«Әзілде арзан-қымбат деген түсінік жоқ». Нұрмахан Мұқанұлымен сұхбат

«Әзілде арзан-қымбат деген түсінік жоқ». Нұрмахан Мұқанұлымен сұхбат

Адамдардың проблемасын талқылап, шешім іздейтін форматта басталған INTELLIGENTNO QU жобасы уақыт өте келе импровизациялық әзілдер арқылы аудиторияға түрлі эмоция сыйлайтын жаппай терапия алаңына айналды. Төрт резидент төрт түрлі бағытта әзіл айтып, бір-бірін толықтырып отырады. IQ бір жылдың ішінде үш рет тур ұйымдастырды. Олар Қазақстанда ғана емес, шетелде де концерттер өткізіп, қазақша комедияны халықаралық деңгейге шығарып жатыр. 

Тәуелсіз жобаның феномені неде? Шоудың аудиторияға әсері мен келешегі қандай? ’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен IQ жобасының мүшесі, комик Нұрмахан Мұқанұлымен сұхбаттасты.

«Жоба дәл осындай танымал болады деп жоспарламадық»

Ақдидар: Жақында Оңтүстік Кореяда екі күнде төрт концерт бердіңіздер. Екеуі де солд-аут болды. Сонда болған әріптесімнің айтуынша, шетелде жүрген қазақтарға алыстағы жақыны болып кеткен сияқтысыздар. Осындай пікірді естігенде қандай күй кештіңіздер? Қандай эмоция болды?

Нұрмахан: Екі жылдығымызды атап өткенде көрерменнен «сіздер бізді не үшін көресіздер?» деп сұраған едік. Өзіміз көңілашар жоба деп ойлайтынбыз, бірақ тосын жауап алдық. Біреулер күйзелістен шықтық деді. Алматыдағы концерттеріміздің бірінде алдыңғы қатарда бір бойжеткен жылап отырды. Гонконгта оқып жүріп жалғызсырағанда бізді көрген, елге келе сала бірден концертке билет алыпты. Содан кейін көрерменмен бетпе-бет жүздесіп тұру керегін түсіндік. 

Кореядағы бір көрерменіміз әкесі дүниеден өткенде елге келе алмай, көңілін аулау үшін таңнан кешке дейін бізді көрген екен. Солай оны ауыр күйден шығарып алыппыз. Екінші бір көрерменіміздің үй ішінде дәл сондай жағдай болған, ол кісі «сол кезде қатты күйзеліске түсіп кетпеуіме себепші болдыңыздар» деді. Мұндай сәттерде не айтарымызды білмей, көбіне әзілге айналдыруға тырысамыз. Өйткені мақтанып кетпеуіміз керек деп есептейміз. Бізде ондай ерекше құдірет жоқ, біз тек себепшіміз. Сүйікті ісімізбен айналысып, көрерменге көңіл-күй сыйлап, белгілі бір уақытқа олардың көңілін аулап, жанын жадыратуға тырысамыз. Хаттарды оқыған бір басқа, мұндай пікірді бетпе-бет отырып естігенде қатты әсерленесің. Көрерменнің де көңіл-күйі түсіп кетпесін деп, мәселені ары қарай әзілмен ұштастырып жібереміз.

INTELLIGENTNO QU резиденттері: (солдан оңға қарай) Данияр Бекжанов, Нұрмахан Мұқанұлы, Дархан Оспанов, Ғалымжан Жанықұлов. Фото авторы: Bai Abdolla

Ақдидар: Бұл шоу неге «атып кетті» деп ойлайсыздар? Форматы сәтті болды ма, әзілдеріңізді өзгерттіңіздер ме?

Нұрмахан: Басында жоба дәл осындай танымал болады деп жоспарламадық. Бұл мақсатқа жетуімізге біршама кедергі болды. INTELLIGENTNO QU — ешқандай платформаның, продакшнның, продюсердің жобасы емес, төртеуіміз ортадан ақша шығарып бастап кеткенбіз. Алғашында қаржымыз болғанда ғана түсіріп, монтажын да өзіміз істегендіктен, бөлімдер араға үш ай салып шығатын. Сонда да алғашқы эпизодтар жақсы қаралым жинап, бізді көпке танытты.

