Қытайға сыймаған фотограф Лу Гуан 

Қытайға сыймаған фотограф Лу Гуан 

Кейде бір ғана сурет мемлекеттің мүлтіксіз есебі мен жалынды үгіт-насихатын жермен-жексен ете салады. Фотограф Лу Гуан — Қытайдың жедел индустрияландыру саясатының көрінбейтін тұстары мен оның ауыр құнын әшкерелеген адам. Ол үшін өзі де Қытай билігінің қырына ұшырады. 

Лу Гуанның фотоларынан біз шамдары жарқыраған Шанхайды не зәулім ғимарат қаптаған заманауи Бейжіңді көрмейміз. Оның объективіне өндіріс қалдықтарынан ластанған өзен-көлдер, аурудан азып-тозған ауыл халқының өмірі мен елдің шалғай өңірлерінен орталыққа үні жетпейтін адамдарды ілікті. 

Лу Гуанның суреттері — Қытайдың біз көретін ресми бейнесіне қарама-қайшы әлем. Жылдар бойы табиғи апаттарды таспалаған Лу Гуан Пекинге қолайсыз куәгерге айналды.

Жібек зауытынан өнер академиясына дейін

Лу Гуан 1961 жылы Чжэцзян провинциясының Юнкан уезінде туған. Оның жастық шағы Қытайдың үлкен реформаларға енді ғана аяқ басқан кезеңімен тұспа-тұс келді. 1980 жылы, небәрі 19 жасар бозбала кезінде ол жергілікті жібек зауытында жұмыс істей бастайды. Дәл осы зауыт қабырғасында ол қолына алғаш рет фотоаппарат ұстайды.

Бастапқыда суретке түсіру жай ермек еді. Ол өз студиясын ашып, жарнамалық тапсырыстармен айналысып, коммерциялық тұрғыдан табысты бола бастады. 

Алайда 1993 жылы Бейжіңдегі Цинхуа университетінің Өнер академиясына оқуға түскен соң, оның дүниетанымын түбегейлі өзгерді. Мұнда ол белгілі фотожурналист Се Хайлунмен танысып, фотографияның тек сұлулық таспашысы емес, әлеуметтік қару да бола алатынын ұқты.

Лу Гуан жайлы өмірді, табысты жарнама бизнесін тәрк етіп, тәуелсіз репортаждық фотография жолын таңдады. Ол Қытайдың ресми БАҚ-тары жазуға жасқанған тақырыптарға қызыға бастады.

 

Фото: Reuters. 2004

«СПИД трагедиясы»

Лу Гуанды әлемге танытқан алғашқы ауқымды әрі сұмдық жобасы — Хэнань провинциясындағы «СПИД ауылдары» болды. 1990 жылдары Қытайдың орталық аймақтарында кедей шаруалар күнкөріс үшін қанын сатуға мәжбүр болды. Бір пинта қан үшін 50 юань (сол кездегі өлшеммен шамамен 6 доллар) төленетін.

Мемлекет бақылауындағы бұл жүйеде санитарлық талаптар сақталмайтын: инелер ауыстырылмады, қан жинау процесінде гигиена ескерілген жоқ. Нәтижесінде бүтін бір ауылдар ВИЧ жұқтырып, халық жаппай қырыла бастады. Кейбір ауылдарда тұрғындардың 40 пайызы ауруға шалдыққан.

Билік бұл ақпаратты жауып тастауға тырысып, дертті «шетелдік моральдық азғындықтың салдары» деп көрсеткісі келді. Лу Гуан бұл ауылдарға жасырын барып, өліп жатқан ата-аналар мен жетім қалған балалардың тағдырын кадрға түсірді. 

Оның 2004 жылы World Press Photo байқауында жеңіске жеткен сериясы әлемді дүр сілкіндірді. Осы суреттерден кейін ғана халықаралық қысыммен Қытай үкіметі бұл өңірлерге медициналық көмек жіберуге мәжбүр болды.

«Қатерлі ісік ауылдары»

Лу Гуанның фотожурналистикадағы ең ауыр әрі маңызды кезеңі — Қытайдағы экологиялық апаттың халыққа тигізген тікелей зардабын зерттеуі болды. Ол Янцзы мен Хуанхэ сияқты ұлы өзендердің бойындағы өнеркәсіп орындарын жылдар бойы бақылап, табиғи су көздерінің қалайша «өлі суға» айналғанын құжаттандырды. 

Бақылаусыз индустрияландыру мен улы қалдықтардың тікелей суға ағызылуы мыңдаған жылдар бойы халықты асырап келген өзендерді ажал себетін улы арналарға айналдырды. Бұл ауылдардағы экологиялық апаттың салдары өте ауыр болды: топыраққа ауыр металдар жатты, ауызсу ішуге жарамсыз болып қалған. 

Өндіріс орындарының іргесінде тұратын халық арасында онкологиялық аурулардың деңгейі елдегі орташа көрсеткіштен бірнеше есе асып кеткен.

 

Лу Гуанның кадрлары арқылы әлем қою түтінге оранған аспанды, химиялық қалдықтардан түрлі-түсті бояуға айналған өзендер мен соның зардабын тартып отырған қарапайым жандарды көрді. 

