TikTok «атаманы» Сасақ қалай мемге айналды?

«Уа, мейірімсіз махаббат, мен қатынсыз қалам ба мына өмірде? Өмііір!» деген сөз — ең танымал қазақша мемдердің бірі. TikTok-та бұл мем 7,3 млн рет қаралған, оның дыбысы 900 ге жуық рет қолданылған. Бұл видеоның авторын жұрт қазақ TikTok-ының негізгі жұлдыздарының бірі санайды. Бірнеше жыл бұрын анайы, аморал әзілдерімен аты шыға бастаған 21 жастағы Асылбек Күнділдә aka «Сасақ» қазір — онға жуық брендтің амбассадоры. ʼ98mag журналы Сасақпен сөйлесіп, оның образы бірнеше жылда қалай өзгергенін жазып шықты. 

Алғашқы аккаунт

Асылбек Күнділдә Сасақ деген лақап атты 2019 жылы тапқан. Бірінші рет «Вконтакте» желісіндегі парақшасын солай атаған. Өзінің айтуынша, бұл ат «сасақ — та*ақ» деген әзілге сұранып тұратыны болмаса, терең мағынасы жоқ. 

«ВК-ның» кезінде әркім әртүрлі ат ойлап тауып қойып жүрді ғой, есіңізде ме? Біреу — Жапырақ, екіншісі Балауса болды. Сол кезде мен де «ерекше» жасөспірім болғым келіп «Сасақ» дей салдым. Тілім енді шығып келе жатқанда бауырсақты осылай атаған екенмін. Есіме түсіп кетті. Содан бері небір «приколға» тойдым. Естімесем, бірдеңе жетпей тұрады».

Екі жылдан кейін Асылбек алғашқы TikTok парақшасын ашады. Ол кезде Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің Тарих факультетіне енді оқуға түскен. Блогер болам деген ойы болмаған, «айналдырған 14 досын күлдіру үшін» танымал мемдерді қайталай бастаған. 

«Бір күні универден келіп тамақ ішіп алдым да, видео түсіруге отырдым. Ноутбукты ашып, «Uvuvwevwevwe Onyetenyevwe Ugwemubwem Ossas» дедім. Сөйтіп TikTok-тан шығып кеттім. Кешке ашып қарасам, 1.5 млн қаралым, алғашқы 5 мың жаңа жазылушы келіпті».

Осындай бірнеше мемді қайталап, аудитория жинаған соң Асылбек «қолынан бірдеңе келетінін» түсініп, енді өзі «POV» дейтін форматта видеолар түсіре бастайды. Цензурасыз, аморал стиль сол кезде пайда болған. Олар негізінен студенттік өмір, мектеп түлектері, ата-ана, мұғаліммен болатын «жиза» жайттар туралы видеолар еді. 

Асылбек «TikTok-та қандай болса, өмірде де сондай». Ешқандай образ, стильді арнайы ойластырмаған. 

«Мен басқалардың эмоциясын оятқаннан ләззат аламын. Ол жақсы ма, жаман ба, маңызды емес. Сен менің әрекетімнен эмоцияға ерік берсең, жеңілдің деген сөз. Мұның «кайфын» ВК-ның кезінде түсінгем. Ол жерде «остроумный челиктердің» талқысына көп араласатынмын. Олар үнемі сенің жыныңа тиетін бір ойды тауып алып айтатын. Троллиң ғой. Менің бір тақырыпта нақты пікірім болмауы да мүмкін. Бірақ бір пікір сенің жыныңа тисе, мен оны айтамын»

Бірінші курсының аяғына дейін Асылбек осылай жүріп 83 мың жазылушы жинайды. Бірақ сол кезде оның видеоларын әкесі көріп, парақша жаңармай қалады. 

«Әке-шешеме видеоларымды туыстарым көрсетіпті «балаң не істеп жүр?» деп. Бір күні үйге келсем, папа диванға отыр дейді. Не болды деп қарағанда а*п еткізіп шапалақпен салып қалды. «Менің қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төгіп жүрсің. Бәрі сенің балаң ба деп жатыр» деп ұрысты. Сапасы қайтыс болған Vivo V17 деген телефонымды тартып алды. Мен ашуланып үйден кетіп қалдым»

Содан Асылбек 2022 жылдың екі ай жазын телефонсыз, көңілсіз, құрылыста су тасып өткізген. Әкесі ашуы басылғанда телефонын қайтарып берген. Бірақ Асылбек «ақша таппадым, әке-шешемнің абыройын төктім. Менен блогер шықпайды екен» деп, бір дәмханаға даяшы болып жұмысқа тұрған.

