Концерт анонсы жасалғанда-ақ көрерменді ерекше шоу күтіп тұрғанын ішім сезді. Себебі Sadraddin дайындық кезінде шетелге оқуға кетіп, өзімді дамытқым келеді деген еді. Бұл кешті әртіс алдағы екі жылдағы жалғыз концертім болмақ деген. Әншінің бұл мәлімдемесі көпшілікті бей-жай қалдырмады. Мұны естіп мен де таңқалдым. Әнші қазір нағыз прайм эрасында жүрген жоқ па?! Қалайша үзіліс алмақ?! Әйтеуір бұл концерт ерекше болары анық еді.
Концерттің екінші күні жұмыс күніне түскендіктен, көліктер кептеліп, стадион маңы ығы-жығы. Алаңға жақындаған сәттен-ақ ерекше атмосфера сезіле бастады. Қолына плакат ұстаған фанаттар ішке кіруге асық. Бұл — менің Sadraddin-нің концертіне алғаш баруым.
Миллиондаған адам әртісті неге жақсы көретінін тізіп айта беруге болады. Бұған дейін жазғанымыздай, оның әндерінде махаббат, анаға деген аяулы сезім, туған жерді сағыну сияқты көпшілік тыңдарманға ортақ сезімдер бар. Ол қазақша да, орысша да ән айтып, екі тілдегі аудиторияға таныс болды. Әндері көңілді, ырғақты, шуақты. Ізденімпаздығы — бір төбе. Биыл мен барған listening party-інде жаңа альбомын тыңдарманға үлкен аренада таныстырған. Бұл — бұрын Қазақстанда болмаған формат еді. Сондықтан Sadraddin бұл жолы не көрсетер екен деген сұрақ маған да қызық болды.

Команда концертке мұқият дайындалған. Көрермен өз секторын тез тауып барсын деп, бағыт-бағдар беретін нұсқауды көптеп іліп тастапты. Концерт алдында әншінің командасы әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, барлық ақпаратты түсіндіріп отырды. Концерттен кейін қосымша автобустар да ұйымдастырылған. Альбомның қызғылт түсті стиліне келетін баннерлер қойылған, тексерушілер жұрттың қолына жанатын білезік тағып жатты. Қазақстанда концертке бұлай дайындалған әртіс көріп пе едіңіз? Менің алғаш көруім.
Концертке дейін активити бұрыштар елдің көңілін көтеріп жатты. Kaspi, Orbit сияқты серіктес брендтер интерактив ойындар мен сыйлықтар ұйымдастырған. Qazaq Republic концертке орай мерч шығарыпты. Масштабы зор. Дегенмен концерттің өзі бір сағат кеш басталды. Жұмыс күні көрермен толық жиналғанға дейін әншіні біраз күттік.
Құр тұрмай концертке арнайы қызғылт түсті киім киіп, дайындалып келген екі қызбен сөйлестім. 20 жастағы Нұрай мен Жансая бірінші сеансқа үлгермей қалып, екіншісіне сатылым ашылғанда бірден сатып алыпты. Олар бірінші күнгі концерттен де күшті шоу күтеміз дейді. Концертке басқа қаладан келген адам аз емес.

Концерт басталған сәтте көрермен жапатармағай телефонын көтеріп, видеоға түсіре бастады. Стадион азан-қазан боп кетті. Сахнаның ортасындағы үлкен дөңгелек экраннан ғарышкер бейнесі көрінгенде, әншінің бұған дейін осы образбен желіге салған видеосы есіме түсті. Sadraddin концерттегі образына осылай емеурін жасаған екен.
Ақ түсті костюм киген әнші сахнаға биіктен қол бұлғап түсті. Скафандрды шешкен кезде аспанға отшашу атылып, концерт «Грустный танец» әнімен басталды. Бұл Sadraddin-нің дәстүрі ме, әлде кездейсоқтық па — белгісіз, бірақ 2024 жылғы концертін де осы әнмен ашқан еді. Фанаттар «Садраддин! Садраддин!» деп тоқтаусыз айқайлап, зор қолдау көрсетті.
«Uige» әнін орындаған кезде оттар мен отшашулар күшті атмосфера сыйлады, әсіресе бишілердің хореографиясы қатты ұнады. Ары қарай жаңа да ескі әндерін шырқап, сахнаның екі шетіне ары-бері барып, аудиториямен ерекше байланыс орната білді.
Sadraddin «Tun» әнін орындаған кезде көрермен қолын көтеріп, бірдей қимылдатқанда білезіктері қызыл түсте боялып, өте әдемі көрінді. Әндерге қарай білезіктің түсі ауысып тұрды.
Концерттің екінші бөлігінде ТМД-ға танымал ANDRO-мен бірге жаңа әнін орындады. Sadraddin «Ана» әнін шырқаған кезде анасын экраннан көрсетіп, бұл сәт әннің әсерін еселеп жіберді.

