23 мамырда сазгер, әнші әрі продюсер Ғалымжан Молданазардың бес әннен тұратын «Үа» атты альбомы жарық көрді. Үнтаспа өнерпаздың өзі ұнататын постпанк жанрында жазылған. Мәдениеттанушы Аружан Ербосын ‘98mag журналының өтінішімен әртіспен сұхбаттасып, альбомның қалай жазылғаны туралы, агрессив маркетиң мен ата-ана (және продюсер) болудың жауапкершілігі жайлы сөйлесті.
Фото: Данил Ярощук

Жақында постпанк жанрында «Ya» әнжинағыңыз шықты. Неліктен бұл жанр және әнжинақ қалай жазылды?

Постпанк — бүкіл әлемде кеңінен таралған жанр. Бұған дейін ТМД аумағында «Кино» тобы бүкіл әлемге танымал болды. Кейін Қазақстан постпанк бағытынан алыстап кетті. Өзіме қатты ұнайтын жанрлардың бірі.
Студияда әртүрлі бағытты араластырып жазамын. Өзіме ұнайтын бағыттарды зерттеу әрдайым қызық болатын. Әр жанрда өз қолтаңбамды қалдыруға тырысамын. Көп ән бұрын жазылып қойған. Постпанк бағытында екі альбомға жететін әндер кезегін күтіп тұр. Басқа да бағытта әндер дайын тұр. Кезегімен шығара беремін.

2021 жылы әнжинақ мұқабасындағы жерден түсірілген сурет салыпсыз. Қателеспесем, суретте ұлыңыз Мерген. Мұқабадағы суреттің тарихы қандай?

Бұл суретті досым Амаль Темірбаевпен бірге түсірдік. Осы Алматы облысында менің туған жеріме ұқсас бір жерді таптық. Сурет менің балалық шағымды меңзейді. Мектеп бітіргенше менің көп уақытым қой бағумен өткен. Ауылым Байқоңырға жақын орналасқандықтан зымырандарды өте көп көретінбіз. Кеңес кезінде әр бала ғарышкер болуды армандаған сияқты. Мен де армандадым. Сол арманымды, балалығымның қалай өткенін осылай жеткізуге тырыстым.

Сонда суретті әнжинақтан 4 жыл бұрын дайындап қойдыңыз ба?

Иә, менің біраз альбомым дайын тұр. Соның біріне мұқаба болады деп арнайы түсіргенбіз, бірақ ол кезде қай әнжинақтың мұқабасы болатынын білмедік.

Басқа әнжинақтардың да мұқабалары дайын тұр ма?

Иә, 2-3 жыл бұрын түсірілген бір-екеуі дайын.

Әндеріңіздің әуенінен, мұқабалардан, «Арамыз жылып қалар» әнінің бейнебаянынан ғарыш элементтері көп байқалады. Бұл кездейсоқ емес деп ойлаймын, осыған қатысты қандай философияңыз бар?

Бала арман. Мен үшін ең мықты адамдар — есейсе де, ішіндегі бала арманын сақтап қалғандар. Өйткені әрбір адамның ішінде кішкентай бала бар. Менің ішімдегі бала ғарышты аңсайды. Оны бала кезімізде қалай көрдік, солай елестеткенді ұнатамын.

Бала арманыңызды қазір істеп жатқандарыңызбен байланыстырғанда армандарыңыз орындалғандай күй кешесіз бе?

Сұхбаттарда ойнап, кейін желілерде тарап кеткен, бірақ шықпай қалған «Ғарышкер» деген әнім бар. Соның екінші шумағында:
«Жасап алдым ғарышты мен жерден
Жұлдыз болып жүрмін мен ішінде
Айға барып шалқалап жататын
Ол баяғы арманым, қиялым» деймін. Менің бала кездегі арманым мен кейін музыка әлеміне ғашық болып, өзімді музыкант ретінде қалыптастырғаным жайлы айтамын.