Кейінгі бір жылда біздің жоба туралы айту, көру мейнстрим болып кетті. Былтыр билет пен монетизациядан түскен қаржыны контентке салып, медиадағы абыройымызды пайдаланып, түсірілім топтарынан жеңілдік алып, шоуды тұрақты түсіре алатынымызды түсіндік. 2025 жылғы мамырдан бастап айына кемінде екі-үш бөлімнен шығардық, солай бұрын бізді естімеген жаңа аудитория қосылды. Алғашқы екі жылда жиырма шақты бөлім шықса, кейінгі бір жарым жылда одан екі есе көп түсіріп тастаппыз. Тұрақты жарнама беруші болмаса да, «қандай жағдай болса да түсіреміз» деген мақсатпен тоқтамадық. 

Ақдидар: Бұрын «қазақ аудиториясы ақылы контентке ақша жұмсамайды» деген пікір жиі айтылатын. Ал сіздердің концерттеріңізге елде де, шетелде де билет толық сатылып, аншлаг болып жатыр. Осы тәжірибелеріңіз қазақша контентке ақша төлеу мәдениетінің қалыптасқанын не өзгергенін білдіре ме?

Нұрмахан: Белгілі бір деңгейде, иә. Біз аудиториямызды бұған біртіндеп үйреттік. 2020-2022 жылдары кештеріміз су тегін өтетін, Instagram-да stories-ке салып шақыратынбыз. Сосын 500 теңгеден бастап, бағаны мың, мың жарым, үш мың теңгеге дейін көтердік. 2023 жылдың басында билет бағасы бес мың теңгеге дейін өсті. Тіпті камераға түсірмейтін техникалық кештеріміздің өзін көрермен «Telegram-ға не TikTok-қа ақылы стрим арқылы шығарсаңыздар да сатып аламыз» деп жазатын. Арнайы продакшндар да ұсыныс жасады. Бірақ біз сапаға жоғары талап қоямыз. 

2022 жылғы ең алғашқы түсірілімде-ақ тоғыз камерамен, 4K сапада, арнайы жарықпен және декорациямен түсірсек, әлі күнге дейін сол стандарттан ауытқымадық. Көрерменнің сұранысын жабық сілтемелерге емес, офлайн концерттерге бұрдық. Онлайн нұсқа мен офлайн кештің айырмашылығы жер мен көктей. 

Сондай-ақ біздің кештер басқа өңірлерден келген қонақтарға Алматыда міндетті түрде бару керек дейтін орындардың біріне айналды. Қазiр Instagram немесе TikTok-та контент жасап жүрген блогерлерде офлайн билет сату көрсеткіші төмен, себебі олардың аудиториясы тек тегін туындыға үйренген. Бізде де ақылы жазылыммен онлайн платформаларға шығу бойынша келіссөздер жүріп жатыр, бірақ әлі нақты шешім қабылдамадық.

«Қазақ тіліндегі жобаны экспортқа шығару»

Ақдидар: Қазір Қазақстан өңірлерін аралап, үлкен турда жүрсіздер. Біраз қалаға бірінші рет барып жатырсыздар. Бірақ кейбір қалада билет аз сатылып жатыр деген жазбалар шықты. Мұндай жағдайға қаншалықты дайын болдыңыздар? 

Нұрмахан: Бұл турда Қостанай, Жаңаөзен, Рудный, Екібастұз сияқты қалаларға алғаш рет бармақшымыз. Сапарға қазанның басында шығуымыз керек еді, бірақ кейбір мәдениет орнымен келіссөз созылып кетті. Жоспарға сәйкес, алдымен үлкен аудиторияны жинап, кейін өңірлерге шығу керек болса, біз керісінше, кіші қалалардан бастауға мәжбүр болдық. 

Қостанайда зал 70-80 пайызға толды. Ол жақтың тұрғындары билетті алдын ала сатып алмай, концерт болатын күні алады екен. Шынымды айтсам, біз бұдан да аз адам келеді деп ойладық, залдағы жұртты көріп таң қалдық. 

