Сюжет не туралы?
Түн ортасы. Чосон сарайының өлі тыныштық жайлаған ұзын да қараңғы дәліздері. Күн сайын мұнда күзетшілер бірінен соң бірі із-түссіз жоғалып кетіп жатыр. Қараңғыда әлдекім жүргендей, қабырғалар арасынан үрейлі дауыс жетеді. Сарай жұрты арасында қарғыс қуып жеткені жайлы әңгіме желдей есе бастады.
Бұл кезекті тарихи дораманың бірі болса, мұндай көріністің ақыры саяси қастандықпен аяқталар ма еді?! Бірақ Netflix-тің «Шығыс сарайы» (The East Palace) көрерменді мүлде басқа әлемге жетелейді. Мұнда жау — адам емес, сарай қабырғаларына жіпсіз байланған рухтар.
Кейінгі жылдары Netflix корей тарихи сериалдарының аясын кеңейтіп келеді. Kingdom тарихи дораманы зомби-хоррормен ұштастырса, Alchemy of Souls фэнтези мен романтиканы сәтті үйлестірді. Ал «Шығыс сарайы» сарай интригасын, корей мифологиясын, мистиканы және психологиялық хоррорды бір оқиғаға тоғыстырған.
Сегіз бөлімнен тұратын сериалда бас рөлдерді Нам Джу Хёк, қазіргі танымал жас актрисалардың бірі Ро Юн Со мен корей киносының беделді актері Чо Сын У сомдайды. Жобаның сценарийін бұған дейін The Guest пен Bulgasal: Immortal Souls сериалдарын жазған Квон Со Ра мен Со Чжэ Вон әзірлеген. Сериал 2026 жылдың 17 шілдесінде Netflix платформасында әлемнің көптеген елінде қатар жарық көрді.
Алғашқы тизер жарияланған күннен бастап-ақ «Шығыс сарайы» жылдың ең көп күткен корей жобаларының біріне айналды. Бұған бірнеше себеп болды.
Ең алдымен, бұл — Нам Джу Хёктің әскери қызметтен кейінгі алғашқы ірі жобасы. Екіншіден, Netflix тарихи фэнтези жанрындағы ауқымды әрі сапалы жобаларымен көрермен сеніміне ие болып үлгерді. Үшіншіден, трейлерлер көрерменге жай ғана сарай драмасын емес, үрейге толы мистикалық әлемді көрсетті.
Netflix сериалдың бюджетін жариялаған жоқ. Дегенмен ауқымды сарай декорациялары, күрделі визуал эффектілер мен танымал актерлер құрамы бұл жоба кейінгі жылдардағы ең ірі корей өндірістерінің бірі екенін аңғартады.

Иесін тапқан қарғыс
Оқиға Чосон дәуіріндегі ең маңызды орындардың бірі — Шығыс сарайында (Donggung) өрбиді. Дәстүр бойынша дәл осы сарайда тақ мұрагері өмір сүріп, болашақ билеуші ретінде тәрбиеленетін. Сондықтан бұл жер мемлекет болашағының, әулет жалғастығының және патша билігінің тұрақтылығының символы саналады.
Бірақ бір кезде салтанат пен үміттің белгісі болған сарайды енді үрей жайлаған. Түнде қараңғы дәліздерді елес кезіп жүреді, бос бөлмелерден қорқынышты дауыстар шығады.
Сериалдың негізгі жұмбағы сарайдағы рухтар ғана емес. Басты қауіп — отыз жылдан бері патша әулетінің ізіне түскен қарғыс. Дорама басталғанда тақ мұрагері жұмбақ жағдайда көз жұмады. Сарай тұрғындары мұны ежелгі қарғыстың кезекті құрбаны деп түсінеді. Алайда уақыт өте келе бұл қасіреттің тамыры әлдеқайда тереңде жатқаны белгілі болады.
Көлбеу қаріппен жазылған төмендегі абзацта спойлер барын ескертемін.
Осыдан отыз жыл бұрын патшаның ықыласына бөленген сарай қызметшісі корольдік күзетшіден жүкті болды деген жалған айыппен өлім жазасына кесіледі. Бұл қауесетті қазіргі патшаның анасы әдейі таратқан еді. Ол қарапайым қызметшінің патшаның көңілінен шығып, күң дәрежесіне көтерілгеніне үзілді-кесілді қарсы болады. Сарайдағы қызғаныш, билікке құмарлық пен әлеуметтік теңсіздік ақыры жазықсыз әйелдің өмірін қияды. Өлер алдында ол өзін де, дүниеге келмеген сәбиін де құрбан еткен патша әулетін ешқашан кешірмейтінін айтып, уонгуи (원귀) — кек алушы рух ретінде қайта оралатынына ант береді. Корей мифологиясында уонгуи — әділетсіз қаза тауып, кегі қайтпағандықтан бұл дүниеден өте алмаған рух. Дәл осы оқиғадан кейін патша әулетіне қарғыс дариды. Отыз жылдан соң қарғыс қайта оянып, жаңа тақ мұрагерінің өміріне қауіп төндіре бастайды.
Жын аулаушы мен рухтарды көретін қыз
Патша алғашында мұның бәрінің артында саяси қарсыластары не сарай ішіндегі сатқын шенеуніктер тұр деп ойлайды. Бірақ жұмбақ өлімдер мен түсініксіз құбылыстар көбейген сайын, олардың бәрі адамның ісі болуы мүмкін емес екеніне көзі жетеді. Сөйтіп сарайға ерекше қабілеті бар екі адам шақырылады.
