Неге «Ауатарды» таңдады
Аңызға айналған «Ауатарды» кейінгі төрт жылдан бері QialDub және AniDybys студиялары қазақша дубляждап жүр. Жастар қазақша дубляжды заманауи қазақ тілі мен трендтерге сай дамытып, қазақша контенттің көбеюіне үлес қосқысы келеді.
Еріктілер тобы қазірге дейін «Ауатардың» бірінші маусымын толық дыбыстап біткен. Оны тек Telegram-дағы жабық әрі ақылы чаттан көруге болады. Чатқа қосылған адамдар — «Ауатар демеушілері». Еріктілер демеушілерін әлеуметтік желілерден жинаған. Қазір чатта 200-ге жуық адам бар.
Жоба авторы әрі аударма редакторы Мақсат Арзаман бұл мультсериалды таңдауға бірнеше себеп болғанын айтады.
— «Ауатар» мультсериалы шығыс әлемінің пәлсапасы мен тәрбиесіне негізделген, рухани даму және табиғатты қастерлеу тақырыптарын көтереді, — дейді Мақсат. — Сонымен қатар ұлттық сана-сезім мен отарлауға қарсы тұрудың маңызын ашады. Кез келген жақсы ойластырылған туынды тәрізді «Ауатарда» да көтерілген тақырыптардың тәрбиелік мәні тікелей нұқу арқылы емес, сюжет пен кейіпкерлердің дамуы арқылы астарланып беріледі.
Дубляж режиссері Әмір Өсерхан бұл мультсериалдың кішкентай балаларға берер пайдасы өте зор, ересектерге де керек мәселелер көтерілген деп есептейді.
— Әйел теңдігі, ұлттардың бөлінуі сияқты мәселелер көрінеді, тіпті қазақтың «бірлік бар жерде тірлік бар» деген мультхикаяда жасырылған мақалын да көруге болады, — дейді ол.
Мақсат Арзаман
Заманауи тілді қолдану маңызы
Еріктілер Avatar сөзін «Ауатар» деп алған. Мақсат Арзаман бұл үшін Тіл білімі институтындағы тіл мамандарының «пәтуасын» алдық дейді. Оның сөзінше, мамандар «В» дыбысының «У» дыбысына ауысымы қазақ тілі заңдылығына сай келетін құбылыс екенін растайтын құжат жазып берген.
Олар Aang есімін ағылшынша айтылуына сай, «Әң» деп бейімдеген. Аппа атты ұшатын бизонға Әң айтатын ағылшынша hip-hip пәрменін аудармашылар «шап-шап» деп аударған. Ал yep деген сөзді «иәп» деп айтады.
— To bend сөзінің тура мағынасы «бүгу». «Ауатар» әлемінде ол әлдебір табиғат күшін меңгеру деген мағына береді. Дубляжда «меңгеру» сөзі көп жағдайда ерінге үйлеспейтіндіктен, бұл сөздің етістігін «ию» деп ықшамдап аудардық, содан туындайтын bender деген зат есімді екі нұсқада бердік: июші және күш иесі, — деп түсіндірді топ өкілі.
Жастар мультсериалдағы төрт дүлей күшті меңгеру процесін Ауа ию (Airbender), От ию (Firebender), Су ию (Waterbender), Жер ию (Earthbender) деп аударса, сол күштерді меңгерген адам соның иесіне айналатындықтан, оларды Ауа иесі, От иесі, Су иесі, Жер иесі деп бейімдеген.
От халқы тілек, ақжол айтқанда «Жарығың сөнбесін» дейді, ал еркелеткенде «алауым» деп мейірленеді. Жеңіліске қатысты сөздерді кейбір кейіпкерлер «жер қылу» деп аударылған. От халқы өлім туралы айтқанда қазақта кең тараған «оты сөнді» тіркесін қолданады. Су тайпасы «Судың да сұрауы бар» деген мәтелді естисіз.