Залда сабақтан қашып келген студенттер болды. Сабақтан сұрана алатынын аяғына дейін білмей, ақыры уақыт тақалғанда билет алып келген. Біз «бұл нәрсені әдетке айналдырмаңыздар» деп айтып жатсақ, залдағы бір кісі «мұғаліммін, мен де сабағымды тастап келдім» деді. Жалпы, бізде зал толмай қалды деген өте сирек болады. Оның үстіне, біз жарнаманы өз парақшаларымызда ғана жүргіземіз, сондықтан солтүстіктегі өңір үшін мұны қалыпты жағдай деп қабылдадық.

Фото авторы: Dan Romanov

Ақдидар: Бұл турда Ташкент пен Бішкекке де барады екенсіздер. Байқағаным, шетел аудиториясына көбірек шығуды көздеп отырған сияқтысыздар. Тағы қандай жоспар бар?

Нұрмахан: Биыл күзде бірінші Еуротурымыз басталуы керек еді. Еуропаның 7-8 қаласын аралауды жоспарладық. Жазда кешімізге Еуропада тұратын қазақ жігіті келіп, «онда сіздерді көретін адам өте көп, еш қиналмай зал толтырасыздар, мен де көмектесемін» деді. Содан келіссөзді бастап кеттік. Алайда Еуропадағы концерт ұйымдастырушылары қазақ тіліндегі кешке кіріскісі келмеді. Өйткені бұған дейін ондай тәжірибесі болмаған. Олар «комиктер орыс тілінде стендап өткізіп жүр ғой, неге сіздер де орысша өткізбейсіздер?» деді. Біз «бұл — қазақша жоба, неге басқа тілде жүргізуіміз керек?» деп өз позициямызда қалдық. Келіссөздер созылып кеткендіктен, Еуропа сапарын келесі жылы көктемге қалдырдық.

Кореяға барғанда бізді қазақтар ғана емес, қарақалпақ, қырғыз, өзбек бауырларымыз да көретінін түсіндік. Сахнада «қазақтар, сіздерді көргенімізге қуаныштымыз!» деп жатсақ, Өзбекстаннан келген бір көрермен орнынан тұрып «мұнда жалғыз қазақтар отырған жоқ қой» деді. Артынан қарақалпақ пен қырғыз бауырларымыз да қол көтерді. Сөйтсек олар Тэджон сияқты басқа қалалардан бірнеше сағат жол жүріп келіпті. Осыдан кейін риторикамызды өзгерттік, қазір «қазақтар» демей, «қазақша түсінетіндер» деп айтамыз. Себебі көрерменімізді нақты бір ұлтпен шектегіміз келмейді.

Осы жазда Алматыдағы кешке Қырғызстандағы көрерменіміз арнайы келіп, бізге де концертпен келіңіздер деп шақырды. Сол тұсын парақшамызға салып, жұрттың реакциясын көрсек, «келіңіздер, күтіп отырмыз!» деген өте көп хат келді. Солай Бішкекті турға қостық. 

Ал Ташкент басынан жоспарда бар еді, бірақ келіссөз бір жылға созылып кетті, аздап тексерістер болды. Өзім өзбекше еркін сөйлей алатындықтан, көрерменмен кездесуге бара жатқанымызды, ниетіміздің ақ екенін түсіндіріп, әйтеуір келістік.

Әлеуметтік желіде Кореяға баратынымыз туралы хабарландыру шыққанда, Қазақстанда біз кіре алмай қалған кейбір қаланың тұрғындары «сіздерге біздің қалаға қарағанда Кореяға кіру оңайырақ болыпты ғой» деп әзілдеп жазып жатты.

Ақдидар: Қазір INTELLIGENTNO QU-дың «алтын дәуірі» жүріп жатқан сияқты. Концерттеріңізге сұраныс жоғары, бұрыннан келе жатқан көрерменнің орнын жаңа аудитория басып жатыр. Осы «алтын дәуір» қанша уақытқа созылуы мүмкін? 

