Ашаршылық қазақтың күйіне қалай әсер етті?

Түрлі дерекке сәйкес, 1931-1933 жылдары Қазақстандағы халық жаппай қырылған ашаршылық кезінде екі миллионнан төрт миллионға дейін адам қырылған. Тарихшылар ашаршылыққа саяси тұрғыдан да, академиялық зерттеу тұрғысынан да әділ баға берілмеген деп налиды. Ашаршылық елді қырғынға ұшыратып қана қоймай, төл мәдениеттің де тұралауына әсер етті.

Әр күйдің түбінде жүректі қозғайтын тағдыр жатыр. «Шежірелі құлақ күй» атты жаңа деректі топтама күйдің көпке беймәлім тарихын зерделейді, патшалық Ресей мен Совет тұсындағы отарлық езгінің күй өнеріне әсерін баяндайды. 20 сериядан тұратын жоба күйді тек әуен ретінде емес, халықтың тарихи жады, ұлттық кімдігі мен отаршыл жүйеге қарсылық тілі ретінде тануға жол ашпақ. Авторлардың айтуынша, күй өнерінің тағдырынан отарлаудың мәдени геноцид екенін сезінесіз. 

‘98mag журналы жоба туралы мақалалар сериясын жариялап отыр. Үшінші мақала Ашаршылықтың күй мәдениетіне қалай әсер еткені туралы.

Күйші Әбікен

Әбікен Хасенов — күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлы, домбырашы-күйші Қыздарбек Төребайұлы бастаған Арқа күйшілерін жеткізген дәулескер күйші. Өз жанынан «Қоңыр» секілді терең де күрделі күй шығарған.

Түбінде қазақтың санын азайтудың саясаты жатқан колхоздастыру, асыра сілтеу салдарының шегі болған отызыншы жылдардың басы еді. Халықтың жағдайы мүшкіл, қырылған ел түгіл, көз алдында аштық жұтқан жақынын жоқтауға да шамасы жоқ. Кезінде өнерімен жұртты тамсандырған, сыйлы болған Әбікен бір жұмада төрт ұлы мен әйелінен айырылды.

«Бүйтіп тірі қалғаным құрысын, жан жарым мен төрт ұлымның өлімін көргенше мені неге алмадың, алатын болсаң мені де ал, Құдай!» деп жалбарынды. Бірнеше күн ұйқы көрмей, аштық пен қайғыдан қалжыраған Әбікен жалғыз тұяғы кішкентай қызын бауырына салып ұйықтап кетті. Әлден уақытта белгісіз бір үрейден селк етіп оянды. Жарығы, жалғыз қызы құшағында жатыр. Өлі-тірісін білуге санасындағы үрей ерік бермеді. «Құдай, жалғызымның жанын қия гөр. Сенен сұрар жалғыз тілегім» деп жалбарынады. Қызының бетіне тамып кеткен жасын сүртпек болып ақырын сипады. Денесі сұп-суық, жансыз жатыр.

Алыстағы зиратқа апаруға шама жоқ, аяғын әзер басып, соңғы күшін жинап үйінің жанынан қабір қазады. Енді бұл жерде ұстайтын ештеңесі жоқ. Балқаш пен Шу маңында тұратын туыстарына жету үшін Шет ауданы орталығына жетті. Базар маңында көлік болса мінгесіп кетпек. Аудандық абақты маңынан ілбіп басып кетіп бара жатыр еді, біреу желкесінен жұлқылап сүйретіп әкетті. Солай оны түрмеге апарады. 

Тергеу де, тағылған айып та жоқ. Абақтыда біраз жатты. Қайғы мен қасірет өмірдің мәнін де, уақытты да өшіреді екен. Қанша жатқаны да есінде жоқ. Күндіз бір мезет далаға шығады. Абақтымен іргелес түрме бастығының ауласын көреді. Қамаудағыларға қарап үнсіз бақылап тұратын келіншекті байқайды. Түрме бастығының келіншегі болуы керек. Сол үй жақтан домбыраның үнін естіп қалып жүрді. Бір күні жақындап барып «Қарағым, домбыраңды шертуге мұрсат берші» дейді. Келіншек үндеместен үйінен домбыраны алып шығып, қолына ұстатқан. Әрірек барып ағашқа сүйеніп отыра кетті де «Сарыжайлауды» шертіпті. 

Ешкімге зарын айта алмаған күйші өзегін өртеген өкініш күймен шықты ма, әлде көрер күні бәрібір таусылған екен деді ме ертеңіне күйшіні ештеңе деместен абақтыдан босатып жіберген.

«Адасқақ» күйі

Оқап Қабиғожин — қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы мұрасын сақтап қалған санаулы күйшілердің бірі еді. Әкесі Қабиғожа да кезінде Құрманғазының шәкірттерінен бірнеше күй үйренген адам болатын. Бала күнінен домбыраға әуестік танытқан Оқап алты жасынан шертіп, ауыл арасында «Құрманғазының тұяғы» атанған.

Оқаптың отбасы тұрмысы төмендеу еді. 1918 жылы Оқап он жетіде болатын, сол кездің өзінде Астраханнан 50 шақырым жердегі балық өндірісінде әуелі аспаздың көмекшісі, кейін кочегар боп жұмыс істеп жүрді. Сөйте жүре сүйікті домбырасын жанынан тастамады. Әкесі «менің кішкентай Оқабым атасы Құрманғазыға тартқан, сол ұлы атасының жолын қуады» деп ара-тұра мақтанып та қоятын. 

