Қазан айының соңғы демалысында 16 команда бақ сынаған Қазақстан Премьер-лигасының маусымы мәресіне жетті. Биыл чемпиондыққа талас ақырғы турларға дейін тартысты өтті, ал медальдар мен еурокубок жолдамаларына талас қызған тұста даулы трансферлер сәтсіздікке ұшырап, бапкерлер қызметтен кетіп, күтпеген сенсациялар боп жатты. Чемпиондық таластан бөлек, биылғы турнир сұрмергендер арасындағы қызық бәсекемен және турнир кестесінің төменгі жағындағы нағыз драмамен есте қалды.
Осы орайда ‘98mag журналы 2026 жылғы маусымның қалай өткенін, жылдың бас қаһарманы кім болғанын және ардагерлермен жасалған құны миллиондаған келісімшарттар неге нәтиже бермегенін шолып шықты.
«Ордабасы» — чемпион

Фото: ФК «Ордабасы»
Алматылық «Қайрат» екі жылға созылған үстемдігін сақтап қала алмады. Есесіне Андрей Мартиннің жетекшілігімен тамаша маусым өткізген шымкенттік «Ордабасы» өз тарихында екінші рет чемпион атанып отыр. Маусым қорытындысы бойынша, 68 ұпай жинаған команда ең көп жеңіске жетіп (21), лигада ең аз гол жіберді (23). Енді шымкенттіктер Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіне қамданып жатыр.
Алтынға талас тосын өзгеріске толы болды. Мәселен, маусымның алғашқы үштен бір бөлігінде лигадағы ең қымбат құрамға ие «Қайрат» нық көш бастап тұрды. Алайда 28 мамырда шымкенттіктер алматылықтарды алғаш рет жеңіп (2:1), бірінші орынға шықты. Жаз айларында көшбасшы бірнеше рет ауысты: шілдеде «Қайрат» лық толы трибуналар алдында Марк Гуаль мен Юкколаның голдарының арқасында бас қарсыласын 2:1 есебімен ұтса, көп ұзамай «Ордабасы» «Тобылды» жеңіп, жауап қатты. Шешуші сәт 13 қыркүйекте Алматыда болды: «Тобыл» күтпеген жерден «Қайратты» үлкен айырмамен жеңді (4:1).
Дегенмен кей спорт шолушысының пікірінше, осы маусымдағы шымкенттіктердің жеңісті жолы төрешілердің жұмысына қатысты даулы эпизодтарсыз өткен жоқ. Мысал ретінде көбіне бірінші айналымдағы «Атырауға» қарсы матч аталады (1:1).
Нағыз драма маусым соңында болды. 29-турда «Ордабасы» өз алаңында «Жеңіспен» ойнап, чемпиондықты бір тур бұрын қамтамасыз ете алар еді. Елордалық клубтың бас бапкерсіз қалғанын ескерген жанкүйерлер алаң иелері оңай жеңір деп күткені жасырын емес. Бірақ кейінірек «Жеңістің» атқарушы директоры Айдын Қожахмет айтқандай, айқын аутсайдер мәртебесі команданы тек қайрай түскен. Нәтижесінде қонақтар табан тіресе тең ойнап (1:1), шымкенттіктердің мерекесін кейінге шегерді.
Дегенмен интрига ұзаққа созылмады. Келесі турда «Қайрат» Марк Гуальдің әсерлі жеке ойыны мен соққан голына қарамастан, Ақтөбеде ұпай жоғалтты (2:2). Алматылықтардың бұл сәтсіздігі «Ордабасыны» мәреге бір тур қалғанда де-факто чемпион етіп жіберді. Қолдан ұшқан титулдан кейін Рафаэль Уразбахтин «Қайраттың» бас бапкері қызметінен кетіп, команданы уақытша басқару Жора Арутюнянға тапсырылды.

Фото: ФК «Кайрат»
Бар марапатты Бьорн Йонсен қанжығалады!

