Narchy Wolff — қазіргі қытай хип-хоп сахнасындағы жарқын дауыстардың бірі. Шыңжаңнан шыққан ұйғыр музыкант агрессив трэп ырғағын лирикалық әуенмен үйлестіріп, өзінің ата тегін мақтанышпен айқындайтын стиль қалыптастырды.
Кейінгі төрт жыл ішінде Narchy Wolff (ашық дереккөзден шын есімін табу мүмкін болмады) Қытайдың үздік 100 хит-чарттарында жиі көрінетін танымал рэперге айналды. Шыңжаң өңірінен шыққан бұл музыкант рэпті үш тілде оқиды. Ол өзі мүше болған Wolf Gang ұжымымен бірге Қытай хип-хобы мен дрилл бағытының жаңа келбетін айқындап келеді.
Оның «Bitter coffee» атты синглі 2023 жылы Қытайдың TikTok платформасында 14,2 миллиардтан астам қаралым жинап, ең көп тыңдалған әндердің біріне айналды да, әртістің атын әйгілей түсті.
Ағасының көлеңкесінен қашу
Narchy Wolff-тің сахнадағы тарихы оның үлкен ағасы — Murat-K (木拉提) есімімен тығыз байланысты. Narchy Wolff енді беске толып жатқанда, 2004 жылы оның ағасы аты аңызға айналған шыңжаңдық Six City тобын құрған. Бұл топ ұйғыр тіліндегі рэптің нағыз пионеріне айналып қана қоймай, Үрімжідегі залдарды лық толтырып, әртістердің тұтас буынына зор шабыт берген.
Ағасы үнемі хип-хоп тыңдап, компьютерде тректер жазды, MP3 плеерлерді жаңа батыстық биттермен толтырды. Narchy Wolff өзінің бүкіл өмірін айқындайтын мәдениетпен осылай танысқан.
Жоғары сыныптарда оқып жүргенде Narchy Wolff мәтін жазып көре бастайды. Алайда ол ағасының арқасында емес, өз еңбегімен, өз өнерімен танымал болғысы келді. «Мен сенің інің екенімді ешкімге айтпадым, себебі бәріне өзім жеткім келді» дейді Narchy Wolff «老弟» («Бауырым») атты трегінде.
Бұл жол оңай болған жоқ. Жас өнерпаз өзі студия іздеп, бит сатып алып, жазбаны өңдетіп, дыбысты тазарту жұмысына өз қалтасынан біраз ақша шығындап жүреді. Ең ауыр соққы — ағасының сөзі болады. Барын салып жазған тректерін Мұратқа тыңдатқанда, ағасы: «Қоя сал, сабағыңды оқы» деп қысқа ғана қайырады. Бірақ бұл сын оның музыкаға деген құштарлығын өшіре алмайды. Мәтін жазып, студияда айтып, іздене береді.
2017 жылы Rap of China шоуының атағы дүркіреп тұрған кезде, Narchy Wolff өзінің трегін ағасы Мұратқа тағы бір рет көрсетеді. Көрші бөлмеде отырған ағасы інісінің бөлмесіне кіріп келіп, мұны студияда жазғың келмей ме дейді. Narchy бұған қатты қуанады.
Иә, сәт!
Оның аты алғаш шыққан кез — 2019 жылы «The Rap of China-ға» қатысуы болды. 60 секундта-ақ шеберлігін көрсетіп, тыңдарманды баурап алды. Алайда жекпе-жек кезеңінде жарыстан шығып қалған ол қатты күйзеліп, рэпке көңілі суып қалады.
Бірақ кетпейді. Аз уақыттан соң студияға қайта оралып, түрлі эксперимент жасай бастайды. Дәл сол кезеңде оның «Narchy» лақап аты мен Wolf Gang ұжымына деген сүйіспеншілігін біріктірген Narchy Wolff есімі дүниеге келді.
Нағыз серпін 2020 жылы Bilibili платформасындағы «Rap for Youth» (说唱新世代) шоуында болды. Көрермен сырт келбеті сүйкімді, бірақ мәтіндері өткір әрі агрессив «Шыңжаң қасқырымен» сол сахнада танысады.
