Қазаққа виолончельді танытқан Бағжан Октябрь

Қазаққа виолончельді танытқан Бағжан Октябрь

Бір кездері тойларда сағатына бес мың теңгеге виолончельде ойнап табыс тапқан Бағжан Октябрь бұл күндері Еуропа мен Түркия қалаларын аралап, концерт беріп жүр. Жұрт оны әсерлі әуен шертіп, әдемі табиғат аясында түсірген видеолары арқылы танып, кейін «ғұң-ғұң-ғұң» дейтін мемнің кейіпкеріне айналдырып жіберді. Кәсіби музыканттың өз жолын тауып, мыңдаған тыңдарман жинағанға дейінгі өмірі қызыққа толы. Бағжанның балалық шағы, оркестрден кету туралы шешімі, алғашқы концерттері мен әлеуметтік желідегі танымалдығы туралы автор Гүлзада Ксан баяндайды.

Қазақстандық виолончельші Бағжан Октябрь қазір әлемдік турнеде жүр. Қыркүйекте ол Лондон, Париж, Амстердам, Стокгольм мен Германияның бірнеше қаласында өнер көрсетсе, қазан айында Түркиядағы тыңдарманымен көзбе-көз танысып жатыр. Оның «Терапия души» атты концерттік бағдарламасына әлемдік хиттер, түрік сериалдарының саундтректері, қазақтың халық әуендері мен заманауи шығармалар енген.

Бірақ Бағжан Октябрь үлкен сахнаға топ етіп түсе қалған жоқ. Студент кезінде ол шәкіртақысына қосымша табыс табу үшін тойларға даяшы болып та, музыкант болып та жұмыс істеген, балаларға музыкадан сабақ та берген. Кейін әлеуметтік желіге өзі түсірген видеоларын жариялай бастады. 2020 жылы алғашқы жеке концертіне ондаған адам жинауды мақсат еткен музыкант бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелде де лық толы залдар жинап жүр. Бағжан алты жылда мұндай жетістікке қалай жетті? Музыкант туралы не білгеніміз жөн?

Виолончельді өзі таңдамаған

Бағжанның айтуынша, музыкаға деген махаббат — олардың отбасында ұрпақтан ұрпаққа берілген дүние. Арғы атасы соғыстан қобыз алып оралған, ал әкесі — елге белгілі әнші әрі композитор Өктем Алтаев.

2002 жылы Бағжанның отбасы Алматыға көшіп келеді. Алты жасар Бағжанды әкесі Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебіне алып барады. Ол кезде Бағжан домбыра мен гитарадан басқа музыкалық аспаптарды білмейтін. Мектептегі үш кезеңнен тұратын іріктеуден өткен соң, ұстаздары оны виолончель сыныбына қабылдаған. Бесінші сыныпта оқып жүргенінде Бағжан Италиядағы халықаралық музыкалық байқауға қатысып, бірінші орын алады. Осы жетістігінен кейін оған Астанадан оқуға шақырту келеді. Алтыншы сыныптан бастап Бағжан Астанада білім алып, кейін колледж бен Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдайды.

Студент кезінде Бағжан «Солистер академиясы» симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетіп, Моцарт пен Дворжактың шығармаларын орындап жүрген. Фильмдер мен сериалдардан естіген, өзіне ұнайтын әуендерді виолончельде ойнай бастайды. Университетке бәрінен бұрын келіп, бос аудиторияда жаттығып, онысын видеоға түсіріп жүреді. Алғашқы видеолары желіде зор ықыласқа бөленіп, Бағжан мұндай музыканы тыңдағысы келетін адамдар аз емесін түсінеді.

Осы кезеңде Бағжан хорватиялық виолончельші Степан Хаузердің шығармашылығымен танысқан. Хаузер классикалық және заманауи музыканы қатар орындап, видеоларын табиғат аясында түсіретін. Оның жұмысы Бағжанға қатты әсер етіп, оған Қазақстанның көрікті жерлерінде виолончель тартып, музыканы табиғат көріністерімен ұштастырсам қайтеді деген ой келеді.

