Бұралқы иттер саяси билікті қалай әшкереледі?

Бұралқы иттер саяси билікті қалай әшкереледі?

Қазір парламентте қаралып жатқан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қоғамда күтпеген жерден үлкен резонанс тудырды. Сырттай қарағанда, бұл жеке бір мәселе боп көрінуі мүмкін. Бірақ тереңірек үңілсек, бұл дискуссия Қазақстандағы саяси жүйенің күрделі мәселелерімен ұштасып жатыр. 

ʼ98mag журналы әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі Cерік Бейсембаевтың пікірін жариялап отыр.

Фото: wildatheartfoundation.org

Даудың басы

2021 жылы Қазақстан қаңғыбас жануарларды өлтіруге тыйым салатын жаңа заң қабылдаған. Оған сәйкес, мемлекет көшедегі иттерді бұрынғыдай атып тастамай, стерилизациялап, екпе жасап, қайтадан босатуға міндеттеме алды. Бұл советтік кезеңнен қалған жабайы әдістен бас тартуды білдіретін, әлемдегі озық тәжірибеге сүйенетін өркениетті қадам еді.

Бес жыл өте парламент депутаттары бұл әдіс жұмыс істемейтінін, елде қаңғыбас иттердің адамды қабуы артқанын алға тартып, заңға жаңа өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер бойынша, иттер көшеге қайтарылмайды, белгілі бір мерзім ішінде іздеушісі жоқ болған жағдайда олардың көзі жойылады.

Бірақ, зооқорғаушылардың сөзінше, мәселе әдістің тиімсіздігінде емес, оның мүлдем орындалмағанында. Аталған әдіс жұмыс істеуі үшін бірнеше жыл бойы көшедегі иттердің кемінде 70%-ы стерилизациядан өту керек еді. Бірақ бұл көрсеткіш небәрі 13% болғаны белгілі болды. Яғни заң іс жүзінде жұмыс істемеген, жануарлар бұрынғыша өлтіріліп келген. Мысалы, тек 2022 жылы 80 мыңнан астам жануардың көзі жойылып, небәрі 58 ит қана стерилизацияланған. Демек бұл уақыт ішінде «өркениетті әдіс» емес, баяғы қанды қасап жалғаса берген.

Саяси шешімдер қалай қабылданады?

Қазақстанда «полиси-мейкинг» (саясатты қалыптастыру) жүйесі қисық жұмыс істейді. Қоғамдық мәселе туындаған кезде, ол қажетті сараптамадан өтпейді, жан-жақты талқыланбайды. Бұл кезеңдерден аттап өтіп, мәжіліс депутаттары немесе үкімет мүшелері бірден шешімді жасақтайды. Ал мүдделі тараптардың бұл процеске қатысу мүмкіндігі шектеулі, себебі қоғамдық тыңдаулар формалды немесе мүдделі тараптарды қамтымайды. Нәтижесінде саяси шешімдер пісіп-жетілмейді, осылайша шикі заңдар қабылданады.

Жануарлар туралы заң да осы жағдайдың айқын мысалы. Иттердің адамға шабуылы — өзекті мәселе. Оның парламентте көтерілгені де орынды. Бірақ заңға өзгеріс енгізбей тұрып, алдымен экспертиза жасау керек еді. Қолданыстағы заңның неліктен тиімсіз болғаны талданып, шешімнің түрлі нұсқалары дайындалу керек болатын.

Бірақ мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ұсынған шешім ғылыми негізделген сараптамаға емес, эмоция мен үстіртін түсінікке сүйенгендей әсер қалдырады. Депутаттардың «халық сұрап жатыр» деген уәжі дәлелді саясат («evidence-based policy») принциптеріне мүлдем қайшы. Полиси мейкинг дұрыс жұмыс істейтін елдерде алдымен 5 жылда жұмсалған қаржыға қатаң аудит жасалып, бағдарламаның қамтуы неге 13%-дан аспағаны анықталуға тиіс еді. Бірақ бұл сұраққа жауап іздеудің орнына, депутаттар мәселенің салдарын (иттерді) жоя салуды жөн көреді.

Фото: TengriNews

Депутаттар легитимді ме?

Мәселенің тағы бір төркіні елдегі парламенттің толық легитимді болмауында жатыр. Ол дербес саяси ерік-жігері бар институт ретінде әлі күнге дейін қалыптасқан жоқ. Себебі депутаттар парламентке әділ және ашық сайлау нәтижесінде келмейді. Сәйкесінше, қоғамда кез келген заң «халықтың сұранысынан емес, Ақорданың қалауымен туады» деген терең сенімсіздік бар. Кейінгі жылдары мұндай көзқарасты күшейткен бірнеше резонансты заңдар қабылданды. Олар: уақыт белдеуін өзгерту, жаңа салық реформасы және жаңа конституциялық түзетулер. Жануарлар туралы заң — осы тізбектің кезекті бір буыны ғана.

