Шымкенттен шыққан Shiza (Асхат Жолшиев) бес жыл бұрын бірінші әнінен-ақ танылып, көптің назарын аударған еді. Қазір оны оңтүстік ғана емес, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан сияқты өзге елдерден де тыңдап жүр. ’98mag журналы Shiza-мен сұхбаттасып, шығармашылығы, жоспарлары, live форматтағы жаңа жобасы мен тыңдарман айтқан сын-пікірлер туралы сөйлесті.
Фото: Манат Каринов
#серіктестік

«SHYM» (Qap-qara Shymkent) əні шыққалы тура 5 жыл өтті. Тыңдарман сіздің рэп оқу мәнеріңіз мен стиліңізді өзгеше көреді. Осы уақыт аралығында не өзгерді?

Төрт-бес жылдан бері қазақтың рэп музыкасы дамып жатыр. Жаңа әртістер шықты, қазақша әндер сән болып, мәдениет дамып кетті. Тыңдарман өз музыкамызды тыңдай бастады. Бастапқыда õzen компаниясы тректерімді музыкалық платформаларға шығарып, дистрибуциямен айналысқан. Ол кезде мұны түсінбейтін едік. Төрт жыл бірге жұмыс істеп, бөлек шықтық. Бір жылдан бері бәрі өз мойнымызда. Меніңше, біз õzen-нен өстік, енді өз-өзімізге жұмыс істеп, дистрибуцияны дамытқымыз келеді.

Qiyal Darian-мен шығарған «FORA» əнінде «букмекер-контора, бұл бекер, бұл қора!» деп қоғамда өте өзекті болып тұрған лудомания тақырыбын көтердіңіз. Ulukmanapo-мен жазған «Montana» әнінде «сақтан қуыстан шыққан оқтан, отырмайық сені жоқтап, оның бәрін көрдік қаңтарда» деп айтқансыз. Мəтіндеріңізде қаншалықты батылмын деп есептейсіз? Тартынатын тақырыптарыңыз бар ма?

Лудоманияға келсек, студент кезімде өз басымнан өткен. Содан кейін олармен жұмыс істемеймін, қызметін жарнамаламаймын деп шештім. Кез келген тақырыпта ән жазамын, кейде өзекті мәселені астарлап қозғаймын, бірақ саясатқа араласқым келмейді, бәрі шабытқа байланысты.

Кейде тыңдарман «мәтіндеріңіз өткір емес» деп жатады. Әртіс әлеуметтік мәселелерді шығармашылығында көтеруге тиіс пе?

Әрбір өзекті тақырыпты айтуға міндетті деп те ойламаймын. Әрқайсының стилі әртүрлі, кей әртіс соған жақын болады, саяси көзқарасын ашық айтады. Тыңдарманы көп әртіске тек көңіл көтеретін тректерден гөрі, арасында артынан із қалдырып, жастарға ой салатын дүниелер де керек сияқты. Өйткені тыңдарман — әскер. Мен мәтіндерімді қатты өткір етпеймін, ондай «ақылды» рэпер емеспін. Қажет болса, қозғаймын.

Қырғызстаннан шыққан жас рэпер Bakr-мен жəне хип-хоп орындаушы Ulukmanapo-мен жасаған коллабтарыңыз əлеуметтік желіде танымал болып, үлкен аудитория жинап жатыр. Үшеуіңіз де ТМД-ға танымал орындаушысыздар. Қазақ-қырғыз əртістерінің ортақ жұмысы Орталық Азия өнерін əлемге танытуға жол аша ма?

Музыкаларымыз аздап ұқсайды, вайбтарымыз да келеді. Меніңше, тағы 10-15 жылдан кейін бізді басқа елдер де тыңдайтын сияқты.

Алдағы уақытта тағы кімдермен коллаб істесем деп армандайсыз?

50 Cent-пен және Бастамен. Ұсыныстар келіп жатса, маған ұнайтын әртістер болса, біз де ашықпыз.

2023 жылы «ET» атты алғашқы альбомыңыз шықты. Бұл атаудың артында қандай мағына бар?

Екі мағынасы бар, біріншісі — бәріміз білетін ет, екіншісі — еңбек пен талант.

Сол еңбегіңіз мен талантыңыз ақталды деп ойлайсыз ба?

