Қарсы алыңыздар, түрік айдолдары! TR-pop дамып келеді 

Бір ай бұрын дебют жасаған түріктің CRUSH тобы желіде кеңінен танылып жатыр. Бұл жобаға алыс-жақын шетелдегі аудитория да ерекше назар аударып отыр. Әлеуметтік желілерде топты «K-pop-тың көшірмесі» деп сынап жатқандар да бар. Заманауи айдол-концепциядағы топты түрік музыкасының жаңа буыны деп бағалап, үлкен үміт артып отырғандар көп. TR-pop деген не және Түркияда CRUSH-тан басқа тағы қандай топтар бар? ’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен зерттеп көрді.

Түріктің поп-музыкасы

Түрік музыкасы дегенде ойыма бірден Таркан түседі. Оны әлі күнге дейін «түрік поп-музыкасының патшасы» деп атайды. Бұл жанрдың тарихы жарты ғасырдан астам уақыт бұрын басталған. 1960 жылдары түрік сахнасына батыстың рок-н-роллы келді. Әншілер шетелдік әндердің әуеніне түрікше мәтін жазып орындай бастаған. Тарихта бұл кезеңді «аранжман дәуірі» дейді.

1970 жылдар түрік музыкасының алтын дәуіріне айналды. Бұл кезеңде рок пен түріктің дәстүрлі халық әуендері қосылып, «Анадолы рогы» деген жаңа бағыт дамыды. 1980 жылдары ауылдардағы жұрт үлкен қалаларға жаппай көше бастады. Сол кезеңдегі «арабеска» жанры халықтың жағдайы мен күйін дәл сипаттаған. Бұл уақытта түрік поп-музыкасы да қарқынды дамып, жаңа есімдер пайда болды. 1990 жылдары түрік музыкасы әлемінде бетбұрыс болып, Тарканның әндері хитке айналды. 2003 жылы Түркияның поп-жұлдызы Сертаб Эренер «Eurovision» ән байқауында жеңіске жетті.

2005 жылы бір уақытта ән айтып, би билейтін Hepsi қыздар тобы көпшілікті баурап алды. Осылайша поп-музыканың жаңа толқыны басталып, кейін рэп, электрон музыка мен инди бағыты кеңінен тарала түсті. 

Таяуда CRUSH сияқты топтар шығып, түрік музыкасында жаңа тарих бастап жатыр.

CRUSH деген кімдер?

CRUSH — «Idol House» реалити-шоуы арқылы құрылған бойзбенд. Жеті жігіттен тұратын топ 31 шілдеде «CRUSH!» деп аталатын алғашқы әнін шығарды. Бойзбенд алғашқы күннен-ақ үлкен сұранысқа ие болып, клиптері YouTube желісінде қазірге дейін 22 миллионнан астам қаралым жинап үлгерді. Махаббат туралы тректің сөзі мен әнін жазуға топ мүшелері де қатысқан. Топтың хореографиясы, образдары мен визуал стилі түрік музыкасына қарағанда, K-pop индустриясының стандартына сай келеді. 

Бойзбендтың артында екі үлкен компания тұр: жас таланттарды дайындайтын ETL Records пен топтың клиптері мен әндерін әлемдік платформаларға тарататын DMC (Doğan Music Company). 

CRUSH тобының мүшелері:

  • Оғузхан Чифчи (26 жаста) — кәсіби биші, топқа дейін Түркияның танымал әртістерімен жұмыс істеген.
  • Бату Женгиз (25 жаста) — хореограф, түрік әртістерінің би тобында өнер көрсеткен.
  • Барыш Юксеккая (23 жаста) — топқа дейін авторлық әндерін шығарып, продюсерлікпен айналысқан.
  • Мирач Фырат (22 жаста) — Оңтүстік Кореядағы Кёнбок университетінде «Performing Arts» мамандығы бойынша білім алған, реалити-шоуға қатысу үшін Түркияға оралған.
  • Милан Өндер (21 жаста) — Ресейде туып, Түркияның Айвалык қаласында өскен. «Vahşi Batı» атты жеке әні Spotify Viral 50 чартында көш бастаған.
  • Арда Сойдоған (19 жаста) — 7 жыл бойы K-pop кавер-би тобында өнер көрсеткен.
  • Эфе Шан (19 жаста) — гитарада ойнайды.

Былтыр желтоқсанның аяғында жобаға онлайн-кастинг жарияланған, кейін өтінім бергендердің ішінен үздік жүз адамның видеосы ашық дауыс беруге шығарылды. Биыл ақпанда анықталған 20 үміткер бір үйде тұрып, үш ай бойы кәсіби мамандардан тәлім алған. Жоба барысында олар топтарға бөлініп, сахнада ән айтып, би билеп, айдол болуға дайындалды. 5 шілдеде финалға жеткен 15 стажердің ішінен топтың ресми құрамы анықталды. Көрермен ұнаған қатысушыға онлайн дауыс берді, продюсерлер де жігіттердің өнерін бағалады.

