«Тоймэн болып кетпеймін, бірақ…»
Аружан: Осы айда жаңа әніңіз жаңа атпен шықты. Құтты болсын! Неге ондай шешім қабылдағаныңыз қызық.
Арман: Өнерге, жалпы шығармашылыққа бірден альтер эгомен кіріп келдім-ау деп ойладым осы уақытқа дейін. Өйткені ARO-ның шығармашылығы бұған дейін болған музыкаларға мүлде ұқсамайтын еді. Өзінше, жаңаша бір бағыт алып келді. ARO дегеніміз мен кішкентай кезімнен бастау алып, жасөспірім шағыма дейін тыңдаған музыкалардың ең үздік жиынтығы еді.
Баяғыда «МузТВ-ны» тыңдадық, одан кейін теледидардағы Шәмші әндері сияқты кәдімгі эстраданы тыңдаған қарапайым адамбыз. «МузАРТ», Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, былайша айтқанда, ауылдық жердегі қарапайым адамдар компьютер шыққанға дейін теледидардан не тыңдады — соның бәрін мен де тыңдап жүрдім.
Енді сол Жүргенов колледжіне келіп көзім ашылғанға дейінгі мен қабылдаған, өзім тыңдаған, миыма тоқыған қарапайым әндер бәрібір бір жерден шығуы керек болды. Мен осы дәстүрлі эстраданы тыңдап келдім. Колледж қабырғасында жүрген кездің өзінде дәстүрлі эстраданың әндерін жазып жүрдім. Осы уақытқа дейін халық естіп жүрген, құлақ үйренген әндерді жазып жүрдім.
Ол әндерді өзім орындап шығайын десем, ARO деген атпен шыққам. Артист ретінде бірінші рет шыққанымда 2020 жыл тұғын. 21 жастағы кезімде дебют алдым. 2020 жылдың мамыры. ARO деген атпен бес жыл бойы қиын өнерді тасымалдап жүріп, оған келіп қарапайым қазақы өнерді жабыстыруға келмейді, былай айтқанда. Сол әндерді орындайтындай өзінің әншісі болу керек. Бұл Арман Сейтжаппардың «Жан жарым» деген әні ARO-мен үш қайнаса сорпасы араласпайды. Сондықтан оған өзіне, жеке басына бөлек альтер эго керек.
Альтер эго дегенде, Арман Сейтжаппар деген — негізі менің Құдай берген өзімнің атым ғой. Кәдімгі азан шақырып қойған, өмір сыйлаған атым. Ал АRO — өзімнің ойлап тапқаным, менің шығармашылығымның тереңдетілген түрі. Қарапайым халыққа арналған өнер Арман Сейтжаппардың атынан. Осылай шешіп отырмын.
Аружан: Сіз жазған «Бесаспап қыз», «Бұртиғаныңды сүйдім», «Шырғалаң» деген хиттер Арман Сейтжаппар орындайтын әндер ме?
Арман: Иә, олар Арман Сейтжаппар орындауы керек әндер.
Аружан: Сонда бұл альтер эго сізді тойға шақыра беруге болатынын білдіре ме?
Арман: Иә, дәл осы альтер эгоның әндерімен тойға баруға болады. АRO-ның әндерімен бара алмайсың. АRO — АRO болып қалсын.
Аружан: Бір әңгімеңізде жанды дауыста ән айтқанды жақсы көрем дедіңіз. Тойда ондай мүмкіндіктер аз болады. Арман Сейтжаппардың әндерін фонограммамен айта бересіз бе?
Арман: Жоқ. Мен әлі Арман Сейтжаппардың атымен той-томалаққа шыққан жоқпын. Қалай болатынын да елестетпедім, бірақ миымда бір нәрсе бар. Қазақ болғаннан кейін бәрібір тойға барасың. Бармасаң, сыйламаған секілді көрінеді. Қандай да бір қуаныш болса, қазақ той жасайды. Өзімнің жолдастарымның, достарымның, туған туысқандарымның, өзімнің үйімдегі тойға барып, сол жерлерде ән айтып жүремін. Фонограмма емес, гитарамен барам екі-үш ауыз әнімді айтам, халық мәз болып қалады.