Қазір оның алғашқы видеолары TikTok-та жоқ. Ештеңе түсірмеймін деп шешкенде аккаунтын шетелдік біреуге 400 мың теңгеге сатпақ болған. Бірақ ақшасын алмай жатып, поштасы мен құпия сөзін беріп қояды. «Содан ақша да жоқ, аккаунт та жоқ, бәрін сі*іп кеткен. Қазір ол жақта казино ойнатады». 

Талант шықпай қоймайды екен

Асылбектің Sasaqasok дейтін қазіргі аккаунтына бірінші видео 2022 жылдың шілдесінде жүктелген.

«Шығармашылық энергия деген сыртқа шығуы керек екен ше. Содан өзім ойламаған жерден екінші аккаунтымды ашып, видеоларды сала бастадым. Әке-шешем біліп қоймасын деп тығылып түсіремін. Солай бір видеом 800 мың қаралым жинады»

Сасақ сол баяғыша аңыз мемдерді, трендтерді қайталайды, айналасындағы қыз-жігіттерді мазақтап, келеке етеді. Бір айдан кейін оның жартылай жалаңаш тұрып, жоғарғы курс студентін сомдаған видеосы 2.1 млн қаралым жинайды.

 

@sasaqasok #stitch с @Khamelyan🍯 #sasaqasok #рек ♬ оригинальный звук – Сасақ

Сасақ 15 мың жазылушы жинағанда оны алғаш рет үлкен бренд серіктес болуға шақырады. Осылай TikTok-та 1Fit-тің қазақша парақшасы ашылып, Сасақ сондағы авторлардың бірі болады. 

«Маған «гоу работать» дегенде «иебааа, мен ақша таба алам ба?» дедім. 50 мың теңгеге 10 видео түсіреміз деп келістік»

Сасақ жарнама кезінде идеяларына «фильтр» қоя бастаған. Бірақ сол кездегі қазақша 1Fit видеоларынан оның қолтаңбасын тану оңай: белден төмен әзілдер мен қимылдар, түрлі субмәдениет өкілдерін мазақтау, анайы пародия.

@1fit.qazАниме авада денсаулық мамаға!

♬ давай просто летать – 𝓈𝓅𝑜𝓉𝒾𝒻𝒻𝓎.𝓂

Бірақ бір жыл ішінде ол контентіне тереңірек контекст, ақпараттық ілік қосып, тұрақты түрде жүздеген мың қаралым жинайтын деңгейге жетеді. 2023 жылдың аяғына қарай 1Fit-те ҰБТ-ты, жатақхана туралы видеолар жүздеген мың, танымал трендтердің пародиясы миллиондаған қаралым жинай бастаған.

@1fit.qazПодпишись💙

♬ Привет – 𝒮𝓅ℴ𝓉𝒾𝒻𝒻𝒻𝒻.𝓋

Ал Сасақтың өзінің жеке видеолары күн тәртібіндегі басты тақырыптардың айналасында жүреді.

@sasaqasok инста:slbkndll #рек #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

«Осы кезде видеоларды жай түсіре салмай, аудиторияға анализ жасай бастадым. Басқалардың парақшасын қарап, ізденемін. Екі-үш түрлі аккаунт ашып, екі-үш түрлі «рек» көремін. Оларды өзіме, 1Fit-ке, тағы басқа аккаунттарға түсіріп, ай сайын құны жоқ жүздеген видео жариялап, тексеремін. Сөйтіп үшінші курстың басына қарай тәжірибе жинап алдым. Сол уақытта Астанаға Алматыдан Әмір де (@Amirkins) көшіп келіп, екеуіміз жақсы тандемге түсіп кеттік».

Amirkins деген атпен танымал 21 жастағы Әмір де Асылбекпен бірдей TikTok түсіре бастаған. Кейін екеуі желіде танысып, бірге жұмыс істей бастайды. Қазір көрермен TikTok-та екеуін дуэт ретінде қабылдайды. 

«Екеуіміз де 2004 жылғымыз, тіл табысып кеткеніміз содан шығар. Контент, идея бойынша көзқарасымыз бірдей. Бірақ адам ретінде әртүрліміз. Әдетте маған «фильтр» қоятын — сол»

Amirkins пен Сасақ қазақша 1Fit аккаунтына 40 мыңға жуық жазылушы, 4,6 млн лайк жинаған. 2023 жылдың аяғында 1Fit стратегиясы өзгеріп, маркетиңге жауап берген топ тарайды. Сол жылы қарашада парақшада екеуінің соңғы видеосы жарияланады. Одан бері парақша 5 рет қана жаңарды.