Жоба кезінде YouTube-ке әртүрлі эпизодтар шығып, көрерменге қатысушыларды жақыннан тануға мүмкіндік берді. Бұл формат K-pop сүйер қауымға жақсы таныс. «Produce 101», «I-LAND» немесе «Boys Planet» сияқты әйгілі шоулардан кезінде Wanna One, ENHYPEN мен ZEROBASEONE сияқты танымал топтар шыққан.

Репертуарында бір ғана әні болса да, CRUSH үлкен концерттерге шығып үлгерді. Сахнаға шыққан сайын тыңдарман тректі топпен бірге шырқап, қолдау білдіріп жатыр. Топ мүшелері әлеуметтік желіде (Instagram, TikTok) белсенді, әрқайсының жүз мыңнан астам оқырманы бар.

TR-pop топтары

Кейінгі айларда түрік поп-музыкасында бірнеше жаңа топ пайда болды. Әлеуметтік желіде оларды көріп, «бұл қай елдің тобы?» деп қызығып жатқандар көп. Аудитория бұл бағытты T-pop деп атаймыз ба, әлде TR-pop па деп бас қатырды. Себебі халықаралық деңгейде T-pop деп Таиланд поп-музыкасын атайды. Шатаспас үшін түрік топтарын TR-pop деп атап жатыр.

Одан бөлек, жаңа шоулар да болып жатыр. Бұл түрік продюсерлерінің мұндай форматтың жастар арасында танымал екенін түсініп, оны жергілікті нарыққа бейімдей бастағанын көрсетеді.

manifest — 2025 жылы Hypers New Media агенттігі ұйымдастырған «Big5 Türkiye» реалити-шоуы арқылы құрылған. Алты қыздан тұратын топтың «Zamansızdık» атты дебют әні былтыр ақпанда жарық көрген. Қыздардың әндері мен бейнебаяндары миллиондаған тыңдалым мен қаралым жинап жүр. Жас ұжым болса да, топ Түркияда жеке фестивалдерін өткізіп, түрік әртістерімен коллаборация жасады. manifest әндерінде қыздардың еркіндігі, өзін бағалауы, әйелдердің бірлігі мен бір-біріне деген қолдауы туралы айтады. Олар батыл әрі сенімді жаңа буын қыздарының бейнесін қалыптастырып жатқан сияқты.

Фото: m6nifestgirls | Instagram

AURA — биыл мамырда дебют алған түрік қыздар тобы. Seventh Door Entertainment лейблінің алғашқы айдол-жобасында төрт қыз бар. Топтың «YUH!» деген алғашқы әні әлеуметтік желілерде тез таралып, тыңдарман топ мүшелерінің вокалы мен әндерін оң бағалады. Топтың негізгі концепциясы табиғаттың төрт стихиясы — су, дауыл, табиғат және отқа негізделген. Бұл қыздар да манипуляция, токсик қарым-қатынастан шығу, өзіңді бірінші орынға қою, стереотипке бағынбау туралы айтқан. Топтың эстетикасы мен стилінен K-Pop-тағы KATSEYE-дың ықпалын байқадым.

Фото: aura4world | Instagram

MANTRA — Metronom Akademi жобасы арқылы құрылған гёрлзбенд. Заманауи поп пен K-pop элементтерін біріктірген бұл топта бес қыз бар. Олар шығармашылығында хореография мен визуал концепцияға ерекше мән береді. Биыл мамырда топтың алғашқы әні шықты, шілдеде жеті әннен тұратын «New Era» атты алғашқы альбомы жарық көрді. MANTRA әндерінде махаббат, қиындықтарды еңсеру, токсик қарым-қатынас туралы шырқаған.

Фото: mantra5.girls | Instagram

Karma (KARM6) — Metronom Akademi-ден шыққан тағы бір жоба. Қызығы, топта үш қыз және үш жігіт бар. Бұл нәрсе K-pop-тағы танымал KARD тобын еске түсірді, ол жақта — екі қыз бен екі жігіт. Дегенмен мұндай формат түрік аудиториясына бұрыннан таныс. Тыңдарман Karma-ны көргенде осыдан жиырма жылдай бұрын Түркияда хит болған «4 Yüz» деген топты еске алды. Әлеуметтік желі қолданушылары нарықта осындай топтар жетпей жүрді деп пікір жазған. Karma биыл мамырда «Keşke Benim Olsa» әнімен ресми түрде дебют жасады. 

