Ажырасу пропагандасы жүріп жатыр ма?

Ажырасу пропагандасы жүріп жатыр ма?

Қазақ әйелінің құқығы туралы айтылған желідегі кез келген бір жазбаның астындағы пікірлерді оқып көріңізші. Мейлі, алиментсіз қалған әйелдің құқығы туралы айтылсын, мейлі, әйелге жұмыс істеуге тыйым салуға болмайтыны жазылсын не ұратын адамның зәбір көрсеткеніне шыдамау керек деген видео болсын — маңызды емес. Пікірлер арасында міндетті түрде біреу жазба авторын «отбасы институтын құртып жатырсың», «ажырасуды пропагандалап отырсың» деп сөгеді. «Қыздарды қит етсе ажырасып кетуге үйретпеңдер» деп ақыл айтады, «бұрын әйелдер неше түрлі қиындыққа шыдап, отбасын сақтап қалатын, қазір ажыраса салады» деп күйінеді.

Мұндай сөзді тек әлеуметтік желіден емес, шенеуніктердің мәлімдемесінен, уағыздан, теледидардағы «отбасы дағдарысы» туралы пікірталастардан да естуге болады. Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында деген миф те осы әңгімені күшейтіп отыр. Олардың ойынша, Қазақстанда «ажырасудың көбейіп жатқанына» әйелдер құқығын айтып жүргендер кінәлі. Бұл сөздер қаншалықты рас? Талдап шығайық.

Авторы: Дарина Дәулетбек, PaperLab қоғамдық пікір мен демография зерттеушісі, Maqsut Narikbayev University аға оқытушысы.

Әуелі Қазақстанда ажырасу аса қиын рәсім емесін айта кетейік. Ерлі-зайыптының екеуі де келіссе, кәмелетке толмаған баласы, бір-біріне мүліктік талабы болмаса, некені АХАТ бұзады. Өтінішті eGov арқылы онлайн беруге болады. Биыл оған 8 мың теңгедей төлейсіз. Ал балалары болса не жұбайлардың бірі ажырасуға қарсы болса, мәселе сотта қаралады. Сот ерлі-зайыптыға татуласуға алты айға дейін уақыт бере алады.

Заңда әйелдің мүддесін қорғайтын шектеу де бар. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сәйкес, әйелі жүкті кезде және бала бір жасқа толғанша ер адам әйелінің келісімінсіз ажыраса алмайды.

Ажырасу рәсімінің оңай екенін шенеуніктер де айтып жүр. Биыл сәуірде Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева Қазақстанда ажырасу өте оңай екенін айтты. Ол сотқа дейін ерлі-зайыптыны міндетті медиациядан өткізу керек деп ұсыныс тастады. Ал биыл жазда Мәдениет және ақпарат министрлігі неке және отбасы туралы жаңа заң жобасын әзірлейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.

Бір қызығы, қазір ажырасу оңай деп отырған биліктің өзі енді оның тәртібін қиындатуды ойлап отыр. Сондықтан жұрттың ажырасуын әлдекімнің пропагандасынан ғана көрген қисынға келмейді. Адамдардың некесін ресми түрде бұзуына заң мен рәсімнің қиын не оңай екені де әсер етеді.

Мысалы, Филиппинде, Ватиканды есептемегенде, ажырасуға әлі де заң жүзінде рұқсат етілмеген. 2024 жылы ажырасуға рұқсат беретін заң жобасы парламенттің төменгі палатасынан өтті, бірақ Сенат мақұлдамады. Сондықтан елде ажырасу әлі заңдастырылған жоқ. Бірақ ажырасуға тыйым салынды екен деп, бақытсыз не қауіпті некелер жоғалып кеткен жоқ. Ондай отбасындағы адамдар некені жарамсыз деп тану үшін жылдар бойы соттасады, көп ақша жұмсайды, кейде басқа елге кетеді не ресми түрде некеде қала береді де, бөлек тұра бастайды.