Кейбір трек көңілімнен шықты. Ал кейбіреуі асығыс жасалды, онша байқалмай қалғандар бар. Өзіме ұнаған әндер сәл назардан тыс қалған сияқты. Мысалы, «Buira-Buira», «Camry», «Propaganda» деген тректер. Кейбір әнге аса мән бермедік, солар хит болып кетті. Мұнда бәрі тыңдарманға байланысты. Альбом жазу оңай жұмыс емес. Бұл альбомды шамамен жеті ай жаздым, Шымкентте бастап, Алматыда аяқтадық. Альбом өз жемісін берді.

Бұл процестен не түйдіңіз?

Қазіргі заманда альбом деген нәрсе қатты жұмыс істей бермейді. Бұл мәселе Қазақстанда да, басқа елдерде де бар сияқты. Кейбір трек еленбей қалып кетеді. Сол жағы мен үшін бір сабақ болды. Бір жағынан, альбом портфолио секілді ғой. Яғни, кейін мына әртіс қайбір жылы осындай альбом шығарды дейді. Бұдан бөлек, әр альбомның өз концепциясы болады. Кейде тез жазылады, бәрі сол сәттегі көңіл-күйге байланысты. Қазір шағын альбом (EP) жазып жатырмын, ішінде бес-алты трек бар, биыл қарашада шығады.

Тыңдарман арасында тректеріңіздегі мәтін қайталанады («Қайдағы к-pop на*уй гей болып»; «Бізде жағдай жаман емес ниче»; «Shizl Dizl», «Іздесең бізді компаспен, көзде оңтүстікті») деген сын айтады. Бұл тыңдарман есінде қалу үшін істелген стиль ме, әлде басқа себеп бар ма?

Әр тректің өз тарихы бар. Кейде музыкалық платформаға шықпаған әнімнің мәтінін басқа тректе қолданамын. Солай ресми шықпаған ән жұрт арасында таралып кетіп, ескі нұсқасында шығарған кез болды. Кейде 1–2 тректе ритмге қарай пайдаланамын. Негізі ол әдейі жасалған нәрсе емес, солай болып қалды. Келесіде қолданбауға уәде беремін.

«Тас жарған гүлдей» әніндегі «Алатау бөктері, етегіне шыршалар биіктей көктеді, қалмауы қажет пе?» деген шумақ сіздің «ALA» трегіңізде қайталанған. Бұдан бөлек, BVLBROWN тобының «Zhazdy kunder» әнін жаңаша ұсындыңыз. Бірақ кей тыңдарман «сөзін ұрлап алған ба? Өз мәтіні жоқ па?» деп ойлайтын сияқты.

BVLBROWN тобынан рұқсат сұрадық, сатып алдық. Меніңше, бұрын ол ән хит тұғын. Бірақ жұрт оны елемей қалған сияқты көрінді. Өзіме де ұнайтын ән болған соң, қайта жаңғыртайын деп шештім. «Тас жарған гүлдейді» жас кезімде тыңдадым, әнімде сол шумақтар ешқашан миымнан кетпейді деп айттым. Бұл тректі Алматыға келіп, шығармашылықты бастап жатқан кезде жазғанмын, сол шумақтан бастағым келді.

Тректеріңіздің ұзақтығы көбіне 2-2,5 минут, мəтіні тым аз. Рэпке емес, бэнгерге көп мəн бермейсіз бе?

Негізі қазір музыканың өзі қысқарып кеткен сияқты, жұрт та тез, қысқа контентке үйреніп кеткен. Ұзақ әндер де жаза аламын, бірақ ол қызық емес, ішің пысып кететін сияқты. Мен үшін ең тиімдісі — 2,5 минут.

2022 жылы Алматыда «Ирина Кайратовна» тобының концертінде көк тумен болған жағдайдан соң сізге біраз сын айтылды, өзіңіз халықтан кешірім де сұрадыңыз. Сол кездегі хейт шығармашылығыңызға қалай әсер етті?

Біріншіден, мемлекеттік туды пайдалану тәртібі бар екенін білдік. Сол кезде маған ауыр болды. Екіншіден, біраз уақыт өткен соң қарасам, керісінше, маған қатты хайп беріп жіберген сияқты, түрімді танымал етіп жіберді. Оның алдында «SHYM» трегімен, кейін «ҚЫЗЫҚ LIVE» шоуынан соң танылған едім. Дегенмен бұл жағдаймен мақтанбаймын.