Сөйтіп музыкант университет бітірген соң Алматыға көшеді.

Алғашқы видеолар мен концерттер

Алматыда Бағжан қарындасының көмегімен Көктөбе, Шымбұлақ, Шарын шатқалы мен Есік маңында виолончельде ойнап, орындаған шығармаларын Instagram парақшасына жариялай бастады. Кейін түсірілім үшін Семейге барып, Ертіс үстіндегі аспалы көпірде видео түсірді. Сол сапарда танысқан видеоблогер Анзор екеуі Маңғыстауға аттанып, Бозжырада музыкант «Адай» күйін тартты.

2020 жылы пандемия кезінде Бағжан видеоларын үйде отырып түсіруге мәжбүр болды. Жүріп-тұруға шектеу азайған соң, «Япыр-ай» әнін виолончельде орындап, желіге жариялады. Видео кеңінен тарай бастады. Сөйтіп Бағжанның бұған дейін түсірген видеолары да жұрт назарына ілікті.

Әлеуметтік желідегі видеоларына қызығушылық артқанын көрген Бағжан жеке концерт беремін деп шешеді. Сөйтіп алғашқы концертін 2020 жылдың 6 желтоқсанына белгілейді. Концертке 70 адам жиналады. Ол Республика сарайының үшінші қабатындағы шағын холда өтеді. Бағжанның бұл кеште сасқалақтағаны сонша — сахнаға шыққанда көрерменге сәлем бермей, бірден виолончельде ойнап кеткен.

Алғашқы концерттен кейін ол сахнаға жиірек шыға бастады. 2021 жылы Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен концертіне 780 адам келді. Келесі жылы Қазақстан қалаларын аралап, жеке концерттерін ұйымдастыра бастады. Бұрын шағын аудитория алдында өнер көрсеткен музыкант енді 2500-3000 адамдық залдарға шығатын болды.

Бағжанның айтуынша, концерт билеттері бірнеше сағатта сатылып кеткен кездер де болған. Сұраныс артқан сайын ол қосымша концерттер өткізіп, үлкенірек залдарды таңдауға көшеді.

Осылайша әлеуметтік желіде басталған шығармашылық жобасы толыққанды гастрольдік мансапқа ұласты.

Қазақстаннан әлемдік сахнаға шыққаны

Бағжанның Қазақстаннан тыс жерде танылуына түрік сериалдарының саундтректері де ықпал етті. Ол студент кезінен Түркия мәдениетіне қызығып, сериалдар көріп, түрік тілін өз бетінше үйренген. Кейін сол сериалдардан таныс әуендерді виолончельде орындап, түркиялық тыңдарманның да ықыласына бөленді. Уақыт өте келе Түркия оның гастрольдік сапарларындағы маңызды бағыттардың біріне айналды. Былтыр берген сұхбаттарының бірінде Бағжан бұл елде елуге жуық концерт бергенін айтқан. Мұндай қарқынмен жұмыс істеген оңай емес.

Музыкант кейде қатты шаршаса да, билет алып, өзін күтіп отырған көрерменнің алдына шығуға міндеттімін деп есептейді. Сондықтан қазіргідей табысқа жеткенін күнделікті дайындығының, қатаң тәртіп пен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасы деп біледі.

Бағжанның қыркүйекте Еуропада өткен гастрольдерін мәдени тұрғыдан да талдап көруге болады. Классикалық музыка әлемінде еуропалық композиторлар мен орындаушылардың беделі әрқашан жоғары болған. Қазақстан сияқты елдерде музыкалық білім беру жүйесінің өзі көбіне осы еуропалық дәстүрге иек артады. Жас музыканттар ақ әлемнің шығармаларын меңгеріп, халықаралық байқауларда шеберлігін дәлелдеуге күш салады.