— Кез келген аударманы көрермен жақсы қабылдайтындай етіп жасауға болады. Оған қажет басты нәрсе — аударма концепциясы, идеясы, — дейді Мақсат. — Аударманы жай аударма емес, қосымша идеясы, формасы және мессежі бар болатындай етіп істеу керек. Біздің нұсқаның негізгі идеясы мен мессежі — дубляжда қазақ тілінің әлеуетін жан-жақты ашу, әр өңірдің сөйлеу мәнерін көрсетіп, сол арқылы қоғамдағы ксенофобия мен тілге байланысты алауыздықты, таптаурынды, жалған түсініктерді азайту.
Мақсат қазақша дубляж дамып, көпшілікке таралуы үшін аудармаға заманауи тіл ерекшеліктерін де қосу қажет дейді.
— Сленг — әр тілдің ажырамас бөлігі. Ауызекі стиль, сленг, диалект — «тірі» тілдің белгісі, осындай тілге негізделген дубляж ел арасында таралып, елеулі мәдени құбылысқа айналуы әбден мүмкін, — дейді Мақсат. — Өйткені ол бұқараға бірден түсінікті әрі қолайлы тіл элементтерін пайдаланады. Сондықтан заманауи тілді қолдану маңызды.
Қазақстан өңірлеріне бейімдеу
«Ауатарда» төрт ұлт бар. Еріктілер солардың сөйлеу мәнерін Қазақстанның төрт аймағына сәйкестендірген.
Мысалы, От халқы батыста орналасқан. Сондықтан ол халықтың сөйлеу мәнерін Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе мен Маңғыстауға өңіріне бейімдеген. Су тайпасы — Қазақстанның оңтүстік өңірінің, Жер патшалығы шығыстың сөйленісін қолданады. Ал ауа кезушілер көшпенді халық болғандықтан, олар барлық сөйленісті қолдана береді. Бірақ Ауатар Әң жүз жыл мұз ішінде жатып, бәрін ұмытып қалған, сондықтан ол төрт күшпен бірге төрт сөйленісті де үйренеді.
Аударма концепциясында «Бұл идеяның түпкі мақсаты — Қазақстанның әр өңірінің тіл байлығын көрсетіп, сөйленіс немесе аймақтық сөздер қалыпты құбылыс, норма екенін халыққа жеткізу» деп жазылған.
— Қазақстанда әр өңірдің тіліне қатысты ксенофобия бар екенін бәріміз білеміз, — дейді концепция авторы Мақсат Арзаман. — Әсіресе оңтүстік пен батыс сөздерін біреу қолдана қалса, кейбір адамдар жаман көзбен қарап, қазақ тілін бұзып жатырсыңдар деген сияқты орынсыз әңгіме айтады. Ғалымдар бұл әңгімелердің қисыны жоқ екенін біледі, бірақ көпшілік оны түсіне бермейді.
Мақсаттың айтуынша, зиялы қауым өкілдері арасында диалектіні менсінбей, оны қолданып сөйлейтін адамдарды дискриминациялап, шеттететіндер де бар. Бірақ Мақсат «диалект — қазақ тілінің байлығын, алуан түрлі формасын, әлеуеті мен бағдарын көрсететін тіл құбылысы» дейді.
— Ауатар» мультсериалына қазақ тілінің аймақтық сөздерін қосу арқылы біз ел ішіндегі тілге, аймаққа бөлінуді, соның кесірінен туатын ксенофобия мен өшпенділікті азайтамыз, — дейді Мақсат. — Демек «Ауатар» аудармасының басты идеясы — қазақтар бір-бірін сөйлеу ерекшелігі үшін шеттетпеуі керек, өйткені әр аймақ біртұтас алуан түрлі тіл байлығымыздың ажырамас бөлшегі.
Дыбыстау
Бастапқыда дыбыстаумен еріктілер ғана айналысып, кейін қатарға кәсіби мамандар да қосылған.
— Кішкентай кезімде көрген Nickelodeon, Jetix сынды арналардың мультсериалдарын қазақ тілінде неге шығармайды екен деп ойлайтынмын. Өсе келе дубляж актері боламын деп шештім, — дейді Әмір Өсерхан.
Ол 2020 жылы өз бетінше түрлі туынды үзінділерін дубляждай бастап, QialDub тобына қосылған. Қазір Әмір — дубляж актері әрі режиссері.
Ал бас кейіпкердің бірін дубляждаған Баян Русланқызы «Ауатарға» дейін бұрын-соңды бұл салада жұмыс істемеген.
