Қытайдың Қызылсу Қырғыз автономиялық облысында шамамен 200 мың қырғыз тұрады. Ол Қытайдағы қырғыздардың негізгі мекені саналады. Жергілікті халық көбіне көшпелі мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы ұстайды, қой-ешкі бағады, бидай мен жүгері егіп, сауда-саттықпен айналысады.
Ондағы халық та қырғыз жырларын айтады, ат құлағында ойнайды, ұлттық киімдерін киіп, әдет-ғұрыпқа сай той-томалаққа барады. Бірақ, басылымдар жазуынша, кейінгі жылдары Қытай үкіметі бұл өңірде діни шектеулерді күшейткен. Мешіттер жабылып, имамдар мен зиялы қауым өкілдері қуғындалған. Қызылсу қырғыздары арасында істі болғандар мен саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне қамалғандар көп.
Рэпер BABYKUSH (шын аты — Ербол) 2002 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы осы Қызылсу Қырғыз автономиялық облысы Ақши ауданында туған. Ақши — Қытайдың ең батыс нүктесінде орналасқан, небәрі 46 мың тұрғыны бар шағын ғана елді мекен. Сондай алыс өңірден Қытайдың ең ірі рэп шоуына жеткені және ұлттық болмысын бас ерекшелігіне айналдыра білгені — Ерболдың зор еңбегі мен талантының айғағы.
Ақшидан басталған жол
Ербол мектеп жасында-ақ рэп жаза бастаған. Мектептен кейін аядай бөлмесінде ноутбуктың алдында сағаттап отырып, бит іздеп, өлең шығарып, даусын қайта-қайта жазып көріп жүрген. Кәсіби студиясы да, продюсері де жоқ. Бар құрылғысы — әке-шешесі шамамен 1000 юаньға (70 мың теңгеге) алып берген ноутбук, қарапайым микрофон мен құлаққап қана.
Ербол сөйтіп жүріп, 2020 жылы LILKUSH деген лақап атпен THE GLASSES BOY атты алғашқы альбомын шығарады. Онысы — әуесқой тректер жинағы ғана емес, өзін көпке мен бармын деп мәлімдеген талпынысы болды.
Айтпақшы, алғашқы альбом атауын ол кездейсоқ қоймаған. «THE GLASSES BOY» — көзілдірік таққан Ерболдың өзін «кітаптан басқа түк білмейтін ботан» деп буллингіге алған айналасына берген жария жауабы еді.
Ербол алғашқы альбомын манифеспен бастап, «бай әулеттен емеспін, үлкен қаладан шықпадым, бірақ мұның бәрі — еңбектің арқасы» деп әндетті. Кейін ол бұл ойын жалғастыра түсіп: «SWAG — Louis Vuitton немесе Gucci емес, SWAG еңбектен, табандылықтан және ішкі сенімнен туады» деп шырқады.
Айыр қалпақты рэпер
Былтыр BABYKUSH Қытайдың ең ірі рэп-шоуы — Rap of China жобасына қатысып, таныла түсті. Алғашқы секундтардан-ақ көрермен де, менторлар да таңырқап қалды.
Оның бір ерекшелігі — басындағы айыр қалпағы еді. Сахналық образын ұлттық киімімен бекіткен ол шоу бойы қалпағын бір сәт шешкен жоқ. BABYKUSH-қа айыр қалпақ — жай сән үшін емес еді.
Оның «Kyrgyz Swag» перформансында мынадай жолдар бар: «Kyrgyz style, Kyrgyz swag, Kyrgyz fashion, Kyrgyz rap. I am from A-town, put my city on the map».
Мұндағы «A-town» — Outkast, Dungeon Family, Lil Jon, Gucci Mane сияқты танымал рэперлер шыққан хип-хоптың мәдени астанасы Атланта емес, Ерболдың өзі туып-өскен Ақши ауданы.
Қытайда көпшілік тіпті картадан тауып көрсете алмайтын, шамалап та білмейтін шалғай жатқан шағын аудан. «Put my city on the map» деген жолда рэпер арманын ашық айтып отыр. Ол бұл өнерін үлкен сахнада бұған дейін төл мәдениетін көрмеген әрбір қырғызға арнаған.
