Аңсаған Садирханов әкесіз өскенін де, жоқшылық көргенін де, Өзбекстаннан көшіп келген соң көрген тауқыметін де стэндаптарында күле айтады. Бұл әңгімелерінен өткенге өкініш, әлдебір адамға деген өкпе-реніш көрмейсіз. Қазақша стэндаптың алғашқы жобаларын бастаған Аңсаған бүгінде түрлі шоуға қатысып, концерт жүргізіп, импровизациямен ел аралап жүр. Фанаттары «Аңсағанның прайм эрасы ақыры басталды-ау!» деп қуанып жатыр. ‘98mag журналы Аңсағанның өткені мен бүгініне үңіліп, жүздеген мың адам оны неге жақсы көретінін түсінуге тырысып көрді.
Қазақша стэндаптың бастауы
Отыз жастағы Аңсаған Садирхановтың сахнадағы жолына қарап, қазіргі қазақ стэндабының тарихын жазып тастауға болар. Мектептен сахнаға қызыққан, университетінің атынан Жайдарман ойнаған, кейін скетчтер мен вайндарға сценарий жазып, ақыры стэндапқа келген.
Youtube-та бес жыл бұрын «Қазақша Stand UP #1» деген атаумен шыққан алғашқы топтаманы Аңсаған достарымен бірге жасаған. Бұл артынан тағы сондай ондаған кеш пен концертке ұласып, Qazaq Stand Up арнасы көп қазақ комигінің алғашқы сахнасына айналды. Қазір мұнда елдегі ең танымал әзіл-ысқақ шоулардың бірі INTELLIGENTNO QU жобасы шығады.
Қазіргі қазақ стэндабындағы барлық форматтың бастауынан Аңсағанды табуға болады. Ол алғашқы концерттері мен жеке шоуларын, импровизациялық кештерін осыдан үш-төрт жыл бұрын түсіріп, жариялай бастаған. Бір топ комикпен Қазақстан бойынша тур жасап, өңірлерге стэндап деген жаңа жанрды алып барды.
Сондықтан стэндап қазіргідей кең танылып, сұранысы артып жатқан тұста тәжірибелі комиктің жылдар бойы жиған капиталын медиаресурсқа айналдырғаны заңдылық көрінеді.
Бірақ Аңсағанның мансабында тәжірибе — негізгі фактор емес.
Cтэндап-терапия
Аңсағанды стэндап жанрын қазақша бастап қана қоймай, сахнадағы материалға ішіндегі трагедиясын арқау еткен алғашқы комик деуге болады. Өзбекстанда туып, артынан қандас мәртебесімен Қарағандыға көшіп келген, сегіз жасынан әкесіз өскен, үй ішімен жоқшылық көрген ол алғашқы монологтан-ақ тағдырын әзілге қосты.
«18-ге толғанымда мені әскерге алған жоқ. Сөйтсем мен «отбасын асыраушы» екенмін ғой. Сол кезде өмірімде бірінші рет папам бізді тастап кеткеніне қуандым. Маладес, е, мені әскерге алмасын деп отбасын тастай салып тұр ғой. Не деген әкелік махаббат бұл?» дейді Аңсаған ең бірінші стэндап видеосында.
Ал оның елдегі қандастарға деген көзқарас пен қандастардың Қазақстан туралы пікірін арқау еткен әзілдері тіпті ел арасында тарап жүр деуге болады.
«Өзбекстандағы қазақ ауылымда барлығы қазақша сөйлейтін. Содан Қазақстанға, Қарағандыға көшіп келсек, айналамда бәрі орысша сөйлеп жүр. Сөйтіп мамамнан «Біз Ресейге өтіп кеткен жоқпыз ба?» деп сұрадым. «Мамам болса: «Сынок, здесь так выживают» деді».
Аңсаған әзілімен қандастарға деген екіжүзді көзқарасты да сынайды: «Бізде оралмандардың арасында дискриминация бар ғой. Сол үшін сен Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан келсең — оралмансың. Ал Америкадан келсең, оралман емес — елін сағынған қазақсың. Бәріміз сағынып келдік қой!».