«1Fit-ке осылай бір жарым жыл өмірімді беріп кеттім» дейді Сасақ. 

Ең топ клоун

1Fit эрасынан кейін екі-үш ай шығармашылығы тұралап қалған Сасақ «апатияда болған». Бірнеше ай түсініксіз брендтерге жарнама түсіріп, не істеп жүргенін білмеген. Содан өзінің блогерлік жолын таразыдан өткізген. 

«Анализ жасадым. Мен TikTok-тағы қарапайым клоунмын. Мен сияқтылар көп. Мен солардың қарапайым біреуі болып қалдым. Сосын жүрдім де, «клоун болсам, онда ең топ клоун болғым келеді» дедім. Солай эмоцияға беріліп тұрған кезімде телефонымды біреуге ұстаттым да, айғайладым: «Уа, мейірімсіз махаббат, мен қатынсыз қалам ба мына өмірде?» деп.

@sasaqasok Өмір✅ #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

Бұл видео жариялана салысымен адамдар оған «жаңа тренд» деп ат беріп қойды. Кейін осыған ұқсас басқа видеолары да миллионнан астам қаралым жинап, Сасақ өзіне жаңа «статус» алды. 

«Сол кезде жай TikTok түсіріп «рекке» кіру деген деңгейден «мем болу» деген деңгейге көтерілдім. Осы деңгейде өзімді жайлы сезіне бастадым. Құр қаралым жинап жүре берсең, адамдар саған күледі де, өткізіп жібереді. Ал мем болған кезде сені біледі, есінде сақтайды, саған күледі әрі талқылайды. Оны қалай жасаудың формуласын таптым деп айта алмаймын. Бірақ сондай артықшылықтары барын көріп жатырмын. Бірақ «қатынсыз қалам ба?» деген сөзіме адамдар неге күлетінін түсінбеймін. Ол негізі менің — жанайқайым».

Осы кезде Сасақтың мем-пародияларының да алтын дәуірі туғандай. Оның көшіріп түсіретін видеолары түпнұсқадан да көп таралып, бәрінің астында дерлік көрермен бірінші видеоның сілтемесін сұрайтын пікірлер жазылған. Сасақтың бұл өнерінің сырын түсіндіру қиын.

@sasaqasok Ауызға алған 25 #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

«Жетінші сыныптан бері шығармашылыққа бейіммін, әйтеуір. Youtube-қа видеолар түсіретінмін. Minecraft ойнап, летсплей түсіретінмін. Содан шығар» дейді. 

Алғашқы хит

Сасақтың мем болу жолындағы тағы бір жарқын қадамы 2024 жылдың жазында басталған. Шілдеден бастап ол TikTok-та ән жазуға кіріседі. Бұрын жекелеген видеолар мен трендтерді ғана қайталап жүрген ол бұл жолы бүтін бір жанрға пародия түсірем деп шешеді. Видеода біреу Сасақты көшеде тоқтатып, қандай өлең тыңдап келе жатқанын сұрайды. Сасақ танымал бір әннің атын айтады. Бірақ ол, әрине, Сасақтың нұсқасындағы пародия болып шығады.

@sasaqasok Жаным ау сен! Егер Бангкокта модель болуды білсең! @Алмаз Мержакыпов #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

«Еріккеннен сондай әндер жазып, шығарып жүргенмін. Кайф, бәрі күледі. «Күшті» дейді. Бір күні фастфуд дүкендері тұратын жерден өтіп бара жатсам, сол жерде істейтін қыз-жігіттер мені танып, өздерінің колонкаларынан Садраддиннің әніне жазған пародиямды қоса бастайды. Бірнеше дүкеннен «ә*шуіме жаздым сенің атыңды» деп мен жазған ән ойнап тұр. Бұл менің өмірімдегі бірінші хитім болды»

Айналдырған бірнеше аптада Сасақтың әндері жаппай тарап, оған басқа блогерлер қосылып коллаб түсіре бастады. Осы форматта бірнеше брендке жарнама да жасалды.