Жас таланттарды, інілеріңізді жақсы қолдайтыныңызды білеміз. Келесі кіммен бірлескен жұмыстар болуы мүмкін?

Бірге жұмыс істеу жоспарлы түрде емес, жарқ етіп өзі келеді. Мысалы, Shashoo-дың жігіттері, әсіресе, Маркпен 10 жылдан аса жақсы араласамыз, бірақ сәті жаңа түсті. Ал Аманжан (The Svarka) — Қазақстандағы постпанк бағытының керемет әртісі. Ол постпанк бағытын алда әлі жақсы көрсетеді деп ойлаймын.

Синтипоп, инди жанрларымен әйгілі болдыңыз. Мына альбомыңыз постпанк бағытында. Келесілері қандай жанрда болмақ?

Бұған дейін synth wave жанры болды, одан кейін 2018 жылы funk жанрында «Aitarym kop» альбомы, deep house жанрында «Depti» альбомы, кейін «Jalgyz otem» деген туынды ұсындық. Өзіме ұнайтын әлі де көптеген жанр бар. Уақыт көрсете жатар. Әзірге осы постпанк бағытында әндер шығарып, электронды әндерге көшем бе деген ойым бар.

Кейінгі кездері інілеріңізді алға шығарып, өзіңіз артқа шегінгендей көрінесіз. Кейінгі туындыларыңыз тыңдармандарыңызға жетіп жатыр деп ойлайсыз ба?

Ол туралы ешқашан ойламағам. Радиоға сұхбат бергенде айтқам, мен музыканы тыңдарманым емес, өзім үшін жасаймын. Қазіргі музыкам — менің осы кездегі ой-өрісім, өмірді қалай сезетінім. Шығармашылық деген солай болуы керек. Тыңдарманның қалауына еріп кете беретін әртістерге жаным ашиды. Қоғамның қалауы әрдайым өзгереді. Осы кезге дейін қазақ R’n’B болды, кейін бәрі поп хаус бағытында жазып кетті. Одан кейін rap, trap бағыты келді.
Менің әндерім стадион жинайды деген жоспарым жоқ. Өзімнің өмірден алған тәжірибем, көзқарасымды жеткізуге ғана тырысамын. Қазіргі уақытта мәлімет өте көп, жаңадан шығып жатқан әншілер, әндер де көп. Қоғам маркетиңге, әлеуметтік желілерде алдына бәрін дайындап бергенге үйренген. Сол үшін мен бұл нәрсенің артынан ергім келмейді. Мен жазам, тыңдайтын адам тыңдайды, тыңдамайтыны тыңдамайды. Біреуге ұнап жатса, мен бақыттымын.

Сіздің әндеріңіз тек сізден ғана шығатынын қазір түсініп отырмын. Адамға, шығармашылыққа әсер ететін факторлар бар. Қазір әлемде, Қазақстанда шығып жатқан әндерді тыңдайсыз ба?

Бұрын көп тыңдайтынмын, әрдайым ізденісте болатынмын. Жаңаны ескімен салыстырған қызық болатын. Қазір студияда әрдайым музыкамен жұмыс істегеннен кейін бе екен, музыка тыңдауға қызығушылығым жоғалып кетті. Өте сирек тыңдайтын болдым.

Ән тыңдамасаңыз, қалай жазасыз?

Бұрынғы 70-80 жылдардағы ескі әндерді әлі күнге дейін тыңдаймын, бірақ бұрынғыдай жаңа нәрселерді көп іздемеймін.

«Ғарышкер», «Ұмытшы мені тез» сияқты желіде тарап кеткен әндеріңізді жарыққа шығарғыңыз келмей ме?

Келеді. Студияда жазып көруге тырысқанмын, бірақ бұрынғысынан жақсы етіп істей алмадым. Сол уақытта жазылған дүние шынайы болған.

«Әрбір жанға» деген әніңізді үлкен оркестрмен орындағаныңызды көрдім. Өзіңіздің туындыларыңызды оркестрге салып концерт беру жоспарда бар ма?