Парламенттің өзі де бұл бейнені нығайта түсіп отыр. Түрлі әлеуметтік топтардың мүддесі тоғысатын, қоғамның айнасы болуға тиіс институт бүгінде «еркектік солидарлық» принципімен біріккен жабық клубқа көбірек ұқсайды. Қоғамнан сын айтыла қалса, бір-бірін ескі таныстарша қолдап шыға келетін депутаттар корпусын халықтың репрезентативті өкілі деп атау өте қиын. Сәйкесінше, олардың халық атынан сөйлеуі де жасанды көрінеді.

Ал осы тақырып төңірегінде әлеуметтік желідегі хейт — бұл тек заңды ұсынған депутаттарға ғана емес, жалпы парламенттің институт ретінде дискредитацияға ұшырауын білдіреді. Шынайы сайлауға қол жеткізуден үміт үзген қоғамның ең болмағанда әлеуметтік желі арқылы өз реакциясын білдіруі.

Сын айту — іріткі салу ма?

Қоғамдағы сыни пікірге қатысты депутаттардың реакциясы да — жиі қайталанатын паттерн. Мәселен, Мұрат Әбенов бастаған бір топ депутат жаңа өзгерістерге қарсы шығып жатқандарды — «орыстілділер», ал қолдайтындарды «қазақтілділер» деп сипаттады. 

 

Осылайша, қоғамдық-саяси дауды тілдік бөлініспен түсіндірді, ал бұл топтық ойлаудың тарлығын және оппоненттерді әдейі маргиналдау (шеттету) әрекетін көрсетеді. Тілдік араздық үшін көптеген қылмыстық іс қозғалған мемлекетте билік өкілдерінің бұл аргументті алға тартуы тіпті орынсыз.

Мұндай логика біздің саяси биліктің түсінігінде терең тамыр жайған: «Егер сіз бізге қарсы болсаңыз — қоғамды ірітушісіз». Кез келген қарсылықтың артынан жасырын саяси күш іздеу немесе оны «сырттан ұйымдастырылған операция» деп қарау — қоғаммен ашық диалог орнатып үйренбеген және нақты дәлелдер мен аудит нәтижелеріне сүйене алмаған депутаттардың амалсыз қолданған манипуляциясы.

Шын мәнінде, жануарларға ізгілікпен қарауды қолдаудың ешқандай тілдік бояуы жоқ. Зооқорғау қозғалысының дамуы — бұл орта таптың және азаматтық қоғамның дамуының көрсеткіші. Біздің елде мұндай қауымдастықтардың өсуі тікелей урбанизация процесімен байланысты. Сондықтан оларды «тіл» немесе «ұлт» мәселесін желеу етіп шеттетуге тырысу сол азаматтардың қазіргі әлеуметтік және мәдени контексті мүлдем түсінбейтінін көрсетеді.

Жануарларды қорғау төңірегіндегі бұл талас — жай ғана иттердің тағдыры емес, бұл біздің саяси жүйенің сипатын көрсететін лакмус қағазы. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың екі үлкен дертін әшкерелеп берді: шешім қабылдаудың институционалдық әлсіздігі және қоғаммен диалог орнату қабілетінің жоқтығы. Өз заңдарының орындалуын бақылай алмайтын, ал сәтсіздік үшін кінәні үнсіз жануарлар мен белсенді азаматтарға аудара салатын жүйе ешқашан тиімді бола алмайды. 

Оқи отырыныз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Періште»: Еркін Рақышев пен Николас Спаркстың қандай қатысы бар?
Культура
#кино
«Періште»: Еркін Рақышев пен Николас Спаркстың қандай қатысы бар?
Shymbulak запускает строительство новой канатной дороги
Ликбез
#общество
Shymbulak запускает строительство новой канатной дороги
Spotify назвал самых популярных артистов в истории сервиса
Культура
#музыка
Spotify назвал самых популярных артистов в истории сервиса
Как интернет (не) сломал Джастина Бибера
Культура
#музыка
Как интернет (не) сломал Джастина Бибера
Казахстанские журналисты призывают смягчить статью о распространении ложных сведений
Ликбез
#общество
Казахстанские журналисты призывают смягчить статью о распространении ложных сведений