Бірнеше жыл бұрын 3amandas подкасында «35-40 жасыма дейін рэп айтып жүруге ниетім жоқ. Тарих, із қалдырғым келеді. Кейін 2-3 əртіс тауып, соларға көмектесіп, продюсер болсам» деп едіңіз. Қазір де сол ойдасыз ба, əлде өзгерді ме?

Ойым өзгермеді, бірақ оған әлі әрекет еткен жоқпын, бастамадым. Бір Shiza, бір Yenlik сияқты екі әртіс алғым келеді. Yenlik-тің музыкасы мен стилі ұнайды, үлкен алаңдарды тербете аламыз. Бұған қоса, коммерциялық мақсатта да сатыламыз. Ондай әртістер көп болғаны жақсы. Бізден де жақсы таланттар бар, оларды тауып алып, мүмкіндігін көрсету керек.

Не үшін продюсер болғыңыз келеді? Мысалы, музыкалық біліміңіз жоқ.

Бірақ менің көзқарасым бар. Музыкалық жағынан көп көмектесіп, кеңес беретін шығармын. Өзім біраз нәрсемен айналысып көрдім, біреудің қол астында да жұмыс істедім. Қолымнан келетіні — тек музыка. Бәрін уақыт көрсетеді.

Сіз тек бір ғана жеке концерт (Шымкентте) берген екенсіз. Басқа әртістер Қазақстаннан бөлек, шетелде де өнер көрсетіп жатыр. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Әлі мақсатыма толық жеткен жоқпын, бірақ жай-жай келе жатырмын. Құдай қаласа, келер жылы Алматы аренаны жинағым келеді. Бұл өзімізге байланысты, соған жұмыс істеуіміз керек. Алдымен Қазақстанда тур жасауымыз керек сияқты, одан кейін шетелді көреміз. Келесі жылы төрт-бес қалаға (Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Қарағанды) барамыз деген жоспар бар.

Болашақта қандай жанрдағы әндер шығарғыңыз келеді? Əлі байқап көрмеген, бірақ істегіңіз келетін жанрлар бар ма?

Қазір YouTube желісіне «RE//SET» деген live форматтағы жаңа жобамыз шығып жатыр. Бұрын шыққан әндерімді эксперимент ретінде рок жанрында орындаймын. EP-ден соң «bvlbrown» сияқты лирикалық, махаббат туралы әндер шығарғым келеді. Жұрт тыңдайтын сияқты, жақсылап істейміз.

«RE//SET» жобасын істеу идеясы қалай келді? Бұл тыңдарман үшін жаңа дүние бола ма?

Үлкен концерттерде сахнада бэндпен өнер көрсетемін, ол кезде дыбыс басқаша шығады, рок пен рэп араласады. Тыңдарманның реакциясын көріп, live жоба істейік деген ой келді. Шамамен екі жыл бұрынғы идеяны биыл іске асырдық. Бұл — ауқымды, бюджеті көп жоба.
Әркім өзіне керегін алады деп ойлаймын. Бұған дейін командамен музыкаға ғана емес, визуалға да аса мән бердік. Көп әртісте мұндай live performance жоқ. Бұл жоба әрі қарай өмір сүреді. Тректердің жаңа нұсқасын кейін музыкалық платформаларға да шығарамыз.

Визуалға көп көңіл бөлеміз деп айттыңыз, қандай жаңа өзгерістер бар?

17 қазанда «OK» деген жаңа әнім шықты, соған арнап snippet жарияладық. Видеоны жасанды интеллектімен жасадық, қазір оны бәрі қолданады, ешқандай ұят нәрсе емес. Бұл да тәжірибе. Мысалы, Қазақстаннан шыққан Higgsfield AI жобасы дамып жатыр. Әзірге бәрі ойдағыдай. Мүмкіндік өте көп, жасанды интеллектімен кейбір ойымызды жеткізе аламыз. Тіпті тректің мұқабасы да жасанды интеллектімен істелген. Мұқаба мен видеоны дайындаған кезде жабық клубтағы жанкүйерлерге үш нұсқаны ұсындым, олар дауыс берді. Әрбірінің бір астары, жергілікті тыңдарманға жақын мәні болды.