Сюжет

Сеулдегі бай ауданның біріндегі кәріз жүйесінен әйел адамның сүйегі табылады. Оның кім екені белгісіз. Саусақ табы ешкімге сәйкес келмейді, сау тамтығы жоқ бет-жүзінен оның кім екенін танып-білу мүмкін емес. Дегенмен әйелдің тобығындағы татуы мен қылмыс орнынан табылған қымбат сөмке оны Сара Ким (Шин Хе Сон) есімді кәсіпкерге нұсқайды.
Сара — сәнді сөмкелер шығаратын Boudoir («Будуар») брендінің Азиядағы филиалының жетекшісі. Ел аузында бұл ғасырлар бойы Еуропаның ақсүйектерімен жұмыс істеп келе жатқан элиталық бренд деп айтылады. Олар ең дәулетті 0,1 пайыз адамға ғана қызмет көрсетеді деседі.
Бұл істі тергеуге жауапты детектив Пак Му Гён (Ли Джун Хёк) Сараның жұмбаққа толы өміріне терең үңіліп, оның шын мәнінде кім болғанын зерттей бастайды. Себебі, ресми деректерге сәйкес, Сара Ким деген адам шын мәнінде жоқ екені анықталады.

Тергеу кезінде Сараның қалағанына жету үшін адамдардың сеніміне кіріп, кез келген мүмкіндікті пайдаланғаны, атын-жөнін бірнеше рет ауыстырғаны белгілі болады. Кенет дораманың ортасында өлдіге саналған Сара Ким полиция бөлімшесіне келеді. Сонда кәріз жүйесінен сүйегі табылған әйел кім?
Осындай жұмбақтар сюжет барысында біртіндеп ашылғандай болады.
Шин Хе Сонның өнері

«Дан, жалғыз ғана махаббат», «Чорин патшайым», «Самдалиге қош келдіңіз!» сияқты танымал дорамаларда ойнаған Шин Хе Сонның жаңа рөліне тәнті болдым.
Бас кейіпкердің әртүрлі атпен өмір сүргеніне тоқталайық. Бастапқыда ол универмагта қымбат сөмкелер сататын Мок Га Хи есімді қарапайым сатушы болады. Қиын жағдайға тап болып, шарасыз күйіне көндіге алмай, еңіреп жылағанда өзімнің де көңілім босады.

Кейін Ду А болып, өзінен біршама жас үлкен бизнесмен Хон Сон Синмен танысады. Хон мырзаның денсаулығы сыр беріп, бүйрегін алмастыруы керек. Ду А оған донор боламын деп, орнына ақша сұрайды. Сол үшін екеуі үйленіп, оның есімі Ким Ын Джэ болып өзгереді.
Кейіннен өзін Сара Ким деп таныстырады. Бизнес леди кейпін де шебер сомдап, жақсы алып шыққан. Сәнді образдары өзіне құйып қойғандай. Бұл рөлде басқа актрисаны елестету мүмкін емес сияқты.
Айтпақшы, дораманың корей тіліндегі атауы — 레이디 두아 — «Леди Ду А» деп оқылады.
«Сара Ким деген кім болды?»
Сериалдың соңына қарай Ким Ми Жон есімді жаңа кейіпкер пайда болады. Құжатсыз жүрген жас шебер Сара Киммен танысып, «өнер туындысы» деп қымбатқа бағаланған Boudoir сөмкелерін тігеді.
Ми Жон брендтің табысына елеулі үлес қосқанымен, оның есімі көпшілікке беймәлім еді. Ол Сараның орнын басқысы келіп, оны өлтірмек болады. Шебер қыз бизнес ледидің аяғындағы татуын да қайталайды. Екеуінің арасындағы конфликт кезінде Ми Жон жараланып, аязда үсіп өледі.
Бірақ… Сара Ким Boudoir брендін қорғау үшін тергеу кезінде өзін Ми Жон деп айтып, кінәні мойнына алады. Солай кәріз жүйесінен табылған әйел адамның сүйегі Сара Кимге тиесілі делінеді.
Неге бұлай болды дейсіз ғой? Сара Ким — ойдан құрастырылған адам, ал Ми Жонның құжаты жоқ, сондықтан кімнің кім екенін бірден дәлелдеу полицияға қиын болды.
Жауапсыз қалған сұрақтар
Дораманы бір деммен көріп шықтым. Сценарий расымен қызық, актерлердің ойыны мен авторлардың көркемдік шешімі сапалы шыққан.
Бірақ сериал аяғында көп сұраққа жауап таппай қалдым. Маған ғана емес, басқа біраз адамға да сценарийі шикі туындыдай әсер қалдырыпты.
Жеке басын растайтын құжаты жоқ адам қалайша ірі компания ашып, оны басқара алады? Сара Кимнің бет-жүзін көп адам көрді, мысалы, оны серіктестері, қызметкерлері мен клиенттері біледі. Соған қарамастан ол көпшілікке жұмбақ тұлға болып қалды. Оның өткені мен отбасы туралы да ашып айтылмады. Сол себепті болар, Сара туралы көбірек білгім келді.
Толық ашылмай қалған кейіпкер Сара ғана емес. Мысалы, детектив Пак Му Гёнді әлдеқайда маңызды етіп көрсетуге болар еді.
Дораманың ортасындағы су қоймасынан табылған ер адамның сүйегі кімге тиесілі екені, ауруханадан терінің бір бөлігін кім қолды қылғаны беймәлім күйінде қалды.
Желіде де «Сара Кимнің шын аты кім болды? Қайдан шықты? Кім не түсінді?» деген сұрақ қойған біраз адамды көрдім. Бір жағынан, бұл дораманы желіде талқылауға жақсы себеп болды. Дегенмен аяқсыз қалған әсер қалдырып, бөлім саны сюжетті толық ашуға жетпей қалғандай.
Осындай сәттерге тым мән бермесеңіз, соңына дейін қарап шығуға әбден лайық.
Boudoir месседжі

