2021 жылы Ұлыбританияның Raindance кинофестивалінде «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін иеленген үнді режиссері Суман Сеннің «The Silent Echo» («Үнсіз жаңғырық») атты туындысы — ауыр тағдыр пен асқақ арман арасындағы нәзік көпір туралы хикая. Бұл 15 минуттық драма бізге тек бір топ баланың өмірін ғана емес, заманауи өркениеттің табалдырығынан аттай алмай, ұмыт қалған бір өлкенің трагедиясын да көрсетеді.
Фильмде кәсіби актерлер жоқ. Түсірілім тобы кейіпкерлерді іздеу барысында Покхара маңайындағы мектептер мен босқындар лагерлерін ұзақ аралап, соңында осы төрт баланы таңдап алған.
Бұл балалардың тағдыры Мустангтың қазіргі ахуалымен — таудың қатал тұрмысы мен әлеуметтік тығырықтар салдарынан ата қонысын тастап, қала шетіне қоныс аударуға мәжбүр болған отбасылардың хикаясымен астарласып жатқандай сезіледі.
Гималайдағы тіршілік
Мустанг ауданы — Гималай тауларының дәл жүрегінде, теңіз деңгейінен 3000-4000 метр биіктікте орналасқан өлке. Бұл жерді «аспан астындағы ауыл» деуге болады. Халқы таудың ең биік жоталарында, заңғар шыңдардың арасындағы үстірттерде тұрады.
Бұл өңір Непалдың құрамына кіргенімен, табиғаты мен тұрмысы мүлдем бөлек. Мустангта жел қашаған қызыл жартастар мен шөлейтті таулар басым. Бұл аудан — 1992 жылға дейін сырт көзден жабық болып келген ежелгі Ло патшалығының бір жұрнағы. Халық тибет тілінің Лоба диалектісінде сөйлейді және ғасырлар бойы қалыптасқан буддизм дәстүрлерін өзгеріссіз сақтап келеді. Мустанг елді мекендері бүгінде үлкен демографиялық дағдарысты бастан кешіп отыр. 2021 жылғы ресми санақ бойынша, бұл өлкеде небәрі 14 мыңнан аса адам тұрады.
Жергілікті халық — лобалар ғасырлар бойы Тибет пен Үндістан арасындағы тұз саудасымен күн көрген. Алайда шекаралардың жабылуы мен сауда жолдарының өзгеруі бұл өңірді экономикалық тығырыққа тіреді. Халық мал шаруашылығымен және осы биіктікке бейімделген алма өсірумен де айналысқан.
Кейінгі жылдары өңірдің «тыйым салынған патшалық» ретіндегі экзотикалық бейнесі туризмнің дамуына жол ашып, халыққа жаңа табыс көзін де сыйлады. Бірақ қатал табиғат пен су тапшылығы ауыл шаруашылығын тұралатып, жастарды басқа жақтарға жаппай қоныс аударып кетуге мәжбүрлеп отыр.
Мұндағы өмір — қып-қызыл күрес. Жел мен биіктіктің қысымында, құнарсыз топырақта тіршілік еткен оңай емес. Табиғат мұнда мейірімсіз, бірақ халық онымен үндесіп өмір сүруге үйренген. Алайда ересектер бұл қаталдыққа мойынсұнғанымен, жас буынның жүрегі басқа дүниені — еркіндік пен өзгерісті аңсайды.
Туған жерін сүйетін, бірақ одан келешек көрмейтін буынның трагедиясы осы жерден басталады.
Шіріген автобустағы асқақ арман
Фильм төрт дос — «Silence» (Үнсіздік) музыкалық тобы мүшелерінің күнделікті ойын-сауығын көрсетуден басталады. Олардың бар ермегі — тау жотасында қаңтарылып қалған, тот басып, әбден шіріген ескі автобус.
Бұл темір қаңқа — олардың жеке мемлекеті, репетиция залы және қиял әлеміне апаратын кемесі. Олар автобустың темір шанағын барабанға айналдырып, ескі гитараның шегін шерткенде, ауыр тұрмыс пен кедейлікті ұмытады. Өмірге басқаша қарауға жігер береді.
