«Гипноз» фильмінің актриса Тамириске жасаған опасыздығы

Феминист әрі заңгер Айгерім Құсайынқызы кинотеатрларда көрсетіліп жатқан «Гипноз» фильмінің промосы туындының мәнін ашатын жарнама емес, бас актрисаның сексуал образын «сатқан» стратегияға құрылғанына күйінеді. Ол мұны фильм артында тұрған команданың бас рөлдегі актриса Тамирис Жанғазиноваға жасаған опасыздығы деп біледі. ‘98mag журналы Айгерім Құсайынқызының мақаласын ұсынады. 

«Тиктокқа» «Гипноз» деп жазсаңыз, алғаш тұрған төрт сөздің екеуінде «Гипноз томирис сцена» және «гипноз төсек сахнасы» деп тұрады. 

Жұрт бас рөлді сомдаған актрисаның талантын не фильмнің айтпақ ойын жеткізе білген дарынын емес, оның сексуал образы талқылап жатқаны — әсте кездейсоқ емес, әдейі ұйымдастырылған науқанның жемісі болды және мұның артында басқа емес, фильм авторларының өзі тұр.

«Төсек сахнасы ұнады ма?»

«Гипнозда» алматылық бойжеткен Аянат (Тамирис) марқұм әкесінің қарызын өтеу үшін аз уақытта көп ақша табуы керек болады. Кездейсоқ гипноз жасау қабілеті туралы біліп, өзі де соны үйреніп алуға бел буады. Бойжеткен бұл әдістің қызығына кіріп, өмірі шиеленісе түседі. 

Фильм режиссері — Олжас Баялбаев, сценарийін жазған — Ербол Ташкеев пен Әлібек Әмірханов, продюсері — Нұртас Мамытбаев. Негізгі ұжымда тек ерлер болғаны маркетингідегі осы масқараға әсер етпеді дегенге сенбеймін және олар талантты Тамириске үлкен опасыздық жасап отыр деп есептеймін.

«Гипноздың» ресми парақшаларындағы публикацияларда фильм ішінде секс сахналары бар екеніне ерекше мән беріледі және жарияланған видеоларда «🔞» деген эмоджи жөнді-жөнсіз қойыла береді. Бұл белгі — команданың көрерменге жас шектеуін ескерткені емес, «секс сахнасын көріңдер» деп шақырғаны. 

Ресми парақша админдері «Қазақстанда төсек сахнасы бұрын бұлай ашық көрсетілмеген» деген видеоны бөліседі. «Секс сахнаны көруге келдім» деп ыржалақтаған жігіттерден сұхбат алады. 

Ең сорақысы, түсірілім барысы деп салынған көп бәкстейж видеода Тамиристің сексуал образын айшықтап көрсетуге тырысқан. Ал видеолардың тақырыптары мынадай: «Төсек сахнасына дайындық», «18+ сахнаға түсер алдында…», «Тамирис Жанғазинова түскен төсек сахнасы», «Төсек сахнасына түскен қиын болмады ма?», «Төсек сахнасына түскеніңіз үшін қанша алдыңыз?», «Тамирис Жанғазинова 90 мың теңгеге төсек сахнасына түскен», «Төсек сахнасына тағы түсер ме едің?» Бұл бірнеше видеоның атауы ғана… 

Айтпақшы, парақшадағы видеоның бірінде жүргізуші фильмнен шыққан еркек көрерменнен «Төсек сахнасы қалай болыпты?» деп сұрайды. 

Мені ашуландыратыны 18+ сахнаның өзі емес, гипноздың қаупі мен алаяқтарға алданбау туралы айтары бар туындының екінші орынға жылжып, коммерцияны көздеген маркетинг жас қыздың «жалаңаш образын» саудаға салғаны. Мұны cауатсыз әрі санасыз әрекет деп білемін.

Кинода әйел тәні қалай саудаланады?

Әйелдің кинодағы бейнесі — біреудің қиялында кездейсоқ туатын образ емес, қоғам пікірі мен елдегі әлеуметтік-саяси мәдениет деңгейінің айнасы. Кино бізге әйел бейнесін көрсетіп қана қоймайды, ол санамыздағы бүкіл ұғымдардың суретін салып береді. 