Нұрмахан: Шыны керек, мұны өзіміз әлі толық сезіне алмадық, бірақ басқа адамдар солай деп жатыр. Өзімізге ұнайтын іспен айналысып жүрміз, олай даңдайсып кеткеніміз шамалы. Арамызда «өзімізге ұнағанға дейін істей береміз» деген келісім бар. Жалықсақ, түбегейлі тоқтатпай, уақытша демалыс аламыз. Шоуға шақырғымыз келетін қонақ өте көп, әзірге солардың бәрін түсіріп болғанға дейін шығара береміз. Негізі қонақсыз өткізетін форматымыз да бар. Осы екі форматты әрі қарай жалғастырамыз. 

Жобаның дамуына келсек, жасымызға сай өзгеріс болады. Менің жасым 40-қа таяды, жігіттер де 35-ке келді. Соған байланысты визуал да, тақырыптар да өзгереді. Қысқасы, өмірімізде не болып жатса, сол нәрсе сахнада көрініс табады.

Фото: intelligentno_qu_ | Instagram

Ақдидар: Осы жобамен айналысып келе жатқандарыңызға төрт жарым жыл болды. Бастапқыда жобаның миссиясы қандай еді? Тек қазақ тіліндегі контентті көбейту мен тілді дамыту болды ма, әлде мақсат өзгеше ма еді? Осы төрт жыл ішінде ол миссия қалай өзгерді?

Нұрмахан: Стендаппен айналысып жүргенде жеке жобамызды бастау керек деген ниет болды. Стендапта әрі кетсе 7-8 минут сөйлейсің, ал біз арқаны кеңге жайып сөйлескіміз келді. Ол кезде осындай форматтағы орысша шоулар танымал еді. Танымал болу үшін орысша істей беруге де болатын еді, бірақ «тек қазақша жасаймыз» деп шештік. Қазақ тілінде де ережесіз, шамалы бұзақы әрі сапалы жоба істеуге болатынын көрсеткіміз келді.

Қазақша контент-мейкерлердің ұнамайтын бір тұсы — «осы да бола береді» деп түсіре береді. Ішкі мазмұны қаншалықты мықты болғанымен, сыртқы формасы сапасыз болса, көрерменде «қазақша контент осындай екен» деген түсінік қалыптасады. 

Өзімізге ұнайтын қазақ тіліндегі жобамен айналысу деген миссиямыз өзгермеді. Өйткені ана тілімізде сөйлеп-ақ алыс-жақын шетелдегі көрерменнің жүрегінен орын таба алады екенбіз. Ол үшін міндетті түрде басқа тілде сөйлеу шарт емес екенін түсіндік.

Кореядағы концертте «қазақ тілін Орталық Азияға ортақ тіл ретінде насихаттасақ қалай?» деген ой келді. Бұл бір империалистік көзқарас емес, медиа тұрғысынан айтып отырмын. Өзімізге неге сондай бір мақсат қоймасқа? Кезінде біздің оңтүстік өңірлер өзбек киноларын түпнұсқасында көріп, түсініп, ұнатты. Дәл солай қазақ тіліндегі жобаны да экспортқа шығаруға болады екен. Сол мақсат үшін ары қарай жұмыс істей береміз.

«Біздің миссия — эмоция сыйлау»

Ақдидар: Өздеріңіз «арзан әзілмен шетелге шықтық» деп жүрсіздер. Бұл сыннан бірден қорғану ма? «Иә, мойындаймыз, әзіліміз арзан» дегендей.

Нұрмахан: Жоқ, бұл күресу емес. «Арзан әзіл» деп есептесе, солай-ақ болсын. Ол нәрседен арлану, намыстану немесе көңілге алу деген жоқ. Өзіміз де «қазір елде бәрі қымбаттап жатыр, ең арзан дүниені біз ұсынып жатқан шығармыз, арзан кезде көріп қалыңыздар» деп әзілдейміз.