Арзан сөмкелерді қымбатқа сатып бизнес жүргізген Сара Ким жұртқа бір нәрсе қымбат әрі сирек данадағы дүние болып көрінсе, адамдар оны статусын көрсету үшін сатып алатынын әшкерелеп берді. Люкс тауарлар құндылығы оның шынайы бағасына қарай емес, адамдарға беретін статусына орай қалыптасады.
Boudoir клиенттері сөмкелердің нақты құнын білсе, оларды миллиондаған ақшаға сатып алмас еді. Дегенмен Сара мұның амал-айласын тауып, өнімдерін шетелден келетін люкс бренд сияқты шығара білді. Boudoir-дың бренд екеніне сендіру үшін оның жалған түрлерін де өзі жасады. Фейктер брендтің шын мәнінде люкс екенін дәлелдей түседі-мыс.
Бұған қоса, Сара Кимнің клиенттері ауқатты адамдар болды. Сараның алаяқ екені, сөмкелердің «арзан» екені айтылса, бұл олардың беделіне нұқсан келтірер еді. Сара ешкімді тауарын сатып алуға мәжбүрлеген жоқ, жәбірленушілер де болмады. Сара әркімге өзі қалаған нәрсені берді. Boudoir арқылы қазір қоғамды алдап соққан қаншалықты оңай екенін түсіндірді.
«The Art of Sarah» — шындық пен жалған, әлеуметтік статус пен құндылықтар туралы ой салатын туынды.

«Жалғанды түпнұсқадан ажырата алмасаңыз, оны жалған деуге бола ма?» деген фраза Сараның кейіпкер ретіндегі «жеңісін» көрсетті. Ал детектив Пак Му Гён шындықты әшкерелей алған жоқ. Сара Ким өзі ойлап тапқан брендін өлердей жақсы көрді, мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбады. Ол туралы жалғыз шындық — осы.
Кейбір форумдарда сценаристің сұхбатына сілтеме жасалып, финалдың әдейі толық жабылмағаны айтылған. Автор «шындық пен тұлға ұғымы тұрақты емес» деген ойды жеткізгісі келгенін меңзеген.
Дегенмен көрерменнің бір бөлігі мұны екінші маусымға қармақ деп қабылдаған. Дорама ресми түрде жалғасады деген ақпарат әзірге жоқ. Бірақ күтіп отырғандар аз емес сияқты.
Сара шын мәнінде кім деген сұрақ неге ашылмай қалды? Меніңше, дорама ол сұраққа жауап беруді көздемеген де. Бұл жерде негізгі сұрақ — Сара кім болғысы келеді?
Фотолар @netflixkr парақшасынан алынды.