— Әлемдік деңгейге шыққан аниме жанрындағы мультсериалды қазақ тіліне дыбыстау үлкен белестің бірі деп ойладым, — дейді Баян. — Қазір біздің миссиямыз — өз тілімізді биік қойып, тек қазақша дыбысталған дүниелерді халыққа көрсетіп, жеткізу.
Ауатар демеушілері
«Ауатардың» бірінші маусымын аяқтауға сегіз ай уақыт кеткен. Бұған демеуші аздығы, топ мүшелерінің уақыты аз болғаны, ұйымдастыру мәселесі, техникалық ақаулар себеп болған.
Қазір олар «Ауатардың» екінші маусымына қаражат жинап жатыр. Донат жіберген адам «Ауатар демеушілері» жабық чатына қосылады да, дубляжы дайын шығарылымды көре алады.
— Чатқа қосылу бағасы — 10 мың теңге. Одан бөлек, әр маусымды бастар алдында чат мүшелерінен мүмкіндігінше қаржылай қолдау көрсетуін, донат жіберуін сұраймыз, — дейді топ мүшесі Мақсат. — Жиналған қаржы бір жобаны асықпай отырып бітіруге жетеді. Дубляжды толық аяқтаған соң біраз уақыттан кейін туындыны ашық платформаларға жариялаймыз деген жоспар бар.
Дубляж тобы чатта демеушілермен ой алмасып, сұрақтарына жауап беріп, аударма, дубляж сапасын талқылап отырады. Бұған қоса, Астана мен Алматыда көрсетілімдер өткізіп, талқы жасап тұрады.
Бұл жұмыстан еріктілер табыс таппайды. Донаттың бәрі ұйымдастыру жұмыстары мен актерларға жұмсалады.
— Қазақша контент пен сапалы дубляжды дамытуға үлес қоссақ дейміз. Табыс әкелмейтін жобалар жасап жүріп, біртіндеп ауқымды, ресми деңгейге шыққымыз келеді, — дейді Мақсат.
Қазақша дубляждың ахуалы
2023 жылы мәдениет және спорт министрі болған Асхат Оралов жыл сайын прокатқа қазақша дыбысталған 15 фильм шығады деп уәде берген. Бұған 443 млн теңге жұмсалмақ болған. Бірақ бұл жоба толық іске асқан жоқ.
Бастапқыда қазақша дубляжды түрлі демеуші қолдауымен «Болашақ» корпоратив қоры жүзеге асырып отырған. «Власть» сайтының ақпаратынша, олар 10 жыл ішінде қазақ тіліне 38 фильм дыбыстаған.
Дыбыс режиссері Диас Балабидің сөзінше, қоғамда «қазақша дубляж болса, демек ол сапасыз дүние» деген ой қалыптасып қалған. Сол себепті оған сұраныс та аз болады. Бірақ, оның пікірінше, бұл түсінік бірте-бірте өзгеріп келеді.
Биыл маусымда Қазақстанда «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі қазақша дубляжда шықты. Туынды Disney компаниясының қаражатына қазақшаға аударылды. Оның орыс тіліндегі дубляжы да Қазақстанда істелді.
Бұдан бөлек, «Гадкий я 4», «Веном: соңғы би», «Жабайы робот» фильмдері де қазақша дубляжда көрерменге жол тартты. Қарашаның аяғында кинотеатрларда «Моана 2» анимациялық фильмі көрсетілмек.
— 15 фильм дубляждалмаса да, осы жылы Hollywood студиялары төрт фильмді өз қаражатына қазақша дубляждады. Яғни үдеріс те, үрдіс те таралып жатыр деген сөз, — дейді Мақсат Арзаман. — Дубляждың ахуалына кім жауапты дегенде нақты бір ғана адам я бір тарап туралы айта алмаймыз. Мұнда билік, бизнес, кинотеатр және тұтынушылар бар. Ешбір тарап өз мүмкіндігін толық қолданып жатқан жоқ. Бірақ осылардың арасынан әуелі билік пен бизнес дубляж саласын қолдайтын қарқынды әрекет жасауы керек екенін бәріміз түсінеміз.