Қазір сол үлкен концертке дайындалып жатырмыз. Осы жылдың қараша айында Алматы мен Астанада үлкен оркестрмен, хормен үлкен концерт болады. Менің армандарымның бірі болғасын оған қатты көңіл бөлемін. Әрбір инструментке партиялар жазып, әр әнді қызық қылуға тырысып жатырмыз.

Керемет екен! Көбі сіздерді неге басқа қалаларда да концерт бермейді дейді. Менің ол жақтарда live айтуға мүмкіндік бола бермейді ғой деп топшылаушы едім. Осы ойым дұрыс па?

Бұрын солай болатын, қазір мүмкіндік бар деп ойлаймын. Мынадай ащы шындық бар: біз бір концерт жасауға көп ақша құртамыз, бірақ басқа қалаларда бізге ондай көп адам келмейді және концерт шығыны ақталмайды. Қазір демеушілермен бірге жұмыс істеп, бұл мәселені шешейін деп жатырмыз. Барлық қалаға бару мүмкін емес, әрине, бірақ үлкен қалаларға барып концерт береміз. Орынханды, Күнжарықты таныстырғым келеді.

2021 жылы концертіңізде Орынхан мен Әлиді таныстырғаныңыз есімде. Сол кезге қарағанда олардың танымалдығы біраз артты. Қазір оларды басқа аймақтарда да таниды деп ойлаймын.

Иә, өсіп келе жатыр. Мүмкін менің әсерім шығар. Біз, Орынхан да, Әли де бір-бірімізге ұқсаймыз. Маркетиңнің күшімен, қинап әндерімізді танымал қылғымыз келмейді. Адамдар шынайы жолмен өздері тыңдаса екен дейміз. Бізде де кемшілік бар. Мен өзімді музыкалық продюсер деп айта аламын, бірақ маркетиң жағы маған ерсі сияқты көрінеді. Шынымды айтайын қазір болып жатқан көп нәрсе маған ұнамайды.

Қазір түрлі қалаларда фестивальдер көбейді. Ол да маркетиңнің жақсы құралы деп есептеймін. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

Фестиваль халыққа бұрын-соңды көрмеген әртістерді көрсетіп, өнерпазға көп мүмкіндік беретін жақсы жер деп есептеймін. Көп бола берсін. Біз сияқты орындаушылардың басқа қалаларға баруы қиын, ал фестивальге шақырса бара аламыз. Сондықтан маркетиң жағына ештеңе айта алмаймын. Кәсіби маркетиң мамандарымен сөйлескенде олардың әртісті былай танымал қыламыз деген жолдарының ешқайсысы ұнамайды. Әртістің жан дүниесін құртып алатын сияқты, ал олар қарама-қайшы дүниені істетуге тырысады. Маған әртістің жан дүниесі, аурасы маңызды.

Агрессив маркетиң артисттің жан дүниесін былғайды деп ойлайсыз ба?

Иә. Қазір көбіне киім жағын осылай жақсы қабылдайды, осылай есте қалады дейді, бірақ ол адамның әніне, жан дүниесіне келмейді. Қазіргі уақыттағы ең сәнді нәрсені алып, 4-5 жылдан кейін қараса, еш мағынасы жоқ болып қалады. Қазір бәрі жылдап дамып, ауысып жатыр. Сол себепті маркетиң қуғым келмейді. Мен ештеңеге қарсы емеспін, бұл тек менің көзқарасым. Маған өзінің бағытын, аурасын, ой-пікірін ұстап қалған әртістер ұнайды.

Кімдерді атай аласыз?