Комиктің бұл сөздері көп адамға терапия болғандай. Сол видеолардың астында Аңсағанның сөздерінен жігерленіп, өзіне деген сенімі мен махаббаты артқанын жазған қандастардың хикаясы жетіп артылады. Аңсаған бір шығарылымда бұл ықпалды миссиясы деп білетінін айтады.
«Бұрын оралман балалар «қай жақтансың?» деп сұрағанда айтуға ұялатын ғой. Қазір менің стэндабымды көргесін олар жағдайды қабылдап, бәрі норм дегенге келген. Сосын папасы жоқтар бұрын қатты уайымдап, мұңға батып жүрсе, қазір оның сынақ екенін түсініп, өзін қабылдаған. Осыған қарап, мен стэндаптағы өзімнің екі мини миссиямды орындадым деп ойлаймын» дейді ол.
Қызығы, Аңсаған бұл әңгімесін жанр талабы солай болған соң немесе материалын тірірек етемін деп жасамайды. Ол 2023 жылы Нәрікби Мақсұтпен жазған подкасында басынан өткен оқиғаның бәрін әлдеқашан қабылдағанын, енді соны біреумен бөліскісі келетінін айтады.
Жалпы адамды бірдеңе мазаласа, екі таңдау бар ғой. Бірі — оған көне алмай, өзіңді жей бересің, екіншісі — тағдырыңды қабылдап, ол ойлардан құтыласың. Психологқа барасың не біреуге айтасың. Мен болсам, өз ойларымды жинап, ирония қосып, әзілмен шығаруға тырысам. Бұрын сценарий жазып, жарнама жасап жүргенде «осындай ойларымды қалай тығып жіберсем болады екен?» деп ойлайтынмын. Бірақ тағдырдың жазуымен стэндапта айтыппын осыны» дейді Аңсаған.
Комиктің қазіргі адал аудиториясының өзегі де осы кезден қалыптасқан. Олар Аңсағанды арман қуып оқуын тастап Алматыға келген, әзілмен жан жарасын емдеп жүрген жігіт кезінен біледі. Ол он жыл бойы көріспеген әкесі өміріне қалай қайтып келгенін, тұрмысы қалай жақсара бастағанын, махаббатын қалай іздеп жүргенін — бәрін стэндапта айтады. Аудиториясы үшін Аңсаған — жетістікке риясыз көңілі мен шынайы болмысын жоғалтпай, маңдай терінің арқасында жеткен адам.
Бақытты болуды таңдау
Кейінгі жылдары Аңсаған әкесіз өткен балалық шағы мен қандастар өмірінің қиындығы жайлы көп айтпайды. Бұл тақырып импровизациялық шоуларда әңгіме арасында шығып кететіні болмаса, оның қазіргі комедиясы негізінен күнделікті байқаған қызықтарына, жаңа сүріп көрген тәжірибесіне сүйеніп жазылған. Көбіне үйлену, қыздармен танысу, мектепте болған қызықтары мен балалық шағы туралы айтады.
Бұлардың бәрі негізінен жалпыға түсінікті, әдеттегі тақырыптар болғанымен Аңсағанның баяндауында бір ерекшелік бар. Ол — аңғалдық. Жасы отызға келіп қалған миллениал ұрпақтың өкілі болса да Аңсаған айналасындағы бар жаңа затқа бала көзімен қарауға тырысады. Өзіне таңсық дүниеге таңданысын жасырмайды.
Оның кейінгі концерттеріндегі шетелде қымбат таксиге отырғаны, ұшаққа кешіккені, шыны бөтелкеде сатылатын кола алып ішіп, гештальтын жапқаны, дөрекі таксисті кешіргені туралы хикаялар — соған мысал. Бұл әңгімелердің панчлайнын іштей болжап тұрсаң да, сол жағдайдағы Аңсағанның эмоциясына еріксіз жымиясың.
