1 мамырда Алматыда Red Bull Jukebox интерактив концерті өтті. Кеште тыңдарман қандай ән қай стильде шырқалуы керек екеніне дауыс беріп, концерт барысын өзі анықтап отырды. Ұйымдастырушылар «тыңдарман мен әртіс арасындағы шекараны жойған мұндай формат Қазақстанда бұрын-соңды болмаған» дейді. Концерт хедлайнері қазақстандық танымал әнші Садраддин болды. ’98mag журналының авторы Әділхан Қазбек концерттен бұрын әншімен аз-кем сұхбат құрған.

Музыка жолында бала кезден жүрсіз. Сол кезде лық толы зал, миллиондаған қаралым жинаймын деп ойлаушы ма едіңіз? Нені армандайтын едіңіз?

Бала кезде жай ғана ән айтқан ұнайтын. Үлкен сахнаға шықсам екен деп армандайтынмын. Ал миллион қаралым, толық зал туралы тіпті ойламаппын да. Қазір сол армандарым орындалып жатқанына қуанамын.

Сіз өзіңізді қалыптасқан әртіспін деп санайсыз ба, әлде әлі де ізденіс жолындасыз ба?

Қазіргі жетістіктерге шүкіршілік етемін, бірақ әртіс ретінде толықтай қалыптасып болдым деп айтпаймын. Ізденіс әлі де жалғасып жатыр. Әртіс ретінде ғана емес, адам ретінде де, ой-өрісің де, жүрек те «өсуі» керек деп есептеймін. Сол себепті әр күнімді өсуге жаңа мүмкіндік деп білемін.

Өзіңізге қойған шек бар ма? Яғни, мен осыны істеуім керек, мынадайға жетуім керек, сол кезде тынышталамын дегендей…

Нақты бір «міне, осыған жетсем болды» деген шек жоқ. Себебі адам бір нәрсеге жеткен соң, ары қарай тағы да іздей бастайды ғой. Мен үшін ең бастысы — өзіме адал болып, шын көңілмен жұмыс істеу. Қалғаны — сол еңбектің жемісі.

Жұмысқа, өнерге келгенде өзіңізге қаншалықты қаталсыз, талапшылсыз?

Өзіме талапшылмын деп айта аламын. Сырттай сабырлы көрінсем де, іштей үнемі «бұдан да жақсырақ істеуге болады» деп тұрамын. Маған әр ісімде сапа мен шынайылық маңызды.

Өзіңізді заманауи қазақ сахнасында кім деп көресіз? Бір өзгеріс, жаңалық әкелу деген миссияны мойныңызға арқаладыңыз ба, әлде нақты беттеген бағытыңыз жоқ па?

Өзімді бір ағымның не жанрдың өкілі деп шектегім келмес еді. Музыка арқылы өзімнің ішкі әлемімді тыңдарманға жеткізуге тырысамын. Ол адамдарға жақын болып, бір өзгеріс алып келіп жатса, демек, миссия өз жолын тауып жатыр. Бірақ мақсат — өзгеріс үшін өзгеріс әкелу емес, шынайы болу.

21 жастағы әртіс ретінде атақтың қысымын не жауапкершілігін сезесіз бе? Жас кезде танымал болған әрі күшті, әрі қиын деп жатады.

Қысым емес, жауапкершілік көбірек сезіледі. Әр сөзің мен әрекетің біреуге әсер етуі мүмкін екенін түсінесің. Сол себепті бәрін ойланып істеуге тырысам.

«Jauap bar ma?» әні Түркияда танымал болды. Шетелдік аудиторияға танымал боламын деген жоспар болды ма? Алда шетел аудиториясына жұмыс істеу ойда бар ма?

«Jauap bar ma?» Түркияда тыңдалып жатқанын естігенде қатты қуандым. Егер әнім басқа елдерде де жүрекке жетіп жатса — бұл мен үшін үлкен мәртебе. Болашақта шетелдік аудиториямен жұмыс істеуге дайынмын, бірақ бәрі өз уақытында болғанын қалаймын.

Қазір сізге қандай тақырып маза бермей жүр? Қандай тақырыпта ән жазғыңыз келеді?

Нақты бір тақырып маза беріп жүр деп айта алмаймын. Кейде шабыт күтпеген жерден келеді — бір сөзден, бір сәттен, эмоциядан. Сондықтан маған ең маңыздысы — сол шақта дайын болып, оны қағазға түсіріп үлгеру.

Сіздің тыңдарманыңыз кім? Оларды қалай сипаттай алар едіңіз?

Менің тыңдармандарым толқындастарым деп санаймын. Бір бірімізді жақсы түсінетін адамармыз деп ойлаймын.

Сіздің әр әніңіз хитке айналып жүр. Хит ән жазу деген мақсат бар ма? Әлде кездейсоқ боп жатыр ма?

Әрбір музыкант ән шығарғанда оның шынайы болып шыққанын қалайды. Ал ол халықтың жүрегіне жетіп жатса, демек жолы болғаны.

Өзіңіздің сүйікті әніңіз қайсы және ол әнді неге жақсы көресіз?

Сүйікті әндерімнің бірі — «Ант». Ол адалдық жайлы. Бұл ән менің ішкі күйімді, көзқарасымды дәл жеткізеді. Сол үшін оны қайта-қайта орындаудан шаршамаймын.

Концерт алдында нені уайымдайсыз? Қалай дайындаласыз?

Әр концерт алдында қобалжу болады. Бұл — қалыпты нәрсе. Көрерменмен энергиялық байланыс құруды ойлаймын. Ал концертке тыныш жерде жалғыз өзім қалып, ойымды жинақтап дайындаламын.

Сұхбатыңызға рақмет!

Рақмет!