Көруге тұрарлық қазақ шоулары. ’98mag топтамасы

Кейінгі жылдары Youtube-та қазақша шоулар көбейгенін байқаған боларсыз. Бұрын жастар арасында орыс тіліндегі жобалар танымал болса, кейінгі жылдары шыққан қазақ креаторларының өнімдері жүздеген мың қаралым жинайтын болды. Олардың арасында ойын-сауық қана емес, қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы түрлі мәселені еркін көтеріп, көрерменмен ашық талқылайтын шоулар бар. Әр эпизодтан кейін «Жаңа саны қашан шығар екен?» деп асыға күтетін, ас ішіп отырғанда тұшынып көретін қазақша жобаларды топтап шықтық.

«20-25»

«Әлі күйеуге тимеген қыздар! Ашық көзқараспен, салмақты оймен жігіт тауып, шаңырақ көтеруге болады. Кезінде біз аузымыз ашылып, red flag-тарға көз жұмып, «бастысы — сүйем» деп шығып кеттік. Ал қазір қаншама контент бар, жолдарың болды».

Бұл — «20-25» шоуына жазылған пікірлердің бірі, «әттеген-ай» дейтін тұсы — мұндай пікір көп. Жобада қарым-қатынас, мансап, жеке шекара, достық — қыз-келіншектерді толғандыратын мәселенің бәрі талқыланады. Резиденттер — креатор Роза Аширбаева a.k.a. «Роза коуч» және сценарист Перизат Мырзахмет. Олар өмірдің ащысы мен тұщысын көрген, қатал болса да орынды кеңес беретін әпкелерің сияқты сезіледі.

Жаңа басталған «20-25» шоуында қазірге дейін «Неліктен ер адамдар мықты әйелдерден қорқады?», «Тұрмыстағы импотенттер», «Мамасының баласы» деген тақырыптарды көтерген. Қоғамдағы стереотиптер, советтік дәуірдегі әйел рөлі, «көрінбейтін жұмыс», мизогиния сияқты әртүрлі тақырыпты қозғаған. Шоуға келген көрермен басынан өткен оқиғаларын бөлісіп, сұрақ қояды, жаға ұстатар жайттар көп.

Шоуды көрмеген адам бұл жобада «әйелдерді қорғайды, еркектерді жамандайды» деп ойлауы мүмкін, бірақ онда ұлдарға ғана емес, қыздарға да қатысты жағдайлар талқыланған. Кейбір көрермен резидент жауабын қолдаса, кейбірі оған келіспейді. Бірақ бұл шоу қыздардың көзін ашып жатыр, сол үшін қуанамын дейтіндер көп. 

«КітапХан»

Танымал жайдарманшылар жүргізетін «КітапХан» жобасында отандық және шетелдік әдебиет туындыларын жеңіл форматта талқылайды. Шоудың жарық жұлдызы әрі жүргізушісі Хамит Ердехан әр жиында бір кітаптың мазмұнын әңгімелесе, жанындағы резиденттер пікір білдіріп, баға береді. 

Солардың бірі — жоба авторы Еркебұлан Бердалиев. Ол жүргізушінің сөзін бөліп, ыржалақтай береді, орынсыз сұрақтар қояды. Алайда «Еркебұлансыз шоу мүлде қызықсыз болар еді» дейтіндер де бар. 

Хамит әр туындыны әсерлі жеткізеді, арасында өлең оқиды. Бәлкім әлеуметтік желілерде тренд болған аудиоларын тыңдаған да шығарсыз. Жанындағы резиденттерге қарағанда Хамиттің сөз саптауы күшті, көрермен оны «тұнып тұрған кітап» деп мақтап жатады.

Жобаны қазақ YouTube контентіндегі жаңа бағыт десе болады, себебі мұнда әдеби шығарманы қарапайым жеткізіп, әзілмен ұштастырады. Осы жобадан кейін онда айтылған кітаптар желіде жақсы талқыланып жатыр. «КітапХан» бір жылдан астам уақытта 49 туындыны талдап үлгерген. Кітап оқуға ерінсеңіз, бірақ қызығып жүрсеңіз, шоуды көріп шығыңыз.

«Талғатпен сұхбат»

Central Qazaqsha Stand Up-та әзіл айтып жүрген Талғат Тынымбайдың биыл жазда бастаған жобасы басқа шоулардан ерекшеленеді. Талғат мұнда танымал адамдармен сұхбаттасады, қызық тұсы — ыңғайсыз сұрақтар қойып, әжуа қылады. 

Шоудың форматы әзілкешке жарасады, оның біртүрлі, тосын қылықтары көрерменді еріксіз күлдіреді. Бірақ қонақтардың сабырын сынайды, олардың реакциясы, жауабы қандай болатыны қызық. 

Мысалы, әнші Тұрар Ыдырыс келген шығарылымда Талғат «Тұрар, әніңнің сөзін де, әнін де өзің шығарады екенсің. Әр істі өз маманына тапсырсаң, жақсы дүние шығады деп ойламайсың ба?» деп сұрақ қояды. Тұрар бұған ашуланып кетеді де, «сұрақтарың көп пе, тез-тез қойып тасташы» дейді. Кейде қонақтар сұхбат форматын білсе де, жасанды реакция танытып жатады.

Жүргізушінің киімі де көзге түседі, жұрт оған «құдалықта китке беретін костюм киіп алған сияқты», «аяғына тәпішке киіп алғаны несі?» деп пікір қалдырған. Көрермен арасында бұл форматты түсінбей, қабылдай алмай жатқандар бар.

АҚШ-тың «Between Two Ferns with Zach Galifianakis», Ресейдің «Плюшки» сияқты шоулары ұнаса, қазақ тіліндегі нұсқасын да тамашалап көріңіз. 