Әнші сахнаның ортасына қарай өтіп, арт жақтағы аудиторияға да жақын болды. Ортадағы дәлізден өтіп бара жатқанда фанаттардың қолдарын алып, кейбірі плакаттарын беріп жатты. Sadraddin де концерт бойы оларды жақсы көретінін жиі айтты. Серіктестеріне жарнама да болды, тосынсый ретінде конфетти де шашты.
Концертте әрбір әннің сөзін жатқа білетін көрерменнің арасында тұрдым, олар әртістің романтикалық әндерінде вальс билеп, көңілді әндерінде секіріп жатты. Әншінің өзі де «той басталды» деп әзілдеп, залдың көңіл-күйін көтерді. Концертте жастар ғана емес, бала-шағасымен келген отбасылар мен жасы үлкен кісілер де көп ұшырасты.
«Bolme» әнін орындаған кезде сахнада Victoria’s Secret шоуларындағы сұлулар сияқты қанаттар таққан модельдер жүріп, қойылым көрсетті. Бұл сәт концертке бөлек сән берді.

Концерттің үшінші бөлігінде Sadraddin швед әншісі Maher Zain, өзіміздің Ayau және Қырғызстанның танымал орындаушысы Bakr-мен жазған фиттерін орындады. Айтпақшы, концерттің екінші күні қонақ әртістер жеке бір әннен шырқады. Бірінші күні мұндай нәрсе болмағандықтан, кейбір фанат әлеуметтік желіде бұған ренішін жазған.
Қазір әншілердің жеке концертіне көп қонақ әнші шақырса, оны соло кеш емес, «қала күніне арналған концерт» дейтін әзіл-шыны аралас пікір бар. Sadraddin-нің концертінде басқа әртістер болғанымен, ондай фестивальге айналып кеткен жоқ. Өз репертуары мен концепциясын ұстап тұрды.
Концерттің аяғына қарай Sadraddin хитке айналған «Melodrama», «Telefon», «Aiga qarap» әндерін орындады. Кешті мағыналы әрі жүрекке жететін «Baqyt» әнімен аяқтады. Соңында аспанға үздіксіз отшашу атылып, көптің эмоциясы сияқты тасып тұрды.
Sadraddin екі жыл дайындалған екі концертке шамамен 70 мың тыңдарман жинады. Концерт аяқталып жатқанда әнші көзіне жас алды. Sadraddin бұл шыңға талантымен, еңбегімен және тыңдарманының ыстық ықыласымен жеткен әртіс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кеш аяқталғаннан кейін әнші журналистерге шағын сұхбат берді. Концерттегі кейбір детальдар, мысалы, қолына жалау ұстаған бишілер мен әншінің стадионды айналған сәті маған BTS-тің «Arirang» турындағы концертін еске түсірген. Sadraddin әлемдік сахналар мен жұлдыздарға қарап, заман талабына сай Қазақстанда да сондай ауқымды шоу-концерттер болса деген екен.
Сұхбаттан кейін әншіні сыртта тосып тұрған жанкүйерлермен де тілдесіп, олардың әсері туралы сұрадым. 41 жастағы Кенжегүл мен оның 15 жасар қызы концерт үшін Ақтөбеден арнайы келген екен. Кенжегүл концерттің уақыты ауысқаны кедергі болмады деді. «Қызым — Sadraddin-нің фанаты, бір Қазақстан ішінде тұрып осы концертке келе алмасақ, зор өкініш болар еді» дейді. Түркістан мен Тараздан келген жанкүйерлер де концерттегі шоуға қатты риза.
17 жастағы Аружан есімді бойжеткен қуанып тұрып тілек айтты: «Sadraddin, үнемі жетістіктерге жете беріңіз, биік белестерден көріне беріңіз! Біз сізді жақсы көреміз, сізге деген сезім де, құрмет те өте ерекше!».
Фотолардың авторы: Ulzhan Maratqyzy