Прокатқа бір апта бұрын шыққан «Руың кім?» фильмі кинотеатрларда көрсетілмейтін болды. Оны түсірген Tiger Films компаниясы туындыны прокаттан өз еркімізбен алып тастадық деді. Мәжілісте картинаны «арандатушы» деп сынады. Сценарий авторларының бірі фильм төңірегіндегі дауды «цензура» деп есептейді. Бұл фильм кімге және неге жақпай қалды? ‘98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен анықтап көрді.
«Руың кім?» — Tiger Films продюсерлік компаниясы шығарған картина. Режиссері — Әсет Жұмақан, сценарий авторлары — Нұржан Еркінұлы мен Жалғас Елеусінов.
Фильмде Бағдат пен Сая есімді екі жас бір-бірін ұнатып, отбасы құруға шешім қабылдайды. Жігіт қарапайым отбасынан шыққан, ал қыздың ата-анасы — ауқатты адамдар. Құдалар танысып, «руларыңыз кім?» деп сұраған сәттен қызық басталады. Фильм Қазақстанда кең етек жайған рушылдық пен одан туындайтын жікшілдік мәселесін көтерген.
Цензура деген жалғыз сөз
Отбасылық комедия прокатқа 11 желтоқсанда шыққан. 16 желтоқсанда Tiger Films компаниясы фильм прокаты 18 желтоқсаннан бастап белгілі бір себептерге байланысты тоқтайды деп хабарлап, себебін ашып айтпады. Сол күні фильм сценарисі Нұржан Еркінұлы Threads-те «неге бұлай болды?» деген сұраққа «цензура» деп қысқаша жауап қатты. Фильмді көрген-көрмеген жұрт мұны әлеуметтік желіде қызу талқылады.
17 желтоқсанда депутат Ерлан Сайыровтың мәжілістегі мәлімдемесі отқа май құйғандай болды. «Аманат» партиясы фракциясының мүшесі фильмді сынға алып, «руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушы материалдарға тыйым салу керек» деді.
Сайыров ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан Қазақстан фильмдерінің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетика, идеология, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды ұсынды.
«Өсетін ру»
18 желтоқсанда Tiger Films компаниясы фильм прокаттан неге алынғанын «Сатира мен юмор тілі арқылы руларға бөліну, бір руды екіншісінен жоғары қоюға ұмтылу қате түсінік екенін көрсеткіміз келді. Біз заң бұзған жоқпыз. Алайда фильмге қатысты екіұшты пікірлер туындап, оны талқылау барысында қоғамда шиеленіс болмауы үшін фильмді Қазақстандағы кинотеатрлардың репертуарынан өз еркімізбен алып тастау туралы шешім қабылдадық» деп түсіндірді.
Фильм сценарисі Нұржан Еркінұлы Tiger Films туындыны прокаттан өз еркімен алып тастады дегенге сенбейді. «Қорқытқан шығар. Түсінікті қып сөйлескен шығар, себебі жақсы ақша әкеліп тұрған киноны ешкім өз еркімен тоқтатпайды. Осыған дейін Тәуелсіздік алғалы бұндай цензура болған емес. Тарихта қалдық» деп жазды ол.
«Фильмді енді қайдан көреміз?» деген оқырман сауалына сценарист «Петиция жасап көреміз» деп жауап қайтарған.

Фильм сценарисі Нұржан Еркінұлы. Фото оның Instagram парақшасынан алынды.
Фильм трейлерінде қыздың әкесі болашақ құдалары «жақсы, өсетін рудан болғаны дұрыс. Мысалы, шапырашты, жалайыр сияқты» деп айтады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың руы — жалайыр, ал елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев шапырашты руынан шыққан. Ал жігіт жақ қыпшақ руынан.
Екі жас өтірік ДНҚ тест жасатып, жігіттің әкесінің руын жалайыр деп жаздырады. Осы тұста «жалайыр болсаңыз, ИП-ыңыз автоматты түрде ТОО болатын түрі бар», «құда жеті тіл біледі» деген әзілдер айтылады.
Арғынға «айналған» жалайыр
Бірақ трейлерде айтылған жалайыр руы прокатқа шыққан фильмнің өзінде жоқ. Дәлірек айтқанда, жалайыр орнына құданың руы арғын деп өзгертілген. Кейбір көрермен фильмді осы үшін алып тастаған болуы мүмкін деп топшылады. Сценарист Нұржан Еркінұлы мұны байқаған көрерменге «цензура деген осындай болады. Түсініп тұрған шығарсыңдар» деп астарлап жауап берген.
Трейлерде көрсетілген жалайыр руының фильмде арғын деп өзгергені президент Тоқаевқа емеурін жасай айтылған негізгі әзілдерді мәнсіз етіп жіберген және бұл рудың өзгергені туралы факт фильмге қысым депутат сауалынан ертерек басталғанын көрсетеді.

Фото: Tiger Films
Фильмді сынағандар да, қолдап жатқандар да бар. Бір тарап «руларды мазақ қылған мәнсіз фильм» дейді. Ал екіншісі «шығармашылыққа қысым болмауы керек. Фильмді көрмей жатып үкім шығарған — әділетсіздік» деп жазды.
Ел ішінде әлдебір рулар туралы орынсыз әзіл мен әңгіме бары рас. Фильм рушылдықты қоздыратын адамдарды мұқатады. Туынды арғы тегіңді, оның тарихын білген маңызды, бірақ руыңды айтып мақтанған, басқаны кемсіте сөйлеген дұрыс емес деген ойды жеткізеді. Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады дейді.
Депутат Сайыров пен өзге де сын айтушылар фильмді табалап жатқанда кейбір қолданушы олар өзі бұл фильмді көрді ме екен деп сұрап жатты. Бұл бізге де қызық.