Кино арқылы бізге келіндер Айсараға ұқсауы керек пе, әлде Балқиядай болғаны дұрыс па, рэкетир болған өз өміріңді құрту ма, әлде нағыз жігіттік ермек пе деген сұрақтарға жауап береді. Қазақтілді кейіпкерлерді көбіне жұпыны, аңғал әрі білімсіз етіп көрсеткенде; әйелдің үйдегі һәм қоғамдағы орнын асүймен шектеп қойғанда кино авторлары мұны аспаннан алмайды. Қоғамдағы бар түсінікті әшкерелеп қана береді. 

Кадрдағы әйел тәні — мәселе емес, сол жалаңаш тәннің нарықтағы тауарға айналып кеткені мәселе. Әйелдің тәні кадрда сюжеттің мағынасын тереңдететін элемент емес, маркетингтің адамды масайрататын қармағы болып шыққанда, кино әлеуметтік маңызды дүние болудан қалады. 

Миллиардтап табыс табуды ғана ойлайтын кинопрокатшылардың көздегені тек пайда табу; дұрыс пікір қалыптастыру не экранда заманауи әйелдің лайықты бейнесін жасау олардың жоспарында жоқ. 

Біз «Гипноздан» байқаған құбылысты гендерлік зерттеулер бірнеше ұғыммен түсіндіреді. 

Біріншіден, бұл — объективация. Әйел тұлға ретінде емес, тек дене ретінде көрсетіледі. Оның не ойлайтыны, қандай таңдау жасайтыны маңызды емес, ол — көрермен көзін қызықтыратын нысана ғана. Әйелдің өзіндік әрекет ету құқығы кадрдың сыртында қалып, оның денесі экранның негізгі тақырыбына айналады, ал тұлғасы фон болып қала береді.

Бұдан соң сексуалдықты сату басталады. Яғни, sex sells формуласы бойынша әйел тәнін тауардың (фильмнің) сатылымы үшін қолданады. Трейлерден бастап, постерге дейін, сосын промо кезінде әйелді тауарға айналдыруды көздейді де, көрерменге «осы әйел түскен төсек сахнасына қара» деп бұйрық береді.

Өнерде еркек көзқарасы, яғни male gaze деген мәселе бар. Бұл теория бойынша тек не көрсетілгені емес, қалай көрсетілгені де маңызды. Кино тілі көрерменді әйелдің денесін бөлшектеп көруге, яғни оның бетіне емес — беліне, дауысына емес — ерніне, мінезіне емес — мүсініне қарауға жетелейді. Бұл — әйелді толық адам емес, дене мүшелер жиынтығы деп қабылдауға жетелейтін көзқарас.

«Гипнозда» эротикалық капитал нарық ресурсына айналып отыр. Онда сексуал көріністер көркем идея емес, жұмыс істейтін актив деп қана беріледі. Фильмнен сол төсек сахнасын алып тастаса, оқиға ештеңе жоғалтпас еді, бұл әйелдің ішкі қайшылығы емес, денесі капитал ретінде пайдаланылып жатқанын дәлелдейді. Осылайша «18+» белгісі көрермен тарту құралына айналып, маңызды әлеуметтік тақырыптар көлеңкеде қалды да, жұрт жадында фильмнің айтар ойы емес, ашық сахналар ғана қалып қояды.

Тамирис бұған өзі келіскен шығар дейтіндерге

Патриархал түсініктер билеген қоғамның кинонарығында әйел тәнінің жай ғана объектіге айналғаны таңғаларлық жайт емес, әрине. Өйткені мұндай ортада әйел өзінің сексуал қыры арқылы ғана күшті болып көріне алады.

Бұл — әлемдік киноиндустрияда әлі де кең етек жайған құбылыс. Мәселен, зерттеушілер талдауынша, кинодағы әйел кейіпкерлер ерлерге қарағанда төрт есе жиі жалаңаш немесе жартылай жалаңаш күйде көрсетіледі. Тіпті жоғары лауазымды, беделді әйел образдарының үштен бірі ашық киіммен көрінсе, дәл соған ұқсас рөлдерді сомдаған ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 10 пайыздан да төмен болып шыққан. 

