Солтүстік Корея ұрлап кеткен режиссер мен актрисаның хикаясы

«Темір шымылдықпен» тұмшаланған Солтүстік Кореяның тоталитар басшысы оңтүстіккореялық талантты режиссер мен атақты актрисаны ұрлап әкетіп, екі өнерпазды жылдар бойы елдің киноиндустриясын дамытуға жұмыс істетіп қойғанын білуші ме едіңіз? Олар кейін қамаудан қалай босап шыққанынан хабарыңыз бар ма? Корейтанушы Айғаным Төлеулиева екі Кореяның ғана емес, тұтас кино тарихындағы ең шытырман оқиғаны баяндап береді.

Қапастағы соңғы картина

Күнкөрісі қиындаған корей халқы әміршіл биліктен әбден зәрезап болған шақта Таксе есімді ұста күріштен құбыжық Пульгасаридің мүсінін жасап, Құдайлардан оған жан бітіруді жалбарынып сұрайды. 

Таксенің қызы Ами қолын жарақаттап алғанда мүсінге абайсызда қан тамшылап кетеді де, Пульгасариге кенет жан бітеді. Ауылда осылайша метал жейтін құбыжық пайда болады. 

Пульгасари ауылдағы темір мен болаттың бәрін жеп, уақыт өткен сайын күшейіп, зұлым патша мен оның қатыгез әскерін ойсырата талқандап, шаруаларды азат етеді. Алайда араны ашылып кеткен құбыжықтың көтеріліс аяқталған соң да тәбеті басылмай, қара халықты енді өзі қанай бастайды.

Бұл — солтүстіккореялық «Пульгасари» фильмінің қысқаша сюжеті. Режиссері — Шин Сан Ок.

Фантастика жанрындағы бұл туындыны, бір қарағанда, қатыгез әміршіге қарсы азаттық күресі жайлы дерсіз. Бірақ сыншылар көпшілік байқамаған мына нәрсені айтады: Пульгасари — әуелі халыққа қамқорлық танытып, кейін оны өзі де қанай бастайтын озбыр биліктің аллегориясы. 

Режиссер Шин Сан Ок бұл туындыны тоталитар биліктің тұтқында жүріп түсіргенін ескерсек, мұндай баға негізсіз емес сияқты. 

Екеудің мансабы

1953 жылы Корей соғысы тоқтаған соң Оңтүстік Корея киноиндустриясын қарқынды дамыта бастады. Сол жылдары актриса Чхве Ын Хи елдің ең танымал жұлдыздарының бірі болатын. 1954 жылы ол Оңтүстік Кореяға арнайы келген әйгілі Мэрилин Монромен бірге сахнада өнер көрсетті. Чхве 1959–1966 жылдары елде үш рет «Ең үздік актриса» номинациясын жеңіп алған. 

Бұл кезде Шин Сан Ок Оңтүстік Корея киносының ең дарынды режиссерлерінің бірі аталып жүрген. Оның фильмдері Оңтүстік Корея және Азия-Тынық мұхиты кинофестивалдерінде үздік фильм әрі режиссура номинацияларын бірнеше рет жеңіп алған. 1960 жылы режиссер Шин негізін қалаған Shin Film киностудиясы елдегі алғашқы ірі киностудия болды. 

Соғыстан кейінгі тоқырау жылдары болса да, Шиннің киностудиясындағы жұмыс қарқынды жүріп, актерлер мен шығармашылық топ қаржылай қиындық көрген жоқ. Шиннің киностудиясы Оңтүстік Корея үкіметінің қолдауымен жылына 25-40 фильм түсіріп тастайтын.

Актриса Чхве мен режиссер Шин Оңтүстік Корея киноиндустриясының ықпалды тұлғалары ретінде ғана емес, көп көзінен тасада көңіл жарастырған жұп деп аты шықты. Екеуі ресми түрде 1954 жылы отау құрды. 

1970 жылдары Оңтүстік Корея киноиндустриясында цензура күшейіп, үкімет фильм түсіру процесіне киліге бастады. Осы кезеңде режиссер Шиннің көптеген фильмі сәтсіздікке ұшырады. 1975 жылы Шин Сан Ок Гонконг киностудиясымен бірге «Роза мен қаңғыбас ит» фильмін түсірді. Алайда фильмдегі сүйісу көрінісі мемлекеттік тексеріс кезінде алынып тасталды. Соған қарамастан кинотеатрларда фильмнің толық нұсқасы көрсетілді. 

Осыдан соң 1977 жылы режиссер лицензиясынан айырылып қана қоймай, оған мемлекет пен президент Пак Чон Хидің идеологиясына қарсы фильмдер түсірді деген айып тағылды. Репрессивті үкіметпен келіспеген Шиннің студиясы осылайша 1978 жылы президент Пак Чон Хидің бұйрығымен жабылып тынды.