Ал Бағжанның жолы басқаша қалыптасты. Ол академиялық білімін пайдаланып, классикалық музыкамен шектелмейтін жеке шығармашылық бағыт құра алды және енді осы өнерімен Еуропада гастрольдетіп жүр.

 

«Ғұң-ғұң-ғұң»: Бағжан Октябрь қалай мемге айналды?

Бағжан Октябрьдің әлеуметтік желідегі танымалдығы табиғат аясында түсірілген видеолардан басталғанымен, уақыт өте келе ол қазақстандық желінің мем кейіпкеріне айналды.

Алғашында кейбір қолданушылар оның аспабының атын білмей, «бұтына пианино ма, скрипка ма — соны қысып алатын бала» деп әзілдеді. Кейін музыканттың орындауындағы «Kara Sevda» түрік сериалының саундтрегі TikTok-та Амилай деген атпен белгілі блогердің арқасында «ғұң-ғұң-ғұң» деген атаумен тарады. Бағжанның концертіне барғандар видеоларды осы дыбыспен жариялай бастады.

Музыканттың тегін де әзілге айналдыратындар аз емес. Бағжанның өзі бұған, желідегі реакциясына қарағанда, еш ренжімейді, керісінше, өзі де әзілге үн қосып отырады. Жыл сайын қазанның басында «Бағжанның прайм айы басталды» деген жазба жиілейді.

TikTok-та Бағжан жазба жарияласа, жұрт Аружан есімді қызды еске алады. Аружан есімді бойжеткен музыкантты супермаркетте суретке түсіріп алып, оның «түрі әбіржіп, жай киіммен жүргенін» «ғұң-ғұң-ғұң» деген әлгі дыбыспен жариялап қойған. Кейін Бағжан да бұл әзілге қосылып, Аружанға қарымта жауап бере бастады. Сөйтіп екеуінің әзіл-қалжыңы бөлек мемге айналды.

Қазір Бағжан шайған әңгіме айтып, сәтсіз әзілдесе, пікір жазушылар Аружанды белгілеп, «өзің бірдеңе қыл» дегендей көмекке шақырады. Кейде бұл қалжыңға басқа Аружандар да қосылып кетеді.

Бағжанның өзі де — әзілқой жігіт. Мысалы, журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында «миллион» деудің орнына «миллиёрд» деп қателескен сәтін өзі жариялап, тыңдарманымен бірге күлген. Желі қолданушылары оның Ыстанбұлда бір қызбен жүргенін не әуежайда еденде отырғанын түсіріп, видеоларына әйгілі дыбысты қойып жариялауды әдетке айналдырған.

Бағжан мұндай видеоларға ренжімейді, керісінше, әзілді іліп әкетеді. Соның арқасында оның әлеуметтік желідегі парақшасы концерттер мен жаңа шығармалар туралы хабарландыру жариялайтын орын ғана емес, музыкант пен тыңдарман емен-жарқын әзілдесетін қауіпсіз жерге айналған. Желідегі жұрт «Фанаттары көтермелеудің орнына табалайтын жалғыз әртіс өзің шығарсың» деп күледі.

Тыңдарман Бағжанның өнері мен сахнадағы бейнесін ғана емес, оның күнделікті өмірдегі аңғал, баладай риясыз болмысын да жақсы көреді.

Виолончельге сұраныс бар, ал классикалық музыкаға ше?

Бағжанның мансап жолы Қазақстандағы классикалық музыканың орны туралы талқыға да негіз бола алады. Елде симфониялық оркестрлер мен кәсіби концерт залдары жұмыс істейді, музыкалық оқу орындары жыл сайын ондаған жаңа маман дайындап шығарады.

