«Өткенге тағзым»
täuelxsız арт-жобасының 29 тамызға орай жариялаған видеоартында азалы поэзия оқылады, тарихи музыка шырқалып, полигон куәгерлерінің естеліктері айтылады. Туындының деректі бөлігі ядролық саясатты зерттеуші Тоғжан Қасенованың Семей полигоны туралы «Атом улаған дала» кітабын арқау еткен. Видеоарт атауы да осылай аталады. Картина авторлары кітаптағы үш адамның естелігін таңдап, туындының негізгі бөлігіне айналдырған.
16 минуттық видеоарт бес бөлімнен тұрады. Ол ақын Ақберен Елгезектің «Атом мен ақын» өлеңінен басталады. Өлеңде ядролық жарылыс пен оның айналадағы тіршілікке әсері суреттеледі.
Полигон сұмдығына куә болған, оның зардабын тартқан үш адамның естелігі құйқаңды шымырлатады. Олардың бірі — жарылыстан жапа шеккен адамдарды өз көзімен көрген дәрігер. Екіншісі — сынақ алаңына жақын жерде жұмыс істеп, радиацияға ұшыраған есепші. Үшінші естелікті айтқан — полигонның жергілікті жұртқа қалай әсер еткенін көрген тұрғын.
Кейіпкердің бірі жарылыстан кейін ауылдарда қаза тапқан адамдар мен қырылған мал теңкиіп жатқан жазықтағы көріністі сипаттайды; бірі радиациядан уланып, баласынан айырылғанын еске алады; тағы бір кейіпкер полигон маңында туған балалардағы ауытқулар мен ауыл тұрғындары арасындағы суицид туралы әңгімелейді.
Туынды Ұлықбек Есдәулет пен Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әнімен аяқталады. 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысы күшейген тұста дүниеге келген ән кейін полигонға қарсы қозғалыстың символдарының біріне айналды. Оның бейнебаянына Семей полигонының көзі тірі куәгерлері түскен.
Түсірілім Астана маңында өткен. Авторлар дала көріністері мен негатив кадрларды пайдаланып, полигон тақырыбын визуал тәсілдер арқылы жеткізуге тырысқан.
Бұл — täuelxsız жобасының «Атом улаған дала» тақырыбындағы алғашқы жұмысы емес. Жоба осымен аттас сахналық перформансты алғаш рет 2024 жылы JERGE TABYN, ADAM, ENDI бағдарламасы аясында қойған. Кейін авторлар сахналық жұмыстарын видеоға түсіріп, интернетте жариялай бастаған.
— Қазір цифрланбаған дүние — жоқ дүниемен пара-пар. Онлайн арқылы біз бұрын-соңды тілдеспеген жаңа әрі көбірек аудиторияны қамти аламыз. Біздің туындыларымыз жылдам әрі алпауыт ақпарат заманда сәл аялдап, өткен мен өзектіге тағзым етуге үндейді, — дейді жоба авторы Руслан Жұбаныш.
Түсірілім жұмыстары мен жобаны Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры қолдаған. Қор 2022 жылы Тоғжан Қасенованың «Атом улаған дала» кітабын қазақшаға аударуға мұрындық болған. Видеоарттың толық нұсқасы täuelxsız YouTube-арнасында жарияланған.
Қырық жылға созылған сынақ
1949 жылғы 29 тамызда Семей полигонында Совет одағы алғашқы атом бомбасын сынады. Сынақтар 1989 жылға дейін жалғасты. Осы қырық жылда полигонда жиыны 456 ядролық сынақ өткізілді.
Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігінің дерегінше, 1949–1962 жылдары 118 сынақ жер үстінде және атмосферада жасалған. Кейбір жарылыстан көтерілген радиоактив бұлт полигон шекарасынан шығып, маңайдағы елді мекендерге тараған. Кейін сынақтар жер астына көшірілді.
Семей полигонының аумағы 18,5 мың шаршы шақырымды алып жатты. БҰҰ дерегінше, ядролық сынақтардың зардабы 1,5 миллионға жуық адамға әсер еткен.
Бірақ нақты қанша адамның қауіпті мөлшерде радиация алғанын анықтаған қиын. Совет кезінде ядролық бағдарламаға қатысты ақпарат құпия сақталды, ал кей кезеңдерге қатысты құжаттар әлі де құпия дерек саналады. Тоғжан Қасенова «Атом улаған дала» кітабын жазу кезінде мұрағаттардан 1950, 1960, 1980 мен 1990 жылдарға қатысты құжаттарды тапқанымен, 1970 жылдарға қатысты бірде-бір құжат кездестірмегенін айтады.