«Арзан психологтар»

— Бір аптадан кейін 25 жасқа толамын. Бірақ әлі күнге дейін өзімнің не қалайтынымды білмеймін. 

— Бірінші сұрақ, неге бірдеңе қалауыңыз керек? Жай ғана өмір сүре беруге болмай ма? 

Бұл — қазір ең танымал қазақша шоулардың бірі «Арзан психологтар» жобасынан алынған үзінді. Әр шығарылымының қаралымы жүз мыңнан асады. Мұнда стендап-комиктер Тілеген Еркінбек пен Руслан Тай көрерменді толғандырған мәселелерді талқылап, кеңес береді. Олар әркез «психолог емеспіз» десе де, комиктердің жекесіне проблемаларын жазып, «не істесем болады?» деп жауап күтетіндер бар. 

Бұл шоу жастардың ішкі ойлары мен проблемаларын көрсететін айна сияқты. Жұрт әзілкештерге қарым-қатынас туралы жиі сұрақ қояды, бұл тақырып тұрақты көрерменге бәлкім, резиденттерге де жауыр болғандай көрінеді. Дегенмен олар тапқыр әзілмен жауап беріп, көңіл-күй сыйлайды. Арасында жеңіл де, салмақты да сұрақтар бар. 

Шоуда Руслан көрермен көңіліне қарап жауап беруге тырысса, Тілеген бетке былш еткізіп айта салады. Сонысы үшін де қызық, екеуі бір-бірін тамаша толықтырады. Әзілкештер мәселелерді көбіне күлкіге айналдырады, кейде ушықтырып жіберуі де мүмкін. Себебі олар — «арзан психологтар». Алайда комиктердің мәселеге үңіліп, шынайы жауап беруге тырысатыны ұнайды.

Бұл шоудан соң қоғамда психологқа бару ұят емес, қалыпты нәрсе деген түсінік қалыптасып жатқандай. Көрермен арасында «байысам, қымбат әрі тәжірибесі мол психолог маманға барамын» деген ойға келгендер бар. Біреуге сырыңызды айтудан қорықсаңыз, осы шоуды көріңіз, сіздікіне ұқсас проблема да көтерілуі мүмкін.

«СЫР»

Бойдақ өмір, қарым-қатынас пен отбасындағы түрлі мәселені талқылайтын шоу көргіңіз келсе, «СЫР» жобасына бір көз салыңыз. 

Жобаның шығу тарихы қызық. Жансая Мұратбекқызы мен Дидар Советбеков отбасылы болса, олардың ортақ досы Ғалымжан Жанықұлов — бойдақ. Үшеуі шай үстінде махаббат, қарым-қатынас туралы сөйлесіп, бір-бірін түсінбей қалатын сәттері болған. Солай мәңгі бітпейтін тақырыптарды талқылауды көрерменге ұсынуды шешкен.

Әзілкештер шақыратын қонақтар — блогерлер, әншілер мен актерлер. Жұптар өз махаббат хикаясын айтып, шаңырақ көтергеннен кейінгі мәселелерді қозғайды, кеңес береді. 

Жансая шоуда қыздарды қорғап отырады, ал Ғалымжанды көзқарасына байланысты көбі red flag дейді. Екеуінің пікірі келіспей, дауласып қалатыны да бар. Сол сәттер достар арасындағы әңгімелерді еске салды. Ал Дидарды сирек болса да, дөп сөйлейді дейді.

Қазірге дейін 16 шығарылымы шыққан шоудың көрермені көп, пікірде әр тақырыпты қызу талқылайды. Отау құру мәселесін жан-жақты талқылайтыны жұртқа ұнаған сияқты.

«INTELLIGENTNO QU»

Алғашқы шығарылымы 3 жыл бұрын шыққан «INTELLIGENTNO QU» жобасын қазір үзбей көретін аудиториясы бар. Студияға келген танымал қонақ проблемаларын бөліседі, ал резиденттер — Ғалымжан Жанықұлов, Дархан Оспанов, Данияр Бекжанов, Нұрмахан Мұқанұлы — оны шешуге тырысады, қалжыңдап талқылайды. 

Шығарылымдарда дөрекі, боқауыз сөздер айтып қалады, анайы әңгімелер де кездеседі. Тым артық кететін кездері ұнамайды, резиденттерді «әзілдерің арзан, жеке басқа өтесіңдер» деп сынайды. Жігіттер кейде келген қонақтың сөзін бөліп, тыңдауға мұрша бермейді. Бірақ «өзімді жалғыз сезінген сәттерде шоуды қосып, күліп отырамын» деп жазатындар да бар.

Резиденттер қонаққа өмірі мен жұмысына қатысты кез келген сұрақ қояды, қандай тақырып болса да ашық талқыланады. Бұған қоса, «INTELLIGENTNO QU» — Қазақстан қалаларын аралап, кештер өткізетін аз жобаның бірі.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Крылья города: Казахстан запускает первые аэротакси
Бизнес
#технологии
Крылья города: Казахстан запускает первые аэротакси
Мистер и миссис Форджер: «Семья шпиона» — семейный ситком о Холодной войне
Культура
#кино
Мистер и миссис Форджер: «Семья шпиона» — семейный ситком о Холодной войне
JUZ Entertainment будут сотрудничать с китайской музыкальной индустрией
Культура
#музыка
JUZ Entertainment будут сотрудничать с китайской музыкальной индустрией
Blue Elephant официально выходит на рынок Казахстана и СНГ
Стиль
#мода
Blue Elephant официально выходит на рынок Казахстана и СНГ
Елена Рыбакина стала чемпионкой Итогового турнира WTA
Ликбез
Елена Рыбакина стала чемпионкой Итогового турнира WTA