«Өте талғампаз актермін». Дәурен Серғазинмен сұхбат

«Өте талғампаз актермін». Дәурен Серғазинмен сұхбат

23 қазаннан бастап «Бақыт құшағында» jukebox мюзикл фильмі прокатқа шықты. Режиссері әрі продюсері — Санат Шапашов. Композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне түсірілген туынды махаббат, достық және отбасы тақырыптарын қозғайды. Мюзиклдегі бас рөлді театр және кино актері Дәурен Серғазин сомдайды. Бір қызығы, сценарийдің алғашқы нұсқасы актердің көңілінен шықпаған екен. Неге олай болды? Фильмнің қандай жаңалығы бар?

’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен актермен мюзиклдегі тәжірибесі мен шығармашылық ізденісі туралы сөйлесті.

Дәурен мырза, мюзикл дегеннің м-сын да естімеген, ондай жанрда фильм көрмеген адамға «Бақыт құшағында» фильмінің ерекшелігін қалай түсіндірер едіңіз? 

Мюзикл жанры елімізде бұрыннан бар, осы жанрға жақын кинолар да шыққан. Совет заманында режиссер Шәкен Айманов атамыз да түсірген. Бірақ кейінгі кездері бұл жанрдың кілтін табу кішкене қиынырақ, дегенмен оны дамытуға үлес қосу керек. Сол жағына келгенде (фильмнің бас продюсері, режиссер) Санат Шапашов батыл қадам жасады. Біріншіден, қазақ халқы әнге, музыкаға өте жақын. Ал өнердің ең басты миссияларының бірі — көрерменге эмоция сыйлау. Бұл — өте керек дүние. Екіншіден, фильм халыққа жан рахатын сыйлайды деп ойлаймын. Үшіншіден, Шәмші атамыздың әндері бойымызға, қанымызға, генімізге сіңіп қалған, музыкалық менталитетімізге, талғамымызға дөп түскен. Сондықтан бұл фильм халыққа өте жақын болады.

Мюзикл актері болуға қалай дайындалдыңыз? Бұл жанрды қалай зерттедіңіз?

Мюзиклді бұрыннан жақсы көремін. Астана қаласының Жастар театрында істеймін, репертуарымызда мюзиклдер көп. Актер мамандығына түскеннен бері бұл жанрды зерттеп келе жатырмын. Театрда ән айтамын, бұған қоса, ән жазамын, жеке авторлық кештер беремін. Сондықтан бұл фильмге арнайы дайындалған жоқпын. Өйткені біз үнемі осы музыкалық формада жүруге тырысамыз. Мюзиклді бұрыннан көріп келемін. Іштей әрқашан «шіркін, осындай жанрда біреу фильм түсірсе, басқа киноларға ұқсамайтын болса, сол жерде ойнасақ» деген ниет болатын, соған қарай осы шақырту дөп түсті де, қуана-қуана қабыл алдым.

Қазақ киносында мюзиклді көп түсірмейді. «Бақын құшағында» фильмін түсіру кезінде осы жанр бойынша шығармашылық топтың тәжірибесі аздығы байқалды ма? 

Қателеспесем, шығармашылық топ кем дегенде жарты жылдай дайындалған. Ол түсірілімнің жеңіл өтуіне әсер етті. Бізді алдын ала би билеуге дайындады. Әндерді таныстырып, қайтадан бір құлағымыздан өткізді. Кейде әндер халық арасында таралып кеткен соң жеңіл айтылып кетеді, сөздері ауысады. Қайтадан түпнұсқаға түсіп, дайындалуға, айтуға тырыстық. Әрине, арасында «мынаны қалай істесек болады?» деп шығармашылық топпен ақылдаса жасаған жұмыстар болды. Дегенмен бәрі жоспар бойынша өтті, бұл — үлкен дайындықтың белгісі.

Желіде фильмнің постері мен атмосферасы әйгілі америкалық «La La Land» фильмін еске салады деп жатыр. Өзіңіз оны көрдіңіз бе? Расымен ұқсай ма? Әлде басқаша ма?

«La La Land» — көп адамның және менің де сүйікті мюзиклдерімнің бірі. Осы фильм сыйлаған әсерді, эмоцияны біз де сыйлай алсақ деген ниет болды. Сондықтан сол туындымен үндесіп жатуы әбден мүмкін. «Бақыт құшағында» фильмінің режиссері «La La Land-тен» ғана емес, басқа да фильмдерден алған референсін ұсынды. Жоғары деңгейдегі ұлы шедеврлерге еліктегеннен жаман болмаймыз. Бұл — үлкен туындыларға құрмет. 

Ал «La La Land» фильмінен қандай әсер алған едіңіз?

Бір туындылар болады, көргеннен кейін несімен екені белгісіз, бірақ сенің бойыңда бір айдай, жарты жылдай әсер етіп жүреді. Фильмнен кейін арагідік айына бір-екі рет музыкасын тыңдап, сол кино сыйлаған әсерге қайтадан өткің келіп, «ностальгия» ретінде тыңдап жүреміз. Сондықтан «Бақыт құшағында» фильміндегі Шәмші әндері сағыныш сезімін сыйласа деймін.