Әзілде «арзан-қымбат» деген түсінік жоқ. Тек «күлкілі» немесе «күлкілі емес» деген өлшем бар. Біздікі — 120 пайыз импровизациялық жоба. Қонақтың немесе резиденттердің сөзіне сол сәтте әзіл шығару — белгілі бір деңгейдегі қабілет. Бұл жерде әзілдің түрлі нұсқасы мен формасы болады. Төрт резидент отырсақ, төртөуіміз де төрт түрлі бағытта әзілдейміз. Бір жарым сағаттық бағдарламадан бірде-бір дұрыс әзіл таппасаңыз, мәселе бізде емес шығар. Түсінігі бар адам әзілдің астарынан ой табады. Комиктерге әзілін біреуге түсіндіріп, «мына жерде мынадай ой айтылды» деп шайнап берген ұнамайды.

«Арзан әзіл» деп сынайтындардың көбі — өзін белгілі бір деңгейде жоғары ұстағысы келетін адамдар. Бір-екі медиа тұлғаға «сіздің биіктігіңіз басқаларды төмендетуге жол берсе, онда мен ол биіктікке шықпай-ақ қойдым» деп жауап та бергенмін. Қазір контент көп. Жұртқа ешқандай таңдау бермей, таңнан кешке дейін бізді ғана көрсетіп жатса, кез келген сынды қабылдауға дайын болар едік. Дисклеймеріміз де тоқтатпаса, онда мәселе тағы да бізде емес сияқты.

Бұл жерде «адамдарға көңіл-күй сыйлау» дейтін бір-ақ мақсат бар. Сол арқылы кейбір адамның жанын емдеп жатқанымызды көрерменнің кері байланысынан түсіндік. Біздің миссия — эмоция сыйлау. Хейт жазатындарға да белгілі бір деңгейде эмоция сыйлап жатырмыз. Олар басқа бір дүниеге немесе елдегі жағдайға ашуланып жүреді де, бізге соны шығарып кетеді. Сондықтан біз кез келген жағдайда өз миссиямызды орындап жатырмыз.

Фото авторы: Dan Romanov

Ақдидар: Шетелдегі сапардан кейін шоуға қатысты көзқарастарыңыз өзгерді ме? Мысалы, әзілдің сапасын, форматын өзгерту туралы. Әлде бұл жобаның басты ерекшелігі — осы қарапайымдылық пен жеңіл әзіл деп санайсыздар ма?

Нұрмахан: Негізі шоудың бағыты, форматы өзгеріп кетті. Өйткені басында проблема талқылайтын жоба болып ашылғанбыз. Сосын ондай бағыттағы жобалар көбейіп кеткеннен кейін «жағаласпай-ақ қояйық, бізге адамдармен әңгімелескен былай да қызық» деп шештік.

Қазір жеке қабылдаудан жаппай терапияға көштік. Офлайн немесе онлайн кеште бір адам өзінің проблемасын айтып жатқанда, қалған 99 пайыз адамға ол қызық емес екенін байқадық. Олар да назардың өзіне ауғанын қалайды. Сондықтан бір адамның мәселесін талқылаймыз деп, қалған көрерменнің көңіл-күйін түсіргіміз келмеді. Сөйтіп «проблема талқылаймыз» демей, «танысайық» деген форматқа өттік. 

Арнайы қонағымызға қарай да әзілдің формасы өзгереді. Алдын ала қай тақырыпқа кірмейік деп сұрап аламыз. Сахнада артық қысым болғанын, қонақтың көңіл-күйі түсіп кеткенін қаламаймыз. Өзімізге ұнайтын қонақтың типажы — жасы үлкен кісілер. Олардың алдында еркелей аламыз, күлкілі емес болып қалудан арланбаймыз. Өйткені ол кісілерде «ертең мен туралы не ойлайды?» деген комплекстер мен блоктар жоқ. Жететін шыңына жеткен, шығармашылық жағынан табысты адамдар, сондықтан сахнада еркін отырады. 

«Қоғамның цензурасы әлдеқайда қауіпті болып тұр»

Ақдидар: Көрермен сіздерге «қонақтың сөзін аяғына дейін тыңдамай, әзіл айтып кете береді» деген сын айтады. Арасында «бұл жай сұхбат емес, сондай ерекше формат, оны түсіну керек» деп сіздерді жақтайтындар да бар. Бірақ қонақтардың өзі де «дені дұрыс әңгіме айтайықшы» деп айтқан сәттері болды. Мұндай сынға қаншалықты келісесіздер?