Мустангта интернет те, кинотеатр да, жастарға арналған орталықтар да жоқ. Тіпті баратын мектеп те санаулы. Фильмдегі әннің сөздеріне назар аударсаңыз, балалардың ішкі зарын түсінесіз: «Ұстаздар [мұнда] қайтып келмейді, ал дәптер мен қаламсап жоғалып кетті» деп жырлайды.
Музыка — олар үшін әлеммен тілдесудің жалғыз тілі. Өздерінен алыс тұрған қалада ән байқауы болатынын естігенде, олар бар жиған-тергенін қосып, жолға шығады.
Сөнген үміт
Алыс сапар, бейтаныс қала және үлкен сахна. Балаларға бұл байқау — өз тағдырын өзгертудің, Мустангтың шаңынан шығып, жаңа өмір бастаудың бір мүмкіндігі еді. Алайда байқау олар күткендей болмады.
Жылтыраған шамдар мен азан-қазан болған бейтаныс ересектер бұл балалардың риясыз сезімін, жүрек түбінен шыққан сөзін ұға алмайды, сезіне алмайды. Бұл ән — балалардың жоғалтқан жақындары, енді өлкеге оралмайтын мұғалімдері мен әрқайсысының мұңлы тағдыры туралы жанайқайы еді. Алайда олардың әні қаланың қауырт тіршілігіндегі кезекті бір шуға айналып шыға келеді. Бұл сәт — фильмнің ең нәзік те ауыр тұсы.
Байқаудан кейін ауылдарына қайтып оралғанда, балалар өзінің ең қымбат қазынасы — ескі автобусты әлдекімдер қоқысқа сүйреп әкетіп бара жатқанын көреді. Автобуспен бірге олардың балалық шағының нышаны, ертеңгі күнге деген үміті мен арманы да құрдымға кетіп бара жатқандай болады.
Балалар шырқайтын әндегі «Ұстаздар қайтып келмейді» деген сөз — жай ғана мектептің жабылуы емес, тұтас бір буынның болашақтан күдер үзіп отырғанын көрсетеді. Мұнда мемлекет жіберетін мамандар таудың қатал климатына, заманауи жағдайдың жоқтығына және оқшау өмірге шыдамай, орайы келгенде-ақ жайлы қалаларға қашып кетеді.
Кейінгі онжылдықта Мустанг ауылдарында тек қарттар мен жас балалар ғана қалған. Жұмыс істеуге қабілетті жастардың басым бөлігі Катмандуға, Покхараға немесе тіпті Парсы шығанағы елдеріне нәпақа іздеп, қоныс аударуға мәжбүр. Осылайша ауылдар қаңырап, жергілікті мәдениет пен тіл жойылып барады.
Фильмдегі ескі автобустың кетуі — дәл осы көштің, жоғалтудың және баяу да елеусіз өшіп бара жатқан өркениеттің символы.
Бұл фильм неге маңызды?
Режиссер Суман Сен Мустангтың қатал табиғатын жай ғана фон емес, толыққанды кейіпкерге айналдырған. Кең пландар, көкжиекке тірелген тау жоталары мен бос кеңістіктегі қаңыраған автобус — мұның бәрі кейіпкерлердің жалғыздығы мен табандылығын аша түседі.
Режиссер Starry Constellation Magazine-ге берген сұхбатында: «The Silent Echo» — орындалмай қалған арман, іште тынған эмоция пен елеусіз қалған үмітсіз өмір туралы хикая. Бұл — біздің әлемді қалай көретініміз және табиғаттың бізді қалай көретіні жайлы фильм» деген.
Бұл туынды — өмірдің қиындығы жайлы жасанды драма емес, өмірге кішігірім әнмен жауап қататын шынайы хикая. Мустанг — Непалдың ең кедей аймақтарының бірі болғанымен, фильм ол жерді тек кедейлік призмасымен көрсетпейді. Ол балалардың ішкі бостандығы мен бір-біріне деген сүйенішін негізгі планға шығарады.
Төрт бала сайыста жеңбеген де шығар, бірақ олардың шынайы жеңісі сол — таулардың арасында шырқалған шынайы әнге бізге жетіп отыр. Фильмнен кейін көрермен көкейінде мынадай сұрақ туады: біз айналамыздағы осындай «үнсіз жаңғырықтарды» ести аламыз ба, әлде қым-қуыт қаланың суық сахнасындағы әлгі төрешілер сияқты маңызды дүниені елеусіз қалдырып жүре береміз бе?