Естимін деген құлаққа жеткізем деген адам жеткізеді ғой қашанда. Ол аппаратура жақсы болсын, болмасын, жақсы айтатын жағдай болсын, болмасын, бара барлап жеткізе беруге болады ғой. Жақсы аппаратура болса, плюстің үстінен емес, минусовкасын қостыртып таза жанды дауыспен айтып беруге болады. Арман Сейтжаппардың әндері тарсылдатып билететін болмаса да, теңселе қоятын әндер болатын шығар, бәлкім. Өзім бөлек өнер күтіп отырмын. Таза тоймэн болып кетейін деп жатқан жоқпын. Тойда мені өзінің қуанышынан көргісі келетін адамға мүмкіндік тудырғым келіп отыр.
Негізі Арман Сейтжаппардың шығармашылығын Жұбаныш Жексенұлы секілді істегім келеді. Тарсылдатып билейтін тойдың әндері жоқ қой Жұбекеңде. Атам заманнан бері той-томалақта жүр ғой Жұбекең, бірақ ешкім оны «ойбай, Жұбаныш тоймэн» деп айтпайды ғой. Қуанышына мені шақыра алатындай адамдарға мүмкіндік тудырғым келіп тұр. ARO-ның шығармашылығымен тойға шыққан біртүрлі. Екеуі бір-біріне келмейді, үйлеспейтін әлем. Ал енді мен жаза алмайтын болсам немесе біреуге жаздыртып жатсам бір сәрі, мен жаза алып тұрмын ғой. Қызық сонда. Халыққа керек нәрсені жаза алып тұрмын, бірақ күні бүгінге дейін бермей жүрмін. «Мынадай музыканы тыңдаңдар» деген секілді ARO-ны тыңдатып келдім. «Мынадай музыканы да тыңдаңдар» деп АRО-ны тоқтатып тастап, ары қарай мен Арман Сейтжаппармын деп жатқан жоқпын. АRО-ның шығармашылығы параллель жүре береді, соған параллель тағы да міне осы әндерімді өзімнің аузымнан тыңдағың келсе, бұны айтатын тағы да бөлек адам бар.
Аружан: Неге оны осы уақытқа дейін істемедіңіз? Неге дәл қазір?
Арман: Қазір пісіп тұрған секілді. Темір енді қызғандай. Темір қашанда қызып тұрды, бірақ адамдардың менің шығармашылығымды басқалай қабылдағанын қалаған шығармын осы уақытқа дейін.
Аружан: АRО деп атыңызды жасап, ерекше стиліңізді танып болғасын ғана көпшілікке өтетін жаққа көшіп жатсыз ба?
Арман: Негізі мен баяғыдан көпшілікке өтетін тұғым ғой. Бұл әндерім гитарада танымал болып кете беретін. Енді осы нәрсені көбірек кәсіби түрде берейін деп тұрмын. АRО деп әнші болмай тұрып, Арман Сейтжаппар сазгер, ақын ретінде атым шықты басында. 2020 жылға дейін жұрттарға ән жазып жүрдім, мысалы, Төреғали Төреәлі, Әділет Жауғашар, Мәди Қадыров. Солай менің атым шығып, халық онсыз да біліп жүрді. Негізі осы әндерді сұрап жүрді басынан. Мен ондай әндерді онсыз да жазып жүрмін, басқа адамдар өзінің аузымен менің шығармашылығымды жеткізіп жатыр. Енді мен басқаша болып келуім керек мына ортаға деген нәрсе болды өзімнің ішімде. Сол шығармашылықты қуалап келдім осы күнге дейін.
Шүкір, ол өзінің берерін берді. Осы ортада, медиазонада АRО өзінің ерекше бір бағытын қалыптастырған әнші деген қазіргі мен тұрған жерге АRО-ның шығармашылығы алып келді. Енді мен АRО-ның шығармашылығын ары қарай дамыта түсу үшін, мерейін үстем ету үшін қандай да бір қадамға баруым керек. Түптің түбінде мақсат мұратына жеткен адамға айналуым керек. Олай мен АRО-ның артын қуып жүре беретін болсам, отыздан асқаннан кейін барып жетемін. Асықпа-а-ай.