Яғни ажырасуға заңмен тыйым салғаннан отбасылар бақытты болып кетпейді. Ажырасудың себептері де жоқ болып кетпейді, тек оны заңды түрде рәсімдеу мүмкін болмай қалады.

Мұны ажырасу туралы заңды жеңілдеткен елдердің тәжірибесінен де көруге болады. Мұндай елдерде көбіне бір жағдай қайталанады: жаңа заң күшіне енгеннен кейін ажырасу саны бірден күрт өседі, бірақ бірнеше жылдан соң қайтадан бұрынғы деңгейіне түседі.

Мысалы, 2015 жылы Италияда ажырасу үшін ерлі-зайыптының міндетті түрде бөлек тұру мерзімі үш жылдан алты айға дейін қысқарды. Сол жылы-ақ ажырасу саны 52 355-тен 82 469-ға дейін өсіп, бір жылда 57% артты. Ал ажырасуға дейін бөлек тұра тұру туралы өтініш саны небәрі 2,7% өскен.

Яғни ажырасу заңы өзгергенде Италиядағы ерлі-зайыптылар жаппай кетісе бастаған жоқ. Тек жаңа заң бұған дейін-ақ бөлек тұрған адамдарға некесін заң жүзінде бұзуға мүмкіндік берді.

Чилиде 2004 жылға дейін ажырасуға мүлде рұқсат берілмеген. Ажырасуға рұқсат беретін заң күшіне енген кезде елу мыңға жуық өтініш кезекте тұрған, ал жарты миллионнан астам адам жұбайынан бөлек тұрған. Оның үстіне, ажырасуға мүмкіндік болмаған жылдары Чилиде некеге тұратындар саны 45% азайған: 1990 жылы 104 700 неке тіркелсе, 2003 жылы небәрі 57 500 неке қиылған. Көп адам, әсіресе әйелдер, кейін ажыраса алмайтын некеге тұруға құлықсыз болған.

Бірақ кейінгі жиырма жылдағы деректерге қарасақ, Чилидегі ажырасу көрсеткіші әлемдік деңгеймен салыстырғанда төмен болып қала берді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 2008 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті.

Тоқ етері — әлемде ажырасу саны күрт өскен уақыттар блогер мен инфлюенсер көбейген кезге емес, заң өзгерген уақытқа сәйкес келеді. Егер ажырасу көрсеткішіне сырттан араласып отырған біреу бар десек, ол — инстаграмдағы коучтар емес, заң шығарушы органдар.

Ажырасу расында көбейіп жатыр ма?

Әлеуметтік желідегі феминист блогерлер әйелдерді ажырасуға итермелеп жүрген болса, оның салдары статистикадан көрінуі керек қой. Ендеше деректерге үңілейік.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке, 45,7 мың ажырасу тіркелген. Мың адамға шаққанда 2,24 ажырасудан келеді. БҰҰ-ның демографиялық жылнамасында дерегі бар елдердің орташа көрсеткіші — мың адамға 1,8 ажырасу. Қазақстан ажырасу деңгейі ең жоғары он елдің қатарына кірмейді.

Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 2019 жылы ең жоғары деңгейге жеткен: ол кезде мың адамға — 3,23 ажырасудан келген. Одан кейін төмендей бастаған: 2020 жылы — 2,54, 2022 жылы — 2,27, 2024 жылы — 2,01. 2025 жылы 2,24-ке жеткенімен, бұрынғы шегіне жеткен жоқ.

Қазақстандағы тәуелсіз әйелдер медиасы дәл 2019 жылдан кейін көбейіп, мыңдаған аудитория жинай бастады. Егер олар адамдарды жаппай ажырасуға шақырып жүрген болса, осы кезеңде ажырасу көрсеткіші де өсуі керек еді. Бірақ деректер басқа нәрсені көрсетіп отыр.

