Әнші Yenlik «BIPL» атты көптен күткен алғашқы альбомын шығарып, тректері чарттардың төріне бір-ақ шықты! Жинақтағы «Meili» әні Apple Music-та кейінгі бірнеше күннен бері топ бастап тұр. Ал альбомның өзі жарияланған бірнеше сағаттан соң Apple Music-тағы үздік альбомдар қатарынан көрінді. ’98mag журналының авторы Шакира Ахмет альбомды тыңдап шықты.
Yenlik-тің алғашқы альбомын тыңдарман ұзақ күтті. Тректерімен-ақ тербеп жүрген өнерпаздың өзі де жинағын ұзақ толғатқандай. Ізденісі көрініп тұр: жаңа альбомда қазақтың танымал әндеріне емеурін, марқұм әртіспен мұрағатта жатқан дуэт және түрмеде отырған адамның жанайқайынан үзінді естисіз.
«BIPL» жинағы R&B, soul мен хип-хоп жанрларын тоғыстырады. Үнтаспада 11 ән бар. Екеуі — фит. Альбомның саунд продюсері Нұржан Абдолла ән жинақта қазақтың танымал «Өкінбе сен», «16 қыз», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін сәмпл ретінде қолданған қолданған.
Мінезді әртіс
Yenlik — қиялындағы мінберге шығып алып, тыңдарманға қызыл сөзбен ақыл айтатын данышпан емес; өзі де қателесетін, күйінетін, күйзеліске түсіп, қайта ес жиып, еңбек ететін сырлас замандас. «Бірге үйренсе ғана, ұтарын біледі».
Әртіс өзінің әлсіздігін мойындайды: ол да қатарластары сияқты терең ойға жиі батып, өзінен көп күтетін талапшыл адам. Бірақ өз еңсесін өзі тіктеп алады. «Кейбір істі еңбек пен сабыр реттейді».
Ол адам бойындағы теріс қылықтарды айыптайды. Бірақ Yenlik-тің тректері — айналасынан көңілі қалған, енжар адамның реніші емес, өзіне ұнамсыз мінез танытқандарды сөзбен қамшылап, тозған түсініктерді ашық айыптаудан қорықпайтын батыл бойжеткен. Ырғағы тербейді, ойға жетелейді.
Консерватив қазақ қоғамында рэп оқитын қыздар санаулы. Жанрдың танымал өкілі ретінде Yenlik керемет үлгі көрсетті: тыңдарманға шынайы, батыл әрі мінезді әртіс қыздарды тыңдаған қызық және олардың шығармашылығына құрмет зор. Yenlik-тің бұған дейін шыққан тректері көпке рух беретін, музыкалық жағынан да талғампаз тыңдарманның көңілінен шығатын кесек туындылар еді. Бірақ «BIPL» — бас-аяғы түгел, жұп-жұмыр дүние.
Сын
Бұл альбомнан соң әртіске тыңдарман «қазақ рэпінің анасы» дегендей көп мақтау айтып жатыр. Бірақ Yenlik бұл альбомдағы тректері классикалық рэп емес, поп-рэпке көбірек ұқсайды.
Поп-рэп — хип-хоп жанрының заманауи тармағы. Ол рэптің ырғақты оқылуын поп-музыканың әуезділігімен шебер үйлестіреді. Мұндай әндерді тыңдарман жеңіл қабылдап, тез тарайды.
Классикалық рэперлер поп-рэп өкілдерін «олар өмірді шынайы суреттемейді, әндерін хит ету, ақша табу сияқты коммерциялық мақсатпен жазады» деп сынайды. «Рэп бастапқыда әлеуметтік наразылықтың құралы болса, поп-рэп оны эстрадаға жақындатып жіберіп, негізгі жанрдың болмысын бұрмалады» деген пікір бар.
«BIPL-дың» мазмұны шынайы әрі анық болғанымен, айтары қаншалықты өткір деген сұрақ туды. Yenlik көпке ортақ тақырыптарды жырлайды, бірақ өзін рэп әртісімін дейтін өнерпаздың тезистері бұдан ауқымды әрі болғаны дұрыс деп есептеймін. Yenlik-тің басқа әртістерден ерекшелігі — рэп, бірақ ол формасымен ғана емес, мазмұнымен де ерекшеленуі керек.
Yenlik-те флоу жақсы болғанымен, мәтін жағы ақсап тұрғандай көрінді. Кейбір тіркестердің мәтіндегі логикалық маңызын ұқпасам да, әннің жалпы мессежіне қарай түсініп алдым. «Ұстап-сезбесе көрінбейді көп өтірік, көлгірсіген паңдар».
Кейбір тұстарында ритммен ойнау үшін ұйқас қуып кеткендей әсер қалдырды. «Ешкі құрлы ешкім болмай қалмас үшін». Ал бір тұсында қарапайым мазмұнды неге күрделі сөзбен жеткізді екен деген сұрақ туды.
Сөзіне үңілейік
Альбомдағы алғашқы трек — «Eshki». Yenlik «ақымақ, ішкен-жегеніне разы болмайтын өкпешіл» адамдарды «керең» деп сынайды. «Ештеңе жақпайтын, мін іздеуден басқа тірлігі жоқ, бәрін өзіне міндет деп санайтын» адамдарды әшкерелейді. Қазақстанның қазіргі саяси реалиінде рэпердің бұл мәтіні батыл пікір айтып жүргендерге билік айтатын сыни риториканы жақтап кеткендей әсер қалдыруы мүмкін. Қауіпті. Yenlik өзіне айтқан ақылды оларға да айтады: «Өкпешіл, кекшіл болсаң, аңсама келер бақты».