«La La Land-те» көп әнді арнайы сол фильмге басынан жаздырған. «Бақыт құшағында» үшін арнайы симфония оркестрімен жазған Шәмші әндері фильмді ашты ма, қалай ойлайсыз?

Фильмдегі әндердің жаңаша өңделген нұсқасы оларға екінші леп берген сияқты. Бұл — jukebox бағытындағы алғашқы мюзикл, мұнда сценарийді дайын әндерге үйлестіру, мағынасы, желісі бойынша қиыстыру оңай шаруа емес. Әндерді Шәмші емес, сондағы кейіпкерлер шығарған сияқты жазылған. Сондықтан олар фильмді ерекше аша түседі, ал фильм бұл әндерді ашады. Бұл Шәмші әндерінің туған күні болатын сияқты. Оның әндері артымызда өсіп келе жатқан іні-қарындастарымызға ұлттық музыкаға деген махаббатты, сүйіспеншілікті оятса екен деймін.

Фильмде айтқан қай ән ерекше ұнады? Қандай қиын тұстары болды?

«Қуаныш вальсі», өйткені өте ерекше өңделген. «La La Land-тегі» сияқты өзгеше әсер беретін музыка шығады деп ойлаймын. Ән жазу процесі маған аздап қиын болды. Өйткені мен профессионал әнші емеспін, ал Шәмші әндері бүкіл әншінің репертуарында бар, халықтың құлағында жатталған. Бастапқыда әндерді менің орныма маған ұқсас, бірақ жақсы ән айтатын адам айтса деп ойладым. Бұл — мюзиклде, практикада бар нәрсе. Бірақ режиссер әр актер әнді өзі айту керек деді. Ноталарды дәл, иіріммен, нақышына келтіріп айту, актерлік тұрғыда жеткізу маған осы фильмдегі ең қиын нәрсе болды.

Бас рөлде Әлия Әнуарбек екеуіңіз. Актриса 5 жыл үзілістен кейін экранға қайта оралды. Бірге жұмыс істеген қалай екен? Түсірілім кезінде есте қалған қызық сәттер болды ма?

Әлиямен 2012 жылы шыққан «Жаужүрек мың бала» фильмінде бірге түстік, одан кейін кино саласында кездескен жоқпыз. Әлияның қанша жылдан кейін киноға оралғаны бәріміз үшін қуаныш сәт болды. Өйткені Әлиядай талантты қыздар міндетті түрде киноға түсуі керек. Әлияның образы және өмірдегі болмысы осы киноға өте жақсы келіп тұр, Шәмші әндерінің атмосферасына дәл келеді. Фильмнің атына заты сай болып, түсірілім барысы жақсы өтті, ерекше вайбы болды.

Ал би билеу жағы қалай болды? 

Билер қатты қиын болмаса да, біраз тер төгуге тура келді. Камераға билеу бөлек, өйткені камера бір орыннан бір орынға ауысады. Хореографияны сол камераға қарай бұру керек, «мына жерде аяқ көрінеді, аяқты билету керек» деп. Басқаларынан қалмауға тырысып, өмірі билеп, ән айтып жүрген адам сияқты жиған-терген талантымыздың бәрін салдық. Мұның бәрі халықты сендіру үшін.

«Көрермен менің кейіпкеріме кәміл сенгенін қалаймын» депсіз. Осы фильмдегі кейіпкер образына сене алдыңыз ба?

Иә, сене алдым. Өйткені кейіпкердің маған ұқсас көп үндестігі бар. Үлкен қалаға арман қуып келген әр адамның алдында түрлі жол ашылады. Мансап па, махаббат па, отбасы ма, әлде арман ба? Ер адам болғаннан кейін мансап қуып, ақша табу керек, артындағы іні-қарындасына да көмектесуі керек, өзінің жеке өмірі бар. Ол осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысады. Сондықтан өмірде бар кейіпкерлер көп адамның бойынан үндестік табады деп ойлаймын.

Режиссер Санат Шапашов «shynaiy» подкасында фильмдегі басты рөлге сізден басқа актерді көрген жоқпын деді. Бірінші сценарийді ұнатпапсыз, кейін оны өзгертіпті. Сценарийге келгенде талғампаз актерсіз бе?

Өте-өте талғампаз актермін. Бәлкім киноға алғаш қадам басып жатқан актер болсаң, әйтеуір киноға түссем екен деген сезімде жүріп, көрінген нәрсеге мән бермей түсе бересің. Бұл — заңдылық. Бірталай киноға түсіп, халыққа танылған соң, кішкене талғаммен қарайсың. Маған осы керек пе? Мені ашатын дүние ме? Менің бұрын сомдаған рөлдеріме ұқсай ма, жоқ па? Сценарийді ылғи осылай ойлап таңдайсың. Басында «Бақыт құшағында» фильмінің идеясын бірден қуана қабыл алдым. Бірақ сценарийді оқығаннан кейін кішкене ұнамай қалды. Жаным ашыған соң, ойымды айттым. Кейін олар өзгертеміз, бұл бастапқы нұсқасы деді. Негізі бірден келісім бере қойған жоқпын. Өйткені көп нәрсе сценарийге байланысты болды. Ертең экраннан біз көрінеміз, халық «мынаны кім жазды, кім түсірді?» дейді. Жаман болса да, жақсы болса да — рөлді ойнаған актерлерге айтады, сондықтан талғаммен қараймыз. Сценарийдің екінші нұсқасы 180 градусқа өзгеріп, жан берілді, Шәмші атамыздың әндеріне сай сценарий жазылғанына қуандым. Сценарий құндылықтардың бәрін қамтуға тырысқан. Сөйтіп түсірілімді бастайық деп, нар тәуекелге бел будық.