Нұрмахан: Офлайн кештерде бұл нәрсені де байқап көргенбіз. Адамға әңгіме айтуға мүмкіндік берсең, ол тоқтамайды. Біз қонақтарымызға «YouTube-те мұндай сұхбаттарыңыз толып тұр. Дәл соны біздің сахнада қайталаудың қажеті жоқ» дейміз. Біріншіден, сахнада одан басқа төрт адам отырады. Біз жай ғана келесі сұрақ деп отырсақ, төрт жүргізушінің керегі де болмай қалады. Екіншіден, ұзақ әңгіме көрерменге де қызық емес, олар бұл жерге көңіл көтеру үшін келеді деп түсіндіреміз.

Сөзді бөлу деген — қонақты мүлде сөйлетпей қою емес. Біз оның айтқан ойына қатысты пинг-поң стилінде әзіл айтамыз. Залдағы көрерменнің 95 пайызы — шоу үшін келген, ал 5 пайызы — қонақтың жеке фанаттары болады. Біз басым көпшіліктің көңіл-күйін ойлауымыз керек.

Қазір қонақтарымызға «сөзіңізді бөлеміз, оған ренжімеңіз, тоқтап қалмаңыз. Ойыңызды қысқа, жинақы айтып, бізбен дос сияқты еркін әзілдесіңіз» деп ескертеміз. Бәріне үлгі ретінде UFC жауынгері Асу Алмабаевты айтамыз. Сырттай салмақты, әзіл түсінбейтіндей көрінгенімен, шоуға қалай қонақ болу керегін көрсетті. Өзі де риза болды, біз де рахаттанып отырдық.

Біз төрт жарым жылдан бері айына кемі бір рет техникалық кеш өткізіп, бәрін тексеріп көреміз. Қонақты ұзақ сөйлетіп немесе сөзін бөлмей көргенде, ол не қонаққа, не көрерменге ұнамады. Қонақтар «неге маған тиіспейсіңдер, белсенді болмай қалдым ғой» десе, көрермен «біз әзіл тыңдауға келіп едік, сіздер әңгіме айтып кеттіңіздер» деп айтқан. Тұрақты аудиториямыздың шеңберінен шығып кеткенде «мыналар сөз бөле береді екен» деген сөздерді естиміз. Бізді үнемі көріп жүрген көрермен мұндай нәрсе айтпайды. 

Ақдидар: Қазақ стендабында немесе сіздер сияқты импровизациялық шоу форматында контент жасап жүрген жобалар арасында қандай мәселелер мен кедергілер бар? Осы тұста INTELLIGENTNO QU жобасы қандай таптаурындарды бұзып жатыр деп ойлайсыздар?

Нұрмахан: Қазақ тілінде осылай импровизациялық шоу түсіріп, сапалы ұсынуға болатынын дәлелдедік. 2022 жылы бұл жобаны бастағанда мұндай формат мүлде жоқ еді. Мен оны сенімді түрде айта аламын: сол кезде мұны істемегенде, көбі әлі де жүрексініп жүре берер еді. Өйткені соққының 90 пайызы бірінші бастағандарға тиеді. Мәселен, Ninety One тобын айтуға болады, олардан кейін киінгені де, стилі де асып түскен топтар шықты, бірақ олар Ninety One сияқты хейтке қалған жоқ. 

Сол кезде педагогика саласындағы бір танысым «қазір хейт болып жатса да, тоқтамаңыздар. Сіздер жол салып келесіздер. Тастап кетсеңіздер, артыңыздан келе жатқандар дайын аудиторияға өнімді жеңіл ұсынып, бүкіл қошемет пен мақтауды солар алады» деп еді. Сондықтан біз сапалы контент пен сахнада осылай әңгіме айтуға болады деген жаңа форматты көрсете алдық.

Шетелге барып концерт беру де — соның жалғасы. Мұны жоспарлағанымызға бір жылдай болды. Басында Өзбекстан, Түркия, Еуропа, Корея сияқты елдердің ішінен қайдан бастайтынымызды білмей, логистикасын есептеп, соңында Кореяны таңдадық. Бұл жерде де біз алғашқы болып тәуекел еттік. Көбі шығындалып қаламыз ба, зал жинай аламыз ба немесе заң жағынан кедергілер бола ма деп жүрексінеді. Енді біз жол ашқаннан кейін, басқа жобалар да бұл нәрсенің мүмкін екенін көрді.