Демек шетелдік ірі киноөндірістердің өзінде әйел денесін жарнама ретінде көрсету қалыпты жағдай саналып, токсик гендерлік стереотиптер әлі де күшінде қалып отыр. Әйелдер кинода қанша жерден мықты басшы, батыр не қаһарман ретінде бейнеленсе де, олардың тұлғасы көбіне көрерменнің көз құртын қандыратын құрал ретінде пайдаланылып келе жатқаны — ащы шындық.

Заманауи кинодағы әйел бейнесі бір қарағанда батыл әрі өжет көрінгенімен, сол күштің өзі сексуал сипат арқылы саудаға салынады да, әйелдің жаңа қуатты бейнесі шын мәнінде жаңа құқық емес, қаптамасы ғана жаңарған баяғы кәмпит боп шығады. Экраннан еркіндік есіп, заманауи ұрандар айтылғанымен, кадрдағы male gaze әлі де үстем. 

Осылайша әйел (бұл жағдайда Тамирис) мұны «өзі таңдады» немесе осындай образда көрсетуге «өзі келісті» деп айтылса да, оның бұл таңдауы актриса әйелдер нарық алдын ала белгілеп қойған әрі әмірі жүріп тұрған ережеге мойынсұнуға мәжбүр екенін көрсетеді. 

Тамиристің бұл жағдайда «кіріптар» көрінуі оның жеке таңдауы не мінезінің әлсіздігімен байланысты емес. Бұл — киноиндустриядағы келісімшарт пен билік теңсіздігінің салдары. 

Әдетте фильм өндірісінде шешім қабылдайтын тарап — продюсерлер мен продакшн, ал жас актриса, әсіресе алғашқы ірі рөлінде жүрген орындаушы, келіссөзде әлдеқайда әлсіз позицияда қалады. Осындай жағдайда төсек сахнасына берілген бір реттік келісім түсіріліммен шектелмей, кейін маркетинг материалдарында — тизерлерде, стористерде, қысқа видеоларда қайта-қайта айналымға түседі. Нәтижесінде актрисаның сексуал автономиясы, яғни «келісім қай жерде басталып, қай жерде аяқталатыны» бұлыңғырланып кетеді. 

Сексуал контентке қатысты келісімшарттарда «саналы әрі нақты келісім» қағидасы көбіне толық жұмыс істемейтіні, ал келісімшарт жүйесінің өзі орындаушыдан гөрі өндіріс иелерінің мүддесін көбірек қорғайтыны дәлелденген зерттеулер бар. 

Әрине, әйел тәнін сексуал образ ретінде пайдалану жаңалық емес. Бұл — 1960 жылдардағы сексуал революциядан бері таныс ескі мотив. Тек бүгінде осы үрдіс қазақ киносында «батыл әрі прогрессив үрдіс» деп қабылданып жатыр. 

Тамиристің кинодағы алғашқы үлкен рөлі жұрт санасында неге дәл осылай есте қалуы керек еді? Оның мансап жолындағы ең үлкен мүмкіндігі міндетті түрде төсек сахнасымен байланыстырылуға тиіс пе еді? Фильм авторлары бұл сұраққа ең болмаса өзі үшін жауап табар деп үміттенемін.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Пак Чхан Ук  — президент жюри Каннского кинофестиваля 2026
Культура
#кино
Пак Чхан Ук — президент жюри Каннского кинофестиваля 2026
Открывается приём заявок на XI Baiqonyr Film Festival
Культура
#кино
Открывается приём заявок на XI Baiqonyr Film Festival
Выходит новый сезон Formula 1: Drive to Survive: почему реалити о «Формуле-1» стало главным спорт-шоу современности
Культура
#интернет
Выходит новый сезон Formula 1: Drive to Survive: почему реалити о «Формуле-1» стало главным спорт-шоу современности
Как «Звёздное дитя» критикует индустрию развлечений
Культура
#кино
Как «Звёздное дитя» критикует индустрию развлечений
Корея VS SEAblings. Желідегі майданның мәні
Ликбез
#истории
Корея VS SEAblings. Желідегі майданның мәні