Менің қазіргі ойлап отырғаным «АRО ретінде асарымды асап, жасарымды жасап қойдым» демей-ақ қояйын, бірақ АRО ретінде қандай да бір межеге жеткеннен кейін оны ары қарай популяр қылу керек. Ол қандай да бір капитал алып келуі үшін танымал музыкаға айналдыру керек. Оны қандай күшпен танымал қыласың? Саған қаражат керек. Қаражатты қайдан аласың? Ешкім саған бере салмайды. Еңбекпен, маңдай термен табу керек. Қаражат қайда бар? Бүкіл әртістер барып ақша табатын жер қайда? Тойда.
Аружан: Сонда сіз АRО-ның шығармашылығын дамыту үшін Арман Сейтжаппарды тудыңыз ба?
Арман: Иә, Арман Сейтжаппар менің ішімде бұрыннан болды.
Аружан: Иә, бұрыннан болды. Енді оны өз аузыңызбен айтасыз.
Арман: Өз аузыммен жеткіземін, иә.
«Ақын болу — құдайдан»
Аружан: Жақсы. Сіз Шиеліденсіз. Сырдан талай ақын, сазгер, әншілер шыққанын білеміз. Өнер адамдарын көп шығарған киелі топырақ деп айтады. Мысалы, Кеңес Дүйсекеев сол жақтан. Сәбина Әбдімәліктің деректі фильмінде де айттыңыз «Ауылда өскеннің өзі адамды шешен қылады. Шешен болу үшін ауылдың адамдарымен сөйлескен жеткілікті» деп. Бүкіл әндеріңіздің сөздерін өзіңіз жазасыз. Осындай мәтіндер жазуға жерден басқа не әсер етеді? Қаншалықты жиі кітап оқисыз?
Арман: Бәрекелді! Негізі адамға құдайдан берілген шынайы дарыны болатын болса, ақындық деген, ол қандай да бір сөзді жақсы, бас-аяғы, драматургиясы бар қылып жазып шыға алатын, оқиғаны өлеңмен жеткізе алатын адам десек, оған ақындықты құдай беруі керек. Комиктар болады ғой, мысалы, Павел Воля «несмешной чувак», бірақ әзіл айту, импровизация деген нәрсе — мидағы бұлшықет. Оның барлығын уақыт өте келе жаттықтырып алуға болады. Әзілқой болып тумасаң да, уақыт өте келе, жақсы «тычкаларды» жаттап алып, оны дамытуға болады. Ортаның «та-а-а!» деп көңіл-күйін бір көтеріп жіберу, атмосфераны өзгерту деген сияқты нәрсені адам уақыт өте келе үйреніп алады.
Ал «осы адам сөзді жақсы келістіретін ақын болсыншы» деп құдай өзі береді. Жоқ қабілетті күшейткені білініп тұрады. Шынайы ақын ақын екенін қиын сөздермен дәлелдеп жатпайды. Ол қарапайым сөздердің өзімен қиын астарлы ойды жеткізуі мүмкін. Қарапайым ұйқастармен-ақ, бірақ оның ұйқастары ұйқас үшін жазылған өлең болмайды. Ол шынымен ойды жеткізгісі келді, сол ойға сол ұйқастар сай келді. Менің жеткізгім келіп отырған нәрсе мынау: ақындық деген — юмор емес. Оны құдай бермеген болса, уақыт өте келе дамытып ала алмайсың. Саған оны құдай берген болса, ары қарай дамытып, ұлы ақын болуға мүмкіндігің бар. Ақын болу — құдайдан.
Аружан: Оған да сөздік қор керек. Сөз білмесең, қанша талантты болсаң да жеткізе алмайсың. Соған қатысты әдебиеттер, кітаптар оқисыз ба?
Арман: Сөздік қорымды дамыту үшін сөздік кітап сатып алып, жаңа сөз жаттап көрмеппін, шынымды айтсам, бірақ маған Оралхан Бөкейдің шығармалары, Мағжанның жалынды өлеңдері ұнайды. Шын мәнінде, ұлы ақындардың бірі. Абай Құнанбаев — дана ақын, ал Мағжан Жұмабаев — ақындарға арналған ақын.
