«Тірі қалған адамның оқиғасы». Дана Нұржігіттің қарсылықтан туған кітабы

«Тірі қалған адамның оқиғасы». Дана Нұржігіттің қарсылықтан туған кітабы

Танымал тележүргізуші, экс-сенатор Дана Нұржігіттің «Көлеңке. 115-1» кітабы жарық көрді. Кітап атауындағы 115-1 деген сан — Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі Сталкинг дейтін баптың нөмірі. Бұл норма былтыр қыркүйекте күшіне енді. Тек заң өзгергенімен, қоғамда сталкерді дер кезінде тоқтату, көмек сұраған адамды қорғау мәселесі әлі де өзекті болып отыр. ‘98mag журналының авторы, мәдениеттанушы Аружан Ербосын кітапты оқып шығып, автормен тілдесіп қайтты.

Кітаптың алғашқы сөйлемдері автордың ойына Крит аралында демалып жүргенде келіпті. Сот отырысы кезінде бір туысы: «бұл іс өз арамызда қала берсінші» дегенде, автор: «Неге үндемеуім керек? Бұл туралы мен әлі кітап жазамын!» деп жауап берген екен. Сол сөзі орындалып, сталкинг туралы қазақша туындыны қолға алып отырмыз. Батылдығы үшін авторға алғыс айтқым келеді.

Қазақстанда қалың көпшілікке таңсық сталкинг дейтін термин мен бұл қылмыс туралы Дана Нұржігіт кейінгі жылдары жиі айтып жүр. 2024 жылы берген сұхбатында ол бұрынғы күйеуі ажырасқаннан кейін де жайына қалдырмағанын айтқан. Әлгі ер адам Дана Нұржігіт қайда барса да, ізіне түсіп, телефон шалып, кіммен жүргенін сұрап отырған. Полиция берген қорғау нұсқамасы да оған тоқтау болмаған. Бұл қысым Дана Нұржігіттің денсаулығына әсер етіп, ол ем қабылдауға, эфирдегі жұмысынан кетуге мәжбүр болған.

Бұрынғы күйеуі оны видео таратамын деп бопсалаған, беделіне нұқсан келтіретін шағымдар жазған. 2023 жылғы тамызда полицияға арыз бергеннен кейін іс сотқа жетіп, сот әлгі ер адамды жауапқа тартқан. Үкімнің жай-жапсары белгісіз.

«Көлеңке. 115-1» кітабы «Сен қашқан сайын көлеңкең ұзара береді» деген эпиграфпен басталады. Автор әлдебір адам артыңа түсіп алып, тыныштық бермей жүрсе, оны жасырмау керегін айтады. Үнсіз жүргеннен мәселе шешілмейді. «Сталкинг адамның жынысына, ұлтына, әлеуметтік мәртебесіне қарамайды. Оған экс-сенатор болған мен де ұшырадым» дейді ол.

Кітаптағы оқиға екі уақыт кезеңінде өрбиді. Бірінде бас кейіпкер Жаннаның бұрынғы күйеуінен зәбір көріп жүрген шағы баяндалады. Екіншісінде екеуінің алғаш танысқан кезі, Жаннаның сол уақытта әлгі адамның бойынан байқамаған күмәнді әрекеттері, жақындарының ескертуіне құлақ аспағаны жазылады. Соңына қарай екі желі тоғысып, оқиға шарықтау шегіне жетеді.

Сталкер адам Жаннаны жақындары мен әріптестеріне жамандап, оны әбден қаралауға тырысады. Бұл оқиғадан түйгенім — әйелдің қыр соңынан қалмаған адамды «ессіз ғашық еркек» деп ақтап алуға болмайды. Ол бар болғаны жәбірленушінің жанында өзімнен басқа ешкім қалмаса екен дейді. Жақындары теріс айналса, қоғамнан оқшауланып қалса, бұл әйелдің күні маған қарап қалса, ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда ұстасам деп тілейді.

Өзі мұндай қысыммен бетпе-бет келген Дана ханым қудалаушының мінезін бала күнінде мейірім көрмегенімен байланыстырып, балаға рухани тәрбие мен махаббат бергеннің маңызын айтады.

Кітаптан сталкерлердің бірнеше түрін көреміз. Бірі бұрынғы серігін қайтарғысы келеді не айырылысқаны үшін одан өш алуға тырысады. Енді бірі өзі аңдып жүрген әйел «негізі мені жақсы көреді, бірақ сезімін жасырады не ұялады» деп ойлайды. Ал «жыртқыш» деп аталатын түрі адамды әдейі қорқытып, тіпті оған күш көрсетіп, содан ләззат алады. 

Сталкингтің тәсілдері де әртүрлі. Бірі әлеуметтік желідегі әр парақшаңды тауып, тыныштық бермейді: бір басын кессең, екіншісі шығатын жылан сияқты, бір аккаунтын бұғаттасаң, жаңасын ашады. Енді бірі нөміріңді қанша ауыстырсаң да тауып алып, қоңырау шала береді. Ең қауіптілері — осы әрекеттердің бәрін қатар қолданып, күнделікті өмірде де ізіңнен қалмай аңдитындар.