Енді Қазақстан әлемде ажырасу бойынша екінші орында тұр деген сөзді талдайық. Factcheck.kz бұл мәлімдемені 2025 жылғы қарашада тексеріп, оның жалған екенін дәлелдеген. Мұндай әңгімені шығарған — 2001 жылдан 2021 жылға дейінгі әр жылдағы деректерді араластырып берген бір әуесқой сайт болып шықты. Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметті 2024 жылғы наурызда-ақ жоққа шығарған.

Бірақ миф әлі күнге дейін айтылады. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, адам бір мәселеге қатты алаңдаса, сол қорқынышын растайтын кез келген ақпаратқа оп-оңай сеніп қалады.

2025 жылғы сәуірде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстанда әрбір екінші неке бұзылады деп мәлімдеді. Ол бір жыл ішінде тіркелген ажырасу санын сол жылы қиылған неке санына бөлген. Бұл — манипуляция. Себебі 2024 жылы үйленген жұптар мен сол жылы ажырасқан жұптар бір емес.

Ресми статистикадан тағы бір нәрсе анық көрінеді. Қалада ажырасу ауылға қарағанда жиі кездеседі: мың адамға шаққанда 2,63 және 1,58. Түркістан облысында ажырасу көрсеткіші төмен, Павлодар, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жоғары.

Сол өңірлерде әйел құқығы туралы айтатын блогерлер ерекше танымал шығар деп айта алмаймыз, әрине. Оған урбанизация, әйелдердің жұмыспен қамтылу деңгейі мен адамдардың қай жаста үйленгені сияқты факторлардың ықпалы көбірек.

Адамдар неге ажырасады?

«Қазақстан отбасылары — 2019» ұлттық баяндамасында ажырасу туралы зерттеу қорытындысы берілген. Сауалнамаға қатысқандардың 61%-ы арамызға туыстарымыз килікті деп жауап берген. Одан кейін «шектен шығу» — 41%, «отбасылық құндылықтар дағдарысы» — 36%, ажырасу рәсімінің жеңілдігі — 25%. Материалдық себептерді небәрі 1% атаған.

2024 жылғы «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасында үш мың адамнан сауалнама алынған, қырық тереңдетілген және он сарапшылық сұхбат жүргізілген. Онда ажырасу себептері пайызға бөлінбейді. Бірақ сарапшылар қаржы қиындығын, ерлі-зайыптының бірінің тәуелділігін, эгоизмді, ата-аналардың килігуін, бала сүйе алмағандарын, құндылықтары сәйкес келмегенін айтады. Роза коуч туралы бір ауыз сөз жоқ.

Зорлық-зомбылық туралы бөлек айту керек. 2024 жылғы сәуірде Қазақстанда ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қайтадан Қылмыстық кодекске енгізілді. 2024 жылға дейін отбасылық-тұрмыстық салада жылына шамамен мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелетін. 2025 жылы олардың саны 3,7 мыңға жетті. Сол жылы 3,9 мың әйел мен 543 бала жәбірленуші болған. Бірақ ұрып-соққаны үшін сотталғандардың 10%-дан азы ғана қамауға алынған.

Мұндай жағдайда ажырасу «отбасын сақтау керек пе, жоқ па?» деген моральдық таңдау емес, адамның қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Экономистер Бетси Стивенсон мен Жастин Уолферс 2006 жылғы зерттеуінде АҚШ штаттарында әйел не ер адамның екінші тараптың келісімінсіз ажырасуына рұқсат берілгеннен кейін не өзгергенін анықтауға тырысқан. Мұндай заң енгізілген штаттарда әйелдер арасындағы суицид 8–16% азайған, тұрмыстық зорлық шамамен үштен бірге төмендеген, ал күйеуі не серіктесі өлтірген әйелдер саны 10% кеміген.

