Өз дауысын таппаған «She is Aiel»

Өз дауысын таппаған «She is Aiel»

3 қыркүйекте Алматыдағы «Жас сахна» театрында режиссер Гүлназ Балпейсованың «She is Aiel» спектаклінің премьерасы өтті. Soundrama-моноспектакльдің идея авторы әрі орындаушысы — актриса Салтанат Бақаева. Актриса әйелге қоғам, отбасы мен айналасы таңитын сан түрлі рөлдің арасынан өзінің төл дауысын іздейді. Жазушы Сафина Ақтай ’98mag журналының өтінішімен спектакльді көріп қайтты.

Фото: silkstage / Instagram

«Жас сахна» театрының табалдырығын аттай берген сәттен бастап қаптаған өнерпаздар арасында құдды бір қойылымға кіріп кеткендей сезіндім. Кіреберістен қазақ өнерінің шоқ жұлдыздары — Азамат Сатыбалды, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дулыға Ақмолда, Роза Рымбаева секілді өнер адамдарының шоғырының өзі сахнадан тыс театр ішіндегі театрды тамашалағандай әсер сыйлайды. Қалың нөпір жұрт жиналған театр дәлізінде қызу әңгіме жүріп жатыр. Біраз үзілістен кейін спектакль өтетін сахнаға кіргізе бастады. Өзіме тиесілі орынға жайғасқаным сол еді сахна бұрышынан шыққан әлдебір дауыс қойылым басталғанын, телефонды өшіруіміз керектігін ескертіп, тек орыс тілінде хабарлай жөнелді. Сол сәтте өзімді аталған спектакльдің дарынды режиссері Гүлназ Балпейсова оқыған Мәскеудегі Борис Щукин атындағы Театр институты сахнасында қойылатындай дәрежесі бар театр туындысына көзайым болуға келгендей әсерде болдым.

Қойылым басталар сәтте сахнаның безендірілуіне бірден көзім түсті: «ұят», «әйел», «махаббат», «гнев», «құрбым» сынды сөздер жазылған жәшіктер бірінің үстіне бірі орналастырылып, самсап тұр. Аз ғана абыр-сабырдан кейін спектакль де басталды. 

Спектакль режиссері Гүлназ Балпейсова көрерменге жаңа форма ұсыну тұрғысынан біраз жұмыс істегені көрініп тұр. Станиславскийдің дәстүрлі театрда қолданатын формасына мейлінше жаңалық енгізіп, актердің көрерменді де спектакль сахнасына шығарып, оны өзіне сахна серігі етуіне, көрерменнің театр сахнасында жай ғана қойылым тамашалап отырғанын еске салып отыруына ерекше күш салғаны байқалады. 

Осыған дейін театр мен әдебиеттің арасындағы ара-жік біраз талқыланып, театрда әрекеттің мейлінше көп, ал сөздің жетерінше аз болғаны дұрыс болатыны хақында әңгіме өрбіді. Театр актерлерінің сахнада образды сомдауға емес, өзін ойнауға, өз болмысының осыған дейін жасырын келген кей қырларын көрерменге ашып, барынша табиғи дауыс, табиғи мәнер ұстануы әлемдік театр теориясындағы сында да айтылып келеді. Осы тұста актердің шеберлігі сынға ілінетіні рас. 

Қазіргі қазақ театрында өзінің экспериментал рөлдерді сомдауымен танылып жүрген актерлердің бірі — Салтанат Бақаева «She is Aiel» моноспектаклінде сан түрлі эмоциялар спектрін өзінше аша білді. Спектакль барысында көрерменмен тілдесті, мұңын шақты, бүлік шығарды, қарсыласты, көндіге отырып, қазіргі қазақ әйелінің өміріндегі талай жайттан сыр шертті. 