Бірақ виолончель, альт не гобой сияқты аспаптарды көпшілік оркестрдің бір бөлігі деп қана біледі. Ал Бағжан виолончельді жеке концерттің бас аспабына айналдырып, оның үнін бұрын классикалық музыкаға қызықпаған тыңдарманға жеткізе алды. Симфониялық концертке барғанда тыңдарман бұрын естімеген шығармамен танысуы мүмкін. Ал Бағжанның концертіне келген адам сүйікті фильмінің музыкасын, қазақтың халық әнін не түрік сериалынан таныс әуенді тыңдайтынын біледі. Ол әуендер тыңдарманның естеліктерімен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан мұндай концертке бару үшін классикалық музыка тарихын не композиторлардың шығармашылығын білу міндетті емес.

Бұл айырмашылық концерт билеттерінің бағасы мен сұранысы туралы да сұрақ туғызады. Қазақстандағы кейбір симфониялық концерттердің билеттері танымал жеке орындаушылардың концерттеріне қарағанда біршама арзан болуы мүмкін. Соған қарамастан, адамдар қымбатырақ билет алып, өздері білетін музыканы тыңдауға барады.

Әрине, мұны барлық концертке қатысты заңдылық деуге болмайды. Бірақ билет бағасы тыңдарманның шешіміне әсер ететін жалғыз нәрсе емесі анық. Орындаушының танымалдығы, концерт бағдарламасы, әлеуметтік желідегі жарнамасы мен тыңдарманның музыкаға деген жеке қызығушылығы да маңызды.

Ақыры ақша туралы әңгімені бастаған екенбіз, онда кәсіби музыканттардың табысы туралы мәселені де айтайық. Қазақстанда академиялық музыкамен айналысатын орындаушылардың еңбекақысы олардың ұзақ жылдық дайындығы мен кәсіби шеберлігіне әрдайым сай келе бермейді. Сондықтан кей музыканттар оркестрдегі негізгі жұмысымен шектелмей, жеке сабақ беруге, тойларда өнер көрсетуге не қосымша табыс көздерін іздеуге мәжбүр.

Бағжанның студент кезінде даяшы болып жұмыс істеп, балаларға сабақ беріп, тойларда виолончель тартқаны да осы кәсіптің қаржылық жағын көрсетеді. Дегенмен оның оркестрден кеткеніне төмен жалақы себеп болды деп кесіп айтуға болмайды. Бағжан бұрын берген сұхбаттарында бұл шешіміне ең алдымен өзі жақсы көретін музыканы орындасам деген тілегі ықпал еткенін айтқан.

Бағжанның ерекшелігі де осында. Ол жылдар бойы қалыптасқан кәсіби жолмен жүргеннің орнына, жаны қалаған музыканы таңдап, оны табыс көзіне айналдыра білді. Әлеуметтік желінің мүмкіндігін ерте түсініп, виолончельді көпшілікке таныс әуендермен байланыстырды.

Әрине, танымал саундтректерді орындап, қалың көпшілік сүйетін музыкалар арқылы табысты болу дегенге академиялық музыканттар қырын қарауы мүмкін. Бағжанның өзі де ұстаздарынан әуелде жақсы сөз естімегенін жасырмайды. Бірақ тыңдарманға өнерімен «жан мен рух терапиясын» сыйлауды мақсат еткен Бағжан осы жолда төккен маңдай терінің арқасында қазақ музыкасының сахнасынан ойып тұрып орын алған өнерпазға айналды.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Шёпот сердца» — тихое признание в любви к Японии
Культура
#кино
«Шёпот сердца» — тихое признание в любви к Японии
Ерік Толенов стал новым резидентом «Закрытого клуба»
Культура
#музыка
Ерік Толенов стал новым резидентом «Закрытого клуба»
Claude и клон Photoshop изменили мир: почему ArtCraft — это революция, а не пиратство?
Бизнес
#технологии
Claude и клон Photoshop изменили мир: почему ArtCraft — это революция, а не пиратство?
Tesla представила новый летающий спорткар Roadster
Бизнес
#технологии
Tesla представила новый летающий спорткар Roadster
Джеймс Кэмерон проведёт мастер-класс в Кыргызстане
Город
#события
Джеймс Кэмерон проведёт мастер-класс в Кыргызстане