Мұғалімдер мақтаған дорама. «Teach You A Lesson» нені әшкереледі?

Netflix-ке шыққан бойда қызу талқыға түскен «Teach You a Lesson» дорамасын кейінгі күндері көрмеген, талқыламаған адам кемде-кем сияқты. Алғашқы бөлімінен-ақ көрерменді баурап алған бұл жоба Оңтүстік Кореяның ғана емес, көп елдегі білім жүйесі мен жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді ашып көрсетті. Көрерменнің пікірі де екіге жарылды: кейбірі туындыны жылдың үздік дорамаларының бірі деп бағаласа, енді бірі тәртіпке бағынбайтын жасөспірімдерді күш көрсетіп жазалау қауіпті үгіт-насихат деп сынап жатыр. ’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен дораманы талдап шықты.

Дорама не туралы?

Кён Мин үшін мектеп тозаққа айналған. Ол күн сайын сабаққа барғысы келмейді, өйткені мектепте сыныптас жігіттер оны аяусыз ұрып-соғып, бәрінің көзінше қорлайды. Әлімжеттік көрсететін оқушының бірі — өте ықпалды саясаткердің ұлы. Мұндай азапқа шыдамаған Кён Миннің буллинг көріп жүрген тағы бір сыныптасы мектеп шатырынан секіріп кетіп, қайтыс болады. Бірақ қайғылы жағдай қатыгездікке тоқтау болған жоқ. Бұзақы оқушылар қылмысы үшін еш өкінбейді, жауапқа да тартылмайды. Ал заң мен шенеунік алдында қауқарсыз мектеп басшылығы болған жайтты жылы жауып қоюға тырысады.

Осындай әділетсіздікті тоқтату үшін мектепке Білім беру саласындағы құқықтарды қорғау бюросы («Educational Rights Protection Bureau» — ERPB) барады. Оларға балалардың кәмелет жасына толмағаны да, тәрбиесіз оқушының ата-анасы кім боп істейтіні де маңызды емес. Бюро инспекторлары сөз түсінетіндерді ақылмен жөнге салса, сөз ұқпайтындарға күш қолдана алады. Олар мұғалімдерді де, оқушыларды да жақтамайды. Олардың мақсаты — әлсізге қорған болу. Бюро жәбірленушілерге «Біз сізді қорғаймыз!» деп уәде береді.  

Бюроның негізін білім министрі Чхве Кан Сок (Ли Сон Мин) қалаған. Инспекторлар На Хва Жин (Ким Му Ёль), Им Хан Рим (Жин Ки Жу) мен Пон Гын Дэ (P.O) әртүрлі мектепке барып, Оңтүстік Кореядағы (ғана емес, бүкіл әлемге тән) білім беру жүйесіндегі мәселелерді әшкерелейді. Бюро инспекторы На Хва Жиннің «Ересектер балалардан қорқа бастаса, бұл әлемнің болашағы бұлыңғыр» деген сөзі бар. Ал білім министрі Чхве Кан Сок «Біздің бюро оқушыларға емес, құбыжықтарға қарсы. Ал құбыжықтарды тек олардан да қатыгез құбыжықтар ғана тоқтата алады» дейді.  

Дорама қандай мәселелерді көтерді?

Дораманың әр эпизодында бір мәселе, зәбір көрсетуші мен құрбан бар. Бірінші серия буллинг туралы болса, екінші бөлімде мектептегі бандитизм оқушылардың білім алу құқығын қалай таптайтынын көрсетеді. Үшінші эпизодта жалған ақпараттың салдары туралы айтылған. Онда инфлюенсер оқушы әлеуметтік желіде мұғалімдеріне жала жауып, жұртты оларға айдап салып, қорлайды. 

Төртінші бөлімде бюро қымбат мектепке барып, лауазымын асыра пайдаланатын мұғалімнің заңсыз әрекетін әшкерелейді. Бесінші эпизод — жұмыстан қажыған мұғалімнің күйзелісі туралы. Бастауыш сынып оқушысының анасы мұғалімнің әр әрекетіне килігіп, жеке өміріне қол сұғып, қыр соңынан қалмай, психологиялық қысым көрсетеді.