Мен, мәселен, Мейрамбек Беспаевтың фанатымын. Ол кісінің дауысын, өзінің жеке орындаған термелерін тыңдағанды жақсы көремін. Біртуар адам. Біздің замандастардан Qonyratbay Fam-ды жақсы көремін. Shashoo-дың фанатымын. Дыбыс жағынан олдскул, фанкты араластырып керемет дүниелер жасайды. Кезінде өте мықты болған Бритни Спирске бәрі ұқсап, сондай нәрселерді істеуге тырысты. Ол — коммерция, маркетиң күші. Менің сүйіп тыңдайтын топ — Radiohead, Том Йорк. Сол кездегі әндерді әлі күнге дейін тыңдауға болады, өлмейді. Коммерциялық музыка болмауы керек демеймін, оларды жамандамаймын. Бұл тек менің жеке пікірім.
Әртіс болып жүріп, кейін әртіс болмай қалған — өте ауыр нәрсе. Мысал ретінде шамамен бір уақытта шыққан «Ринго», «Мистерионс» топтарын айтайын. Продюсері болды, ақша құйылды, керемет жұмыстар жасалды, бірақ қазір олар жоқ. Сол себептен Орынхан мен Күнжарықпен жұмыс істегенде көбіне өздері жазып үйренгенін, ертең өз беттерімен шыққанда тоқтап қалмағанын, ешкімге бағынышты болмағанын қалаймын. Ең бірінші сазгер болуы керек.

Оны ешкім тартып ала алмайды дейсіз ғой.

Иә, сол үшін. Мықты-мықты музыканттар бар, мысалы сіз Qonyratbay Fam-ды білесіз. Мен оларды қатты жақсы көріп тыңдаймын. Өкінішке қарай, оларды көп жерге шақыра бермейді. Өзі жазып, көп жұмыс істейтін музыканттардың реніші, түсінбейтін жері бар. Маркетиңнің әсерінен жақсы әртістер көрінбей қалады. Негізі жақсы музыканттар намысшыл болады. Көзі ашық, санасы ояу адамдар жеңіл нәрсені істегісі келмейді. Қазір TikTok-та мынаны істесең, атың шығады дейді. Біз оны білеміз, оған мүмкіншілігіміз жетеді, бірақ біз оны істегіміз келмейді.

Тым жеңіл ме?

Тым жеңіл деп ешкімді төмен түсіріп ренжіткім келмейді. Кешірім сұраймын. Маған ерсі нәрсе сияқты. Жақын достарым да, басқалар да «сенің орныңда болсам, осылай істеуші едім» дейді, бірақ мәселе сонда «сен — мен емессің, мен — сен емеспін».
Мықты, жақсы музыканттар 10 жылдай әрекет жасап, әндерін шығарады, бірақ көзге көрінбей, назарға ілінбей қалады. Бізде АҚШ, Ресейдегідей көп адам жоқ. Ол жақтарда әрбір жанрдың өз тыңдарманы бар, үлкен аумақта адам жинай алады. Ол жағынан бізде қиындау. Байқасаңыздар, 3-4 жыл сайын бір жанр халыққа ұнайды. Студияда жұмыс істегендіктен өз көзіммен де көрдім. Жаңадан бастап келе жатқандардың көбі «осы жанр трендте» деп сондай ән жазғысы келеді. Көбі алда не боларын ойланбайды, тез танымал болғысы келеді, бірақ ол нәрсені ұстап тұру өте қиын. Жанр ауысқан кезде сұраныс, қызығушылық басылып қалуы мүмкін. Өзінің тыңдарманын тауып жұмыс істеген адамға қиын болады. Масса сенен кейін басқа біреу шықса, соған оңай ауысып кете салады. Сол кезде әртіске қайта тұру, бас көтеру өте қиын болады. Сондықтан қазір музыкант болам деген әртістерге өзінің жан дүниесіне сәйкес келетін, өмірінің соңына дейін айналыса алатын жолды тапқаны дұрыс.

Адам да өзгеріп отырады ғой, сәйкесінше шығармашылығы да өзгереді. Ол кезде тыңдалмай қалмай ма?

