Клиптің идеясы
Клиптің оқиға желісі екі жастың үйлену тойынан басталады. Жұрт үстел басында тамақ ішіп, әңгімелесіп отырғанда, асаба ортаға кештің жарқын жұлдызын шақырады. Есік ашылғанда тұман арасынан қара плащ киген A.Z кіріп, асабаның қолынан микрофонды тартып алады да, қонақтардың ортасында әнін орындайды. Креатив продюсер Анель Қаршығаеваның айтуынша, клиптің идеясы студияда отырғанда кездейсоқ басталған.
«Азамат 2019 жылы жазған трегін қосты. Әнді тыңдай сала ойыма бірден той, ресторан, сондағы атмосфера келді. Музыканың өзі сондай көріністі сұрап тұрғандай болды, біз оны визуалға айналдырдық. Клипте кино стилін қазақтың айдентикасымен ұштастырдық» дейді ол.
Халықтың тұрмысы, тойдың атмосферасы сияқты таныс мәдени белгілер қараңғы нуар арқылы көрсетілген. Анельдің сөзінше, бұл — жай ғана клип емес, әртістің қайта туғаны туралы шағын фильм.
«Әннің атмосферасы терең, қараңғы реңктерге толы. Оған қоса, әртіс ұзақ үзілістен кейін оралып жатыр. Бұл — поп-музыка саласында жүрген айдолдың өзін нөлден қайта қолға алып, ерекше үні бар жеке әртіс ретінде қайта оралғаны туралы салмақты әңгіме» дейді креатив продюсер.
Команда клипке шамамен екі апта дайындалып, түсірілімді бір күнде аяқтаған. Анель «бұл comeback-тегі басты мақсат — бұрынғы A.Z-ді қайтару ғана емес, оны мүлде жаңа әртіс ретінде таныту» деді.
«Үні мен стилі жаңа. Есейген, бірақ тыңдарманы жақсы көретін сол баяғы шынайылығын сақтап қалған. Біз бұрынғыны қайталағымыз келмеді, біз оны жаңа деңгейге көтердік. Бұған қоса, A.Z-дің тыңдарманына айтары бар» дейді креатив продюсер Анель.
«Бар ойым — еңбектену»
«BiZDiN Yi» клипін көргенде, біз өмір сүріп жатқан қоғам туралы болған соң осындай атау қойылған ба деп ойлаған едім. A.Z-дің айтуынша, атаудың ешқандай жасырын сыры жоқ. «Уақытында солай аталып, сақталып қалған. Тректе қоғамдағы кейбір өзекті тақырып қозғалғанымен, бұл бүкіл қоғамды емес, оның кейбір қырын көрсетеді. Бұл трек 2–3 сағаттың ішінде дүниеге келген» дейді A.Z.
Рэпер Ninety One-нан кеткеннен кейін оннан астам трек шығарды, дегенмен әндері аса танымал бола қоймады. Сондықтан болар, бұл comeback-ті тыңдарман ұзақ күтті. «Қазір аса бір ерекше күй кешіп жатырмын деп айта алмаймын. Бар ойым — тек жұмыс істеу, ары қарай еңбектену. Музыкада іске асырғым келетін идеяларымның әлі 20 пайызына да жеткен жоқпын. Сондықтан тоқтамай, тек алға жүру керек. Қазіргі бар уайымымыз да, мақсатымыз да — осы» дейді Азамат.
A.Z кезінде қазақ музыкасында төңкеріс жасаған топтың рэпері әрі лидері болған. Жаңа клипті көрген тыңдарман «A.Z-дің стилін, харизмасын сағыныппыз! Сол баяғыдай!» деп пікір жазды. Рэпер бұл әнді жазған кезде жаңа стильді байқап көргісі келген.
«Арада біраз уақыт өтсе де, тректі дәл қазір шығаруды жөн көрдік, себебі әлі де өзекті. Кейінгі кезде жазған жаңа әндеріммен тыңдарманды қуантқым келеді. Бұйырса, бәрін бөлісеміз» деді A.Z.
«BiZDiN Yi» бейнебаяны қазіргі қазақ қоғамындағы той мәдениетін, ондағы бәсеке мен ысырапшылықты, несиеге той жасау мәселесін сатира арқылы жеткізген. Тойдың қуаныштан гөрі, есеп-қисапқа айналғанын көруге болады.
A.Z клипте бірнеше кейіпкерді қатар сомдайды, айтуынша, оңай болмаған. «Кәсіби актер болмағандықтан, мұндай тәжірибем де көп емес. Соған қарамастан, алып шықтық деген ойдамын» дейді ол.
«Бұл туындыға көркемдік тұрғыдан қарасақ, әртістің образдары мен той тақырыбы — жай ғана мереке туралы әңгіме емес, тұтас бір метафора. Клиптегі әрбір образдың астарлы мағынасы бар. Әрбір көрермен бұл оқиғадан өзіне керек дүниені көрсе дедік. Клиптің негізгі идеясы — адамның ішкі күйі мен оның қоғаммен қарым-қатынасы. Ал той — қуаныш пен дәстүр ғана емес, жұрттың үміті, қоғамның қысымы мен адамның уайымы тоғысатын орта. Сондықтан бұл тақырып бекер таңдалған жоқ. Бірақ клиптің астарын әркім өзінше түсінеді. Бәрін ашып айтып, ойды шектегіміз келмейді» дейді креатив продюсер Анель.
A.Z әннің мәтінінде «мен дәл Абай Құнанбаев секілді» деп, қазіргі қоғамға ренішін ашық білдіреді. Тректе істі кейінге қалдыру, өзгемен салыстыру, күйбең тіршілік пен мақтаншақтық сияқты мәселелерді көтерген. A.Z әннің соңында «бөспе!» деген сөзді 15 рет қайталайды. Оның айтуынша, бейнебаянның басты месседжі — бос мақтанға салынбай, адамдарды ұстамды да қарапайым болуға үндеу.