Бұдан бөлек, дорамада мектептердегі есірткі саудасын, оқушылардың құмар ойындарға салынып, үй ішін қарызға батыратынын, кейбір әке-шешенің баласына оқуда тым ауыр жүк артатынын, қылмыстық топтардың жасөспірімдерді қалай арбайтынын көрсеткен.  

Кореядағы жағдай

Оңтүстік Кореяда мұндай дорама түсірілгені және оның ел ішінде қызу талқыланып жатқаны бекер емес. Әр серия Кореяның білім беру саласының жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерін әшкерелейді. Сондықтан дораманы көркем-деректі туынды деуге әбден болады.

2023 жылы Сеулдегі бастауыш мектебінде істейтін 23 жастағы мұғалім ата-аналардың психологиялық қысымына шыдамай, өзіне қол жұмсаған. Бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Мыңдаған мұғалім көшеге шығып, олардың құқығын қорғайтын нақты заңдар қабылдауды талап еткен.

Кейінгі он жылда Оңтүстік Кореяда 144 мұғалім өзіне қол жұмсаған, 2023 жылы осындай 14 қайғылы оқиға болған. 2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс өтілі бес жылдан аз 600-ге жуық мұғалім жұмыстан кеткен, ал 2021 жылы 303 мұғалім жұмыстан шыққан. Мұғалімдердің жұмыстан кетуіне ата-аналардың оларға қарсы жалған арыз жазып, шағымдана беретіні түрткі болған.

Оңтүстік Корея мектептеріндегі зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті. Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілген үкіметтік сауалнама нәтижесі бойынша, мектептегі кибербуллинг мәселесі жылдан-жылға ушығып барады. Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі мен Кореяның БАҚ және коммуникациялар жөніндегі комиссиясы жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, оқушылардың 43,3 пайызы (не жәбірленуші, не оны ұйымдастырушы ретінде) кибербуллингіге тап болған.

Дорама Оңтүстік Корея қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік пен таптық алшақтық мәселесін де қозғайды. Оны біз сабақ оқы, университетке түсуге дайындал деп, ұлына қатты қысым көрсететінін ананың образы арқылы білеміз. Әйелдің бар тілегі — ұлының ауқатты отбасылардан шыққан қатарластарынан қалып қоймай, жақсы жерге оқуға түскені. Сондықтан ол тұрмысы қарапайым болса да, ұлына қымбат репетиторлар жалдауға мәжбүр болады, тіпті білім деңгейі жоғары саналатын элиталық ауданға көшіп баруға бар ақшасын жұмсайды. Бұл детальдар корей қоғамында сапалы білім тұрмысы орта отбасыларға қолжетімсіз дүниеге айналып бара жатқанын және мұндай теңсіздік оларға қандай ауыр психологиялық жүк түсіретінін көрсетеді.

Дорама төңірегіндегі даулар

«Teach You a Lesson» — «Naver» платформасындағы танымал «Get Schooled» атты вебтун желісімен түсірілген. 2023 жылы вебтунның 125-бөлімі шыққаннан кейін туынды қатты сынға ұшыраған. Комикстегі нәсілшіл сипаттағы сөздер оқырманның наразылығын тудырды. Осы даудан кейін вебтунның ағылшын тіліндегі нұсқасы АҚШ нарығынан алынып, корей тіліндегі нұсқасы уақытша үзілістен кейін қайта жалғасқан.

Дорама да экранға шықпай тұрып дауға қалған. Жанкүйерлер актерлерді бұл туындыға түспеуге шақырған. Оңтүстік Кореядағы мұғалімдер мен білім беру қызметкерлерінің кәсіподақтары туындыны көрсетуді тоқтатуды талап еткен. Олар дорама мектептердегі ұрып-соғуды және оқушылардың құқығын бұзуды насихаттап, білім беру жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді деп мәлімдеген. Даулы туындыны экранға бейімдеу туралы сұраққа режиссер Хон Жон Чан «біз оқиғаға барынша салмақты қарап, мағыналы дүние жасауға тырыстық» деп жауап берген.