Фотограф осы улы ортада өмір сүруге мәжбүр болып, дертке шалдыққан қарапайым жандардың тағдырын таспалады. Ол елді мекендерді жайлаған қатерлі ісіктен азып-тозған адамдарды, улы суға шомылған балалар мен жақындарын жерлеп жатқан отбасыларды көрсетті. Осылайша экономикалық жетістік жолында құрбан болған адамдар тағдырын көрсетті.

Бастапқыда Қытай билігі «рак ауылдарының» барын ресми түрде жоққа шығарып, шындықты жасыруға тырысты. Тәуелсіз ғалымдардың зерттеулері мен әлеуметтік желілердегі талқыдан бөлек, Лу Гуанның халықаралық деңгейде танылған фоторепортаждары мен батыл зерттеулері де бұл мәселені жаһандық күн тәртібіне шығарды. 

Нәтижесінде 2013 жылы Қытайдың Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ел аумағында осындай жүздеген ауылдың бар екенін алғаш рет мойындауға мәжбүр болды.

Фотографтың еңбегі әлемдік қауымдастық өте жоғары бағалады. Ол World Press Photo байқауында үш мәрте (2004, 2011, 2015 жылдары) жеңіске жетіп, фотография әлемінің ең биік шыңдарын бағындырды. 2008 жылы Германияда Henri Nannen Prize сыйлығын, 2009 жылы гуманистік фотография саласындағы беделді W. Eugene Smith Grant сыйлығын иеленді. 

Оның суреттеріндегі шынайы картина халықаралық қауымдастықтың ғана емес, Қытайдағы қауіпсіздік қызметінің де ерекше назарын аударды.

Шыңжаңдағы жұмбақ жоғалу

2005 жылдан бастап Лу Гуан Нью-Йоркте тұрды, бірақ Қытайға жиі барып, жұмысын жалғастырып жүрді. Ол 2018 жылдың күзінде Шыңжаңдағы Қашқар қаласына фотосуретшілермен кездесуге аттанған. Бұл кезде Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерьлері» туралы ақпарат әлемдік деңгейде талқыланып жатқан. 

3 қарашада Лу Гуанмен байланыс үзілді. Оның жары Сю Сяоли әлеуметтік желілерде дабыл қағып, күйеуінің хабарсыз кеткенін айтты. Журналистерді қорғау комитетінің (CPJ) Азия бағдарламасының координаторы Стивен Батлердің мәліметі бойынша, сол кезде Қытайда 47 журналист қамауда отырған. 

Фотографтың тұтқындалуына қатысты түрлі нұсқалар айтылып жатты: Лу аймақтағы «қайта тәрбиелеу лагерьлерінің» барын құжаттап алуы мүмкін деген қауіптен бастап, 2001 жылғы СПИД эпидемиясын жария еткені үшін Луға әлі де өшпенділікпен қарайтын билік өкілінің әрекеті болуы мүмкін деген болжамға дейін айтылады. 

«Біз Лу Гуанның тұтқындалуының нақты себебін білмейміз. Дегенмен ол басқа дүниелермен қатар, қоршаған ортаның нашарлауын құжаттаған тәуелсіз журналист болды, ал бұл билік үшін жағымсыз болып көрінуі мүмкін еді» деген Батлер.

Қашқар полициясы бір айдан соң ғана, желтоқсанда оны мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ұстағанын мойындады. Оның Шыңжаңда не түсіргісі келгені немесе нені көргені әлі күнге дейін белгісіз.

2019 жылдың қыркүйегінде Лу Гуанның босатылып, үйіне оралғаны туралы ақпарат шықты. Бірақ Қытай тұтқынында өткен күндері туралы фотограф ашылып айтқан жоқ. Бостандыққа шыққаннан кейін ол бірде-бір сұхбат бермеді. Оның өткір жобалары тоқтады, әлеуметтік желілердегі белсенділігі де сап тыйылды. Сыншылар мұны билікпен жасалған «үнсіздік туралы келісім» немесе оның отбасына төнген қауіптің салдары деп түсінеді.

Лу Гуан Қытайдың жарқыраған жетістіктерінің көлеңкесінде қалған адам тағдыры мен табиғат қасіретінің ащы шежіресі түгендеген фотограф ретінде тарихта қалды. Қазір камерасы шаң басып тұрса да, оның тасқа басқан таңбадай қалып қойған суреттері адам құқығы жолындағы батыл күрестің өшпес белгісі болып қала бермек.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Чем запомнилась Coachella 2026
Культура
Чем запомнилась Coachella 2026
Владельца «Амировки» Амира Шайкежанова приговорили к пяти годам заключения
Ликбез
#общество
Владельца «Амировки» Амира Шайкежанова приговорили к пяти годам заключения
Тим Кук покидает пост генерального директора Apple
Бизнес
#люди
Тим Кук покидает пост генерального директора Apple
Фильм по Elden Ring получил дату выхода
Культура
#кино
Фильм по Elden Ring получил дату выхода
Tritomas даст первый сольный концерт в Алматы
Город
#события
Tritomas даст первый сольный концерт в Алматы