Анығында, «She is Aiel» спектаклінің Қазақстан қоғамындағы кейінгі уақыттағы өте өзекті мәселе — әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы мен фемицид тақырыбын көтеруінің әлеуметтік салмағынан бөлек, өнер тұрғысында да маңызы зор. Салтанат Бақаева отбасы, бала-шаға, жолдасының арасында бар жауапкершілікті өз бойына алып, өзінің тұлға ретіндегі жұлдызын сөндіріп алған әйелдің келбетін сомдау арқылы, көрерменге ой салуға тырысты. Спектакль соңында гүлмен безендірілген көк көйлек киіп, әйелдің батылдығы мен үркектігін, бақыты мен бақытсыздығын, тыныш та бүлікке толы қарама-қайшы болмысын жырлаған актриса қоғамның әйелге таңатын белгілі де белгісіз алғышарттарын айыптайды. Актриса қойылым барысын, әйелдің көп жағдайда көркем емес қарабайыр өмірінде кездесетін оқиғаларды сахнада басынан өткерді. 

Салтанат Бақаева белгілі бір рөлден бұрын, әйелдің күрделі өмірдегі жинақталған бейнесін сомдай отырып, тек процесте болды, алайда нәтижені шексіз күту әсерінде қалдырғандай еді. Себебі, жинақталған образға абстрактілі сауалдар көбейіп, кейіпкердің қайшылығы мен кемшілігі, өзіне тән тағдыры мен мінез-құлқына қатысты бұлдыр ойлар белең алатындай. Нәтижесінде, сол жалпылама қайшылыққа жауап беретін және соның шешімін табатын нақты бір кейіпкерді таба алмаймыз. Мүмкін, сол кейіпкер — біздің өзіміз шығар.

«She is Aiel» спектаклінің идеясы — әйелдің өмірде өз дауысын тауып, өзіне және өзі өмір сүріп отырған қоғамға үн қатуы, тұлғалығын жоғалтпай, керісінше, өзін тежейтін факторлардан бой тартып, қиындықтарды жеңіп шығуына үндейді. Сондай-ақ мұндай идеядан бой алған туындыда бүліктің болуы да заңды: әйелдің әділетсіздікке қарсы бүлігі. 

Режиссер өзінің көркемдік тәсілін бұл идеямен мейлінше сабақтас еткен. Жаңа спектакль ұсынған экспериментал тәсіл біздегі көркем өнердегі консервативтік тәсілмен тіл табысып, екеуі қадамың теңдей басатындай жаңа бағыттағы туындылар көбейе түседі деп сенеміз. «She is Aiel» спектаклінің көтеретін феминистік тақырыбының толқыны «Жас сахна» театрына енді жеткені көңіл қуантады. 

Бір қуантарлығы, инклюзив орта үшін сурдоаударма тілін спектакльге енгізуі ең ұтымды шешім болды дер едім.  Сахнадағы мәтін мен музыканы ым тілі арқылы көрерменге шебер жеткізген инклюзивті театр әртісі Айдана Жапарованың өнер кеңістігінде қойылымды интерпретациялауы спектакльдің ең есте қалар тұсы болды. 

«She is Aiel» soundrama-моноспектаклінде  — әйелдің төл дауысын табуында әйел бастан өткерген тәжірибенің көп дауысы үн қатады. Балпейсованың Aiel-і жеңімпаз әйел емес, әлі де шексіз дауыстар ішінен өз дауысын іздеп, үздіксіз ізденісте жүрген әйел.

Оқи отырыңыз:

 

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Ақбілек» неге сексистік қойылым?
Город
#события
«Ақбілек» неге сексистік қойылым?
LVMH может выбыть из топ-10 компаний Европы
Стиль
#мода
LVMH может выбыть из топ-10 компаний Европы
Oasis анонсировали новый тур по Европе и США
Культура
#музыка
Oasis анонсировали новый тур по Европе и США
Праздник документального кино на SPOT
Город
#кино
Праздник документального кино на SPOT
Ваши права на работе, о которых вы могли не знать
Бизнес
#люди
Ваши права на работе, о которых вы могли не знать