Дораманың үшінші сериясы мұғалімдердің құқығын қорғауды көрсеткісі келгенімен, кейбір тұсы жәбірленушіні кінәлау (victim blaming) мәселесі мен мизогинияны ушықтырып жіберді. Сюжетке сәйкес, оқушы қыздың жалған арызынан кейін ер мұғалім өзіне қол жұмсайды. Бұл қоғамдағы «әйелдер ер адамдарға әдейі жала жабады» деген қауіпті стереотипті одан сайын күшейтеді. 

Дорамада бұзақы оқушылар мен озбыр ата-аналар образы ашылмаған. Олар туа біткен қатыгез жандар деп көрсетілген. Әрине, буллингіні ақтап алудан аулақпын және құрбандар үні маңыздырақ болуы керек екені даусыз. Бірақ авторлар қоғамда мұндай озбыр адамдар қалай пайда болатынына үңілуге тырыспайды. Сөйтіп ақ пен қараның айқасы ғана берілген шоу боп шыққан.

Бұл сынның тек бір серияға қатысы жоқ деуге болады. Барлық мұғалімге өшігіп алған, сабақтарда стрим жасап отыратын, ұстаздарына жала жауып, буллинг жасайтын оқушы қыз басқа бір серияда ақшаға құныққан мұғалімнен зәбір көрген боп шығады. 

Кейбір сыншы дорама мектептегі күрделі әлеуметтік мәселені шешудің жолы ретінде «жауыздықты жауыздықпен жазалауды» жарнамалап жатқанын құқықтық мемлекеттегі қауіпті құбылыс деп біледі. Бұл дорама мектеп ішінде күш қолдануды ақтап алуға жол ашып жібермей ме деген алаңдаушылық бар.  

Қазақстандағы реакция

Дорама Қазақстанда қызу талқыланды. Әсіресе мұғалімдер әр сериядағы мәселе Қазақстанда да өзекті екенін айтып жатыр. «Бізге де мұғалімдерді қорғайтын осындай арнайы бюро керек сияқты» дейді бір қолданушы.

Былтыр оқу жылы аяқталар тұста Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі «бақылау жұмысына телефон алып кіріп, мұғалімді балағаттады» деген 11-сынып оқушысын мектептен шығарып жіберген еді. Бұл оқиға үлкен дауға айналып, оқушы президенттен араша сұрады. Бір тарап баланың құқығы бұзылды деп, оқушыны қолдады, екінші тарап мектептің шешімін жақтады. Бұл оқиға қоғамның бір бөлігі педагог мәртебесін қорғау мәселесіне көз жұма қарайтынын әшкерелеп берді.

«Дорамадағы инспекторлар тәртіпсіз оқушыларды жөнге салған кезде мұғалімнің бәрі бір рахаттанып қалған шығар» деген пікір де көп. Ата-аналар қысымы туралы балабақша қызметкерлері жазып жатыр. «Жұмыс уақытында тәрбиешіге тыным бермейтін ата-ана баламды қорғап жатырмын деп ойлайды. Керісінше, ата-ана баласына ең қауіпті адамға айналып бара жатқанын аңғармайды» дейді ол. 

«Teach You a Lesson» мектептегі өзекті мәселелерді батыл көтеріп, қоғам назарын аудара білген туынды болды. Сериал ұсынған «жауыздықты күшпен жазалау» әдісі заң мен этика тұрғысынан қаншалықты даулы десек те, ол күштінің обзырлығынан шаршаған көрерменнің жанайқайын дәл жеткізді.

Фотолар @netflixkr парақшасынан алынған.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Эвелина Хромченко вновь озвучила Миранду Пристли для «Дьявол носит Prada 2»
Культура
#кино
Эвелина Хромченко вновь озвучила Миранду Пристли для «Дьявол носит Prada 2»
Число браков в Казахстане упало до минимума за 20 лет
Ликбез
#общество
Число браков в Казахстане упало до минимума за 20 лет
TikTok запускает образовательную программу вместе с Институтом «Сандэнс»
Культура
#интернет
TikTok запускает образовательную программу вместе с Институтом «Сандэнс»
9 лучших эпизодов «Рика и Морти»
Культура
#кино
9 лучших эпизодов «Рика и Морти»
«Пошлая Молли» даст концерты в Центральной Азии
Город
#события
«Пошлая Молли» даст концерты в Центральной Азии