Мысалы, қазір Орынхан 2 жылға жоғалып, 2 жылдан кейін тура сол әндерді айтса, менің ойымша, тура солай тыңдалады. Адам алдымен жақсы сазгер болуы керек, ішінде болып жатқан дүниені шынайы жеткізуі керек. Оларға «о бастан коммерция жағынан әлсіз адаммын, сендер бүкіл Қазақстанда әр шәйнектен ойнап тұратын музыкант боласыңдар деп айта алмаймын, бірақ ең бірінші, өзін сыйлайтын, кейін ел сыйлайтын музыкант боласыңдар» дедім.
Мен барлық жанрда музыка жаза аламын. «Неге әдемі-әдемі 2-3 жігітті алып, қазір бүкіл фестивальдерде жүретін, ақша табатын топ жасамайсың?» дейді. Достарымның қалай сынып қалғанын көргесін басқа адамның тағдырын солай сындырғым келмейді. 5 жыл ақша сорып, кейін ешкімге керек емес етіп, лақтыра салғанды мен қылмыс деп санаймын.

Сіз бүкіл q-pop индустриясын меңзеп тұрған сияқтысыз.

Ол кәдімгідей бизнес. Жас балалар 5 жылдан кейін менің тағдырым қандай болады деп ойланбайды ғой. Олар қазір жарқ етіп жұлдыз болуды, кейін өмірім керемет болып кетеді деп ойлайды, бірақ шындық басқа. Сол үшін іргетасы мықты, өзін-өзі сүйрей алатын музыкант жасау керек. Сол маңызды.

Осы айтқандарыңыздан бала тәрбиелеумен параллель көріп отырмын. Менің балам бар. Түсінгенім: біздің, яғни ата-аналардың басты мақсаты — баланы бізсіз өмірге үйрету. Сіз шәкірттеріңізді солай тәрбиелеп жатқан сияқтысыз.

Олар қазір менен де мықты кәсіби музыканттар. Оларды мақтан тұтамын.

Ата-ана тақырыбына келген екенбіз. Бала пайда болған кезде өмірдің фокусы, осы уақытқа дейін маңызды санап жүрген нәрселер, бүкіл болмысың өзгеріп кетеді. Сіздің әке атануыңыз шығармашылығыңызға әсер еттіме?

Қатты әсер етті. Балалы болған адамның әке-шешеге, айналаға деген көзқарасы күрт өзгереді. Бұрын-соңды мен ешнәрседен қорықпайтынмын, ал қазір бәрі қорқынышты. Мен түнде ғана жұмыс істей аламын. Ұлдарым мектепте, қызым балабақшада, жолдасым шаруа істеп жүргенде ойлана алмаймын. Үнемі уайымдап отырамын. Барлығы үйге келіп, кешкі ас ішіп, ұйықтап қалғанда ғана студияға кіріп жұмыс істеймін. Сол таңға дейінгі уақытым өзіме тиесілі. Жаның тыныш кезде жұмысты жақсы істейсің.

Балалы болу деген үнемі уайымдап жүру ғой.

Иә, мен уайымшыл адамдардың қатарынанмын. Шынымен де үнемі уайымдайсың, бірақ балаларымсыз өмірімді елестете алмаймын. Әр жасында әртүрлі қызық бар. Сіздің сұрағыңызға барлық ата-ананың жауабы бірдей деп ойлаймын.

Сіздің балаларыңызға арнаған әндеріңіз бар ма?

Бар, бірақ жарыққа шықпаған. Жеке өмірімді қатты жария еткім келмейді. Екі ұлымнан кейін туған қызым Теңіз маған өте жақын.

Оның музыкалық қабілеті де бар сияқты, ритмді жақсы сезетінін әлеуметтік желіге салған видеоларыңыздан байқадым.

Иә, студияда жұмыс істеп отырғанда алдыма келіп отырып алады. Солай бірге жұмыс істейміз. Бұрын ұлдарыма рұқсат етпейтінмін. Қызыма ешнәрсе дей алмаймын. Ең бастысы — балаларды тәуелсіз қылып өсіру, үлкен өмірге дайындау.

Оларға тағы қандай құндылықтар сіңіргіңіз келеді?

