Бәрі анасының ноутбугінен басталған
22 жастағы plecto-ның шын есімі — Санжар Қарымсақов. Қарағанды қаласының тумасы, 9 жасынан бері Астанада тұрады. Мамандығы — ағылшын және испан тілдері бойынша аудармашы. Дегенмен бала кезінен өнерге бейім болған.
Санжар тоғызыншы сыныпты аяқтап, колледжге түскен кезде карантин басталады. Дәл осы кезеңде ол шығармашылыққа бет бұра бастайды. Анасының ескі ноутбугіне музыкалық бағдарламаны орнатып, әуен жаза бастайды. Карантинде гитара мен пианинода ойнауды да өз бетінше үйреніп алған.
Бір қызығы, Санжар алғашында продюсер-битмейкер болып, әнші болсам деп мүлдем ойламаған. Оның жазған әуендеріне басқа рэперлер мен әншілер өз даусын жазып, ән шығарады. Олардың нұсқасы көңілінен шықпаған соң Санжар өз даусын жаза бастайды.
Сапалы музыка жазғанға көп ақша қажет. Бірақ қаржылай қиындықтарға қарамастан әртіс музыкамен айналысуды тоқтатпайды. 2023 жылы Санжар plecto деген лақап атпен музыка индустриясына кірді. Оның «y», «дом твой (feat. via Radle)», «tosyp» деген алғашқы әндерін аудитория жақсы қабылдап, әрбірі тыңдарманын тауып үлгерді.
Бір жанрға байланбау
plecto R&B, soul, поп, хип-хоп, инди, босса-нова жанрында ән жазады. Оның тректерін көбіне Батыстағы R&B жанрындағы әртістермен салыстырады. Біреулер Brent Faiyaz, PartyNextDoor-ге, ал енді бірі Bryson Tiller мен Justin Bieber-ге ұқсатады.
Санжар 2024 жылдан бері әр ай сайын жаңа ән шығарып келеді. Қазір оның жиырмаға жуық әні бар. Бірінен-бірі өзгеше, әнші өзін жаңа жанрда сынап көруден қорықпайды. Музыкасын жазуға Zhxns және kairun есімді жақын достары қатысады.
Айтпақшы, plecto сөзі латын тілінен аударғанда «сөз өрнегі» деген мағына береді. Осыдан-ақ Санжардың мәтіндеріне де ерекше мән беретіні байқалады. Олар жеңіл, түсінікті әрі шынайы.
plecto-ға музыка жай хобби не бизнес емес. Әннің әуезі мен сөзі арқылы ол өзін мазалаған сұрақтарға жауап іздейді, ойын айтады. Оның музыкасы қиын сәтте жанға демеу болып, мұңға батып, жабырқаған кезде жұбатып, көңіл-күйіңді көтеретін әсер қалдырады. Ол әндерінде махаббат жайлы ашық айтып, басқаларды сезімін білдіруге батыл болуға үндейді.
Коллабы көп әнші
plecto — басқа әртістермен жиі ән шығаратын әншінің бірі. Ол бұған дейін kilemger, MEREY, Bonapart, tumen, Madjar, sanower сияқты әртістермен қазақша және орысша тректер шығарған.
Былтыр желтоқсанда plecto мен Мәди Рымбаев «SEN BE» атты шағын альбом шығарды. Ішінде «SEN BE», «WHO WANNA PARTY?», «AKETEM» деген әндер мен олардың жылдам ойнатылған нұсқасы бар. Санжар бұған дейін бейнебаян түсірмеген, бірақ бұл жолы шағын клиптер шығарып, әндерді ерекше таныстырды.
Жаңа тректер plecto-ның бұрынғы туындыларына ұқсамайды. Санжар — Pharrell мен Джастин Тимберлейктің нағыз фанаты, әндерден де солардың ықпалы сезіледі. Альбомды тыңдаған сайын еріксіз билегің келеді, әуені мен ырғағы тербейді. Екі әншінің дауысы бірін-бірі толықтырып, үйлесе кеткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жанкүйерлерімен байланыс
Қазір әртіске жай ғана музыка жазған жеткіліксіз сияқты. Санжар күн сайын TikTok-та контент жасап, әндерін жарнамалап, дамып келеді. Оның әндеріне жүздеген адам видео түсіріп, таратып жатыр. Бірақ plecto TikTok-та хит болу үшін ән жазбайды. Өзіне ұнайтын әндерді шығарып, оларды барынша танытады.
Telegram-дағы арнасында да белсенді, тыңдарманмен етене араласады. Санжар олардың хаттарын бөлісіп, алғыс айтып отырады. Осындай қарапайымдылығы мен ашықтығы үшін оны ұнататындар көп. Жаңа шығатын әндерін де жариялап, тыңдарманынан пікір сұрайды. Олар үнемі шынайы баға беріп отырады.
plecto былтыр қыркүйекте Астанада жеке концертін берді, желтоқсанда Астанада өткен Beu Fest-те өнер көрсетті. Бұл — оның алғашқы фестивалі, шығармашылық жолындағы айтулы сәттердің бірі. Он мыңға жуық көрермен алдына шығып, жаңа белесті бағындырды. Сахнаға шыққан сайын оның аудиториясы өсіп, есімі танылып жатыр. Былтыр жазда Алматыдағы «Закрытый клуб» лейбліне қосылды.
2025 жылы Spotify платформасының өзінде оның аудиториясы шамамен 250 пайызға өскен. 2024 жылы plecto-да үш жүз мың тыңдалым болса, былтыр миллион тыңдалымға жеткен. Оның әндерін Қырғызстан, АҚШ, Германия, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Украина, Ұлыбритания және Нидерланд елдерінен көп тыңдаған.
Санжар ең алғашқы әндерін ағылшынша жазған, уақыт өткен соң ұялып, өшіріп тастаған. Бірақ келер жылы ағылшын тілінде ән шығарып көрмек. Оған қоса, альбом жазып жатыр. Әндерінде жеке тұлға ретінде даму жолы, сынақтар, қиындықтары мен күйзелістерін бөліседі. Тыңдарманын белсенді болуға, ештеңеден қорықпауға шақырып, «сен жалғыз емессің» деген қолдау айтпақ. Қысқасы, шынайы әрі өзгеше болмақ.
Санжар әртіс ретінде бәріне танымал болғаннан кейін plecto атауын брендке айналдырып, Астана мен Алматыда студиялар ашып, жаңа таланттарға мүмкіндік бергісі келеді. Сол үшін plecto ТМД елдерінде ғана емес, әлем бойынша танылып, қазақша әнімен Billboard чартында үздіктер қатарында көрінуге талпынып жүр.
Былтыр 19 желтоқсанда plecto қыстың суығында жылытып, көңілге қуаныш сыйлайтын «oiymda sen» атты баяу, лирикалық ән шығарды. Үздіксіз жұмыс процесінен-ақ Санжар музыканы ессіз сүйетіні байқалады. Бұл жауапты махаббат па, жоқ па — көре жатармыз.