Оқап көзі ашық білімді жігіт еді. Баспасөз оқып, ара-тұра өзі де мақалала жіберіп тұратын. Күйшілігімен табыс тауып, бақ сынау үшін Алматыға аттанып, театрға домбырашы боп қызметке тұрады. Осы кезде өзінің сүйікті ісімен айналысып, Құрманғазы күйлерін меңгеруге қызу кіріскен шағында, әкесінің қатты ауырып, жұмыстан қалғанын естіп елге қайтады. 

Фото: Қазақ жерінде 1930 жылдардағы аштық кезінде түсірілген фото. Дереккөз: Azattyq.org

 

Ашаршылық ауыз салған шақта елдегі жұрттың жағдайы қиын еді. Күнкөріс үшін Ресейде жұмыс істемек болып аттанады. Сол кеткеннен отбасынан көз жазып қалады. Оқап аздаған мал-мүлкін жинап ауылына оралғанда, жақындарынан ешкім жоқ. Бәрі ашаршылықтан көшіп кеткен. Сұрастыра келе бүгінгі Ресейдің Воронеж облысына көшіп кеткенін естиді. Сол жаққа бірнеше мәрте барып іздейді. Таппайды. «Ай мен күннің амандығында жақындарымнан адасып кеттім» деп «Адасқақ» күйін шығарған екен.

1934 жылғы маусымда халық өнерінің бүкілодақтық слетіне қатысу үшін Алматыға келеді. Бір үзілісте слетте жюри мүшесі болған әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановты Орал делегациясымен таныстырады. Сол делегация құрамында Оқап болған. Ахметтің көзі бойы ортадан жоғарылау, көздері үлкен, өткір, бастапқыда күлімсірегенімен күй тартқанда мұңдана, сабырлана қалатын жігітке түсті. Содан бері Оқапқа деген ықыласы ерекше болған. 

Оқап 1936 жылы Мәскеуде Қазақ өнерінің он күндігінде еңбек сіңірген қайраткер атағын алды. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнері мен мәдениетінің он күндігіне қатысып, «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген әртіс» атағын алады. Десе де, өмірі ұзаққа созылмай, өкпе ауруынан дүниеден озады. 

Ахмет Жұбановтың сөзінше, Оқап Екінші дүниежүзілік соғысы басталғанда ауыр науқасына қарамастан, Алматыда жүруден бас тартқан. Ол үнемі ауылдарды аралап, ел қорғау жұмысына үлес қосып жатқан еңбеккерлер арасында өнер көрсетіп, халықты жеңіске жігерлендірген екен.

Фото: 1930 жылдардағы аштықтан босқан қазақтар. Дереккөз: Azattyq.org

«Әбікенді жұбату» күйі

Әбікен де, Оқап та — қазақтың екі домбыра тарту дәстүрі төкпе мен шертпе күйдің өкілі. Жай өкілі емес, екі дәуірді жалғаушы өнерпаздар. Ашаршылық екеуін де ет жақындарынан айырды. Екеуі де туған жерін тастап жырақтағы Алматыға тұрақтады. Бірі қайғысын «Қоңыр» күйімен тарқатса, бірі жоғын іздеп, «Адасқақты» аңыратты. 

80 жылдан соң боздақтарды жоқтаған, басу айтқан күй дүниеге келді. Ол қазақ жазушысы, күйші, әдебиет және музыка сыншысы Таласбек Әсемқұловтың «Әбікенді жұбату» күйі. Ол Әбікен тартқан шерлі «Қоңыр» күйдің минорлы ладын, яғни қайғылы сарынын, мажорлы ладқа, көңілді сарынға ауыстырып осы бір қасірет оралмасын деп ырымдап тартты. 

«Күй тыңдауға үрке қараған заман»

Фото: Саясаттанушы Арман Әмір. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.

 

Саясаттанушы Арман Әмірдің сөзінше, Советтің солақай саясаты қазақ сахарасына бірден лап етіп келе қойған жоқ. 

«Олар халықты жаулап алуы үшін бірден оны зерттеуден бастаған еді. Яғни, халықты рухсыздандыру қажет болды. Бұл орайда халықтың негізгі тіректерінен, тамырынан айыру керек болды. Соның бірі — күй өнері. Оны қазақ халқының тарихи жадын, ішкі әлемін, дүниетанымын, тарихын, саясатын, эстетикасы мен этикасын танытатын, тіпті метафизикалық құбылыс ретінде қарастыруға болатын еді. Осы жадынан айыру үшін күйдің идеологиялық жаулау процесіне қарсы тұра алатын үлкен күш, пәрмен екенін білген советтік идеология бірінші кезекте осы тамырынан айыруға тырысты» дейді ол.

«Шежірелі құлақ күй» жобасы туралы басқа материалдарды оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Моя геройская академия» — главный сёнэн 2010-х
Культура
#кино
«Моя геройская академия» — главный сёнэн 2010-х
Дорама «Шеф-повар тирана» — сладкая начинка, горькое послевкусие
Культура
#кино
Дорама «Шеф-повар тирана» — сладкая начинка, горькое послевкусие
Молодые таланты на Paris Fashion Week
Стиль
#мода
Молодые таланты на Paris Fashion Week
Десять социальных стартапов из Центральной Азии получили гранты на развитие
Бизнес
#люди
Десять социальных стартапов из Центральной Азии получили гранты на развитие
Стартовало онлайн-голосование за проекты, вошедшие в шорт-листы STEPPE Awards
Ликбез
#общество
Стартовало онлайн-голосование за проекты, вошедшие в шорт-листы STEPPE Awards