Фото: Aktilek Turekhan / bjornjohnsen9 / Instagram
Қазақстан біріншілігі тарихында алғаш рет сұрмергендер бәйгесінде командаға маусым ортасында қосылған футболшы жеңіске жетті. Оның үстіне сұрмергендер тізіміндегі бірінші және екінші орындарды лигаға жазда келген Бьорн Йонсен мен Марк Гуальдің иеленгені де бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Айтпақшы, «Тобылдың» сербиялық сұрмергені Урош Милованович те 12 гол соғып, екінші орында Гуальмен бірге тұр.
Норвегиялық Йонсен «Ордабасы» сапында алғаш рет 14 маусымда алаңға шықты. Қыркүйектің ортасына қарай оның еншісінде 8 гол болды. Ол кезде шабуылшы матчтардың жартысын ғана өткізгеніне қарамастан, оның голдары команда соққан барлық голдың 17 пайызын құрады.
Ал ең нәтижелі кезеңі күзге тұспа-тұс келді: «Атырау» (3:0) және «Қайсармен» (4:1) өткен ойындардағы қатарынан екі хет-трик оған 11 қазанда сұрмергендер арасында топ жаруға мүмкіндік берді. Жалпы оның еншісінде 14 гол бар, оның бесеуі командаға жеңіс әкелді. Бұл — лигадағы ең үздік көрсеткіш. Норвегиялық шабуылшы бұл санды 15-ке де жеткізе алар еді, алайда «Жеңіспен» ойындағы голы офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Испаниялық Гуаль үздік сұрмерген атағы үшін таласқа сәл кешірек қосылды. Ол 18 қазанда павлодарлық «Ертіспен» өткен кейінге шегерілген кездесуде (5:0) хет-трик жасап, ойынның үздігі болды. Ал 12-голын қарсыластың қорғанысын жалғыз бұзып өтіп, «Ақтөбе» қақпасына соқты.
Қызық сәйкестік: қос легионер де ҚПЛ-дағы алғашқы голын жаңа клубындағы үшінші ойынында соққан. Мәселен, Йонсен 15-турда көзге түсіп, «Ордабасыға» сырт алаңда «Ұлытауды» жеңуге (1:0) көмектесті. Ал Гуаль 14-турда «Қызылжарды» қонақта жеңген ойында (4:2) гол соқты. Нәтижелі пас бергендер арасында «Ақтөбе» ойыншысы Агустин Пасторица жеке дара көш бастады — оның еншісінде 10 ассист бар.
Жұлдызды ардагерлер ақыры нәтиже берді ме?
Әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың келуі ҚПЛ клубтарына бұрын-соңды болмаған медианазар әкелгенімен, алаңдағы нәтиже көңіл көншітпеді. Соның ішінде ең үлкен сәтсіздіктің бірі — «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы жұлдызы Нанидің «Ақтөбеге» ауысқаны. Лига тарихындағы ең жоғары жалақыны алған португалиялық алаңға шыққаннан кейін үш минуттан соң нәтижелі пас беріп, жарқын дебют жасағанымен, әрі қарай сол қарқынын сақтап қала алмады. 23 матчта ол небәрі 1 гол соғып, 5 нәтижелі пас берді.
Жалпы клуб үшін де маусым сәтсіз өтті: «Ақтөбе» бесінші орын алып, тағы да еурокубоктарсыз қалды. Оның үстіне маусым барысында бас бапкер Штефан Таркович қызметінен босатылды, ал Нани маусым соңында кететінін мәлімдеп үлгерді.

Фото: fcaktobe_official / Instagram
Осыған ұқсас жағдай Виктор Мозестің де басынан өтті. «Челсидің» бұрынғы ойыншысы «Қайсарға» еркін агент ретінде қосылғанымен, БАӘ-ден дер кезінде ұшып жете алмай, алғашқы турларды өткізіп алды. Нәтижесі — 17 матч, 2 гол мен 1 ассист. Жаңа стадион салып, бюджетін ұлғайтқан клуб маусым бойы небәрі төрт ойында жеңіске жетіп, үлкен үмітпен бастаған маусымын Бірінші лигаға түсумен аяқтады. Көріп отырғанымыздай, жұлдызды есімдер жүйелі ойынның жоқтығын өтей алмады.