Ұрлау операциясы

Айтпақшы, Шин Сан Ок пен Чхве Ын Хи 1976 жылы ажырасып кеткен еді. Бұл кезеңде корей қоғамында ажырасқандарға, әсіресе ажырасқан танымал адамдарға қырын қарайтын. Сөйтіп актриса Чхве Ын Хидің де танымалдылығы төмендей бастады. 

1978 жылы қаңтарында актриса Чхве Ын Хи фильм түсіру және өнер академиясын басқару жөнінде Гонконгтен шақырту алады. Бірақ бұл ұсынысты Солтүстік Кореяның агенттері жасаған болып шықты. Үш күннен соң Чхве Гонконгте Солтүстік Корея тыңшыларының тұзағына түсті. Актрисаның естеліктеріне қарағанда, оны сол жылдары кино және өнер бөлімінің басшысы болған Ким Чен Ирдің өзі қарсы алып, «Келгеніңізге рақмет» деп қол соза амандасқан.

Жарты жылдан соң Шин де хабарсыз кеткен бұрынғы әйелін іздеп Гонконгқа барады. Агенттер оны да қолға түсіріп, Солтүстік Кореяға жеткізеді. 

Алғашқы бес жылын режиссер түрмеде өткізген. Бұл уақытта Чхве Ким Чен Ирдің әкесі және Солтүстік Кореяның тұңғыш прездиенті Ким Ир Сенмен бірге түрлі мемлекеттік іс-шараларға қатысып, арнайы қызметтің қатаң бақылауында болған. Чхве өзінің бұрынғы күйеуі артынан іздеп келгенін де білмеген.

Тек бес жылдан соң ғана, 1983 жылы Ким әйгілі жұпты өзінің туған күніне шақырып, оларды жүздестіреді. Бұл екеуіне де тосын әрі эмоцияға толы кездесу болады. 

Ким осыдан соң екеуіне фильмдер түсіруді тапсырады. Ол кезде Ким Чен Ир Солтүстік Кореяның үгіт-насихат департаментінің басшысы қызметін атқаратын (әкесі Ким Ир Сен әлі де президент еді). 

Ким Чен Ир киноға әуес еді. Тіпті саяси қайшылыққа қарамастан, Голливуд фильмдерін көп көріп, жеке коллекциясына жиырма мыңдай фильмді жинаған. 1973 жылы Ким Чен Ир «Кино өнері туралы» кітап жазып шығарды. 

Ким тек саяси үгіт-насихатқа толы емес, әлемдік кинофестивальдерде көрсетілетін, Солтүстік Кореяның даңқын көтеретін фильмдер түсіргісі келді. 

Осылайша үш жыл ішінде режиссер Шин 17 фильм түсіріп тастады. Оның 1985 жылы түсірген «Тұз» фильмі халықаралық мақтауға ие болса, актриса Чхве 14-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінде үздік актриса жүлдесін жеңіп алды.

Танымал жұп «Хон Гиль Дон» атты кунг-фу және комедия жанрындағы алғашқы фильмді түсіруге ат салысты. Бұл екеуінің Ким Чен Ир тапсырмасымен түсірген соңғы әрі ең танымал туындысы — 1985 жылы шыққан «Пулгасари» фильмі болды. 

Әлемге «Годзилланың» көшірмесі ретінде танылған «Пулгасаридің» сол жылдары Солтүстік Корея түсірген ең қымбат жоба деген аты бар. Жабық тоталитарлық мемлекет бұл фильмді Жапонияның Toho және Қытайдың Beijing Film студияларымен бірлесіп түсірген. Фильмнің арнайы эффектілеріне жауапты болу үшін жапониялық Ёшио Судзуки Солтүстік Кореяға арнайы ұшып келген. 

«Пулгасари» фильмін аяқтаған жұп Киммен тағы бір фильм түсіру туралы келіссөз жүргізеді. Олар Шыңғыс хан жайлы фильм түсіру идеясын қорғап шығады. Сөйтіп 1986 жылы Ким Чен Ир Чхве мен Шинді Аустрия астанасына биографиялық фильмге қаржы табуға жібереді. 

Бұл сәтті екеуі көп күткен еді. 

Қашу

1986 жылы 12 наурызда жұп Венадағы InterContinental қонақүйіне барып, жапон журналисі Акира Энокиға оңашада сұхбат береміз деп сылтауратып, екеуіне еріп барған күзетшілерді бөлмеден шыға тұруға көндірді. 