Арман Сейтжаппар — дана әнші, ал ARO — әншілерге арналған әнші. Қиын өлең құрауды Мағжан Жұмабаевқа беру керек. Ақындар оқитын ақын. Қарапайым адамдар төрт жол өлең, таппақ, мектептегі балаларға арналған, туған жерге арналған өлеңдерді де жазып жатыр ғой, ал ақындарға арналған ақын болу басқа. Мағжан Жұмабаевпен кімді қатар қоя алам? Мысалы, Мұхтар Шаханов. Ол да — ақындарға арналған ақын. Өзі өлең құрайтын, өлеңнің құрамын толықтай түсінетін адамдарға арналған, «а, осылай да құрауға болады екен ғой» деп таңғалдыратын новатор ақындар. Өзінің бағытын қалыптастыра білген, жырды басқа ешкімге ұқсамайтындай қылып өре білетін адам ғой. Сондай ақындарды оқыған үнайды. Айтыскерлерден Оразалы Досбосынов — айтыскерлерге арналған айтыскер. Құлмамбеттің құлыны, баяғы Жамбыл, Сүйінбайлардан қалған тұяқ, қиын өнерді алып жүрген менмін дегендердің бірі еді. Жалындай жарқ етті де, сөнді. Қай жақтан азық аласың дегенге, өлеңдеріме бағыт алатын адамдар — осылар.
Мен Абайды көп оқымаймын, бірақ Мағжанның өлеңдерін, Мұқағалиді, Оралхан Бөкейдің, Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларын оқып тұрамын. «Ақиқат пен аңызын» қазір қайталап оқып жатырмын.
Альбом қашан шығады?
Аружан: Сіз ARO болып шыққаннан кейін, адамдар тікелей эфирде, сұқбаттарда, желілерде айтқан әндеріңізді видеодан жазып алып тыңдады. Солай тыңдауға мәжбүр болды. Енді альбомды қай кезге жоспарлап отырсыз? Бір әңгімеңізде жақында, дайын тұр деп айтып едіңіз.
Арман: Негізі дайын тұрған альбом болған тұғын, бірақ ол қазір шықпайтын болды. Қайтадан жазу керек. Сондықтан мына уақытта альбом нақты шығады деген уақыт жоқ миымда дәл қазір, бірақ альбом шығарғым келеді, жазылып жатыр. Бір адамның қолында емес, әрқайсысы әр жерде жазылып жатыр.
Аружан: «Басқа сандықтан» деп лайв форматта әндер шығардыңыз. Жаңа видеодан жазып алып, тыңдап жүрген әндіріңіз ресми жарық көргенде, «сол сәттегідей болмай қалады-ау» деген уайым болмай ма?
Арман: Ондай нәрсені мүлде уайымдамаймын. Мынау өйткені ресми нұсқа. Гитарада орындаған нұсқа демоның демосы, қаңқасы да емес, былай айтқанда, қуырылмаған ет, ал мен қуырып әкеліп беріп тұрмын. Қуырылмаған етті жегісі келетіндер өзі білсін, қуырылған етті жегісі келетіндерге міне деп ұсына беремін. Шикілей жегім келеді десең, гитарадағы нұсқаны тыңдай бер. Толық біткен нұсқа қашан да әдемі болып тұрады ғой бәрібір. «Мына әнді гитарамен естіп қойды ғой, болды енді» деп ойламайды екем.
Аружан: Сіздің ресми шыққан әндеріңізге қарағанда, ресми шықпай-ақ таралып жүрген әндеріңіз көп сияқты. Тыңдарманыңызды аямайсыз ба, оларға сапалы өнім бергіңіз келмей ме?
Арман: Иә, аяймын, бергім келеді. Жасаймыз, құдай қаласа. Өзім ешқайда асығып бара жатқан жоқпын. Бәрі өз ретімен келе жатыр. Мысалы, мен колледжді бітіре салып, ары қарай оқымай gap year алып, қазіргі Арман Сейтжаппарды сол кезде бірден істеп кетіп, содан нәпақамды айырып кете беруіме болар еді. Бірақ оны жасамағаныма өкінбеймін. Мен одан аса бір ұтылған жоқпын. Берекесін берсін. Әр нәрсе — өз уақытымен.
