Президент — жүз жылдық, абырой — мың жылдық

Қайрат Нұртас, Еркебұлан Дайыров, Темірлан Анарбеков, Мәдина Сәдуақасова, Алтынай Жорабаева — желіде миллиондаған оқырманы бар жұлдыздар жаңа Конституция мен референдумға жаппай жарнама жасап жатыр. Әлеуметтік желіде оларды қолдағандардан гөрі, «саяси тапсырыс орындаушы» деп айыптап, табалап жатқандар көп. ‘98mag авторы Ақдидар Әбдімәулен желіні шолып шықты және оның «жұлдыздарға» айтары бар. 

Қазақстан билігі жаңа Конституцияны дауысқа салмақ. 15 наурызға дейін Ата заңның жаңа нұсқасы жан-жақты талқылануға тиіс. Бірақ балама пікірді естуге құлықты билік көрінбейді: желіде заң жобасына қарсылық білдіргендерге полиция келіп, ұстап, әкімшілік жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалып жатыр.

Халық пікірін білгісі келген журналистер мен бақылаушыларға тіпті сұрақ қоюдың өзі мұң болды. Референдумды бақылау керек пе деген сұрақ үшін батысқазақстандық тәуелсіз бақылаушы айыппұл арқалады. Әдеттегідей, бюджеттік мекемеде істейтін, бір айлыққа қарап күнелтіп отырған мұғалімдер желіде жаппай пост жазып, жаңа заңға жаппай мадақ айтып жатыр. 

Балама пікірдің бәрі қудаланып жатқанына куә жұрт әнші, актер, спортшылардың жаңа заң туралы үстірт әрі пафосқа толы жазбаларын көргенде кірпідей жиырыла қалатыны бекер емес.

Әдетте қоғамдық не саяси-әлеуметтік мәселелерге жақ ашпайтын жұлдыздар жапа-тармағай жалынды жазбалар жариялап жатыр. Әлі тоқтар емес. Мәтіндері бір-бірінен айнымайды. Оның астындағы пікірлер де ұқсас: көпшілік сынап, сөгіп, қорлап, ұрысып, тіпті қарғап жатыр. Мұны, әрине, жазбасына пікір жазу мүмкіндігін біліп-білмей ашық қалдырған «қайраткерлерден» ғана көріп отырмыз. 

Ұқсас та үстірт үндеулер

Қазақтың әнші-әртістері саяси тақырыптардан аулақ жүреді. Бірақ саясат оларды қалаған уағында «сөйлейтін басқа» айналдырып алады. Елдегі саяси наразылықтар, сайлау мен референдум сияқты науқандар кезінде әншілер, актерлер мен спортшылар жылт етіп көрініп қалады. Олар бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ.

Фото Мадина Сәдуақасованың Instagram-парақшасынан алынды.

Әнші Мадина Сәдуақасова «қазіргі күрделі кезеңде ішкі тұрақтылықты сақтап, жүйелі реформаларды іске асыру — мемлекеттің басты жетістігі!» деп жазба жариялады. Ал әріптесі Қайрат Нұртас «еліміздің болашағы жарқын болуы үшін жаңа Конституцияны қолдаймын. Баршаңызды қолдауға шақырамын!» деген мазмұнда видео үндеу таратты. Екеуінің де миллиондаған оқырманы бар. Әр жазбасына жұрт жүздеген пікір қалдырып жатады. Бірақ олардың дәл осы жазбаларына пікір қалдыра алмайсыз. Жауып тастаған.

Алтынай Жорабаева мен Зарина Омарованың жазбалары айнымайды. Бірі «өнер халықпен бірге өмір сүреді» десе, екіншісі «өнер әрқашан халықпен бірге» деп бастаған.

Театр және кино актері Еркебұлан Дайыров алдымен «референдум — әр азаматтың жауапкершілігі. Мен өз таңдауымды жасаймын. Мен барамын!» деп, артынша жазбасын өшіріп тастады. Кейін «жалпыға жағамын деп, көнбістікпен күн көру — өз-өзіңді күнделікті өлтіру. Өлі адамнан өнер де, өмір де тумайды» деген философиялық пост шығарғанда, жұрт оның бұл әрекетін түсінбей қалды. Оқырманның «кешегі жазбаң қайда?», «біз сонда өлі адамбыз ба?» деген сауалдарына актер жауап бермеген. 

Фото Ренат Баситтің Instagram-парақшасынан алынды.

Әнші Ренат Басит (басқа әншілер сияқты) фотосына жаңа Конституцияны қолдаймын деген көк-сары түсті шеңбер қойған. Желіде мұндай шаблонмен сурет салып жатқандардың көбі — мемлекеттен қаржыланатын мекемелердің қызметкерлері. Лентада жарыса шыққан мұндай жазбалардың астына адамдар бетін басып, лоқсыған эмодзилер қалдырған.

Айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан жаңа Конституцияны әнмен түсіндіруге тырысқан. Олар айтқан өзгерістер ресми деңгейде онсыз да жарнамаланып жүр. Олардың «бейбіт елде ән айтып, заңды талдап жатқанымыз — бақыт» дегені күн сайын қудалау, ұстау, қамау, қысым туралы оқып отырған менің күлкімді келтірді. Екі ақын бізге «бүліктен сақтаныңыз» деп ескерту айтқан.

Фото Темірлан Анарбековтың Instagram-парақшасынан алынды.

