Араға жыл салып, dudeontheguitar мен ARO қайта үн қосты. Әртістер «bilegim kep tur» әні мен оған түсірілген жаңа бейнебаянын жарыққа шығарды. Туынды атына заты сай, бірден билетіп жібереді, ал клип ерекше образға толы. Бейнебаянның продюсері — qazaq indie лейблінің негізін қалаған Алина Төребек, режиссер Тұрар Тұмарбек пен оператор Милана Жанат ’98mag журналына түсірілім қалай өткені туралы толығырақ айтып берді.
Тойхана мен автосалон
Режиссер Тұрар Тұмарбек dudeontheguitar-мен бұған дейін бірнеше рет жұмыс істеген. Биыл наурызда dude пен dododowson-ның «Barajatr» әніне түсірген клипін халықаралық аудитория да жоғары бағалады. Жаңа әнге шыққан клиптің де өзгеше вайбы бар. «bilegim kep tur» — би мен ырғақ туралы, музыканың адамды еріксіз билетеп жіберетін қуаты жайында.
Клиптегі визуал ерекшеліктердің бірі — тойхана ғимаратындағы автосалон. Қазақстанда би мен той егіз ұғым, сондықтан клиптің басты визуал желісіне тойхананы таңдаған. Ал тойхананың ішіндегі автосалон — ойдан шығарған декорация емес, кәдімгі жұмыс істеп тұрған сауда орны. Продюсер Алина Төребектің сөзінше, түсірілім жұмыс күні болған, салон әдеттегі режимде жұмыс істеген. «Бір жақта клип түсіріліп жатса, екінші жақта жұрт көлік қарап жүрді» дейді Алина.
Режиссер Тұрардың айтуынша, бұл ерекше автосалон осыдан жарты жыл бұрын кездейсоқ табылған.
«Негізі өзім үшін тойхананың ішінде көлікпен дрифт жасап, визуал түсіргім келген. Сол кезде Алматыдан ішіне көлік кіре алатын тойхана іздеп, біз қалағандай локация кезікпеді. Есесіне осы автосалонды таптық. «bilegim kep tur» клипінің түсірілімі кезінде осы жер еске түсті. Тректің ырғағына да, dude пен ARO-ның стиліне де сәйкес келетінін сезіп, сонда түсіруді шештік.
Бұл жерде әлдебір астарлы ой жоқ. Жай ғана еліміздің жоқтан бар жасайтын колориті мен шынайылығын көрсеткіміз келді» дейді Тұрар.

Клиптің тағы бір ерекшелігі — нағыз тойда түсірілген кадрлар. Түсірілім тобы мен әртістер таныстарының тойына барып, әлі шықпаған әнді қосқан да, қонақтардың биін түсірген. Қонақтар клип түсіріліп жатқанын білмеген. «Бізге адамдардың шынайы эмоциясын түсіріп алған маңызды болды» дейді продюсер Алина.
Бұдан бөлек, dudeontheguitar-ды тойхананың ішінде де, сыртында да, тіпті төбесінен де көруге болады. Алинаның сөзінше, ән бара-бара тойхананың сыртына шығып, бүкіл маңайды шарпып жатқандай әсер қалдырады.

Он түрлі образ
Клипте ретро, этно-элементтер мен поп-арт астасып жатыр. Бір сахнада ARO басына тымақ киіп алса, енді бір сахнада Dude мексикалық сомбрероға ұқсас бас киім киген.
«Түсірілімге дайындыққа жарты-ақ күн кетті, ал түсірілімнің өзін бір-ақ күнде аяқтадық. Аз уақыттың ішінде 10 түрлі образ дайындап үлгеру керек болды. Сондықтан жұмысты екі бағытқа бөліп, киімдердің бір бөлігін арнайы осы клип үшін тіктірдік. Мысалы, колонкалары бар апсайкл-костюмді дизайнер Нұрда Досмағамбет арнайы жасап шығарды» дейді Алина.

Клипте визуал эффект арқылы әртістердің бойынан дыбыс шығып, денелері колонкаға айналғандай көрінеді. Яғни, музыка бойларынан өтіп, денелерін ырғақпен еріксіз қозғалтып жатқандай әсер береді. Осы концепция әртістердің стилінде де жалғасын тапқан.
«Образдар битті, дыбысты және музыка элементтерін визуал түрде жеткізуге арналған. Мысалы, dudeontheguitar-дың бір образындағы костюміне CD-дискілер жапсырылған. Сол сахнада камера әртістің өзін емес, дискіге түскен бейнесін түсірген» дейді Алина.
«Олдбойға» емеурін
Клипте Оңтүстік Кореяның 2003 жылғы «Олдбой» фильміне жасалған емеурін бар. Оператор Милана Жанат бұл тәсілді бұрыннан қайталап көргісі келген. Яғни, ұзын фокуста артқы фон әдеттегідей бұлыңғыр болмай, екі план да бірдей анық көрінеді, соның арқасында кадр әлдеқайда терең болып шығады.

«Маған концепциясы мықты, сонымен бірге импровизацияға да мүмкіндік беретін жобалар ұнайды. Бұл клипте осы идея өте жақсы іске асты, себебі әртістердің өзі ашық әрі табиғи энергетикасы бар. Камераны қолмен ұстап түсіру, ойнақы зумдар мен мінсіз кадр жасауға тырыспау сияқты документал стильге жақын тәсіл біз іздеген шынайы атмосфераны жеткізе алды» дейді Милана.