Бес жыл бойы ARO-ны жасап келдім. Енді халыққа осындай да шығармашылық керек-ау, ақыры сұрап қоймады ғой деген кезде Арман айтатын әндерді өңдеп, оларды да шығарып жатырмын.
Неге әндерді бірден сапалы қылып бермейтінімді түсіндіріп берейін. Жақсы аранжировка жасау 200 мың теңге тұрады, оған жақсы гитаристке ойнату — 30-50 мың теңге арасында, кейде 70 мың. Одан кейін әнге жаңа инструмент скрипка бергің келеді. Скрипачты әкеліп ойнатуың керек, оған бөлек ақша төлейсің. Гитарист әкеліп ойнаттың, скрипач әкеліп ойнаттың, одан соң брасс секция ойнатқың келді. Брасс секция деген духовой секция. Оның ішінде труба, тромбон, саксофон деген болады. Сен оның ішінен труба ғана ойнатқың келді. Ол да тағы ақша. Аранжировщиктің өзі клавиште жақсы ойнайды делік. Үш инструмент әннің ішінде, аранжировкасы бітті, екі инструменті басылды. Енді оған бэк вокал керек. Бэк вокалист те ақша тұрады. Егер сен өзің екінші, үшінші, төртінші дауыс қоя алам, өзім «выкриктарды» лақтыра алам, өзім бэк вокал бола берем десең, мақұл, ол жерден үнемдеп қал. Жалпы ән аранжировкаланып, инструменттері жазылып, дауысы жазылмай ма, кейбіреулер дауыс жазатын жерді бөлек барып жаздыртады. Аранжировка жасалып жатқан жердің акустикасы адамға ұнамауы мүмкін, сен оған бөлек үлкен студияға барып, жақсы микрофонға жазуың керек. Сенің даусыңды жазатын микрофон жақсы, менмін деген болуы керек. Мысалы, менің даусым ламповый микрофонды жақсы көреді деген секілді әңгіме. Ламповый микрофоны бар, жұмыс істеп тұрған студияға барасыз. Әр сағаты мынанша теңге, оның ақшасын төлейсіз.
Одан бөлек осының барлығын аласыз да, қанша канал жазып тастадыңыз ғой, гитараның каналы бөлек бес канал, дауыстікі бөлек он канал болуы мүмкін, барабанның каналдары бөлек тұруы мүмкін, әр «хед», «хай хед», «малыйы», «бочкасы» — бәрі бөлек тұрады. Сол әр каналды бір-бірімен келістіруіңіз керек. Телефоннан тыңдағанда да, көліктен тыңдағанда да, үйдегі кинотеатрдан тыңдағанда да — кез келген жерден тыңдағанда дыбыс шамамен бірдей шығуы үшін әнді «сводить» еттіресіз. Ол 100 мың теңге, 200 доллардай ақша болады. Одан кейін осы дүниенің барлығын аласыз да мастериңге бересіз. Ол да бір 50 мың теңгедей ақша шығады.
Осының бәріне мұқаба жасатасыз. Сізді фотограф келіп суретке түсіреді, суретіңізді монтаждайды, бетіне жазу керек жазуларды жазады, пәленше деген ән, осындай жерлерде шығады деген секілді мұқаба істейді. Не болмаса, оны бір суретшіге сыздырасыз. Ол да ақша. Мұқабаға ақша құрттыңыз, аранжировщик, инструменталистерге құрттыңыз, бэк вокалиске құрттыңыз, «сведение», мастериң деп жатқан кезде бір әнді лайықты беру үшін өлгенде 500-600 мың ақшаңыз шығып кетеді қалтаңыздан. Сенің көңіліңнен шығатындай лайықты беру үшін.
Егер бәрібір қарайтын болсаң, 200-250 мың теңгеге шығарып жібере беруге болады әнді. Оны көңіліңнен шығатындай етіп халыққа бергің келгендіктен ол уақыт алады, сосын ақшаңды алады. Айына бір ән, екі ән тұрақты беріп отыру үшін тұрақты поток болуы керек. Қазақстанда фестивальдер соншалықты көп емес ондай поток болатындай.
ARO-ның шығармашылығы ары қарай өсіп-өне беруі үшін Арман Сейтжаппар пайда болуы керек болды және пайда болды.