Фото авторы: Dan Romanov

Ақдидар: Бағана Еуропадағы ұйымдастырушылардың қазақша шоуларға құлықсыз екенін айттыңыз. Ол жақта концерттеріңіз сәтті өтсе, басқа жобаларға оңайырақ болатын шығар.

Нұрмахан: Иә, өйткені ондағы ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты — табыс табу. Олар сатылатын дүниені ғана өткізгісі келеді. Осыған дейін ол жаққа қазақша жобалар бармағандықтан, мұның өтетін-өтпейтінін білмей, бірден кірісе алмайды. Сондықтан барып, көрсетіп келуіміз керек. Шетелдегі қазақтар неге басқа тілдегі стендапқа барады? Өйткені қазақша контент жоқ. Әйтеуір өзіне таныс менталитеттегі әзілді естігісі келеді. Ал сол әзіл туған тілінде айтылса, әсері екі есе күшті болады. Ұйымдастырушылар мұны көрсе, ойы өзгереді деген үміттеміз.

Ақдидар: Ал қазір қазақша шоуларға жарнама берушілер көбейіп жатыр ма?

Нұрмахан: Аз, оларға YouTube-қа кіру өте қиын, бізге қарағанда Instagram немесе TikTok-тағы блогерлерге жарнама берген әлдеқайда тиімді. Екіншіден, олардың талабы да бізге келмейді. «10 бөлімді бір жарым айда шығарып беріңіздер» дейді. Ал оған қонақ шақырып, түсірілім алаңын жалға алып, монтаждауға уақыт пен қаржы керек. Бағаны көтерсек, келіспейді. Сол себепті қазір YouTube-тағы көп жоба белгілі бір платформалардың немесе демеушілердің қолдауымен шығып жатыр. YouTube-қа жоба жасау қымбат, көбі шығынды қалай жабамын деп кірісе алмайды. Себебі ол телефонға түсіре салатын дүние емес. Ал өз қаржысына түсіріліп келе жатқан қазақ тіліндегі ең танымал тәуелсіз YouTube-жоба — INTELLIGENTNO QU. Сырт көзге бәрі бірдей көрінуі мүмкін, бірақ бұл — біздің ерекшелігіміз.

Ақдидар: Бұған дейін Шымкентте әкімдік шоудың атауындағы «қу» деген сөзді ұнатпай, өзгертуді талап еткен. Солай құжат бойынша «Интеллектуалды ойын» деп өткен. Шоудың қонағы актер Жанболат Найзабековтің айтуынша, сценарийді де алдын ала тексерту сияқты талаптар бар. Мұндай нәрселер шоудың еркіндігіне қаншалықты әсер етеді? IQ қаншалықты жиі цензураға ұшырайды?

Нұрмахан: Шыны керек, ресми органдардың цензурасына қарағанда, біз үшін қоғамның цензурасы әлдеқайда салмақты әрі қауіпті болып тұр. Жергілікті басқару органдары ары кетсе зал бермей қояды, ол кезде басқа жеке орын тауып, концертіңді өткізе бересің. Ал қоғамның цензурасы сені табалап, бойкот жариялап, кәнсілге ұшыратып жіберуге дейін барады. Сол жағынан қоғамның цензурасы әлдеқайда қауіпті.

Шымкентте бізден де сценарий сұрағанда «бұл — импровизациялық шоу» деп түсіндірдік. Бізге дейін Жайдарманға да тыйым салған екен, сол себепті таң қалған жоқпыз. Қағаз жүзінде солай өтті, бірақ залға келіп ешкім тексермеді.

Бізге келетін қонақтар «мені халық тым мінсіз тұлға қылып алған, шынайы бет-бейнемді көрсеткім келеді. Ертең қателесіп жатсам, қарапайым адам екенімді түсініңдер» деген оймен келеді. Себебі қоғам бізді де, қонақтарды да тым биікке көтеріп тастайды да, кішкене сүрініп, қара юмор немесе шымшып сөз айтып қалсаң, оны қабылдай алмай қалады.