Әрине, бұл — АҚШ-тың 1970–1980 жылдардағы дерегі, оны Қазақстан мысалына телуге болмайды. Бірақ адам зәбір көріп отырған жұбайымен оңай ажыраса алса, бұл азаматтың өзін қорғаудың тағы бір жолына айналады. Ал ажырасуды қиындату не оған жол бермеу, керісінше, жәбірленушіні зорлық көрсететін адамның тұтқынына айналдырады.

«Отбасын бұзушылар» образы кімге тиімді?

Қазіргі феминист блогерлер «ажырасуды пропагандалап жүр» деген уәжді статистика да, елдегі ажырасу себебін зерттеген сарапшылар да жоққа шығарып отыр. Бірақ мұндай сөз неге айтылады? Өйткені мұндай айыптаудың артында ажырасудың шынайы себебін анықтау талпынысы тұрған жоқ. Бұл уәжді қару еткендердің көздегені басқа.

Олар кінәліні тапқысы келеді. 1972 жылы британ социологы Стэнли Коэн ағылшын баспасөзінің жеткіншек топтар арасындағы төбелесті қалай жазғанын зерттеген. Шағын ғана оқиғаларды газеттер бүкіл елге төнген қатердей көрсеткен. Коэн мұны «моральдық дүрбелең» деп атаған.

Бұл қалай жұмыс істейді? Қоғамда кейде себебін дөп басып айту қиын күрделі өзгерістер болады. Жұрт соған алаңдайды. Содан соң барлық кінәні арта салуға болатын бір топ табылады да, жұрт өзгерістің себебін емес, сол топты талқылап кетеді.

Бізде мұндай «ыңғайлы жау» рөлі әйелдер медиасы мен қарым-қатынас туралы коучтарға артылып отыр. Ерлі-зайыптылардың неге ажырасып кеткенін түсіну, нақты себебін анықтау қиын. Ал жарты миллион оқырманы бар блогерді кінәлай салған оңай.

Олар құқықты бақытсыздықтың себебі етіп көрсеткісі келеді. 1991 жылы америкалық журналист Сьюзан Фалуди «Backlash» кітабында әйелдер қозғалысы бірқатар жетістікке жеткеннен кейін АҚШ-та оған қарсы туған көңіл күйді зерттеген.

Бұл қарсылықтың тілі қызық. Ешкім ашықтан-ашық «әйелге құқық бермеу керек» демейді. Оның орнына «әйелдер осы құқыққа қол жеткізген соң бақытсыз болып қалды» дейді. «Мансап әйелді отбасынан айырды», «еркіндік махаббатсыз қалдырды» дейді. Таныс сөздер ме?

Олар отбасы туралы айтып отырып, билік туралы сөз қозғайды. Еуропадағы антигендерлік науқандарды зерттеген Роман Кухар мен Давид Патернот бұл құбылысты «Anti-Gender Campaigns in Europe» жинағында қарастырған. Ал Вероника Гжебальска мен Андреа Пете гендерді «символдық желім» деп атаған.

Отбасы тақырыбы арқылы адамдарды жұмылдыру оңай. Өйткені отбасы, бала тәрбиесі, ер мен әйелдің рөлі сияқты мәселелер бәріне таныс әрі адамның сезіміне тікелей әсер етеді. Экономика, салық не мемлекеттік басқару туралы пікірі мүлде бөлек адамдар отбасы мәселесіне келгенде бір пікірге келуі мүмкін.

Осылайша әңгіме бірте-бірте отбасының өзінен алыстап, қоғамда қандай өмір салты дұрыс саналады, неге рұқсат етіледі және мұны кім шешеді деген мәселеге ауысады. Сондықтан «дәстүрлі отбасын қорғау» деген әңгіме кейде отбасы туралы ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен норманы кім белгілейтіні туралы саяси тартыстың құралына айналып кетеді.