@sasaqasok Vinyl gulder 📍Алматы Тимирязева 49 #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

Бірақ көп өтпей Сасақтың өмірінде «күшті полоса» басталады. Әнші Садраддин оны репутацияма кір келтірдің деп айыптап, видеоны өшірмесе сотқа жүгінетінін ескерткен. «Осылай артынан проблемалар да келді. Шешу керек болды».

@sasaqasok Доигрался болдымба #sasaqasok ♬ Jauap bar ma? – Sadraddin

Іс сотқа жетпеген. Қазір Садраддиннің «Жауап бар ма?» әніне түсірілген пародия желіде жоқ. Дегенмен Сасақтың бұл форматы бір жыл бойы танымал болды. Ол биыл жазда Астанада өткен OYU Fest фестиваліне әнші Alem-нің «Күйім» әніне жазған пародиясымен жарнама жасаған. Шілденің ортасында Сасақ «Шоу Прослушка» эрасы тәмам деп видео жариялады. 

«Жасың келген сайын аузыңнан ақ ит кіріп, көк ит шыққаны дұрыс емес екен. Бұл маған енді қызық емес. Бұған дейін жазған әндерім біреу-міреуді ренжітсе, миын уласа кешірім сұраймын. Ендігәрі Әмірді үлгі тұтып, сол сияқты тәрбиелі бала боламын» дейді Сасақ видеосында. 

Сасақ өзінің видеолары мен тақырыптары өте сезімтал екенін түсінеді. «Аузына фильтр қоймаса, кәнсілденіп кететінін» біледі. Сол үшін кейде өзін амалсыз тежейтінін айтады. 

«Өз дозасын ала алмаған тәуелді адам сияқты болып қаламын. Өткенде актер Шакентиді қызын ұрғаны үшін айыптап жатқанда мен де оны мазақтап видео түсіргім келген. Бірақ ол «жеуге болмайтын тәтті жеміс» сияқты. Соны ойлап бір ләззат алдым да, қойдым».

Сасақ медиада пікір мен көзқарас монополиясы болмауы керек дейді. «Қатты айтқан сыным үшін біреу кө*імді айырып тастауы мүмкін болмағанда, батылырақ болар едім». 

«Медиа деген үлкен сахна ғой. Ол жаққа шыққан адам түрлі сын-пікірге дайын болуы керек. Біреу күліп-ойнап жақсы контент түсіріп жүргені үшін неге мен оны келеке ете алмауым керек? Оның жазылушысы көп болса, болсын, бірақ бүкіл Қазақстан оның жанкүйері болуы шарт емес қой. Осындайда өзімді үстем пікірге қарсы адамдардың басып қосып, хейтке қарата қалқан көтеріп бара жатқан адамдай елестетемін».

Прайм

Сасақ пен Amirkins-тің жұлдызы жанып, «тиктокты ұстап тұрғандар» дегендер атаққа ие болған сәті 2024 жылдың тамызында басталды деуге болады. Сол кезде екеуінің ерлер киімін тігетін қазақстандық танымал бренд Shoqan-мен серіктестігі басталады. 

«Жаздың аяғында Әмір екеуіміз базарда костюм сататын бутиктерге жарнама түсіріп жүргенбіз. Сол жақтан қайтып келе жатып, «бізден Shoqan реклама алса сұмдық болушы еді, иә» дедік. Үмітсіз шайтан деп жазып көрдік. Олар көрейік деп, алдымен Әмірден, кейін менен бірнеше жарнама алды. Әр видеомыз 2-3 милионнан атты. Кейін «бізге жұмыс істеңдер, аккаунтымызды жүргізіңдер» деп жазып тұр. Ойлағанымыздай болды ғой» дейді Сасақ.

Арадағы келісім бойынша Сасақ пен Amirkins Shoqan-ға айына отыз видеодан түсіруі керек болған. Ондай жүктемені олар «өмірінде көрмеген». Бірақ сол видеолардың ішінде «рекке» шықпағаны саусақпен санарлық. Екеуі желідегі трендтер, елдегі жаңалықтардан харассмент сияқты шулы кейстерге дейін қамтып видео түсірді. Сасақ ол кезді «прайм сәтіміз» дейді.

@shoqan #shoqansuits ♬ оригинальный звук – SHOQAN

«Бұған дейін жиған машығымыз ғой. Не талқыланса, соны жасап жүрдік. Әр видеомыз өтіп жатты. Қатты ұнайды өзіме сол кез. Жұмыс қиын, бірақ артынан респект те соған сай болатын. Солай Shoqan-ның аккаунтын үш ай жүргіздік. Ол жетістігімізді өзіміз де әлі қайталай алмай келе жатырмыз» дейді Сасақ. 