Комик ретінде біз кез келген тақырыпта әзілдей аламыз, бірақ халықтың қабылдауы басқаша екенін түсінеміз. Қанша жерден күлкілі әрі өзімізге ұнап тұрса да, аудитория түсінбейтін, адамдар контексттен жұлып алып, шу шығаратын әзілдерді монтажда кесіп тастаймыз. Моральдық тұрғыдан кірмейтін тақырыптарымыз бар, біреудің қайғысын талқыламаймыз. 

Саяси тақырыпта әзілдеуден еш тартынған емеспіз, бізге ешкім тікелей тыйым салған да жоқ. Тек саяси тұлғалардың жұмысына, айтқан сөзіне тиіссеңдер де, жеке өмірін әзілдемей-ақ қойсаңдар деген ұсыныс-өтініштер болды.

Фото авторы: Dan Romanov

Ақдидар: Стендапта «мынау айтуға болатын, ал мынау тиісуге болмайтын тақырып» деген шекара болуы керек пе, қалай ойлайсыз? Және қазақ аудиториясы оған дайын ба?

Нұрмахан: Офлайн кештерде халықтың 95-97 пайызы ауыр тақырыптардағы әзілге ренжімейді, көңіліне алмайды. Ал сол дүние желіге шыққанда, адамдар, бәлкім тоқтатып қойып тыңдай ма, әйтеуір басқаша қабылдайды. Стендаптың редакторы — көрермен. Сахнада айтасың, жұрттың реакциясын көресің, соған қарап келесіде ол әзілді қалдыру-қалдырмауды шешесің. 

Кейде өзге комиктердің әзілін қабылдай алмай жатамын, бірақ қарсы да болмаймын. Өйткені бұл — оның көзқарасы. Өзім өмірде де, сахнада да боғауыз сөз қолданбаймын. Боғауыз сөз қолданатын адам жақыным болса, ескертуім мүмкін, ал былай — әркімнің өз шешімі, оның тәрбиесіне мен жауапты емеспін. Бірақ индустрияда бірге жүргендіктен, басқаларға айтылған сын бізге де тиіп кетеді. Сондықтан аудитория да бұл нәрсені түсінетін деңгейге жетті деп ойлаймын. Стендапта, импровизациялық шоуларда әрқашан таңдау мүмкіндігі бар.

Сынай бергеннен жағдайдың өзгеруі өте қиын. Негізі бәрін біздің таңдауымыз, дауысымыз шешеді. Комедияның саған ұнамайтын жағымсыз әрекеттерден тазарғанын қаласаң, о бастан таза болған комиктерді таңдап, соларды танымал ету арқылы ғана жағдайды өзгерте аласың.

Стендапта жүргеніме он жылдай болды, қазіргі жас буын ішкі мазмұнға емес, комиктің қаншалықты танымал екеніне қарайды. Оның боқтағаны немесе арзан әзілі — үшінші-төртінші орында, бірінші орында — қаралымы, жинайтын залы мен тапқан табысы. Себебі халық соған қаралымымен де, ақшасымен де дауыс беріп қойған. Сондықтан бір нәрсені өзгерткің келсе, сынай бермей, өзің дұрыс деп тапқан нәрсенің насихатымен айналысу керек.

Ақдидар: Сұхбатыңызға рақмет!

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Американская пропаганда в Сеуле: Почему новая Call of Duty такая? 
Культура
#интернет
Американская пропаганда в Сеуле: Почему новая Call of Duty такая? 
Что смотреть в ноябре
Культура
#кино
Что смотреть в ноябре
Как прошёл Sublimation Festival 2026
Город
#события
Как прошёл Sublimation Festival 2026
«Любовный доктор» — hidden gem осеннего дорамного сезона 2026
Культура
#кино
«Любовный доктор» — hidden gem осеннего дорамного сезона 2026
На Visa Fashion Week Almaty представили коллекции сезона SS’27
Стиль
#мода
На Visa Fashion Week Almaty представили коллекции сезона SS’27