Біріншісі — Гу Чхон (Нам Джу Хёк). Ол жындар мен зұлым рухтарды аулайтын жас жігіт. Бұған дейін көптеген қарғысқа ұшыраған жерді көргенімен, Шығыс сарайындағы құбылыстардың бұрын-соңды кездеспеген ерекше күшке ие екенін бірден сезеді. Екіншісі — Сэн Ган (Ро Юн Со). Ол бала кезінен өлген адамдардың рухын көріп, олардың үнін ести алады. Патша әулетіне қызмет ететін жас сарай қызметшісінің өміріне бұл қабілеті көп кедергі келтіргенімен, тап осы күші Шығыс сарайының құпиясын ашатын басты кілтке айналады.
Гу Чхон мен Сэн Ган жаңа қарғысты тоқтатуға ғана емес, ондаған жыл бұрын басталған қасіреттің түп-тамырын анықтауға кіріседі. Тергеу барысында олар сарайдың әр бұрышына байланып қалған рухтарды кездестіреді. Корей мифологиясында мұндай рухтар гуи (귀) деп аталады. Бірақ сериалдағы барлық гуи бірдей емес. Бірі әділетсіз қаза тапқандықтан бұл дүниемен қоштаса алмаған бейбіт жандар болса, енді бірі ұзақ жылдар бойы жиналған кек пен өшпенділіктің салдарынан қауіпті жаратылысқа айналған. Сондықтан дорамадағы басты жау әрдайым рухтың өзі емес, оны сондай күйге жеткізген әділетсіздік болып шығады.
Сериалдағы рухтар кездейсоқ пайда болмайды. Әрқайсысы белгілі бір орынмен байланысты. Бір рух сарайдың ескі бағынан ұзай алмайды, енді бірі бос қалған дәліздерде ғана көрінеді, ал тағы біреуі тек жаңбырлы түндерде байқалады. Осылайша Шығыс сарайының өзі де жеке кейіпкерге айналады. Оның қабырғалары ондаған жыл бойы жасырылған құпияларды сақтап, өткеннің күнәларын үнсіз еске салып тұрғандай әсер қалдырады.
Сондықтан «Шығыс сарайы» жай ғана мистикалық хоррор емес. Оның негізгі сұрағы «рухты қалай жеңуге болады?» емес, «ол неге рухқа айналды?» дегенге саяды. Осы арқылы дорама қорқынышты оқиғаны ғана емес, билікке деген құмарлықтың, әлеуметтік теңсіздіктің, қызғаныш пен өткен күнәлардың кейінгі ұрпақ тағдырына қалай әсер ететіні туралы баяндайды.

Дораманы көпшілік неге ұнатты?
«Шығыс сарайының» ерекше атмосферасын қалыптастыруда режиссер Чхве Джон Гюдің еңбегі зор. Бұған дейін The Devil Judge антиутопиялық триллерін түсірген режиссер бұл жолы корей фольклорындағы жындар мен рухтарды экранда мүмкіндігінше шынайы көрсетуге тырысқан.
Оның айтуынша, сериалда компьютермен жасалаған визуал эффектілер негізгі құрал болмаған. Компьютерлік графика жалпы көріністің шамамен 20–30 пайызын ғана құрайды. Қалған көріністің басым бөлігі нақты декорациялар, жарық қою мен өндірістік дизайн арқылы жасалған. Бұл актерлердің ойынына да әсер еткен. Нам Джу Хёктің айтуынша, түсірілім кезінде компьютерлік графика кейін қосылатын көріністер өте көп болғандықтан, ол көп сахнаны өз қиялына ғана сүйеніп ойнауға мәжбүр болған.
Әрине, сериал мінсіз емес. Кейбір эпизодтарда оқиға баяу өрбиді. Сонымен қатар гуи, уонгуи сияқты мифологиялық ұғымдар мен корей халқының дәстүрлі сенімдері сюжеттің негізгі тірегіне айналған. Бұл корей мәдениетін жақсы білетін көрерменге қызық болғанымен, фольклормен алғаш танысып отырған халықаралық аудиторияға кейбір тұстарды түсіну қиын болуы мүмкін. Кейде рухтар әлемінің заңдылықтары толық түсіндірілмейді. Бұған қоса, сериалдың негізгі жұмбағы алғашқы бөлімдерден-ақ аңғарыла бастайды. Сондықтан тәжірибелі көрермен кейбір сюжеттік бұрылыстарды болжап біліп отыруы мүмкін.
Дегенмен мұндай бірер кемшілік сериалдың зор артықшылықтарына көлеңке түсіре алмайды. «Шығыс сарайы» көрерменді тек қорқынышты көріністермен шошытуды мақсат етпейді. Ол әрбір рухтың артында адам тағдыры, ал әрбір қарғыстың түбінде әділетсіздік жатқанын әсерлі жеткізген.
Сериалдағы гуилер — жай ғана қорқынышты елестер емес. Олар — кезінде жала жабылып, жазықсыз жапа шеккен адамдардың өшпеген кегі. Сондықтан оларды күшпен жеңу мүмкін емес. Қарғысты тоқтатудың жалғыз жолы — отыз жыл бұрынғы әділетсіздікті мойындап, шындықты ашу. Бұл оқиғада негізгі қару — қылыш пен күш емес, ақиқат пен әділдік.
Фото: Netflix