Екі жақтың серіктестігі 2025 жылдың наурызында аяқталды. Сасақ пен Amirkins-тің «тәбеті өсіп кетіп, келісе алмай қалған». Екеуі 10 наурызда Shoqan дүкенінде мұңды әуен қосып соңғы видеосын түсірді. Олардан кейін киім дүкені форматы ұқсас басқа бір орыс тілді тиктокерлермен жұмыс істеуге тырысып көрді. Бірақ видеолардың астына «ана екеуін қайтарыңдар» деген пікір үйіліп, олармен де жұмыс тоқтаған сияқты. Парақша мамырдан бері жаңармады. 

Shoqan-мен жұмыс істей бастағалы Сасақтың шығармашылығы аморал, әуесқой контенттен сапалы жүйелі блогқа айнала бастады. Онда боғауыз бен цензурасыз әзіл жоқ емес, бар, бірақ басқа блогерлермен коллаб, жанама жарнаманың үлесі басым. Сасақ осы кезде блогерлер ортасында көбірек бой көрсетіп, түрлі шараларда қонақ болады. Өзінің авторлық жейделерін жасап, бренд құрыстыруға да әрекет қылады. Бұл кезде Сасақ біртүрлі әзілдейтін ортаңқол тиктокер емес, тұрақты аудиториясы мен стилі бар инфлюенсерге айналған.

Маусымның аяғында университеттің бітіру кешінде диктор Сасақты «жұлдызымыз» деп таныстырып, сахнаға шығарады. Ал шілдеде ол Amirkins-пен бірге танымал блогер Артур Асқарұлының (@Archibaaalt) үйлену тойында стрим жүргізуші болды.

@sasaqasok Twitch: archibaaalts #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

Қазір оның күнделікті тіршілігін көрсететін қарапайым влогтары, билері де жүздеген мың қаралым жинайды. 

«Өзіме көп алғым келмейді, бірақ жұрт мені көріп аморал әзілді қабылдай бастаған сияқты. Басында бәрі хейттеп, «мынаның басы істей ме?» деген пікірлер жазып жүрді. Адамдар мен үшін ұялатын. Аудитория ондай әзілге дайын болмады. Бірақ қазір бәрі үйренді. Осыған екі-үш жыл уақытым кетті»

Кезінде Сасаққа TikTok түсіруге тыйым салып, телефонын тартып алған әкесі де қазір ұлымен бірге видеоларға түседі. Әкесі басында қысылған, бірақ қазір өзі де азартқа кіріп кеткен.

«Ақша таба бастағанда әке-шешемнің блогыма қатысты ойы өзгерді. Өз керегімді өзім алып жүрдім. Кейінгі бір жылда үйіме ақша бере бастадым. Әкем сонда заман осындай екенін, туыстарымның әңгімесі бос сөз екенін түсінді. Ол басында видеоға түсуге тартынатын. Сонда сыра әкеліп гонорарын қойып беремін».

@sasaqasok Займ алған достарыңа жібер #sasaqasok ♬ оригинальный звук – Сасақ

Сасақ пен Amirkins қазір онға жуық брендтің амбассадорлары. Көлік үшін алған несиелерін жабу үшін көп компаниямен серіктес болып жүргендерін айтады. «Бағамызды айтпай-ақ қояйын, әйтпесе өзімді ыңғайсыз сезінемін» дейді. 

Ол қазақстандық TikTok-қа әлі де «жабайы» контент керек дейді. 

«Бәріне жеңіл қарауымыз керек. Ештеңені қолдан қасиетті етудің қажеті жоқ. Шынайылық керек».

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Почему все вокруг начали бегать?
Город
#события
Почему все вокруг начали бегать?
Голый Трамп бежит по пустыне: Почему все обсуждают новый сезон «Южного Парка»
Культура
#кино
Голый Трамп бежит по пустыне: Почему все обсуждают новый сезон «Южного Парка»
В Кыргызстане завершился интенсив для молодых режиссёров-документалистов
Ликбез
#истории
В Кыргызстане завершился интенсив для молодых режиссёров-документалистов
Ayau показала, как готовилась к съёмкам нового клипа
Культура
#музыка
Ayau показала, как готовилась к съёмкам нового клипа
Кто такие performative men и почему они заполонили соцсети
Культура
#интернет
Кто такие performative men и почему они заполонили соцсети