Мәселен, қандай сценарийлер ұнамайды?

Мұнда екі мәселе бар. Біріншісі, киноның халыққа берері бар ма, жоқ па? Комедия болса да, халықты шынайы күлдіре ала ма? Қалжыңның тереңдігі қандай? Халыққа демалыс сыйлай ма немесе ойландыра ала ма? Болған оқиғаны шындығын ашып бере ала ма деген сұрақ қоямын. Екінші мәселе — менің образым. Бұл маған қаншалықты керек? Маған қаншалықты қиын? Себебі қиын болмаса, қызық емес. Қаншалықты бұл рөлде міндетті түрде мен ойнауым керек деймін. Екі мәселе көңілімнен шықса, әрі қарай талқылауға болады. 

«Бақыт құшағындағы» рөліңіз сізді жаңа қырынан аша ала ма?

Көрерменге сұмдық ашады деп ойламаймын. Бәлкім музыкалық жағынан болар. Жалпы актер жан-жақтылығын танытуға өмірін арнайды, әр қырымызды ашып көруге өзімізге де сынақ. Мысалы, ертең «бұл әнді сендер айтпай-ақ қойыңдар» деп қатты сын айтуы мүмкін. Мен оған дайынмын, сын керек. Ол біздің әрі қарай жүруімізге, бағытымызға, дамуымызға түрткі болады. Ұнай ма, ұнамай ма деген сұрақтар бар. Алда көреміз, бәрі халықтың пікіріне байланысты. 

Кейбір рөлге білік, кәсібилік пен адам ретіндегі тереңдік керек боп жатады, әйтпесе көрермен сенбейді. Сомдасам екен деп, іштей ойланып жүрген қандай да бір рөліңіз бар ма?

Актер тәжірибе алған сайын образдары тереңдеп, қиындай түссе деген сезім болады. Нақты мынау деп қатты сырымды аша алмаймын. Ойымда жүрген көп образ бар, мысалы, тарихи кейіпкерлер. Маған қиын рөлдер келсе екен деп тілеймін. Өйткені рөлді ойнап шығу оп-оңай болып тұрса, оның қызығы да аз, қиындығы да аз. Сондықтан психологиялық жағынан өмірдегі ішкі қасиеттері, сезімдері қарама-қайшы келетін кейіпкерлерді сомдағым келеді.

«Алдар» фильмі шыққалы жатыр екен. Сәтті болсын! Бір образдың актері болып қалудан қорықпайсыз ба? «Алдарға» неге оралдыңыз?

Менде ондай сезім жоқ. Өйткені фильмографияма шүкір деп айта аламын. Комедиядан бастап тарихи драмаға дейін кез келген актердің фильмографиясында жоқ жанрлар бар. Алдар көсе — ұлтымыздың кейіпкері, қаһарманы. Меніңше, қазіргі санамызды ақша, мансап, қатыгездік жаулап жатқан заманда жеңіл, ақкөңіл, дүниеге, мансапқа қызықпайтын адамның өмірі көрерменге керек. Шәкен Айманов та бұл рөлді бекер шығармаған деп ойлаймын. Араға алпыс жыл салып, қайта оралғымыз келді. Өйткені оның өз көрермені бар, бізге қазір аңыз, сиқыр жетпейді, бір кереметке сену аз болған соң бұл кейіпкер өте керек. Ақылдаса келе, көрерменге тағы бір ерекше сезім сыйлауға, сериалын көріп, осы кейіпкерге ғашық болаған адамдардың құмарын қандыруға бел будық. 

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Нет вычетов — нет бизнеса: МСБ Казахстана бьет тревогу из-за нового Налогового кодекса
Бизнес
#люди
Нет вычетов — нет бизнеса: МСБ Казахстана бьет тревогу из-за нового Налогового кодекса
Семь бизнесвумен из Казахстана получили гранты на развитие своих проектов
Бизнес
#люди
Семь бизнесвумен из Казахстана получили гранты на развитие своих проектов
Киберпессимизм: от книгопечатания до ChatGPT
Бизнес
#технологии
Киберпессимизм: от книгопечатания до ChatGPT
От диабета до ожирения: как семаглутид стал главным лекарством XXI века
Ликбез
#общество
От диабета до ожирения: как семаглутид стал главным лекарством XXI века
Say Mo анонсировала первый сольный тур 1 SHOT TOUR
Город
#события
Say Mo анонсировала первый сольный тур 1 SHOT TOUR