27 шілдеде танымал композитор Сержан Бақытжан 42 жасында қайтыс болды. Қаралы хабарды өнердегі әріптестері хабарлады. 29 шілдеде Алматы облысындағы Шонжы ауылында композитордың туыстары мен жақындары марқұмды ақтық сапарға шығарып салды.
Сержан Бақытжан — заманауи қазақ музыкасындағы талай хит әндердің авторы. Ол Orda, Ninety One, «Бәйтерек», «Үркер» топтары, сондай-ақ Дастан Оразбеков, Ғалымжан Молданазар, Бағым Мұхитденова, Дильназ Ахмадиева, Айқын, Бейбіт Қорған, Ayree, Әли Оқапов сынды әртістермен жұмыс істеп, олардың репертуарындағы әндердің сөзі мен әуенін жазған.
Композитор Orda тобының хитке айналған «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Алып кет», «Тағдыр», «Қилы заман», «Жанып сөну», «Ұмытпашы, жаным» әндерінің авторы. Ол Дастан Оразбековтің репертуарындағы «Көк аспан», «444», «Kitap», «Seruen», «Ake», «Qara qaryndas», «Qūs joly» әндерін жазған.
Дастан Оразбеков Instagram-дағы парақшасында «сенің жазған әндерің сенің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Мен бұған кәміл сенемін. Сенің қаламыңнан туған әндер халықтың жүрегінен орын алған, ел аузында жүрген туындылар» деп жазды.
Сержан Бақытжан «Ninety One» тобы енді құрылып, дебют алғаннан кейін жарық көрген «Айыптама», «Қайтадан», «Ұмытпа», «Қайырлы түн» деген әндерінің музыкасы мен сөзін жазған. Әндегі рэп мәтіндерін топ мүшелері A.Z мен ZaQ жазған.
Ninety One тобы «Сержан Бақытжан өзінің шығармашылығымен біздің қалыптасуымызға әсер еткен және миллиондаған жүректі бір ырғақпен біріктіре білген адам. Жанының бөлігін әндеріне салып, сахнамызда терең із қалдырып үлгерген, қайталанбас тұлға. Сағынамыз…» деп көңіл айтты.