Радиация сынақ алаңымен шектелген жоқ. Радиоактив заттар ауаға тарап, топырақ пен өсімдікке түсті. Одан малға, кейін ет пен сүт арқылы адам ағзасына енді. Қасенованың кітабында келтірілген мұрағат деректеріне қарағанда, 1950 жылдардың аяғында қазақстандық дәрігерлер полигон маңындағы топырақты, өсімдік пен жануарды зерттеген. Жануарлардың ағзасынан радиоактив стронций табылған.
«Атом улаған дала» еңбегінде келтірілген зерттеу нәтижелерінде кей жерлерде топырақтағы радиация қалыпты деңгейден 11–40 есе жоғары болғаны жазылған. Семей базарларындағы еттен қалыпты мөлшерден екі-үш есе, ұн, қарақұмық пен күріштен төрт-бес есе жоғары радиоактивтілік табылған. Саржал ауылында зерттелген сары майдың радиоактивтілігі қалыпты деңгейден 58 есе жоғары болған жағдай да тіркелген.
Ең ауыр зардапты полигонға жақын ауылдардың тұрғындары тартты. Қасенованың кітабында келтірілген дерек бойынша, 1957–1960 жылдары профессор Бахия Атшабаров бастаған қазақстандық дәрігерлер полигон маңындағы 3500 адамды зерттеп, оларды Қазақстанның басқа өңірлеріндегі екі мың адаммен салыстырған.
Қайнар, Саржал мен Долон-1 ауылдарында тексерілген тұрғындардың шамамен үштен бірі ғана неврологиялық тұрғыдан сау деп танылған. Дәрігерлер әйелдердің гинекологиялық ауруларға шалдыққанын, ал радиация әсерінде ұзақ болған адамдардың қан айналымы бұзылғанын, дәм мен иіс сезуі нашарлағанын анықтаған.
Совет билігі полигон маңындағы халықтың денсаулығы нашарлап жатқанынан ертерек хабардар болған. «Атом улаған далада» келтірілген архив құжаттарына қарағанда, 1950 жылдардың өзінде қазақстандық дәрігерлер бұл туралы билікке мәлімет берген. Атшабаров бастаған экспедиция үш жыл бойы адамдарды, топырақты, өсімдіктер мен жануарларды зерттеп, нәтижесін құжатқа түсірген. Кейін бұл материалдар құпия сақталған.
1957 жылы Семейде ресми түрде бруцеллез диспансері деп көрсетілген құпия медициналық мекеме ашылған. Қасенованың зерттеуінше, онда радиация әсеріне ұшыраған тұрғындарды бақылап, радиацияның адам ағзасына әсері туралы мәлімет жинаған. Бұл ақпарат ықтимал ядролық соғыс кезінде радиацияның адамдарға қалай әсер ететінін түсіну үшін де қажет болған.
Қасенова кей жағдайда дәрігерлерге науқастардың нақты диагнозын көрсетуге тыйым салынғанын да жазады. Мәселен, асқазан қатерлі ісігінен қайтыс болған адамның өлім себебі құжатта «асқазан ауруы» деп қана көрсетіліп жүрген.
Зардабы әлі де зерттеліп жатыр
Полигондағы соңғы ядролық сынақ 1989 жылы өтті. Бірақ оның адам денсаулығына әсерін зерттеу әлі жалғасып жатыр. Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі Семей полигоны маңында радиация алған адамдардың денсаулығын ұзақ уақыт бойы бақылауға арналған зерттеулер жүргізіп келеді. Оның тарихи зерттеу тобына радиацияға ұшыраған елді мекендерден 9850 адам, салыстыру үшін басқа елді мекендерден 9604 адам енгізілген.
2025 жылы International Journal of Environmental Research and Public Health журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар Семей полигоны маңында радиацияның жоғары мөлшерін алған тұрғындарды радиация аз әсер еткен елді мекендердің тұрғындарымен салыстырған. 1960–1994 жылдары бірінші топта жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болғандар үлесі жоғары болып шыққан.
Ғалымдар радиацияның кейінгі ұрпаққа ықпалын да зерттеп жатыр. Бірақ белгілі бір адамның ауруына радиация себеп болды деп кесіп айтқан не дәл анықтаған қиын. Сондықтан полигон маңындағы бірнеше ұрпақтың денсаулығын салыстыратын зерттеулер әлі жалғасып келеді. Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі Семей полигонын төмен және орташа мөлшердегі радиацияның адам денсаулығына ұзақ мерзімді әсерін зерттеу үшін маңызды аймақ деп санайды.
1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Кейін Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады.
Полигон жабылғанымен, оның зардабы өткеннің мәселесі болып қалған жоқ. Радиация алған адамдардың денсаулығын бақылау, оның кейінгі ұрпаққа ықпалын зерттеу және зардап шеккен өңірлерге медициналық, әлеуметтік және экономикалық көмек көрсету мәселесі әлі де өзекті болып қала бермек.