен тәсілді үлгі етіп алған шығар. Осындай ұқсастықтарды көре тұра екі фильмді салыстырмау мүмкін емес.
Фильм динамикасынан үлкен айырмашылық байқалады. Экшнға, төбелес қойылымдарына көп екпін берілген. Мирастың десант-шабуыл әскері қатарында қызметін өтеуі де төбелес көріністері қисынға келсін деп ойластырылған. Төбелес сахналары жақсы қойылғанын бұл жерде мойындау керек.
Ал кейіпкер қаны басына теуіп, болмаса ызаға булыққан сәттерде қолданылған визуал мен ірі планда фокуста ұстау тәсілі эмоцияның аласапыранға түскен сәтін тамаша береді. Бұлардан бөлек қалыптан тыс ракурстарды үйлестіре білген оператор (Бағдат Арғынов) жұмысы көз қуантады.
Дебюттер
Фильмде қолданылған V $ X V PRiNCE тректері сюжетке қарқын беріп, сахналар арасын жалғайтын дәнекерші қызметін орнымен атқарып шықты. Оның үстіне даңғаза өмірдің көріністерін жақсы сүйемелдейді. Клипмейкерлікке тән музыкалық сахналар да кездеседі.
Дегенмен музыкалық сүйемелдеу біркелкі емес. Фильмнің ауыр, қайғылы тұстарын баяндау кезінде қолданылған мелодрамаға тән әуендер фильм қарқынына қайшы келгендей болады.
V $ X V PRiNCE демекші, Асхат Рысбеков орындауындағы зұлым кейіпкер сендіре алды. Бұл Асхаттың кинодағы алғашқы үлкен рөлі болса да, міндетін жақсы алып шықты. Оның образы көрермен бойынан жиіркеніш, үрей секілді сезімдерін тудыра алды деуге болады. Тіпті протагонисті ойнаған Рауан Ахметов соның тасасында қалғандай көрінеді.
Бұл картина рэпердің кино мансабына жол ашып берсе де таңғалмаймын. Кезінде Санжар Мәди де осыған ұқсас рөлінен кейін көрерменнің оң бағасын алған еді — дебюті Қуат Исаевтың «Обратная сторона» фильмінен бастау алса да, «Қызғылт қояндағы» зұлым рөлінен кейін тасы өрге домалады деуге болады.
Дебют туралы сөз қозғаған соң режиссердің жұмысын да атап өту қажет. Аян Найзабеков киноға жаңадан келген адам емес, бірақ үлкен жобаларынан «Он бес» және «С любовью, аферист» сериалдарын айтуға болады. Алғашқы толықметраж жұмысы — «Охота на розового зайца». Қазір түрлі халықаралық фестивальдерден көрініп, талқылап-талдауға лайық дүниелер жасап жүрген Фархат Шәріповтың да еңбек жолы «Сказ о розовом зайце» фильмінен басталған еді. Бұл картина оған ірі әрі Қазақстан киносы үшін бірегей жобаларға жол ашып берді. «Охота» Аян Найзабековке сондай трамплин бола ала ма — уақыт көрсетеді.

Мәнін жоғалтқан нышан
«Сказ о розовом зайце» көтерген мәселе арада 15 жыл өтсе де әлі де өзекті деп айтылып жүр. Дегенмен «Охота на розового зайца» көтерген мәселені күн тәртібінен тыс дей алмаймыз. Мұнда да көрсетілген оқиғалар «Күштінің арты диірмен тартады» деген мақалға сұранып тұр.
Қоғамда «Жаңа Қазақстан» орнаса да, ескі Қазақстан жемқорлары ешқайда кеткен жоқ, баяғы проблема әлі де бар деген пікірлерді жиі кездестіреміз. Режиссердің бір эпизодта ескі Қазақстанның басты «өкіліне» сілтеме жасауы да кездейсоқ емес шығар.
Эпизодта ұшырасатын актерлерден бөлек, тағы бір деталь бар: «ертегіде» де, «қуғында» да сары түсті Porsche көреміз. Мұның да символикалық мәні бар. Алтын түстес қымбат көлік — байлықтың, қамсыз тірліктің, сән мен салтанаттың символы еді. Осы көлікке отырғаннан кейін басты кейіпкердің өмірі күрт өзгереді — сұлу қыздар, түнгі сауық-сайран, дәрежесі жоғары орта. Ал қызғылт қоян костюмі — кедей студенттің қиын күндерін еске түсіріп тұратын белгі еді.
Бірақ жаңа фильмде бұл символдар өз күшінен айырылғандай. Porsche де, қызғылт қоян костюмі де еш рөл атқармайды, жай, кейіпкерлер қолданған реквизит деңгейінде қалған. Оларды фильмнен алып тастасақ немесе басқа бір көлікке не костюмге өзгертсек, сюжетке, кейіпкерлер іс-әрекетіне еш әсер етпес еді.
«Қызғылт қоян туралы ертегі» әлеуметтегі теңсіздікті, екі таптың бір-бірімен қабыспайтын параллель әлем екенін көрсеткен драма еді. Ерлан деген бас кейіпкер ақша үшін арын саудалай ала ма, әлде қаржыға қатысты проблемасына қарамастан ұстанымына берік болып қала ма деген мораль мәселесі көтерілді.
«Охота на розового зайца» сюжет құрылымы жағынан осыған ұқсас болғанымен, көздегені басқа. Мұнда бас кейіпкерге таңдау жасау міндеті қойылмайды. Себебі оны алға жетелейтін басқа нәрсе.
Фильмдерге емеурін
Фильмде кейінгі жылдары жиі көтеріліп жүрген жыныстық зорлық мәселесі жақсылық пен жамандықтың текетіресіне өзек ретінде алыныпты. Тамыр-таныстықтың күші заңнан үстем болған әлемде ашынған адам әділдік жолында бәріне дайын екенін көрсетеді.
Мұндай тақырыпта түсірілген фильм сансыз көп. Тіпті осы бағытқа қатысты экшн-фильмдердің өз клишелері қалыптасты деуге болады. Сондықтан болар, бас кейіпкер шайқас жолына шығатын сәтте — Балабановтың «Брат 2» фильміндегі бір кадрға аллюзияны байқасақ, бір тұсында протагонист Рэмбоның образын еске түсіретін күрте киіп алғанын көреміз.
Бірақ атауы қызғылт қоянның ізіне түсуді меңзесе де, соған лайық көрініс тым аз болды. Кейіпкердің мотивациясы әділдік жолындағы күреске құрылғандықтан, сюжеттің осы тұсына көбірек көңіл бөлінгені дұрыс болар еді. 90 минуттық картинаның 10-15 минуты ғана атауына сай эпизодтарға арналды, қалған бөлігі осы шиеленіске алып келетін оқиғалар легінен тұрады.
Киносыншылар арасында 2010 жылғы фильм қылмыстық драмаға сатира деген пікір бар. Ал екінші бөлім бастан-аяқ атыс-шабыстан құралған таза қылмыстық драма болып шыққаны неткен ирония десеңші. Тек авторлар алғашқы бөлімге құрмет көрсете қосқан қызғылт қоян образын ақтап шығуға аса күш салмағаны өкінішті.