Darezhe әнінде тоқтаусыз еңбек етіп, тер төгуден шаршамайтын «мықты» адамды суреттейді. Ол адамның «мені ешкім мазаламасын, тиіспесін» деген қалауы бар. Көп жұмыс істесең, қоғамдағы дәрежең бекітіледі деп сенеді. Yenlik альбомдағы әр ән арқылы шынайы өмірді жеткізуді мақсат еткен. Трек еңбек етуді романтизацияласа, екінші жағынан күйбең тірлікке берілген адамдардың өмірін көрсетеді.
Desek te әні де адамды мықты болуға жігерлендіреді. Бірақ әдеттегі «жылама, тұр да істе» деп талап қоятын мотивациялық риториканы тықпаламай, таңдау еркіндігін тыңдарманның өзіне қалдырғаны ұнады. «Сенсең де, сенбесең де, таңдауың өзіңде үндемесең де!»
Альбомның саунд-продюсері Нұржан Абдолда «16 qyz» әніне Дос-Мұқасан тобының орындауындағы «16 қыз» әнін сәмпілдеген. Халық әнінде әйелдің сырт келбетіне баса мән беріп, «сортқа» теңеп, заттандырса, Yenlik пен Al-Nasr бұл әнде теңдік пен еркіндікке үндейді.
Әннің «күн көрмеген жерді, көз көрмейді, тіл де тимейді, қазақ қызы пәк, ештеңе де білмейді дейді» деген жолдары арқылы қоғам қыздарды шеңберде шектеп өсіретінін сынайды. Авторлар бұған жауап ретінде ұл мен қыз да тең, екеуі де адам, әркім өз орнын білсін деген месседж тастайды. Әнде қызды ата-анасы мен әжесі «білім ал» деп жігерлендіруден гөрі, түндегі «бөжәйлардан» сақтап, сыртқа шығармай қорқыныш арқылы тәрбиелейді.
Бұл — патриархалды қоғамда қыз баланың еркіндігін шектеу ата-ананың өз таңдауынан емес, көбіне мәжбүрліктен туындайтын, баласын қорғау үшін істелетін әрекет. Авторлар осыны ұтымды жеткізе білген. «Қыз – елдің көркі» деген көп сынға ұшырайтын мақалды Yenlik жоққа шығармай, керсінше оны қыз көпқырлы, қабілетті әрі арманына адал жеке тұлға деп интерпретациялайды. Осылайша музыканттар әйелді шектеп, объект ретінде қарайтын идеологияны бұзып, керісінше оны батыл әрі тең құқыққа ие тұлға ретінде сипаттайды. «Қызға жеті өнер де аз, қала алмайм мен бос үйде, сегіз қырлы бір сырлы болу арман менде күнде» дейді әртіс.
2022 жылы қарашада марқұм Darkhan Juzz Yenlik-тің студиясына барып, демо-трек жазған. Сол кездегі «Everest» әні — «BIPL-дағы» әсерлі әрі терең тректің біріне айналған. Қоғам стандарттарына қарсы шыққан, армандары асқақ максималист адам Everest әнінде есейіп, жүріп өткен жолы жайлы ой қозғайды. Уайым, қателесу, тайғақ болған бұл жолда Yenlik пен Darkhan Juzz адамдарға армандауды ұмытпауды еске салады. Тіпті әлемнің ең биік нүктесі Эверестке көтерілсең де, миыңда тарақандар маза бермеуі мүмкін, бірақ сен жарыққа ұмтыл, жүрегіңді тыңда дейді. «Алыста жол тарам-тарам, оңай болады дегенмен мен барам. Айналама бақыт таратам, адастырмайды мені арманым қорған».
Ал «Ökleletpe» әнінде автор ісіне сынап қарайтын адамдарға «өкпелетпе, өзгерер мінезім» деп үн қатады. Ересек өмірдің бір сарынды күйіне «үйреніп кетем бе, армандарымды ұмытпаймын ба?» деп сұрақ қояды. Екі ән де адамның есейген шағын, ішкі күйзелісін көрсетеді. Ait әнінде автор күйзелістен шығып, «Үмітін үзілмесін тегі, өзіме үнемі айтам» деп тыңдарманға сен де өзіңе солай айт деп үндейді.
Альбомның Outro-сынан «Адам боп жаралғанша» атты өлең шумақтарын естисіз. Бұл өлеңді Сүлеймен есімді ақын жазған деген дерек бар. Ол — Қытай қазағы. Ақын елге үш рет қашып келіп, шекараны заңсыз өткені үшін Қазақстанда екі жылға қамалғаны айтылады. Бұл деректің рас-өтірігін ашық дереккөзден анықтау мүмкін болмады. Ол 2010 жылы Қытайда дүние салған. Жырдан автордың үмітсіздігі, күйініші мен әділетсіздікке қарсы үнін естисіз. «Баста еркіндік, қолда құқық болмаған соң, жаралмай-ақ қойсам-шы, амал қанша». Yenlik бұл ақынның сөзінен үзінді бергені жинақтың салмағын тереңдете түскендей.
Қорыта айтқанда
Күйбең тіршілік арасында өзіне адами болмысы жайлы сұрақ қойып, тығырыққа тірілетін тыңдарманның «BIPL-ды» ыстық ықыласпен қабылдағаны бекер емес. Бұл көп күттірген, бірақ дәл уақытында туған жинақ болды.
Тректерінде ол бірде қоғамды сынайды, бірде датын айтады, енді бірде жұртқа жігер береді — Yenlik ешкімді өкпелетпеген.
Бұл альбомы қазақ хип-хобындағы толымды еңбектің біріне айналды. Жинақтың ерекшелігі — шынайылық пен заманауи саунд. «BIPL» — мінсіз емес, бірақ әртістің де, заманның да айнасы болған маңызды альбом.
Оқи отырыңыз: