Тоқалдықты заңдастыруға тырысқан «Нурикамал»

«Нурикамал» фильмінен әйелді қорлаған не әйел ретінде намысыңызға тиген ешбір эпизод көрмесеңіз, қайғыңызға ортақпын» дейді танымал фембике, заңгер Айгерім Құсайынқызы. «Нурикамал» фильмі өмірде болған оқиғаны арқау еткен: ақын әйел жас қызға есі кеткен композитор күйеуінің опасыздығын кешіріп, тіпті сол әйелге арнаған әніне сөз жазып береді. Бұл фильм, расымен, әйелдің даналығы туралы ма? Айгерім Құсайынқызы ′98mag журналының өтінішімен фильмді көріп қайтты.

Кіріспе

Ирена Сендлер варшавалық геттодан — 2500 баланы, ал Шиндлер 1200 баланы құтқарған. Бірақ режиссер Стивен Спилберг «Шиндлер тізімі» шедеврін түсіріп, бір еркек өзге еркектің ерлігін бүкіл әлемге паш етеді. Ал Иренаның батырлығын көпшілік әлі күнге дейін жақсы білмейді.

Заманауи химияның атасы саналатын Антуан Лавуазье еңбектерінің бір авторы оның әйелі еді. Ғылыми сынықтарды жасаған да, басып шығаратын редакцияға жолдаған да әйелі болатын. Бірақ тарих сол ғалым әйелдің күйеуі мен зертханадағы ассистентін химия ғылымының атасы деп таниды.

Сіз білетін біраз тарихи еңбектің артында сіз есімін білмейтін әйел тұруы мүмкін бе? Мүмкін емес, әлбетте солай. Феминизмнің қалауы да сол — тарихтағы әділетсіздікті әшкерелеп, ұмыт болған әйел есімдері мен олардың еңбегін еске салу. Таратып, үн қосу. Талқылап, жаңа дем беру.

Қазір кинотеатрларда көпшілік Жұбаныш Жексенұлы арқылы таныған «Нурикамал» әнінің шығу тарихын баяндайтын фильм көрсетіліп жатыр. Бұл фильм бұрынғысынан өзгерек пе, әлде әйелге қалай өмір сүрген дұрыс екенін «жақсырақ білетін» еркектердің кезекті шатпағы ма? Осы сұрақ жетелеп, кинотеатрға тарттым.

Әйелдің «даналығы» да, «ерлігі» де емес

Бірден айтайын, фильм бойы ашуға булығып отырдым. Бұл фильм «тоқыраудан әбжен қажыған өнер адамына» деген кіршіксіз махаббат жайлы емес, бір әннің тарихымен «тамсандырған» драма емес, жанқияр қазақ әйелінің аянышты өмірін жалпақ жұртқа жария еткен, әйел өмірі еркектің қалауы мен арманынан төмен екенін кезекті мәрте еске салған трагикомедия болды.

Бұл фильмге он бір кітап жазған ақын, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысқан қайраткер Ханбибі Есенқарақызының басынан өткен жайт арқау болған. Ханбибі ақын шығармашылық тоқырауда жүрген композитор күйеуі Тұрдықылыштың жас қызға ғашық болып қалғанын біледі. Іші удай ашыса да, күйеуінің «жап-жас музасына» арнап шығарған әніне өлең жазып береді. Сөйтіп осы оқиғаны естіген еркек cценарист пен еркек режиссер күйеуі үшін өзін «құрбан еткен» әйелдің «ерлігі һәм даналығы» жайлы фильм түсірген.

Әлі күнге дейін қазақ әйелінің құқығы мен мүмкіндігі, арманы мен ерік-жігері ерлермен тең болсын деп күресіп жүрген қазіргі уақытта шыққан мына фильм қазақ әйелінің өмірін құнсыздандыратын үлкен қадам болды.

Фильмдегі проблематик дүниелер бастан асады. Режиссер бірнеше кейіпкер арқылы дәл қазір ашық алаңдар мен биік трибуналардан айтуға дәті бармайтын көнерген нарративті көлденең тартады: әйелге «мінсіз еркек жоқ», «шыдашы енді, шыда» дейді, «міндетсінбе» дейді. Бас кейіпкердің «Кетіп қалғым келді» деген сөзіне «Қайда?» деген сұрақ қойылады. Біздің қоғамда бұл — сұрақ емес, зілді жауап. Қамыққан, шаршаған, сезімін ішке бұғып қажыған әйелге айтылатын сөз. «Қайда?» деген сұрақтың жауабын әр қазақ қызы біледі. «Жат жұрттықсың» деген жауыр сөздің астарында «сенің қайтып келер жерің жоқ» деген ой жатыр.

Фильм соңында залдан «Бұл фильм Ханбибінің ерлігі» деп аталуға тиіс еді» деген пікір естіп қалдым. Авторлардың көздегені де осы болса керек. Бұл фильмде ақынның әрекеті неге «ерлік» емес?

Еркектер сіңірген түсінік бойынша, сен халқың сүйген дарынды әйел болсаң да, үйдегі ерің үшін өзіңді ұмытуға тиіссің, оның шығармашылығы үшін бәріне шыдауға міндетті адал жарсың, бірге тапқан үш қызға жалғыз қарайтын қамқор анасың. Өзге әйелге көңілі ауған күйеуіңнің шабыты үшін бәріне көнуге міндеттісің, ұл сүймеген отағасын қуанту үшін опасыздықты кешіруге тиіссің. Көпшілік ұлықтайтын «ерлігің» де, «даналығың» да — сол болмақ.

Қазақ әйелі болып дүниеге келген соң, зарың мен налың сені қанша тұншықтырса да, «өнер адамы» атанған жарың үшін өзіңді ұмытуың керек, үй мен жұмыс арасында бала тәрбиесімен айналысып, сол үшін ақы да сұрауға хақың да жоқ. Себебі сен «әйел болып жаратылғансың».

Ұл тапқан әйелді ұлықтайтын қоғам

Тарих дерсіз, шынайы оқиғаға негізделген екі әйелдің достығы жайлы дерсіз. Алайда әр фильмде идеологияның инедей астары болғандықтан, бұл фильм дәл қазір қазақ қоғамындағы еркектің «екінші отбасы» немесе тоқалдықты заңдастыруға талпынған әрекет болды.

Қазақстанның Неке және отбасы кодексіне сәйкес, еркектің екінші отбасы заң тұрғысынан мойындалмайды. Бірақ екінші отбасы бар, тоқалы бар бір еркекті болсын танитын шығарсыз? Танитыныңызға күмәнім жоқ.

Мұндайға көз жұма қарау неге бізге оңай дейсіз ғой? Әйел ұл таппаса, ерінің артынан тұяқ қалдырмады деген сөзге қалатын, оны трагедия көретін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ұлды болғысы келіп, жас әйелмен некесіз тұрғанын мойындаған экс-президенттің әңгімесі мен оған көпшіліктің ұстамды реакциясы біраз нәрседен хабар береді. «Нурикамал» фильміндегі ақын әйелдің күйеуінің «музасына» «оған ұл тауып бер» деген өтінішін «даналыққа» балайтындар барда бұл картина көпшілікке қауіпті болып көрінбейді.

Әйел құқығын қорғаушылар осы бір қоғам дертімен қалай күресеміз деп жүргенде тозған түсінікті дәріптейтін тарихи фильмнің шығуы қоғамға қауіп төндіреді. Маған тас лақтарсыңыз да, тырнақ астынан кір іздейтін шайпау фембике десеңіз де, шындық — осы.

Қыздардың реакциясы қуантты

«Сұлу әйелді көргенде ақылды әйелді аяп кетемін» дейді ақын Қадыр Мырза Әли. Ақылсыз әйел жоқ. Әйелдерге ақылды не ақылсыз деп бөлуді ойлап тапқан — еркектер. Олар әйелдің ақылын немен өлшейтінін түсінген боларсыз?

Бірақ фильмді әйелдердің қалай қабылдағанына қарап, жанқияр әйел бейнесі өткен ғасырдың еншісінде қалып бара жатқан сияқты деген ой түйдім. Ал «Нурикамал» фильмі өткенді аңсайтын еркектердің соңғы реквиеміндей көрінді.

Мәселен, TikTok-та осы фильмнің промосына жауап ретінде түсірілген ондаған қысқа видеоны қараңыз. «Нурикамалдан» шыққан жас қыздардың бірнешеуі «Күйеуім тура осылай «шабытымды өзге әйелден таптым» деп келсе, әніне өзінің қанымен өлең жазып берер едім» дейді. Патриархаттың үстемдік құрғанын қалайтын еркектер Ханбибінің «ерлігін» әлі біраз ұлықтап, оның «даналығын» Нурикамалдай қыздарға қырындағанда сылтау етеді. Бірақ онысы көпке созылмайды деп кәміл сенемін.

 

@_nnnnl1 🥲#fyp #foryou #безхештегов #рекомендации #нурикамал #nurikamal ♬ Тонкая нить – AIHAN


«Шын өмірде композитор Нурикамалдың қолынан да ұстамаған, демек оның сұлулығынан тек шабыт алып, муза тұтқан» деп өнер адамдарының отбасы құндылықтарына қайшы келетін әрекеттерін ақтап алуды қоюымыз керек.

Әйелдерді жүйелі түрде қанап, жаншып келген патриархаттың салдарын көрмеу — қып-қызыл көрсоқырлық. Фильмнен әйелді қорлаған не әйел ретінде намысыңызға тиген ешбір эпизод көрмесеңіз, қайғыңызға ортақпын. Бірақ бұл — сіздің таңдауыңыз, ал мен таңдауыңызға құрметпен қараймын.

Бейбіт күндері қазақ қоғамында құрбандыққа оңай шалынатын — әйел өмірі, таңдауы, талғамы мен таусылмас тағаты. Қуантарлығы — тағатымыз таусылуға жақын. Фильмге айтылып жатқан сын мен айып біз патриархаттың жаназасын шығаратын уақыт таяп қалғанын білдіреді. Әрине, патриархаттың парша-паршасын шығару қиын, оны тек әйелге тән «шыдамдылықпен» шайқалтуға болады.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Второй сезон «Аркейна»: больше, громче и ярче
Культура
#кино
Второй сезон «Аркейна»: больше, громче и ярче
Идём на перформанс «Корова» Маши Голым
Город
#события
Идём на перформанс «Корова» Маши Голым
Как создавался казахский дубляж «Моаны 2»
Культура
#кино
Как создавался казахский дубляж «Моаны 2»
Фэшн-перформанс QYSTAU четырёх казахстанских дизайнеров состоится в Алматы
Стиль
#мода
Фэшн-перформанс QYSTAU четырёх казахстанских дизайнеров состоится в Алматы
В Астане пройдёт ярмарка талантов Creative One
Город
#события
В Астане пройдёт ярмарка талантов Creative One