Сол перформанста ол: «There’s no pain, no gain, 假装和气你们好体面, 这群前辈应该清醒点, 中文Hip-hop早该变个天» дейді. Еркін аударсақ мынадай: «Еңбексіз нәтиже жоқ. Сырттай тату көрініп, әдепті адамдай жүрсіңдер. Аға буын сергек болуы керек. Қытай хип-хопы өзгеруі керек». Бұл жолдарда ол буын алмасуды, қытайлық хип-хоп иерархиясының өзгеруін және жаңа, әсіресе шет аймақтардан шыққан этникалық дауыстарға жол берілуі керегін меңзеп отыр.
Оның Kyrgyz Swag рэп өлеңі шоу менторы — танымал қытай әншісі, бұрынғы EXO тобының мүшесі Хуан Цзытао Huang Zitao-ның назарын аударды. Ол жас өнерпаздың көшпенді мәдениет пен заманауи рэп стилін үйлестіргенін жоғары бағалаған. Кейін Huang Zitao BABYKUSH-ты командасына қосып алды.
Осы шоудағы маңызды сәттердің бірі — дәстүрлі және заманауи вокал стилін үйлестіретін қытайлық әнші Gong Linna-пен бірлескен «yayi yayi» қойылымы болды. Бұл сахнада қырғыз этникалық әуені мен заманауи рэп бір композицияда тоғысып, этникалық музыка үлкен сахнада да өмір сүре алатынын дәлелдеді.
Шоу аяғында ол бас жүлдені алмаса да, этникалық репрезентация тұрғысынан бағдарлама тарихында есте қалған қатысушыға айналды.
«Адуынды жаңа ойыншы»
BABYKUSH-тың музыкасы — этникалық үн, көптілді рэп (қытай, ағылшын, қырғыз) және кәсіби дыбыс өңдеу үйлесімі.
Қазір ол шыңжаңдық тәуелсіз әртістердің басын біріктіретін Eagle-Mafia лейбліне мүше. Бұл компанияның құрылымы көпшілікке белгісіз. Бірақ лейбл мақсаты — Қытайдың шалғай батысынан шыққан әртістердің Пекин не Шанхайға бармай-ақ, өз жерінде туындыларын шығарып, тарататын алаңы бар екенін көрсету еді.
BABYKUSH-тың «戴白毡帽的Jay-Z» («Айыр қалпақты Jay-Z») трегі — Ерболдың өзін таныстырған әні. «Do or die» деген тармағы — рэпердің өмірлік ұстанымы деуге болады. «Jay-Z» деген жаһандық символды «айыр қалпақпен» қатар қойғаны — BABYKUSH әлемдік хип-хопқа ұмтылғанымен, тамырынан ажырамайтынын білдіреді.
«太快» («Тым тез») трегінде Ербол «батпақтан шықтым» дейді. Сахнаға оңай жетпегенін айтып отыр.
«最狂新人» («Адуынды жаңа ойыншы») трегі — шабуыл іспетті. Мұнда ол жаңа толқын атынан аға буынға сөйлейді. «Мәтінді қаруға айналдырамын» деген метафора арқылы өз сөзінің күшіне сенетінін көрсетеді. Даусы қатты, флоуы күрделі, ырғағы жылдам. Агрессия бар.
Ал «yayi yayi» (қазақшасы «Ай-Ай» дегенге келеді) трегі мүлде басқаша. Мұнда ол шөл дала мен көктегі қыран туралы айтып келе жатып, кенет ыстық кеспе мен ығы-жығы көлік туралы айтып кетеді. Көшпенді образ бен қалалық күнделікті тіршілікті қатар көрсетеді.
Қазір BABYKUSH жиырма үште. Әзірге индустрияның коммерциялық биіктерін бағындыра қойған жоқ, бірақ оның жолы хитпен және табыспен ғана өлшенбейді.
Ербол — мәдени мақтаныштың нағыз үлгісін көрсете алды: ол қырғыз, ұйғыр, қазақ және басқа да жастарға ана тілің, төл мәдениетің мен туған жерің өнерге кедергі емес, керісінше, болмысыңды аша түсетін мықты тірек екенін көрсетіп жатыр.