Мұндайда көптің назары мәселенің өзінен оны көтерген адамға ауысып кетеді. Яғни елде бір жылда 3,9 мың әйел неге ұрып-соғудан жәбір көрді, неге ұрып-соққаны үшін сотталғандардың 10%-дан азы ғана қамауға алынды деген сұрақтың орнына, әйелдерге құқығын түсіндіріп жүрген блогерлер мен медианы талқылай бастаймыз. Зорлықтың себебі мен оған қарсы жүйенің қалай жұмыс істеп жатқаны емес, «келіндерге кім не айтып жүргені» алға шығып кетеді.

Себебі бұл оңай. Зорлықты азайту үшін қаржы керек, полиция мен соттың жұмысын жақсарту керек, заңның орындалуын қадағалау керек. Ал блогерді «отбасын бұзып жүрсің» деп айыптау үшін ашуланып пікір жазсаңыз жетіп жатыр.

Отбасын шын мәнінде не қорғайды?

Әрине, көп адамға отбасы — басты құндылық. Ұрыс-керіс пен ауыр ажырасудың балаға әсер ететіні де рас. Мұны жоққа шығаруға болмайды.

Бірақ мәселені тек «ата-анасы ажырасты ма, жоқ па?» деп қараған жеткіліксіз. Алан Бут пен Пол Амато америкалық отбасыларды жиырма жыл бойы бақылаған. Олар үнемі ұрыс-керіс болатын отбасындағы балалар ата-анасы ажырасқаннан кейін есейгенде өзін жақсырақ сезінетінін анықтаған. Ал үйінде жанжал аз болған балаларға ата-анасының ажырасуы, керісінше, ауыр тиген. Яғни балаға ажырасудың өзі ғана емес, оған дейін үйде қандай жағдай болғаны да әсер етеді. 

Сондықтан ажырасу азайсын десек, адамдарға «ажыраспаңдар» деген жеткіліксіз. Некенің неге бұзылатынын түсініп, сол себептермен жұмыс істеу керек. Мысалы, отбасылық психологқа тек ақшасы барлар ғана емес, азаматтардың бәрі бара алуы керек. Дағдарыс орталықтары барлық өңірде жұмыс істеуге тиіс. Алимент қағаз жүзінде ғана емес, шын мәнінде өндірілгені дұрыс. Оны талап еткен әйел де өзін кінәлі сезінбеуі керек. Жас отбасылардың ата-анадан бөлек тұруға мүмкіндігі болғаны жөн. Әйел өз табысына, өз ақшасына өзі ие болуы керек. Ең бастысы — жазылған заңдар жұмыс істеуі керек.

Сонымен ажырасуды пропагандалауға бола ма? Жоқ. Бірақ адамға қиын жағдайдан шығатын жол бар екенін және оны қалай пайдалануға болатынын түсіндіруге болады. Ажырасқаннан кейін әйел балаларымен аш қалмас үшін оларға жағдай жасауға болады. Сондай-ақ әйелге не жағдай болса да, шыда, шыдай түс деп, оны «дәстүрлі құндылықтарды қорғау» деп көрсетуге де болады. Бұл екі нәрсенің айырмасы жер мен көктей және оны кейбіреулердің бір-біріне қайшы ұғымдай етіп көрсеткісі келетіні әдетте бекер емес.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Нейтан Филдер — всё, что нужно знать о самом изобретательном и непредсказуемом комике современности
Культура
#кино
Нейтан Филдер — всё, что нужно знать о самом изобретательном и непредсказуемом комике современности
FlyArystan возобновит прямые рейсы из Актау в Дубай
Ликбез
#общество
FlyArystan возобновит прямые рейсы из Актау в Дубай
«Человек-паук: Новый день» принёс Sony Pictures рекордный рост прибыли
Культура
#кино
«Человек-паук: Новый день» принёс Sony Pictures рекордный рост прибыли
Мартин Роуз стала новым креативным директором Balenciaga
Стиль
#мода
Мартин Роуз стала новым креативным директором Balenciaga
Заметки Айнуры Абугалиевой с Visa Fashion Week
Стиль
#мода
Заметки Айнуры Абугалиевой с Visa Fashion Week