Комиктің әр тәжірибеден жақсылық көру қабілеті қазір ол көп қатысатын импровизациялық шоуларда тіпті қатты көрінеді. Мысалы, комиктер бір тақырып аясында баяу әңгіме өрбітетін Ne Angime жобасында Аңсаған тұрақты әріптестері Тілеген Еркінбек, Руслан Тай және Жеңіс Омаровты ылғи «өмірге жарқын жүзбен қарауға» шақырып отырады.
«Аңсаған: Мен жақсы нәрселерге көп эмоция жұмсаймын. Жерден жүз теңге тапқаным үшін қуанамын, аяқ киімімнің бауын байламайтыным үшін қуанамын. Осындайымды жоғалтып алғым келмейді.
Жеңіс: Сен өзіңе қатал емессің жалпы. Азанда ерте тұра алмасаң өзіңді сөге алмайсың. Қызығамын соған.
Аңсаған: Неменеге қатал боласың сен? Өзіңді жақсы көрмейсің бе! Ұйықтап қалсаң ештеңе етпейді, ертең тұрасың».
Комиктің ылғи көтеріңкі көңіл күйде жүріп, мүлде мұңаюды білмейтіні және айналасының бәрін осыған шақыратыны кейде токсик позитивке ұқсап кетеді. Ал оның шоуларда салмақтың әңгіменің бәрін әзілге айналдыра бергені эскапизмдей көрінеді. Аңсаған биыл шілдеде Зamandas подкасында бұл өзінің саналы таңдауы екенін айтқан.
Мұның бәрі өмірден жақсы нәрсені көбірек алып қалсам екен деген қалаудан шығады. Сынақтар онсыз да көп қой. Ылғи жіберіп отырады. Бірақ олардан бөлек бізге жақсы нәрселерді де береді. Ал адамдар осыны қарапайым дүниедей қабылдай салады. Мысалы, қарапайым қуаныш пен қарапайым мұң жіберсе, біз мұңға көп назарымызды аударып кетеміз. Бірақ басында екеуінің деңгейі бірдей болған. Қуанышты таңдасаң болар еді ғой».
Прайм эра
Бұл кезең Аңсағанның сахналық болмысын тағы бір ерекше қасиетпен толықтырып жатыр деуге болады. Енді оны пікірлерде «жарық сәулесі» деп атайтындар бар.
TikTok-та оның видеоларынан edit жасап жариялайтын бірнеше фан-парақша ашылған. Ал оның үйлене алмай жүрген бойдақ жігіт образы биыл тамызда жеке бір жобаға себеп болып, Аңсағанмен кездесу мүмкіндігі 20 үміткер қыздың арасында ойнатылды (соңында жеңімпаз қыз кездесу орнына ақшалай жүлдені таңдады).
Мұның бәріне қарап отырып, қазір Аңсағанды қонақ, жүргізуші етіп шақыратын жобалардың мақсатын түсіне бастайсың: ол қатысатын шоуда әлдебір мәселе туып қалуы, бір күтпеген жайсыз жайт болуы мүмкін емес. Аңсаған кез келген бағдарламаға жайлы атмосфера беретін тұздық іспетті.
Қазір комик көбіне импровизация форматына көңіл бөліп жүр. Биыл қыркүйекте Тілеген екеуінің осы форматта стэндап-туры өтіп жатыр. Импровизация кезінде Аңсағанның бар харизмасы мен позитив энергиясы еркін көрініс табатыны сөзсіз.
Табысты, атақты, мықты боп көрінуге тырыспайтын аңқау Аңсаған экрандағы образға айналды. Ол образ — көпшілік көрерменнің адамы, біздің өкіліміз. Оның да біз сияқты жан жарасы бар, оның да біз сияқты көрген қиындығы көп. Бақытты болуға деген ұмтылысымыз да, қуана білуге деген құштарлығымыз да ұқсайды. Тек комиктің өзі осы образдың тұтқынына айналып кетпесе болды.