Бұл кітаптың бірден көзге түсетін екі ерекшелігі бар: біріншісі — жаңадан ашылған Written in Kazakhstan Publishing баспасының алғашқы өнімі, екінші — хоррор жанрында қазақ тілінде жарық көрген аз шығармалардың бірі. WiK Publishing баспасы Қазақстанда жазылған кітаптарды шығарып қана қоймай, олардың маркетингімен айналысып, оқырман арасында танылуын қамтамасыз етеді.
Жазушы Әлішер Рахатты бұдан бұрын шыққан «Махаббатым — сonstant», «Parallel» романдары арқылы танимыз. Тырнақалды туындысында кітаптың плейлисі болғаны есімде. Мына шығармасында толық бір плейлист болмаса да, Linkin Park-тің «Numb» әнін көруге болады.
Бұрынғы кітаптарындағыдай, ой салғаннан гөрі жазушының сөзі жетпей қалғандай әсер қалдыратын жеккөрінішті көп нүктелер, мәнсіз диалогтер азайған. Ықшам жазылған, автордың кәсіби өскені байқалады.
Кітап мазмұны
170 беттен тұратын шығарма Шәкен деген күйші жігіттің тыңдарманымен кездейсоқ таныстығынан басталады. Ары қарай бас кейіпкердің бала кезі мен қазіргі өмірі кезек-кезек баяндалады. Автор бұл туындының негізі ретінде заманауи адамның бойындағы көп қорқынышы мен жарасының себептерін, олардың қалай, қай жерден басталатынын алған.
Мұнда бас кейіпкер жалғыз емес. Оның қыр соңынан қалмай жүрген қара кісі бар. Ол — хоррордың негізгі қорқынышты элементі ғана емес, кейіпкердің бойындағы өзіне, айналадағы адамдарға сенімсіздік пен кішкентай кезінен келе жатқан қорқыныштардың жиынтық образы.
Кітапта әр адамның өмірінде елеулі орын алатын алғашқы махаббат, ауыл отбасындағы әке-шешенің қарым-қатынасы, олардың балаларына әртүрлі қарауы, бауырлар арасындағы байланыс, достық тақырыптары көрініс тапқан.
Ең әсер еткен тұсы — бір кейіпкердің қазасынан кейін отбасы мүшелерінің бір-бірімен байланыспай әркім өзінше жоқтауы, сол қайғыны бірігіп еңсермей, көлеңкеге жеке дара жұтылуды таңдағаны.
Неге оқуымыз керек?
Замандас автордың шығармасын оқығанның бір жақсысы — оқырман белгілі бір кезеңді елестетіп әуре болмайды, себебі өзі сол әлемде өмір сүріп жатыр. Ауылда туып-өскен, қазір қалада тұруды таңдағандарға әбден таныс ауыл тіршілігі, ондағы күйбең тіршілік жақсы суреттелген және сағынышыңды оятпай қоймайды.
Назары шашыраған, зейіні тұрақсыз адамдарға арналғандай, бөлімдері көп және аралары өте жақын. Мүлде кітап оқымайтын кісінің өзі бір-екі күнде оқып тауысады. Осыны түртіп ал дегендей, тырнақша ішіндегі сөздер кездеседі. Жаңашылдық боп көрінгенмен, оқырманға шайнап беріп отырғандай әсер қалдырды.
Шығармада әдебиетте жазыла бермейтін тұрмыстық зорлық-зомбылық, эмоционал әткеншек, абьюз қарым-қатынас та бар. Ол Іңкәр есімді қыздың еншісіне тиеді. Кейіпкердің қайталана беретін сценарийден бас тартып, өзіне деген сенімді қайтарғаны ұнады.
Автор үмітсіздікті, қорқынышты сипаттаса да, тірілердің оған берілуіне жол бермейді. «Жол соңында жарық бар» демекші, жақсылықтан үміт үзбеуге, болашаққа сенімнен айырылмауға үндейді.
Кітапты аяқтағасын замандас ақын Айжарық Сұлтанқожаның «Сабырмен сақтап үміт сәулеңді, бекер уайымға кетірме. Қорқынышыңды ұмытсаң енді, батыл тұр тағдыр өтінде» деген өлең жолдары ойыма келді. Бүкіл шығарманың түйіні осы бір шумаққа сыйып кетеді.
Белгілі бір деңгейдегі мәселелеріңізді шеше алмай, өмірдің әр кезеңінде кездесетін экзистенциал кризисті бастан кешіріп жүрген болсаңыз, өзіңізді жалғыз емеспін деп жұбатуға, ал ондай мәселе болмаса, жаңа эмоциялар сезінуге деп, осы кітапты ұсынар едім.