Шоудан соң Narchy Wolff-қа ірі лейблдер есігі айқара ашылды. Алайда ол өзінің Wolf Gang шығармашылық бірлестігін ары қарай дамытамын деп бел буады.
Рэпердің таза андеграунд, self-made ұстанымы оның сұхбаттарынан анық сезіледі. Бір сұхбатында ол желідегі аудиторияны көздейтін рэпті ұнатпайтынын айтқан. Мейлі ол Douyin болсын, мейлі TikTok болсын — Wolff қысқа видеолар форматына арнап музыка жазудан әдейі бас тартқан. Оның пайымынша, 15 секундтық музыка өнерді өлтіреді. Әуен алгоритмге емес, жүрекке қызмет етуі керек деп біледі. Оның пікірінше, альбомдарын он екі жастағы балаларға түсінікті болсын деп жеңілдетудің қажеті жоқ. Себебі музыка — қысқа ләззат сыйлайтын өнім емес, адам жадында із қалдыратын, терең сезім мен салмақты ой тудыратын өнер болуға тиіс.
Танымал синглдері
«Fenrir» (скандинав мифологиясындағы қасқыр бейнелі кейіпкер) атты синглда Narchy Wolff күшті boombap қолданады. Ән екі түрлі көңіл-күйдегі куплеттен және көркемдік екпін ретінде қосылған әуезді интермедиядан тұрады. Бұл туынды арқылы ол Psy.P — Higher Brothers ұжымының танымал мүшелерінің біріне құрметін білдіреді. «Мен — ұйғыр нұсқасындағы Psy.P» деген тіркес оның шығармашылық амбициясын да көрсетеді.
Тағы бір сингл «Wild West» — Narchy Wolff шығармашылығындағы мәдени тереңдік пен заманауи дыбыстық ізденісті біріктірген ерекше туынды. Бұл әнде дрилл музыкасына тән ауыр, серпінді ырғақтар қытай тіліндегі рэп интонациясымен үйлеседі, Шыңжаң жастарының урбан өмір салтын суреттейді. Бейнебаян Шыңжаң өңіріндегі жергілікті локацияларда — тар көшелер, дүкендер және күнделікті тұрмыс көріністерімен түсіріліп, туған жерінің атмосферасын береді.
Әннің негізгі идеясы — Шыңжаң жастарының өз болмысын сақтай отырып, әлемдік хип-хоп тілінде сөйлей алатынын дәлелдеу. Сонымен қатар туындыдағы «Батыс» ұғымы Америка емес, Қытайдың батыс өңіріндегі рухани және мәдени ортаны білдіретін символға айналады. Жалпы алғанда, бұл шығарма жергілікті ерекшелікті заманауи рэп эстетикасымен біріктіріп, хип-хоптың шекарасыз өнер екенін поэтикалық түрде паш етеді.
Narchy Wolff музыкасынан бөлек, жеке өмірімен де тыңдарман ықыласына бөленген. Оның жұбайы Abr деген лақап атпен белгілі. Олар бала кезде таныс болғандықтан, фанаттар бұл жұпты қытай тілінде балалық шақтан бірге өскен ғашықтар деп сипаттайды. 2024 жылдың тамыз айында өткен үйлену тойы Шыңжаң өңіріне тән ән-би дәстүрлері сақталған мерекелік атмосферада ұйымдастырылып, оған Wolf Gang шығармашылық ұжымының мүшелері — kkluv, продюсер Yu, сондай-ақ AThree мен Шыңжаң хип-хоп сахнасына жақын достары келген.
Narchy Wolff — Шыңжаң жастарының арманы, мәдени жады және заманауи музыкалық ізденісін біріктірген ерекше шығармашылық әлемнің көрінісі. Оның тректері дәстүр мен хип-хоптың үйлесім таба алатынын дәлелдеп, хип-хопты тек музыка емес, мәдени үн ретінде танытады.