Бішкектің қақ ортасындағы жетпіс жылдық тарихы бар мәдениет нысанының тағдыры қыл үстінде тұр. Сот шешімімен Суретшілер үйі Президент аппаратының басқаруына өтіп, шығармашылық қауымдастық панасыз қалғалы жатырмыз деп дабыл қақты. ’98mag даудың жай-жапсарын түсіндіреді.
1950 жылдары салынған Суретшілер үйі қылқалам шеберлері мен мүсіншілердің шығармашылықпен айналысып, еркін ой айтатын мінбері еді. Қазірге дейін мұнда бес жүзден астам шеберхана жұмыс істеп келген.
Тарихи ғимарат қырғыз бейнелеу өнерінің негізін қалаған Семен Чуйков, Ғапар Айтиев пен Сүйменқұл Чокморов сынды қайраткерлердің еңбек жолына куә болған.
Суретшілер үйіндегі ең маңызды жәдігердің бірі — қазір сирек кездесетін литографиялық станок. Бұл — қағазға сурет басатын алып әрі күрделі «принтер» сияқты құрылғы. Кезінде Шыңғыс Айтматовтың кітаптарындағы алғашқы суреттер дәл осы станоктан шыққан.
Ол 1950 жылдары ғимарат салынғанда іргетасына бірге бекітілген. Суретшілер бұл ғимарат бұзылса не реконструкцияға жіберілсе, қырғыз графика өнерінің көне қазынасы да істен шығып, жарамсыз темірге айнала ма деп алаңдап отыр.
— Билік бұл жәдігерлердің сақталарына ешқандай кепілдік бермей отыр, — дейді суретші әрі дизайнер Арууке Өмүр. — Суретшілер үйі — тарихи ғимарат қана емес, қазір адамдардың қорықпай жиналып, еркін ой алмасатын орны еді. Бұл ғимарат енді бұзыла ма, орнына коммерциялық нысан салына ма деп қорқамыз.
Желіден жеткен хабар
Суретшілер одағының жетекшісі Жақсыбек Жүнісовтің сөзінше, ғимаратқа қатысты дау басталмай тұрып суретшілерге мемлекеттік органдар тарапынан қысым күшейген.
Былтыр қарашада Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің өкілдері Суретшілер одағының кеңсесіне келіп, ұйымның қаржылық құжаттары мен жерге қатысты келісімшарттарын тексере бастаған. Кейіннен бірнеше суретші арнайы қызметке жекелей шақырту алып, олармен де әңгімелескен.
Ал биыл ақпанда Бішкек мэриясы № 52 қаулы шығарды. Бұл құжат арқылы қала билігі Суретшілер одағының жерді пайдалану құқығы жойды. Жаңалықты одақ өкілдері көппен бірге әлеуметтік желіден бір-ақ білген.
Жүнісов бұл шешімнің қисынсыз екенін айтады. Оның сөзінше, 1995 жылы жасалған келісімшарт бойынша Одақ бұл жерді 2044 жылға дейін жалға алуға құқылы.
Суретшілер одағының жетекшілері бірнеше рет жиналып, президентке үндеу жолдап, петициялар жазған. Шығармашылық қауымдастық өкілдері де әлеуметтік желілерде қоғам назарын аудару үшін үндеулер жариялап жатты.
Бірақ 2026 жылдың 29 сәуірінде Бішкек әкімшілік соты мэрияның шешімін заңды деп танып, Одақтың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сот бұған дейін жер теліміне қатысты кез келген әрекетке тыйым салған уақытша шаралардың да күшін жойды. Сөйтіп ғимарат мемлекет меншігіне өтіп, жер мен ондағы нысан Президент іс басқармасының құзырына берілді.
Осылайша құжаттарды тексеруден басталған іс ақыры суретшілерді өз үйінен ығыстырып шығарумен аяқталды.
Араша түскен депутаттар
Бұл мәселе қырғыз парламенті — Жоғарғы кеңес қабырғасында қызу талқыланды. Депутат Гуля Қожақұлова биліктің бұл әрекетін «варварлық тірлік» деп сынап, Министрлер кабинетін рухани құндылықтарды қорғауға шақырды.
Депутат Бішкектегі талай тарихи мозаикалар мен мәдени нысандардың қиратылғанын еске салып, Суретшілер үйінің бастапқы қалпында сақталуға тиіс дегенді айтты.
Президент іс басқармасы бұл жер телімін қайтарып жатқанына инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау және қаланың сәулеттік келбетін бірыңғай жүйеге келтіру мақсаты себеп деп уәж айтқан.
Алайда суретшілер бұған сенбейді. Олар қала билігі өкілдері Бішкекті кешенді дамытамыз деген желеумен орталықтағы тарихи орынды күреп тастап, оның орнына зәулім бизнес-нысандар салмақ деп қауіптенеді.
Билік өкілдері бүкіл тарихи кешенге балама ретінде суретшілерге небәрі үш бөлме ұсынған. 500-ден суретші мен мүсінші кіретін, аймақтарда өкілдіктері бар үлкен ұйым мэрияның бұл ұсынысын мазақ ету деп біледі.
Жапаровқа үндеу
Дау қызған шақта, 13 сәуірде көрнекті суретші Семен Чуйковтың немересі Евгения Чуйкова Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа хат жолдап, «Суретшілер үйі» ғимаратын қорғап қалуды сұрады.
Ол Мәскеудегі Третьяков галереясында атақты суретшінің көрмесі ашылып жатқан тұста сөз сөйледі.
— Мұндай кеңістіктер өткеннің нышаны ретінде ғана емес, өнердің дамуына керек тірі орта ретінде де өте маңызды. Олар жас суретшілер үшін де, мәдени болашағымыз үшін де, сондай-ақ шеберханаларда оқшауланып қалмай, әрдайым шығармашылық байланыс мен ортадан нәр алатын көркемдік өмірдің сабақтастығын сақтау үшін де өте маңызды.
Мен «Суретшілер үйі» мен осы өнер кеңістігін сақтап қалу жолында күресіп жүрген қырғыз суретшілерін қолдаймын. Мәдени мұраға және шығармашылық қауымдастыққа деген құрметпен қаралатын оң шешім табылады деп кәміл сенемін, — деді Чуйкова.
Суретшілер үйі — табиғи жарық молынан түсетін үлкен терезелері бар, төбесі биік, көркем өнерге жайлы етіп арнайы салынған бірегей ғимарат. Бішкектегі жылжымайтын мүлік нарығы күн сайын қымбаттап жатқан шақта суретшілердің тап осындай ғимарат табуы екіталай. Қаладағы коммерциялық орындардың жалдау ақысын олардың қалтасы көтермейді.
— Суретшілер үйі — Қырғызстандағы өнер орталығы. Алда не болатынын білмейміз, қазір ештеңе де белгісіз, — дейді суретшілер одағы басқармасының мүшесі Нюргуяна Иннокентьева. — Бұл ғимараттан толықтай айырылып қалуымыз әбден мүмкін.
Фото 1: Kaktus media
Фото 2: 24kg