Фото: karm6official | Instagram

Radikal — Universal Music компаниясынан шыққан TR-pop сахнасындағы жаңа ерлер тобы. Төрт жігіттен тұратын бойзбенд 19 маусымда «HAYRAN» деген алғашқы әнін шығарды. Топтың мақсаты — бәрі сияқты болмау, ерекшелену. Олар поп пен R&B бағытында ән айтады, биге де басымдық береді. Жігіттер YouTube-тегі арнаға хореография видеоларын салып, влогтар мен фанаттардың видеоларына реакция түсіріп, аудиториямен байланыс ұстап отыр.

Фото: radik5l | Instagram

Мадақ пен сын

Түрік аудиториясы бұл топтардың шығармашылығын әртүрлі қабылдап жатыр. Мысалы, CRUSH тобының дебютін аудитория өте жоғары бағалады. Олардың орындау шеберлігі мен визуалын, сахнадағы еркіндігін мақтап жатыр. Кейбір тыңдарман бірсарынды әндерден шаршаған едік, сапалы ән шығыпты деп жазған.

Тыңдарман басқа да топтардың дебютін үлкен серпіліс деп бағалады. Фанаттар әлеуметтік желіде бір-бірін белсенді қолдауға шақырып, миллиондаған қаралым жинайық деп жатыр. Тыңдарманның үміті зор. Олар бұл топтардың потенциалы өте жоғары, түбі халықаралық деңгейге шығады деп сенеді. Желі қолданушылары «Manifest-тің сәтті қадамы кейінгі қыздар топтарының жолын ашты» деп жазған.

Әртістерге сын да айтылып жатыр. Кейбір оқырман олардың образы мен макияжын ұнатпай, сыни пікір қалдырған. Жанкүйерлер мұндай стилді консерватив орта қабылдамай, хейт болатынын ескеріп, әртістерді қорғауға дайын отыр. 

Одан бөлек, кейбірі «түріктер K-pop-ты көшіріп жатыр» деп айыптаған. Фанаттар Түркияда 2000 жылдары Hepsi деген танымал қыздар тобы болған, бұл формат елде бұрыннан бар деп жауап жазған. Шетелдік аудитория да түрік поп-музыкасының жаңа буынына тәнті болып жатыр.

Қазақстандағы Q-pop сияқты, TR-pop та — корей толқынының (Hallyu) глокализациясы. Трейни болу жүйесін, топтағы рөлдерді бөлуді, хореография қоюды, визуал концепция мен фанаттармен қарым-қатынас орнату форматын K-pop-тан бейімдегені байқалады. Q-pop өкілдері кезінде қазақ тілін заманауи әрі трендтегі тілге айналдырса, TR-pop өкілдері де түрік мәдениетіне жаңа леп әкелгендей.

Фото: m6nifestgirls | Instagram

Бірақ бұл топтар қаншалықты еркін жұмыс істей алады деген сауалға жауап берген қиын. Былтыр қыркүйекте manifest тобының Стамбулдағы концертінен кейін прокуратура топ мүшелеріне «әдепке қайшы әрекеттер істеді» және «ашық-шашық кейіпте көрінді» деген айыптар таққан. Прокуратура қыздарды алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды талап еткен. Әртістер ешкімнің шамына тиюді немесе ренжітуді мақсат етпедік деп мәлімдеді. Тергеу кезінде топ мүшелері жауап беріп, сот бақылауы бойынша босатылды. Сол кездегі ақпаратқа сәйкес, оларға елден шығуға тыйым салынған

Мұндай жағдайлар индустрияны тығырыққа тірейтіні сөзсіз. Жаңа бағыт мұндай қысым мен жергілікті аудиторияның хейтіне төтеп бере ала ма, әлде шектеулерге бағынуға мәжбүр бола ма — оны уақыт көрсетеді.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Драма Хулиана Альвареса делит футбольный мир
Ликбез
#истории
Драма Хулиана Альвареса делит футбольный мир
«14 күн»: сексист скуфтар туралы хикая
Культура
#кино
«14 күн»: сексист скуфтар туралы хикая
Сначала чек-ап, потом тест: как готовиться к беременности
Ликбез
#общество
Сначала чек-ап, потом тест: как готовиться к беременности
«Фильм всегда был и будет результатом коллективной работы»: интервью с Алуа Абдикахар из LAIKA Studios
Бизнес
#люди
«Фильм всегда был и будет результатом коллективной работы»: интервью с Алуа Абдикахар из LAIKA Studios
«Кайрат» в Еврокубке! Оцениваем соперников главного клуба страны
Ликбез
«Кайрат» в Еврокубке! Оцениваем соперников главного клуба страны