Фото: fcsm_official / Instagram
Ринат Алюетовтің сенсациясы мен «Астананың» қоласы

Фото: fcokzhetpes / Instagram
Биылғы маусымның бас жаңалығы Ринат Алюетов жетекшілік еткен «Оқжетпес» болды. Турнир бойы көкшетаулықтар үздік төрттіктен түспей, чемпионат басында тіпті алғашқы үштікке кіріп үлгерді. Алайда маусым ортасына қарай шектеулі бюджет пен қосалқы құрамның жұқалығы әсерін тигізбей қоймады: команда жиі ұпай жоғалтып, «Астананың» алға шығуына мүмкіндік берді.
Соған қарамастан Алюетовтің шәкірттері сағы сынбай, соңына дейін медаль үшін жанкешті күресті. Мәселен, соңғы турда олар сырт алаңда «Елімайды» 4:1 есебімен жеңіп, елордалық клубпен ұпай санын теңестірді — екеуінде де 54 ұпайдан болды. «Оқжетпестің» жеңісі көбірек болғанымен, регламент бойынша қола медаль мен Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне жолдаманы Григорий Бабаянның командасы алды. Өйткені олардың соққан және жіберген доптарының айырмасы жақсырақ еді.
Жекелей алғанда, астаналықтар сапында 11 гол соққан Марин Томасов тағы да көзге түсті. Дегенмен Көкшетаудың Еуропаға тарихи жолдама алудан әлі де үмітті: егер «Ордабасы» ел Кубогын жеңіп алса, төртінші орын алған «Оқжетпестің» еурокубокқа шығу мүмкіндігі сақталады.
ҚПЛ-да қалу жолындағы драма
Кестенің төменгі жағындағы тартыс соңғы турдың қорытынды ысқырығына дейін жалғасты. Жоғары лигадағы орнын сақтап қалуға тырысқан клубтардың тағдыры соңғы сәтке дейін қыл үстінде тұрды. Мәселен, «Алтай» жанкешті ойында «Қайратпен» тең түсіп (1:1), Премьер-лигадағы орнын әрең сақтап қалды.
Ал «Жетісу» «Астанамен» өткен матчта барын салып, ойынды тең есеппен аяқтады (2:2), бірақ бұл жеткіліксіз болды. Талдықорғандықтарға ҚПЛ-де қалу үшін тек жеңіс қажет еді. Сондықтан тең ойын олардың тағдырын шешті: маусым бойы қорғаныста ең нашар нәтиже көрсетіп, 49 гол жіберген команда ҚПЛ-мен қоштасты.
Олармен бірге Талғат Байсуфинов жетекшілік еткен «Қайсар» да Бірінші лигаға аттанды. Команда шешуші матчта «Жеңіске» 1:2 есебімен есе жіберді. Келесі маусымда олардың орнын «Шахтер» мен «Тұран» басады. Ал Бірінші лигада екінші орын алған «Қайрат-Жастар» регламент бойынша негізгі командамен бір дивизионда ойнай алмайтындықтан, жоғары лигаға шығу құқығынан айырылды.
Маусымның ресми жабылуы 7 қарашада өтеді. Түркістанда Қазақстан Кубогының финалында жаңадан чемпион атанған «Ордабасы» элитадан шығып қалған «Қайсармен» кездеседі. Егер шымкенттіктер жеңіске жетіп, алтын дубль жасаса, жоғарыда айтқанымыздай, еурокубок жолдамасы биылғы маусымның бас сенсациясы — төртінші орын алған «Оқжетпеске» бұйырады.
Мұқаба: fc__ordabasy / Instagram