«Президентіміз аман болсын»
Аружан: Сіздің «20, 21 шолу», «Лай» деген әндеріңізден кейін «Қазақстаным» әні арқылы өзіңізге қарсы келмейсіз бе?
Арман: Қалай?
Аружан: «20, 21 шолу» мен «Лай» мағынасы жағынан бір-біріне келетін сияқты болып көрінді, ал «Қазақстаным» оған қарама-қарсы сияқты. Алғашқы екі әнде реніштеріңізді айтасыз ғой.
Арман: Мен ол реніштің бәрін жақсы көріп айтамын. Адам жаны ашыған адамына ғана ұрсады ғой. Жаны ашымайтын адамға «кете берсін өзінің жолы бар ғой» дейді. «Горбатого только могила исправит» деп жүре беруге болатын еді. Мысалы, мен кез келген басқа елге барып, жұмыс жасап жатырмын, ол жақта азамат соғысы болып жатыр. Мен ол елде туған жоқпын, өсіп өнген жоқпын, басқа елде туып, өсіп-өніп, тек ақша табу үшін ғана бардым. Ол елдің ішкі нәрсесіне араласпаймын былай айтқанда. Мен Қазақстанда тудым, өстім, осы жер мені тәрбиеледі, оқытты, тоқытты, емдеді, күні бүгінге дейін осы жерде өстім, жеттім, сондықтан мен жаным ашып «ей, мына жерін бүйтіп жатыр ғой, осы жерін дұрыстасай» деген секілді жаным ашып жазам. «20, 21 шолу», «Лай» дегендерді жаным ашып жазғам, бірақ «Қазақстаным» деген әнде мен «еліміздің президенті аман болсын,
Байрақты батырларым,
Аузы орақ ақындарым,
Зиялы асыл қауым,
Қайратты жас ұлдарым,
Жарамас шашылғаның,
Жат елге бас ұрғаның
Жөн болар өз еліңе жаныңның ашығаны» деп тұрмын. Ешқандай «Лайдағы», «20, 21 шолудағы» сөздерімнен бас тартып жатқан жоқпын. Ол әндерде Қазақстан болашағы жоқ мемлекет дегенді айтып жатқан жоқпын. «20, 21 шолуда» ей қай салаң болсын ақсап тұр, ең нөмірі бір деген сала тек уран шығарудан. Оның өзі белсенді уран емес, таблеткалары ғана. Шикізат өндіруден нөмір бір сол ғана. Оның өзінен еліміз, Қазақстанның халқы керемет бір пайданың астында қалып жатқан жоқ. Менің жеткізгім келгені, дамытам десең, мына карантин біздің елдегі минус деп тұрған жерлердің барлығын ашып берді. Білім саласындағы, медицинадағы минустарды көрсетіп берді, мысалға. Айналысам десең, жаның ашитын жер жетеді Қазақстанда. Сол нәрсемен айналысу керек. «Қай салаң болсын ақсаған» дегенде мен жек көріп айтып тұрған жоқпын бұл әңгімені. Оның астында Қазақстандағы кез келген саланы дамыту керек деген жатыр. Айтып тұр ғой қайырмасында
«Мүйізі қарағайларым,
Абыройлы ағатайларым,
Құлақ сал сөйлер балақайларың
Айтар жанды қинап жай барын».
Не үшін оның жанын қинайды? Ол жақсы көріп, осы елдің дамығанын қалағаннан кейін ғой, ал егер бұл елге оған бәрібір болса, не үшін керек мұндай ән жазып, басын ауыртып. Гүл жайнап, шегірткедей шырылдап жүре беруге болмай ма, Асқартай-ау? Мен осы жерде тек пайдасын алып, ахаху-сахаху той тойлап жүретін адам емеспін ғой. Өзімді күшті адаммын деп көрсеткім келіп тұрған жоқ. Кезінде мықты, менмін, аузым орақ тілді, мен жеткізе алам, қорықпаймын деген адамдар, мысалы Бұқар жырау, олар ханның алдында да тайсалған жоқ. Елдің мұң-мұқтажын айтуға келгенде тікелей айтпаса да, өзінің шығармашылығымен жеткізіп отырды. Мысалға, Махамбет:
«Хан емессің қасқырсың,
Қас албасты басқырсың» дейді. Тек даусы бар, өлең құрайды, ән жазады деген нәрсе тек той-томалақта өнер көрсетіп, серілік құру емес. Мен өмір сүріп жатқан қоғамда өзімнің позициямды қандай да бір жолмен жеткізуім керек қой. Мен өзім жеткізе алатын ең үздік жолмен жеткізгім келеді. Ол — ән айту. Сіз тыңдаған «Лайдың» өзі әнге келмейді мысалы, ол — жыр. Сол секілді мен не нәрсені жырлағым келеді? Қоғамның ақсап тұрған тұсын жеткізгім келеді. Еститін құлақ болса, айтатын ауыз болғым келеді.