Сайлаушыларды референдумға тартуға бағытталған бұл науқан елдің сүйіктілерін бір-ақ сәтте сүйкімсіз етіп шығарды. Мәселен, әйгілі қақпашы Темірлан Анарбеков «Конституция — біз өмір сүретін басты ереже. Оны жаңартып, ортақ құндылықтарымызды нығайту — уақыт талабы. 15 наурыз — бәріміз үшін маңызды күн. Болашағымыз үшін бірге дауыс берейік!» деп пост жариялады. Парақшасына пікір жаза алмайсыз. Бірақ Темірлан бұл жазба Threads-ке де шығып кеткенін, онда пікір жазу бағаны ашық қалғанын байқамай қалса керек. Жұрт футболшыны аяп жатқан жоқ: «Мынау “Қайраттың” ғана емес, биліктің де қақпасын қорғайды екен ғой». 

Әлеуметтік желіде «әртістердің парақшаларына шағым түсірейік, оларға жазылмайық, концерттеріне бармайық» деген үндеулер де бар. Бірақ қазақ қоғамында саяси мәселе төңірегінде кәнсілдеу жаппай сипатқа ие емес, әлсіз, қауқарсыз. Мұндай наразылық олардың имиджіне нұқсан келтіргенімен, сұраныс пен табысына әсер ететіндей нақты институционалдық күшке айнала алмай отыр.

Режим әртісі

Тарихта авторитарлық билікпен ауыз жаласқан өнер адамдарына қоғам «режим әртісі» деген атау берген. Бұл ұғым мемлекеттік үгіт-насихатқа қызмет еткен актерлерді, әншілерді, режиссерлер мен суретшілерді сипаттайды. 

Билік ауысқан сәтте олардың есімі де, еңбегі де қайта қаралып, әртістердің әр сөзі сарапқа салынады. Кеше ғана сахна төрінде тұрғандар ертең тарих сотына тартылады. Өнер — бейтарап институт деген уәж ол кезде жүрмейді. 

Мәселен, фашистік Италияда Муссолини дәуірінде фильмдерге түсіп, режим риторикасын қалыпты дүние ретінде көрсеткен актерлер соғыстан кейін қызу талқы объектісіне айналды.

Чилиде Пиночет диктатурасы кезінде мемлекеттік концерттерге шыққан әртістер «тек өнер көрсеттік» деген уәж айтқанымен, қоғам оларды «қараңғы кезеңнің көмекшілері» деп таңбалап қойды. Демократия орнаған соң қоғам кімнің қандай рөл атқарғанын саралауға тырысты. Кейбірі қысым болғанын алға тартты, бірақ архивтер мен афишалар олардың сахнаға өз еркімен шыққанын әшкерелеп берді. 

Испанияда Франконың авторитар билігі тұсында «ұлттық рухты» насихаттаған суретшілер мен мәдениет қайраткерлерінің дәрежесі биік болды. Бірақ демократия орнаған соң олар «режим эстетикасының өкілдері» деген дақты бойларынан кетіре алмады. Ал жаңа буын суретшілері, керісінше, еркіндік символына айналды. 

Әрине, Қазақстан Италия мен Испания да, әскери хунта билеген Чили де емес. Ол режимдермен Қазақстанды теңестіруден я салыстырудан аулақпын. 

Фото: @oyu.fest

Бұл мысалдарды тек мына бір заңдылықты көрсету үшін айтып отырмын: президент — жүз жылдық, абырой — мың жылдық. Қай елде болмасын, саяси конъюнктура өзгергенде кеше айтылған сөздер мен жария үндеулер қайта қаралады. Өнер билікті ұлықтаған сайын, оның саяси жауапкершілігі де ауырлай түседі. Авторитарлық жүйелер әртістерді марапаттайды, сахна береді, эфирге шығарады. Бірақ кейін сол сахна жарығы оларға басқа қырынан түсетінін ұмытпау керек.

Бәрін бірдей айыптауға да болмас, әркімнің өз таңдауы, азаматтық позициясы бар делік. Бірақ қазірге дейін шаблоннан шығып, салмақты уәжбен пікір айтқан әртіс көзге түскен жоқ.

Билікшіл үгітті әртістің бәрі бірдей жариялады дей де алмаймыз. Пікірін ашып айтпаған соң, мұндай пост салмаған әртістердің әрекеті оларға мұндай ұсыныс келмеді дегенді білдіре ме, әлде қарсылық танытып, шығармай қойды ма — оны да анық айта алмаймыз. 

Тек Қазақстандағы қазіргі саяси жағдайда жұрт науқан кезінде үнсіз қала білгеннің өзін зор позиция деп қабылдап отырғанын еске салайын.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
На выставке в Лондоне представили персонажа, вдохновлённого казахским фольклором
Ликбез
#общество
На выставке в Лондоне представили персонажа, вдохновлённого казахским фольклором
Milan Fashion Week FW26: ключевые показы сезона
Стиль
#мода
Milan Fashion Week FW26: ключевые показы сезона
Что посмотреть, чтобы отойти от «Грозового перевала»
Культура
#кино
Что посмотреть, чтобы отойти от «Грозового перевала»
Скорсезе возвращается: в Праге стартовали съёмки фильма «Что происходит ночью»
Культура
#кино
Скорсезе возвращается: в Праге стартовали съёмки фильма «Что происходит ночью»
Instagram планирует добавить функцию контроля поисковых запросов детей
Бизнес
#технологии
Instagram планирует добавить функцию контроля поисковых запросов детей