Чхве мен Шин осы кезде қонақүйден қашып шығады. Екеуін күзетшілер көлікпен қуады. Кептеліс кезінде Чхве мен Шин таксиден түсіп қалады да, АҚШ елшілігіне жаяу жүгіріп жетеді.

1986 жылы 22 наурызда The New York Times газеті екеуінің Солтүстік Корея бақылауынан сәтті құтылып, АҚШ елшілігінен саяси баспана сұрағанын хабарлады.

Шин мен Чхве отанына — Оңтүстік Кореяға оралса, екеуін коммунистік режимнің тыңшысы әрі елін сатып кеткендер деп, бірден түрмеге тоғытар еді. Сол жылдары Оңтүстік Кореяда әскери диктатураға қарсы студенттер қозғалысы күшейіп, жастар қамау мекемелерінде жаппай азапталып жатқан. Оның үстіне, Оңтүстік Корея билігі бұл жұпты солтүстікке өз еркімен қашты деп есептейді. 

Күмән негізсіз емес. 1984 жылы 12 сәуірде, яғни екеуі әлі Солтүстік Корея бақылауында жүрген уақытта Шин мен Чхве Белградтағы баспасөз мәслихатында Солтүстік Кореяға өз еркімен барғанын айтқан. Ал UC-Santa Barbara профессоры Сук-Йон Кимнің сөзінше, Шин Оңтүстік Кореяда «саяси диссидент» те болған. Президентке қарсы шыққан әрбір азамат ол кезеңде бірден «қызыл коммунист» деген айыпты арқалайтын. Осыған байланысты оны Солтүстік Кореяға әдейі қашып кетті деп есептейді.  

Солтүстік Корея да Шин мен Чхвені агенттері ұрлап әкетті дегенді жоққа шығарып, олар елге өз еркімен қашып келді деп мәлімдеген.  

Дегенмен Оңтүстік Кореяның барлау басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Шин оны агенттер ұрлап кеткен соң люкс қонақүйлерден екі рет қашып кетпек болған. Бес жыл қамауға сол себепті жіберілген. Осыған қарағанда, режиссердің Солтүстік Кореяда қалатын ойы болмаған.

Ресми мойындау

Солтүстік Корея билігінің бақылауынан босап шыққан Шин мен Чхвэ АҚШ билігінің қорғауымен Вирджиния штатында екі жылдай жасырын өмір сүрді. 

Көп ұзамай Шин мен Чхвэ Лос-Анджелеске көшіп, 1990 жылдары Шин «Saimon Shin» деген лақап атпен режиссер әрі атқарушы продюсер ретінде жұмыс істеді. 

Солтүстік Корея жылдар бойы Шин мен Чхвэнің сөзін жоққа шығарып, оларды Шыңғыс хан туралы фильм жобасына арналған қаржыны жымқырды деп айыптаумен болды. Шин қанша қауіптенсе де, әйелі Чхвэ екеуі Оңтүстік Кореяға 1999 жылы оралды. Шин Оңтүстік Кореяда жұмысын жалғастырды. Ал актриса Чхвэ елге оралған соң елдегі кинематография туралы мәдени шараларға қатысып жүрді. 

2006 жылы сәуірде сексенге қараған шағында Шин Сан Ок асқынған дертінен дүниеден өтті. Қайтыс болғаннан кейін Оңтүстік Кореяның өнер қайраткерлеріне арналған ең жоғары марапат — «Алтын медальмен» марапатталды. Оны ел президенті Но Му Хён табыстаған.

Ал Чхвэ Ын Хи 2018 жылы 91 жасында ауруханада көз жұмды. Қайтыс боларынан төрт жыл бұрын ол Korean Popular Culture and Arts Awards марапаттау рәсімінде мәдениет саласындағы еңбегі үшін орденмен марапатталды. 

Екеуін де Оңтүстік Корея билігі Солтүстік Кореяның адам ұрлау операциясының құрбаны деп таныды.

Фото: Magnolia Pictures, KOFA

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Смотрим тизер третьего сезона «Алисы в Пограничье»
Культура
#кино
Смотрим тизер третьего сезона «Алисы в Пограничье»
Дастан Сатпаев стал самым молодым автором гола в истории Лиги чемпионов
Ликбез
Дастан Сатпаев стал самым молодым автором гола в истории Лиги чемпионов
В Центральной Азии запустили стипендиальную программу для начинающих художников
Ликбез
В Центральной Азии запустили стипендиальную программу для начинающих художников
В Казахстане запустилось новое коммуникационное агентство
Бизнес
В Казахстане запустилось новое коммуникационное агентство
Начались съёмки «Дюна: Часть 3» в Будапеште
Культура
#кино
Начались съёмки «Дюна: Часть 3» в Будапеште