Байқауымша, әр баланың мінезі, ой-өрісі әртүрлі болады. Әрқайсысына әртүрлі «подход» керек. Ойы түзу, мейірімді, бірақ аңқау болмауы керек. Қулықты жаман емес, жақсы қасиеттердің бірі деп білемін. Адамның еті тірі болғаны жақсы. Қулық деген адамның ала жібін аттау, біреуді алдау емес. Сен қу адамша ойлана білсең, ешкім сені алдап кете алмайды. Кейде айналадағы жүз рет қақпанға түссе де, сабақ алмайтын өте момын адамдарға жаным ашиды. Ойын ойнағанда да, спортта да қулық керек.

Қазір көбі айтып жүрген «сыни ойлау» осыған келетін сияқты.

Өз қағидаңа адал бола тұра, айналаңды ренжітпей өмір сүре білу, әртүрлі жолдарды тауып, сол жолдармен жүре білу, өзіңе де, біреуге де зиян тигізбеу қулық деп ойлаймын. Адам өзінің болмысын, өз пайдасын біліп отыруы қажет. Ондай адам өзіне ұнамайтын нәрсеге, жаман жаққа сүйреп бара жатқанда «жоқ» деп айта алады. Кейбір адамдардың бостығы сәтсіздіктерге апарады.

«Бата» әніндегі «Мән — махаббатта, бақыт — адалдықта» деген жолдардан сіздің құндылықтарыңызды көруге болатын сияқты.

Иә, сол себепті қасымда мен оларды, олар мені жақсы көретін жақын адамдарым бар. Солар маған жеткілікті. Олардың қасында өзімді әрдайым бақытты сезінемін. Қандай жағдай болмасын көргенде қуанатын, іздеп тұратын достарым барына қуанамын.

Шынымен бақытты адам екенсіз.

(Күлді) Бақытты болу — тәуелсіз болу ғой. Балаларым да мен сияқты, менен де бақыттырақ болса екен деймін. Оларға сендерге не ұнайтынын көбірек ойлаңдар деп айтамын. Одан кейін қаржылай сауат — өте маңызды. Онсыз нарықта өмір сүру мүмкін емес. Бізді ондай нәрсені көп үйретпеді. Біз енді есейіп, ақшаның бәрін шашып-шашып, бала-шаға көбейгенде ойланып жатырмыз. Кішкентай кезімде көп нәрсе көрмегеннен кейін балаларым пайда болғанда атым шығып, жағдайым жақсы болды. Содан балаларымнан ештеңе аямай бәрін төге бердім. Біздің кезімізде автокөлікке ұқсайтын тас тауып алсақ, сол ең керемет ойыншық болып, жастығымыздың астына салып ұйықтайтынбыз. Барлығын бере бергеннен кейін балаларға бәрі құнсыз болып қалды, ешнәрсеге қызықпайды. Оларды әлеуметтік желілерден шектеймін. Өзім де көп отыра бермеймін, өйткені керек емес дүниелер мида тұрып қалуы мүмкін.
Өзім тау жақта тұрамын. Бұл жақта көп үй салынып, енді бұл жақтан да тыныш жерге көшкім келіп отыр. Бақша, тал егіп, таза ауада көбірек болу деген мақсатым бар. Ауылда қой бағып өскеннен кейін бе, қалада өмір сүре алмаймын. Қаладан қашып жүремін.

Енді өзіңізге қатысты соңғы сұрақты қойғым келіп отыр. Бір жыл бұрын «мен бүкіл армандарымды орындап қойдым, қуыскеуделікпен дертті болдым» дедіңіз. Оның емі — «ауыратын арманыңыз» табылды ма?

Табылған сияқты. Негізі арманды айтуға болмайды. Арманым қарапайым, шығармашылыққа қатысы жоқ.

Керемет. Сізге табыс тілеймін. Сұхбат бергеніңізге көп рақмет.

Сізге де рақмет. Сау болыңыз!