Мысалы, «20, 21 шолу», «Лай» дегендер бұлқыныстар, «осындай болып жатыр ма не біздің айналамыз?» деген нәрсеге ішіндегі шолу ғой. Шығармашыл адам бола тұрып, ондай нәрсеге назар аудармай қала алмайсың. Ішіңде бір нәрсені сезіп тұрып, оны жазбай қоя алмайсың. Мысалға мен «Қазақстанымды» жазған кезде жасым он тоғызда тұғын. «Қазақстанымды» жазып жатқан кезде президент әлі Тоқаев емес. Айтып қалдыңыз ғой, «Лай», «20, 21 шолудан» кейін «Қазақстаным» әні өзіңізден сөздеріңізден бас тарту сияқты көрініп қалды деп. Сол жерін мына жері, осы жерде сөзіңнен секіріп тұрсың деп көрсетсеңіз, соны сізге түсіндірейін деп едім. Қазір миымда бұл әндерді ешқандай біреуге жағынусыз, қалай бар солай жаздым деген нәрсе тұр.
Аружан: Мен енді түсінген сияқтымын. Сіз жаңа «Қазақстанымды» 19 жасымда жаздым дедіңіз. Ал «20, 21 шолу», аты айтып тұрғандай, одан кейін жазылды. «Қазақстанымды» олардан кейін тыңдағасын, қазір айтып жатырсыз деп ойладым.
Арман: Тіпті кейін тыңдасаңыз да, «Қазақстаным» ішінде мен «20, 21 шолу», «Лайда» айтылған сөздерден бас тартатындай сөздер жоқ деп ойлаймын.
Аружан: «Президентіміз аман болсын» деген жері ше?
Арман: Президентіміз үнемі аман болсын. Кез келген мемлекеттің президенті аман болсын. Президент биліктен кетсе, сенің еліңде бас жоқ деген сөз.
Аружан: Оның бәрін түсініп тұрмын, бірақ ол жағыну сияқты болып қалмай ма?
Арман: Жоқ, мен оны жағыну деп қабылдамаймын.
«Әр үйге құт, береке дарысын деп,
Туған жер дамысын деп,
Дұғада болған бетіміз.
Еліне адал болар адам болсын» дейді бірінші кезекте. Сосын сол еліне адал болар адам аман болсын дейді. «Еліне адал болар адам» деп тұр. Кез келген немесе бүкіл президент аман болсын деп жатқан жоқ. Мынау әділетті, еліне адал адам болсын, сосын аман болсын ел билер президентіміз деп тұр. Сосын «ARO президентті жақтап кетті ғой» деген әңгіме болады ғой. Оның артынан былай дейді
«Байрақты батырларым,
Аузы орақ ақындарым,
Зиялы асыл қауым,
Қайратты жас ұлдарым,
Жарамас шашылғаның,
Жат елге бас ұрғаның» дейді басқа елге көшіп кеткен туралы.
«Жөн болар өз еліңе жаныңның ашығаны» деп тұр. Сенің, менің, адал президенттің елге жаны ашымаса, ешкімнің жаны ашымайды. Сенің елің ешкімге керек емес басқа. Әркім өзінің жаны ашитын басқа мемлекеті бар деген нәрсе тұрған тұғын астында. Оны зерттейтін адам зерттейді, қарайтын адам қарайды.
Аружан: Сұқбатыңызға рақмет! Алматыдағы концертіңіз сәтті өтсін.
Арман: Сізге де рақмет.