Дана Нұржігіт кітапта Чарли Чаплинге телінетін «Өмірге ірі планнан қарасаң — трагедия, алыстан қарасаң — комедия» деген сөзді келтіреді. Кей адамға еркектің әйелге қайта-қайта қоңырау шалғаны, қоймай хабарлама жазатыны аса қауіпті іс болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ сталкерден зәрезап болған адам мұндайдың кесірінен тыныш өмірден айырылады, айналасындағы адамның бәріне секемдене қарап, үркіп өмір сүреді. Әсіресе сталкер әйелдің бұрынғы күйеуі болса, туыс-тумалар «ерлі-зайыптының арасына ескі кеткен түседі» деп, бұл мәселеге мүлдем араласпай қоюы мүмкін.

Кодекстегі жаңа бап

Таныс-бейтаныс ер адамдар мазалап жүр деп, полицияға бірнеше рет арызданса да, құқық қорғау органдары дер кезінде әрекет етпеген оқиғалар аз емес. Ол жайттар туралы қоғам, өкінішке қарай, қыздардың қазасынан соң естіп жатады. 

Шымкенттік марқұм бойжеткен Нұрай Серікбайдың жақындары оның соңынан қалмай жүрген адам туралы полиция мен прокуратураға бірнеше рет жүгінгенін айтқан. Сталкер Шерхан Аймахан ақыры оны пышақтап өлтірді. Қылмыскер сталкинг, некеге мәжбүрлеу және адам өлтіру баптарымен кінәлі деп танылып, өмір бойына сотталды. Ал Нұрайдың арызы бойынша дер кезінде шара қолданбаған полицейлердің ісі салғырттық бабамен тергеліп жатыр. Бұл істің жай-жапсары әлі күнге дейін белгісіз.

Астанада қаза тапқан Жазира Адауованың оқиғасы да осыған ұқсас. Жақындарының айтуынша, бұрынғы күйеуі оны аңдып, қорқытып жүрген. Қазасынан бірнеше апта бұрын ол Жазираға пышақпен келгенде, әйел полиция шақырып, арыз жазған, пышақты да бөлімшеге өзі апарып берген. Бірақ полицейлерге жүгінгені әйелдің өмірін сақтап қала алмады. Жазира айуандықпен өлтірілгеннен кейін полиция қызметкерлерінің әрекеті тексеріліп, кейбірі басшы қызметінен босатылды, төрт қызметкер ұсталды. 

Кітапты оқып отырғанда, көмек сұраса да, тиісті жәрдем ала алмаған осы марқұм қыз-келіншектер еске түседі. Сондықтан автор «Не көргенімді мен айтпағанда кім айтады? Мен тірімін. Бұл — тірі қалған адамның оқиғасы» дегенде көңілім босады.

Қазақстанда сталкинг ұғымы Қылмыстық кодекске былтыр қыркүйекте енгізіліп, оған жауапкершілік анықталды. 115-1-бап бойынша кінәлі деп танылған адамға ең ауыр жаза — елу тәулікке дейін қамақ. Дана Нұржігіт мұны жеткіліксіз деп есептейді. Ол заңның қабылдануы мен орындалуы екі бөлек мәселе екенін де айтады. Автордың сөзінше, шалғай аудандардағы кейбір полиция қызметкерлері жаңа нормадан әлі күнге дейін хабарсыз.

Сөз соңында

Кітаптың ең маңызды бөліктерінің бірі — сталкингке тап болғанда не істеу керегі туралы нұсқау деп білемін. Соның ішінде адамның қылмысына дәлел жинау керегі ерекше айтылған. Осы бөлім шығарманы оқырманға нақты көмегі тиетін құралға айналдырады.

Дана Нұржігіттің «Көлеңке. 115-1» кітабын тек көркем туынды деген жеткіліксіз. Бұл — зәбір көрген әйелдің басқа әйелдерге үндеуі. Көп көзінен тасада жасалатын қылмысқа қарсы тұру үшін әйелдердің ашық айтқаны, көмек сұрай алғаны маңызды. Әйелге дер кезінде қорған бола алғанымыз одан да маңызды. 

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Фестиваль Coachella объявил лайнап на 2027 год
Культура
#музыка
Фестиваль Coachella объявил лайнап на 2027 год
Роберт Плант из Led Zeppelin впервые выступит в ЦА
Город
#события
Роберт Плант из Led Zeppelin впервые выступит в ЦА
В Казахстане перенесли премьеру фильма «Айтматов»
Культура
#кино
В Казахстане перенесли премьеру фильма «Айтматов»
Всё, что нужно знать об Элизабет Холмс перед просмотром «Увидеть всё»
Культура
#интернет
Всё, что нужно знать об Элизабет Холмс перед просмотром «Увидеть всё»
Оливия Дин стала первой британской артисткой года по версии Apple Music
Культура
#музыка
Оливия Дин стала первой британской артисткой года по версии Apple Music